Мемлекет құрудың ауыр жолы
Ащы болса да айтайық, қазақта «соры арылмаған» деген ауыр сөз бар. Кейде, осы сөзді айтпайын десең де, айтқызатын жәй болады. Қазір, әлем өзара соғысып, саясат әлемтапырық болып жатқан кезде әркім де қорғаныс іздейді. Ол оны өзінің мемлекетінен іздейді. Со кезде, көзі ашық адам оның қаншалықты әлсіз, қаншалықты қауқарсыз күйде тұрғанын, өз жағдайының қорғансыз екенін сезінеді. Адам ашынады, ашынанған соң аузынан «Неткен соры арылмаған ел едік» деген сөз жалын боп шығады...
Иә, отыз жылдық тәуелсіздік тарихымызға бүгінгімен қарасақ, біз шынында да сондай жағдайға тап болғанымызды байқаймыз. Әуел баста неше түрлі айла‑амалмен ел билігін қолына алған пенденің ел мүддесін сатып кеткеніне ішіміз удай ашып, аспанға қарай аш қасқырдай ұлып кете жаздайсың... Өмірде адамдар «жоғалған нәрсе табылар» деген үмітпен өмір сүреді. Алайда, табылмайтын дүниелер бар, олар: бекер кеткен уақыт, бос сілтенген қылыш, құм болған жігер, адаспайтын ақыл, халқы үшін мерт болған ерлер... Ол сонау көне аңыздағы Ширақтан басталып, бүгінге дейін жалғасқан батырлар легі, алаш қайраткерлері, фашизммен соғыс батырлары, репрессияланған ақылмандар. Міне, бұл қатар жиырма бірінші ғасырда жаңа тұлғалармен толықты. Ол қатарға 2005 ж. қарашада жұмбақ жағдайда ажал құшқан Заманбек Нұрқаділов пен 2006 ж. ақпан айында қастандықпен оққағарларымен бірге өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының аттары енді. Орны толмайтын қайғы ‑ осы.
Алтынбектің өлімінің себептері әлі күнге ашылмай келеді. Соңғы кездері ақпараттық желілерде бірнеше сұқбаттар шығып жатыр. Олар әртүрлі деректерді айтуда. Мысалы, Orda.kz сайтына берген сұқбатында құқыққорғаушы әрі зардап шегуші жақтың өкілі Маржан Аспандиярова былай дейді:
- Бұл қылмысқа әуел бастан дұрыс баға берілмеді. Бұл қылмыс тек саяси тұрғыда емес, сонымен қатар «терроризм» деп бағалануы керек, өйткені, бұл қылмыс мемлекеттік және қоғам қайраткерін өлтіру арқылы халықты қорқыту үшін жасалған. Біз оған дер кезінде «бұл саяси террор» деп баға бергенбіз. Әлі де тергеуді осы бағытта жаңғыртуды талап етудеміз. Олай еткенде «қылмысқа қатысы бар» деген күдіктілердің қатары артатыны рас. Бұл қылмыстың жұмбағын шешу кілті осында жатыр.Бірақ оған бүгінгі биліктің жігері жетер емес. Себебі, қылмыстық істі бұрмалағандардың біразы әлі арамызда жүр. Оларға шындықтың ашылғаны керек емес. Сол өкінішті, ‑ дейді қоғам қайраткері М.Аспандиярова.
Келесі сұқбаты Гиперборей арнасынан қоғам қайраткері Болат Абилов беріпті. Оның айтуынша:
- Қайғылы оқиға орын алудың алдында Алтынбектің өзі де, оның маңайындағы жақындары да мұндайды күтпеген болатын. Ол осының алдында ғана орын алған Заманбек Нұрқаділовтың өлімінен кейін біреулердің келесі қылмысқа баруы екіталай деген сенімде болды. Егер Алтынбекте ондай күдік болғанда, ол өзін өзі қорғаудың басқа шараларын қолданар еді. Ол жыл Алтынбектің жаңа идеялармен қанаттанып, өзіне өзі жігер беріп жүрген кезі болатын, ‑ дейді бизнесмен, саясаткер Болат Абилов.
Ал, өзінің ФБ парақшасында А.Сарсенбаевтың саяси серіктесі Ғалымжан Жақиянов былай жазыпты:
- Мен 2013 жылы Бостон қаласында АҚШ ФБР агенттерімен кездестім. Сонда мен олардың Алтынбектің өлімін тергегенін, тергеу нәтижесін Қазақстан үкіметіне тапсырғанын айтып еді. Алайда оған жауап әлі де жоқ. Алтынбектің Н.Назарбаев орнатқан авторитарлы режимның елді көркейтпейтініне көзі жеткен еді. Сондықтан ол өз өмірін осы жүйемен күреске саналы түрде бағыттаған және сол идея үшін құрбан болған тұлға ретінде Қазақ халқының тарихында қалады, деді, саясаткер Ғ.Жақиянов.
«Ulysmedia.kz» сайтында (11.02.2024) Алтынбектің туған ағасы, елге танымал қоғам қайраткері Рысбек Сәрсембайұлы да кең сұхбат берді. Ол сұхбатта бұрынғы президент Н.Назарбаевты «Алтынбектің өліміне тікелей қатысы бар» деп айыптады.
Сонымен қатар, «Алтынбектің өліміне қатысты қылмысты орындаушы» ретінде жазаланған Рүстем Ибрагимов деген сотталушы өз адвокаты Б.Омаров арқылы «Менің бұл қылмысқа еш қатысым жоқ. Сондықтан істі тергеуді қайта жалғастыруды сұраймын» деп арыз жазыпты. Ол да ақпараттық желіге жарияланды.
Алтынбек өліміне қатысты сұрақтар жылдар бойы қойылып келеді. Сондықтан, қоғамда «бұл сұрақ түбі бір шешімін табады» деген сенім бар. «Ол шешім табылмайынша, қоғам әділетті мемлекет орнатуға қол жеткізе алмайды» деп санайтындардың саны күннен‑күнге, жылдан‑жылға арта түсуде.
Abai.kz