Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 1446 6 пікір 12 Наурыз, 2024 сағат 14:04

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Бүгін 74 жасына қараған шағында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті.

Жұмабай Шаштайұлы - ҚР Президентінің стипендиаты, Халықарарық Жамбыл және «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған. Ол «Коммунизм жолы», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде, «Жалын» журналында еңбек етті. Халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің және «Қазақ әдебиеті» газетінің, Қазақ радиосының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Жазушының «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» атты жинақтары мен романдары оқырманның жүрегінен орын тапты.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы қазақтың қарымды қаламгері Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақындарына көңіл айтады.

Президент Тоқаевтың көңіл айтуы:

Мемлекет басшысы жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», - деп жазылған жеделхатта.

Сурет kapital.kz сайтынан алынды

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Қазақтың қарымды қаламгері, абзал азамат Жұмабай Шаштайұлының өмірден өтуіне орай артынан қалған үлкен әулеттегі барлық бауырларына, жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын.

Жұмабай аға мен үшін кеудесі қазына, ойы терең, ісі өнеге тұлға еді.

Жұмағаң әдайым кісілігі мен кішілігінен танбай, адами биік қасиеттерімен, ақжарқын қалпында жадырап жүретін. Қаламы жүйрік қаламгер ретінде қоғам жүгін, ел мұңын көтерген мазмұны терең өткір мақалалар, шоқтығы биік шығармалар жазып, ұлт руханиятына сүбелі үлесін қосты. Соңынан еріп, қолына қалам ұстаған жастарға рухани әке болып, шәкірттерінің шырағын жақты, талантын ұштады. Олар барда ағамыздың мол мұрасы, өшпес туындылары ешқашан ұмытылмақ емес.

Ағамыздың ғибратты ғұмыры, жарқын бейнесі жұртшылық жадында мәңгі сақталады деп сенемін. Қасиетті Рамазан айындағы дұға-тілектеріміз қабыл болсын. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!

Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Айгүл Ісмақова, профессор:

- Дүниеден Қазақ мақтаныш ететін, Жүсіпбек Аймауытұлынша өз заманын танытып кеткен, Жазушы деген абыройға ие болған мықты Қазақ өтті. Жұмекең өз көркем шығармаларымен бізге де, бізден кейінгілерге де Қазақ деген жұрттың ақылын, мәрттігі мен адамдығын, намысы мен абыройын аманаттап кетті. Кейіпкерлері өзі сияқты қарапайым Қазақ, өз ауылының замандастары еді. Ағамдай болған Дос еді.

Жұмекеңді әлпештеп, бауырындай сыйлап, құрметтеп өткен жарына көңіл айтамын. Қасиетті Рамазан айы Алла Тағала Жәннатық етсін.

Сурет: ult.kz

Қасымхан Бегманов, ақын:

- Таң атпай жеткен қаралы хабар көңіл-күйімді бұзды. Төрт - бес күн бұрын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен жазушы досының ауруханада ауыр халде жатқанын жоғары жақтағы басшыларға жанұшырып айтып, дәрігерлерге хабарласып жатқанын естіп едім. Көңілім сенбеп еді. Болмаған екен ғой. Өте өкінішті...

Қазір Алматы әуежайында Атырауда өтетін ұлттық құрылтайға қатысуға ұшқалы тұрған Жазушылар одағының төрағасына жан досының, өмір бойы қатар жүрген, сыйласқан досының дүниеден өткенін амалсыз хабарлауға мәжбүр болдым. Өмір деген осы, бүгін бар адам, ертең жоқ.

Иә, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, қазақтың қабырғалы, талантты жазушысы Жұмабай Шаштайұлы қасиетті рамазан айында дүниеден өтті.

Жұмабай ағамыз иманды, өте мейірімді азамат болатын. Ағамызбен риясыз сыйластық. Талай сапарлас болдық. Жазушы Жұмабай Шаштай ғазиз атына кір шалдырмай өткен саңлақ. Пендешіліктен аулақ өмір кешті.

Асыл ағамыз мына жалғанды тастап, бұрынғылардың жолына түсті. Біртіндеп қазақтың бүгінгі ірілері кетіп жатыр. Жақындарына, жанұясына, қалың қазаққа көңіл айтамын. Жаныңыз жәннәтта болсын, Жұмабай Аға.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5405