Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 3479 0 пікір 29 Ақпан, 2024 сағат 12:52

Ана мен баланы қорғау – басты назарда болуы тиіс!

Күні кеше Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын мақұлдаған болатын.

Осы күнге дейін қоғам белсенділері, депутаттар, ана мен баланы қорғауға қатысты ұйымдардың барлығы  заңды күшейту мәселесін көтерген еді. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары  нәзік жандылардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы, балаларға  зәбір көрсететін педофилдердің әрекеті, суицид, адам саудасы сынды жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болудамыз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің басты міндеті ана мен баланы қорғау, еліміздегі азаматтардың қауіпсіздігін  қамтамасыз ету. Ана мен баланы қорғауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Біз заңда күшейту арқылы тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын ала аламыз ба? Бұл жайында сарапшылардың пікірін білдік.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Гүлмира Илеуова, «Стратегия» Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» ҚҚ басшысы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:

Ана мен баланы қорғау - болашағымызды қорғау!

- Біздің зерттеу орталық еліміздегі болып жатқан жайттарға  бей-жай қарамайды. Белсенді тұрғындар арасында қоғамды алаңдатып отырған жағдайларды егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында сауалнама жүргізеді. Былтырғы деректердің нәтижесімен бөлісейін.  Сауалнама аясында  респонденттерге медициналық және әлеуметтік сипаттағы денсаулық сақтаудың 15 мәселесінің тізімі ұсынылды. Респондеттер осы мәселелердің ішінен ең өзекті деген үш мәселені белгілеуі керек. Нәтижесінде қоғамды алаңдатын үш мәселе белгілі болды. Айта кетейін сауалнама республикалық деңгейде жүргізілді. Мемлекет назарына ілінуі тиіс үш мәселе: алкоголь (маскүнемдік); тұрмыстық зорлық-зомбылық және жұқпалы емес аурулар.

20 өңірдің 8-де алкоголь/маскүнемдік бірінші орында. Бұл мәселе, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын алаңдатады, респонденттердің 40%-дан астамы алкоголизмді бірінші орынға қойған. Маңғыстау мен Түркістан тұрғындарын қант диабетінің таралу ауқымы қатты алаңдатады. Қарағандылықтар мен павлодарлықтар онкология проблемасына алаңдайды, ал елорда тұрғындары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа назар аударуды өтінді. Біз осыдан-ақ еліміз үшін ең өзекті мәселе тұрмыстық зорлық -зомбылық екенін байқадық.

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтындар кімдер? Көбінесе әйелдер мен балалар. Ана мен бала денсаулығын қорғау біздің мемлекетіміздің, денсаулық сақтау органдарының жіті назарында болуы керек. Ана мен бала әлеуметтік, экономикалық, құқықтық жағынан қорғалуы тиіс.

Президентіміз Қасым -Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал алаңдаушылық тудырып отырғанын сөз етіп, отбасылардың бала сүйе алмауы, ажырасу санының артуы, толық емес отбасының көбеюі, некесіз бала туу, балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесі әлі де өзекті екендігін айтқан болатын. Президент сонымен қатар жас жеткіншектерге  қатысты жыныстық әрекеті үшін қылмыстық жазаны қатаңдатуды  тапсырған болатын.

Сондықтан біз ел болып ана мен баланың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына, олардың денсаулығына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл іс-шаралардың барлығы ана мен бала өмірі үшін аса қажет. Біздің мемлекетіміз ана мен баланы қорғауға барынша тиімді жұмыстар атқаруда.  Өйткені еліміздің ең басты байлығы ол ана мен бала. Ана мен баланы қорғай отырып, біз өз болашағымызды қорғаймыз.

Жыл сайын демографиямыз қарқынды өсуде. Президенттің қолдауымен «Аңсаған сәби» жобасы жүзеге асты. Сәби аңсаған отбасылар квота арқылы жасанды ұрықтандыру әдісін пайдалана алады. Бұл да мемлекеттің бала сүйгісі келетін отбасыларға қолдауы. Бұл да ана мен баланы қорғау үшін мемлекеттік бағдарламаның бір бөлігі. Одан бөлек көп балалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асты. Әр қалаларда ашылған орталықтар көп балалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп, кәсіп игерулеріне мүмкіндік ашты. Көптеген келіншектер бизнес жобаларын қорғап, арнайы курстан өтіп, кәсібін ашты. Ана мен баланы қорғау  құқықтық тұрғыда қолға алынды. Зорлық-зомбылық жасағандар мен педофилдерге заң қатаңдатылды. Бұл да мемлекетіміздің ана мен бала өміріне немқұрайлы қарамауынан. Соңғы оқиғалар жан түршіктіреді. Осы ретте заң тұрғысынан реттелгені дұрыс болды.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Назира Бурханова, журналист

Заңды күшейту - жауапкершілікті күшейту деген сөз!

- Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде күн сайын 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен.  Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеп кетті. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтқылары келмейді. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Қазақстан Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығы, әркімнің ар-намысы мен абыройының  сақталуына құқығы бар деп анық көрсетілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Сонымен қатар ұрып-соғу арқылы дене  жарақатын салу, денсаулығынан қауіп пен қатер төндіру, азапқа салу, қорқыту.

«Отбасы – шағын мемлекет» деп еліміз отбасына жоғары мән береді. Отбасының қоғамда алар орны да ерекше.  Осы ретте отбасында берілетін тәрбиенің де ерекше мәнге ие екенін айтуымыз керек. Өйткені берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай мен шуды естіп өскен баланың да психикасы бұзылады. Бүгінде келеңсіз оқиғаларды көріп, куә болып өсіп жатқан балалар қаншама. Зорлық-зомбылық тұрмыстағы қалыпты жағдайға айналып барады. Мен бұл жерде тек жыныстық қылмыстарды айтып отырған жоқпын. Қазіргі әлемде жыныстық қылмыстардың көбеюі феномені аз зерттелген. Парадокс қоғам дамуының технологиялық деңгейі неғұрлым жоғары болса, жыныстық қатынас саласында соғұрлым көп өзгерістер орын алады. Біржынысты некеге тұру, жынысын ауыстыру, жыныстық азшылық өкілдерінің көбеюі, педофилия – осының барлығы дамыған елдерде кең етек алуда.

Адам санасында қандай метаморфозалар болады? Неліктен жайлылық деңгейі либидоға осындай әсер етеді? Жауап жоқ. Оған қоғамдағы психологиялық шиеленістің күшеюі себеп болса керек. Жақында Алматыдағы психикалық денсаулық клиникасының қызметкерімен сұхбаттасудың сәті түсті. Соңғы жылдары психикалық дертке шалдыққандар санының бұрын-соңды болмаған өсімі байқалды деді мамандар. Дәл осы жағдайлардың орын алуына не себеп. Біз қазір жан-жақты зерделеп, осындай сорақы істердің көбею себебін анықтап, алдын алу жұмыстарымен айналысуымыз керек. Қазір ғаламтордың да ашықтығы көп нәрсенің жарияға жарияланып кетуін көрсетіп отыр. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға және әйелдерге зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып  келуі мүмкін. Әсіресе, қорғансыз  әйел мен балаға қатысты мәселеде бей-жай қалуға болмайды. Сондықтан Мәжіліс тарапынан қабылданған заңды қолдаймын. Қылмыскерлер тиісті жазалануы керек. Ана мен баланы заң арқылы қорғай алуымыз керек. Мемлекет ана мен баланың маңызын жоғары қояды. Бізде бұл мәселемен күресу үшін, заңды күшейту дұрыс. Өйткені заң тұрғысынан адамдар өздеріне жауапкершілік жүктейді. Оның салдары болатын түсінеді. Заңды білгеннен кейін әрбір адам өзіне жауапкершілік алатынына сенімдімін. Ана мен бала мемлекеттің байлығы. Біз осыны ұмытпасақ екен. Мемлекетіміз барынша күш салып жатыр, ең бастысы ана мен баланы қорғайтын заңымыз бар. Бүгінге дейін бұл проблема айтылды. Жазылды. Талқыланды. Әрине тұрмыстық зорлық-зомбылық бұрында да болған. Тек соңғы кездері ашық айтылып, көрсетіліп, қоғамдық пікір тудырған болатын. Біз жараны көре тұра, оны ертерек емдеуге тырысуымыз керек. Осы ретте мемлекет тарапынан да иммунитет қалыптасқанына қуанамыз. Ана мен бала қай уақытта болмасын өз елінде қауіпсіз өмір сүруі керек.

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963