Сағым суретті қолды қылған кім?
Жолболды Жанғабілдің суреті не үшін Қожаназар Жолболдыұлы болып өзгертілген?
Бұл өмірде не болмай жатыр, не сұмдықтың, не сұрқиялықтың бәрі болып жатыр. Бұрын ұры-қары, қарақшы, алаяқ, суайт, сиқыршы, жадышы, арбаушы деген секілділерді ел аузынан еститінбіз немесе кітаптан оқып, кинодан көруші едік. Қазіргі кезде осының бәрі күнделікті өмірде өзіңмен бірге қоян-қолтық араласып жүретін болды ғой. Демек, тапа-тал түсте біреу келіп аллыңдағы малыңды айдап, жайқалып тұрған егініңді орып кетсе немесе үйіңдегі ақшаң мен асыл бұйыңдарыңды көз алдыңда үптеп кетіп жатса оған таңғалмай-ақ қойыңыз. Кейде «мал иесінен ұрысы күшті» деп бұрынғылар айтатын тәмсілдің заманы енді тудыма деп те қаласың. Қоғам дамыған сайын ұрының да түрі көбейіп, айла-қулығын асырып барады. Қазақ қазақ болғаннан бері «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген мақалдың мән-мағанасы керісіне қарай төңкеріліп түсен секілді болып сезінеді маған.
Бұдан ары жұмбақтап оқырманымды жалықтырмайын. Сөздің шындығына көшелік. Бұл мақалада бір сағым суреттің қолды болып кеткені туралы хикаяны айтқалы отырмын. Хикаяны бастамас бұрын сағым суретін өз қолымен беріп, кейін оған ие бола алмай, айырылып қалған суретші туралы мағлұмат бере кетсем артықтық етпес.
Бұл жұрт Әбдімәжіт Ертуғанұлын не білер, не білмес. Өйткені, осыдан екі жыл бұрын мен бұл кісінің суретшілік өнерінің қыры мен сыры туралы арнайы сухбат өткізіп, еларалық «Алтын бесік» ( No14-5, 2012 жыл) журналына «Сурет тарихы сыр шертеді» деген тақырыппен жариялаған болатынмын. Әрине, бұл кісіні білу, білмеу біреуге міндет те емес. Дейтұрғанмен біле жүргені дұрыс шығар.
Мен суретші Әбдімәжіт Ертуғанұлын бала кезімнен жақсы білемін. Өйткені бұл кісі – біріншіден, менің жерлесім. Екіншіден, менің сурет өнеріндегі ұстазым. Біріншісі оқырманға түсінікті болған шығар... Ал «ұстазым» дегенге аз-кем тоқтала кетейін. Себебі, мен Қытайда әуесқой суретші, әрі хаткер болдым. Менің салған суреттерім мен жазған көркем жазуларым мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрды.
Суретшілік өнерді маған, алдымен Тәңір сыйлаған болса, одан кейін жерлес ағам Әбдімәжіттен жұғысты болды десем артық айтқан болмаспын. Себебі, Әбдімәжіт аға біздің ауылдан ұзап шыққан ең алғашқы өнер адамы болды. Бала кезімізде осы кісіге еліктеп, суретші болуды армандайтынбыз. Ә.Ертуғанұлы ауылға бара қалса болса, сызған суретімізді ала жүгіріп, жапа-тармағай ол кісіге көрсетіп, ақыл-кеңес алушы едік. Ол кезде менің арманым – сурет мамандығын оқып, болашақта үлкен суретші болу еді. Амал нешік, өмір ағысы менің арманымды басқа арнаға бұрып әкетті... Бұрын өмірді қылқалам арқылы бенелегім келсе, енді көркем тіл, қарасөз арқылы кестелеуді әдетіме айналдырып келемін...
Іле қазақ автономиялы облысының Ұлттар тіл-жазу қызметі комитеті мен Бұқаралық көркемөнер сарайы ұйымдастырған «Қазақ хаткерлігі" (1989 жылдың көктемінде құрастырылған. 1991 жылы мамырда Шынжаң жастар-өрендер баспасынан басылып шықты) деген қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптың құрастырылуына мен де қатысқам.
Ол кезде мен Құлжада қызмет бөлісін күтіп жүрген болатынмын. Ал кітаптың алғы сөзінде «Құрастыруға Әбдімәжіт Ертуғанұлы, Әбдірашит Тойлыбайұлы, Еркін Камалұлы, Жұмақан Әбдірахманұлы және Міркамал Жәлелқанұлы қатарлы жолдастар қатысты. Құрастыру жұмысын тете аға зерттеуші Міркамал жолдас басқарды. Кітапты құрастыру жұмысына қолғабыс тигізген Әблез Шәріп, Тәлет Әмірәлі, Оралтай Серіқұл, Ақын, Асқар, Қанағат қатарлы жолдастарға рақмет айтамыз!» деп жазылған. Сіздерге өтірік, маған шын, бұл кітапқа менің он неше көркем жазуым кірген. Бәрін санамалап отырмасам да, «Шынжыр табан трактор», «Қала көркі қабат үй» деген бейнелі жазу менің қаламымнан туындағанын айтсам да жетіп жатыр.
Мен мұны неге айтып отырмын? Мен Іле педегогикалық институтының әдебиет факультетіне түскеннен кейін де Ә.Ертуғанұлымен тығыз шығармалық байланыста болдым. Осы өнерімнің арқасында Іле облыстық партия комитеті Әйелдер бірлестігінің қазақ әйелдеріне арнаған «Іле әйелдері» (қазіргі «Шынжаң әйелдері») журналының көремдеуші редакторы, жауапты хатшысы болып, Қазақ еліне қоныс аударып кеткенге дейін осы журналда бес жылға жуық жұмыс істедім.
Әбдімәжіт ағаның тырнақ алды туындысы «Орақ алдында» деген майлы бояулы сурет еді. Суреттің композициясы әлі көз алдымда. Шынжыр табанды трактор сүйреген жарты автоматты комбайындар мен машиналар сары алтындай жарқыраған бидай атызының жағасында сақадай сайланып қатар тұр. Отряд басшысы жиналыс ашып, қол сілтеп сөйлеп жатыр... Білегін сыбанып, орағын сайлаған диқандар мен комбайыншылар отряд басшысының аузынан шыққан әрбір сөзді құлағына құйып тұр.
Міне, осы сурет Әбдімәжіт Ертуғанұлының өнеріне қанат бітіріп, оның сурет өнеріндегі жолын осылай ашқан еді. Кейін ол Қытай еліне танымал суретшіге айналды. Оның «Шебер қолдар» деген майлы бояулы суреті 1982 жылы Бейжіңде өткізілген аз ұлттардың мемлекеттік көрмесіне қатысып, үздік туынды сыйлығын еншілейді. Сол сияқты көптеген туындылары ШҰАР, облыстық көрмелерге қойылды және сыйланған болатын. Сонымен бірге суреттері ел ішіндегі газет-журналдарда басылып, оқырмандардың жақсы бағасын алады. 2000 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шақыртумен шынжаңдық делегациямен бірге келген ол Алматыдағы Мемлекеттік мұражайда ашылған көрмеге қатысып қайтады. Сонда Әбдімәжіттің «Бие бау» деген майлы бояулы суретін көрме қызметкерлері аттай қалап алып қалады.
Ә.Ертуғанұлы тек көркем суретпен айналысып қалмаған, ол – көркем жазудың қас шебері. Оның қолынан шыққан көркем жазулары жоғарыда аталған «Қазақ хаткерлігі» деген кітапқа өте көп кіргізілген. Ол – көркем жазу үлгісінің оншақты түрін еркін меңгерген адам. Оның әр жылы жазған көркем жазулары күні бүгінге дейін Қытай қазақтарының мерзімді басылымдарында жарияланып келеді.
Ә.Ертуғанұлы сонымен қатар өткен замандағы қазақтың белгілі тарихи тұлғалары мен ақын-жазушыларының сағым суретін (сағым сурет – өмірден ерте өтіп кеткендерді көзі көрген, құлағы естігендердің суреттеп беруімен салынантын суреттің түрі) салуға ден қояды. Мысалы, ақын Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы, өрт тілді ақын Көдек Маралбай, күйші-композитор Қожеке Назарұлы, айтыскер ақын Қойдым Дарубайқызы және Сасан би, Бәйеке би қатарлы көптеген тарихи тұлғалардың сағым суретін салған. Бұл суреттер Қытай мен Қазақстан баспасөздерінде қажетіне қарай жиі басылып жүр.
Автордың айтуына қарағанда, Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан шыққан «Көдек Маралбай», «Сасан би» деген кітаптардың мұқабасына аталған екі тұлғаның сағым суреті басылған. Бірақ ол суретті салған автордың аты-жөні кітапқа жазылмағанына қатты өкінеді. Ә Ертуғанұлының өкпелейтіндей жөні бар. Өйткені, сағым суретті салынған бұл тарихи адамдар қанша жерден тарихи тұлға десек те, оның суреттері автордың ой-қиялынан, қылқаламынан туындаған шығарма ғой. Ол кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін оңай-оспақ шаруа емес. Демек, бұл сағым суреттер – оның ішінен шыққан шұбар жыландар. Іштен шыққан шұбар жыланды ешкім де жек көрмейді. Егер кітап редакторы осы екі кітапқа Ә.Ертуғанұлының ата-жөнін суреттің авторы ретінде жазып жібергенде ғой, одан ұтпаса, ұтылмас еді. Айналып келгенде, бұл – сурет авторын сыйламаудан немесе баспа мәдениетін білмеуден кеткен үлкен қателік.
Бойындағы барлық күш-қуатын, ақыл-парасатын сурет өнеріне арнаған Ә.Ертуғанұлы талай жыл Іле облыстық Бұқаралық мәдениет мекемесін басқарған. Қытай суретшілер қоғамының, Шынжаң суретілер қоғамының және Іле облыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігінің мүшесі. Кейін зейнет жасына толып, демалысқа шыққан ол қылқаламын қолынан тастамай, сурет салуын бір сәт те тоқтатқан емес.
Соңғы он жылдан бері Қытай қазақтарында шежіре жазу үрдіске айналған. Осы барыста көп адамдар Ә.Ертуғанұлын іздейтін болды. Өйткені, олар өз руынан шыққан батырлар, шешендер, билер, ақын-жазушылар мен ата-бабаларының сағым суретін салғызуды дәстүрге айналдырған. 2005 жылдан бері Ә.Ертуғанұлы көбінше осы жұмыспен айналысып келеді. Қазірге дейін жүзден астам адамның кескін-келбеті осы кісінің қылқаламы арқылы кестеленген.
Кейде салған сағым суретінің басқалар тарапынан қолды болып, ішінара өзгеріс енгізіп, өз ата-бабасының суреті етіп еншілеп алатындар да бар екен. Әбдімәжіт аға маған айтқан бір әңгімесінде сол сағым суреттің қалай салынып, кейін кімдер арқылы қолды болып кеткені туралы айтып беріп еді. Енді сол хикаяны автор Әбдімәжіт Ертуғанұлының өз аузынан баяндайық:
«Мені 2007 жылы Текесте тұратын Нұрымбай Сүлейменұлы (күйші, сазгер) деген жігіт іздеп келіп, өздерінің елінің, атап айтқанда «Жолболды» шежіресін шығарғалы жатқанын, осы шежіреге бабалары Жолболдының сағым суретін сыздырмақшы екенін айтып, осы сағым суретті менің сызып беруімді өтінді. Мен Нұрымбайдың талабына сай, аталған Жолболдының сағым суретін майлы бояумен салдым. Ара-арасында Нұрымбайдың өзі келіп, ішінара жерлеріне пікір айтты. Мен сол пікірге негіздеп суретті өңдеп дайындадым. Сурет сызылып болды. Ал, нақ қайсы күні екені есімде жоқ, Іле облыстық Ұлттар тіл-жазу қызмет комитетінде істейтін Думан Пәзілжанұлы деген жігіт (бұл жігіт Нұрымбай Сүлейменұлының күйеу баласы) келіп:
– Әбдіқай Мәженұлы (Ә.Мәженұлы сол кезде Іле облыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігінің төрағасы болатын) мені сіздегі «Жолболдының сағым суретін алып келсең» деп жіберді, – деген соң суреттің түпнұсқасына қоса, бір дана фотоға алынған нұсқасын қосып Думанға бергем. Кейін Нұрымбай Сүлейменұлынан ұққаным, мен сызған Жолболдының бұл сағым суреті аталған «Жолболды» шежіресіне басылмапты. Оның себебін Нұрымбай да түсіндіріп бере алмады. Осыдан кейін менің қылқаламымнан шыққан бір топ тарихи тұлғалардың сағым суретті Іле қазақ автономиялы облыстық әлебиет-көркемөнер бірлестігінің «Іле айдыны» (No2, 2010 жылы) журналына «Әбдімәжіт Ертуғанұлы сызған тарихи тұлғалар» деген атпен жарияланды. Осы жариялаған суреттердің арасында «Жолболды Жанғабілұлының» да суреті бар бола-тұғын. Міне, бұл белгілі мәннен алғанда менің бұл суреттің авторы екенімді дәлелдей алады.
2011 жылы жаз айларының бірі, тал түс мезгілі болатын. Біздің үйге Тауқиден Зәменұлы келді. Оның бұйымтайы: маған сыздырған «Бәйеке бидің» сағым суретін «Балапан шежіресіне» Балапанның сағым суреті етіп бермекші екен. Оның бұл талабына мен қосылмадым. Себебі, мен салған Бәйеке бидің сағым суреті де «Іле айдыны» журналына «Бәйеке би» деген атпен жарияланып кеткен болатын. Енді ол суретті «Балапан бидің» портреті болып жеке мұрағатымда (архивте) қатталып қалғанын айтып, оның орынсыз талабын тойтардым. Алайда, Тауқиденге альбомымдағы туындыларымның фоталарын көрсеттім. Осы кезде Тауқиден менен:
– Жолболдының суретін маған бер, – деп сұрады.
– Оны не қыласың? – деп өзіне қайыра сұрақ қойып едім:
– Мен Самарқандармен ақылдасып «Балапан шежіресіне» «Жолболды Жанғабілұлы» дегізіп бастырамын, – деп жанымды қоймаған соң фотонұсқасының бір данасын оған берген едім. Енді осы сурет 2011 жылы қарашада баспадан шыққан «Балапан шежіресі» деген кітапқа «Қожаназар Жолболдыұлы» деп жарияланыпты.
Бұл суретті «Балапан шежіресіне» дайындаған кезде оған компьютермен өңдеулер жасалыпты. Мен салған «Жолболдының» сағым суретінің басына қызай ақ қалпақ, үстіне құндыз жағалы, жағасының екі жанына өрнек салынған тон кидірілген еді. Сақалы ағарған, қасы қалың. Азырақ ақ шалған етіп суреттелген болатын. Ал бұлар бұл суретке өзгеріс жасағанда, негізгі бет әлпетіне, яғни қас, көз, мұрын, ауыз, құлағына ешқандай өзгеріс жасамаған. Тек, басындағы ақ қалпақты шешіп алып, оның орнына жепірейген бөрік кигізген. Ал сақал, мұртын компьютер арқылы азын-аулақ қопсытқан. Үстіндегі тонның өрнегін жоғалтқан. Жейдесіндегі түймені де алып тастаған. Өзгеріс осы ғана.
Бұл өзгертілген суретке зер салып қарар болсақ, Жолболдының бетіне түсірілген нұр, яғни күннің жарығы оң жақтан түскен. Ал өзгеріске түскен немесе Қожаназардың суретінің басындағы бөрікке нұр сол жақтан түсіп тұр. Міне, бұл – суреттің заңдылығын, техникасын білмейтіндердің орынсыз әлаулайлымы.
2015 жылы маусым айының бір күні Құлжаның көшесінде Самарқанға кездейсоқ жолығып қалып, одан осы суреттің не үшін өзгертілгенін сұрағанымда, ол: «Мен білмеймін, оны Тауқиденнен біліп ал», – деп жүре сөйлеп, жөнді жауап бермеді.
Мен «Балапан шежіресін» ең алғаш 2013 жылы тамыз айында көрдім. Осыдан соң осы кітаптың редакторы, танымал жыршы Мағауия Баймұхаметұлына жолығып, мән-жайды ұғысқанымда, ол: «Бұл суреттің сіздің қолыңыздан шыққан туынды екенінен хабарым жоқ. Бірақ «Балапан шежіресіне» «Қожаназар» деп берілгені рас. Мені редактор деп кітапқа жазғанымен ақиқатында барлық істі Самарқан биледі. Мен тек өз ауылымның ата-тек шежіресін ғана жиып бердім. Басқа ешқандай ісіне араласпадым», – деп ақталды.
2015 жылы Алматыға барған сапарымда, жанымда қызым Шахидагүл бар, тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлына (ұмытбасам 22 шілде болу керек) Саяхаттың алдында, Райымбек даңғылының бойында жолықтық. Ол бізді Көкбазардағы бір асқанаға апарып қонақ етті. Осы орайда оған «Балапан шежіресіндегі» өзгертілген сурет жөнінде айттым, әрі ала барған фота суретін көрсеттім. Өйткені, Н.Мұқаметханұлы осы әулеттің негізгі ұрпақтарының бірі еді. Сонда ол: «Бұл суретті сенің сызғаныңды білмейді екенмін. Осы Алматыда кітап туралы кеңескен кезімізде Тауқиден де болды. Бірақ ол бұл сурет жайлы тіс жармады. Олардың бұлай істегені өте ұят болған екен. Бүйтіп суретті ұрлап, өзгерткенше, саған немесе басқа бір суретшіге арнайы сыздырса болған екен. Бұл «Балапан шежіресі» екі рет басылды. Осының қаржысын менің інім Сабыржан шығарды», – деп ол да бұл жөнінде ештеме білмейтінін, қатысы жоғын айтты.
Осыдан кейін 7 тамызда Тауқиден Зәменұлын Алматының жанындағы Райымбек (бұл ауыл Алматы облысының Қаскелең ауданына қарайтын болу керек) ауылындағы үйіне арнайы іздеп барып жолықтым. Сонда ол: «Мен суретті әкеліп, Самарқанға бергенмін. Одан кейінгі жағдайды мен білмеймін. Мен Алматыда тұрамын, кітаптың кейінгі жұмыстары туралы Самарқан менімен кеңескен емес. Бұл іске менің ешқандай жауапкершілігім жоқ. Осы жақында Құлжаға барамын. Сонда сені Самарқанмен бетпе-бет кездестіріп, өзімнің бұл іс жөнінде ақ екенімді дәлелдеймін», – деп маған бет бақтырмай қойды.
Осыдан кейін оның Құлжаға келген-келмегенін біле алмадым. Ол маған хабарласпады. Демек, менің авторлығымдағы «Жолболдының» сағым суреті осылайша елге қолды болып, бұрмалауға ұрынды. Авторлық құқығым аяққа тасталды».
Міне, осылайша суретші Ә.Ертуғанұлының ақын Пәзілжан Думанұылы арқылы Әбдіқай Мәженұлына берген «Жолболды Жанғабілдің» майлы бояу суретінің түпнұсқасы із түзсіз жоғалады, ал Тауқиден Зәменұлына өз қолымен берген «Жолболды Жанғабілдің» фотаға алынған сағым суреті «Қожаназар Жолболдыұлы» болып, «Балапан шежіресіне» ішінара өзгеріспен басылып кеткен. Енді Ә.Ертуғанұлы осы суреттің авторы екенін дәлелдей алмай шыр-пыр болып, Құлжа мен Алматының арасында сенделіп жүр.
Сотқа беріп авторлық құқығын қорғайын десе, «Жолболды Жанғабілдің» түпнұсқа суреті қолында жоқ, амалсыздан, шарасыз болып отыр. Меніңше бұл іске бола автордың заңға жүгінудің қажеті жоқ секілді. Өйткені, суреттегі бабасы «Жолболды Жанғабілді» шешіндіріп, оған басқа киім кидіріп, «Қожаназар Жолболдыұлы» деп өзгертіп, тағы бір атасын қайта тірілткендей болып жүргендердің аты-жөні тайға таңба басқандай кітапта жазулы тұр, бәрінің көзі тірі. Оның үстіне Тауқиден Зәменұлы бұл суретті автор Әбдімәжіттен алған кезде: «Мен Самарқандармен ақылдасып «Балапан шежіресіне» Жолболды Жанғабылұлы дегізіп бастырамын» дегені және кейін: «Мен суретті әкеліп, Самарқанға бергенмін...» дкп айтқанының өзі кітап құрастырушы топтың бұл істен толық хабары барын айғақтайды.
Сол себепті «Балапан шежіресін» құрастыруға қатысушылардың «бұл сурет туралы білмейді екенбіз» деп жалтарып, бір-біріне итеріп, Ә.Ертуғанұлының сергелдеңге салғанша, кешірім сұрап, жұрт назарына ұсынылып кеткен Жолболды Жанғабілдің портретін өзіне қайтарса бұл әділ шешім болар еді.
Мұны біз ардың сотына қалдырайық.
Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz