Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары» хақында
Мұхтар… Мағауин Мұхтар. Бұл есімді қазақ оқырмандарына таныстырып жатудың қажеті жоқ. Жазушы. Ғалым. Соңғы кездегі әлеуметтік желі жазбаларында Мағауин есімімен бірге айтылатын «ғалым» сөзіне «ғұлама» деген анықтауыш сын есімі қосыла айтылып жүр.
Жазушы М.Мағауиннің «Көк мұнар», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан-Шері», «Жармақ», «Мен», «Қыпшақ аруы», «Шыңғыс хан» деректі тарихи хикаясы қазақ әдебиетінің елеулі құбылыстары. Ал, осылардың ішінде «Көк мұнар» – қазақ әдебиетіне өзіндік ерекшелігімен келген көркем шығарма..юбл
Мен «Көк мұнарды» алғаш рет 1973 жылы 6 – сыныпта оқыппын. Әлі есімде, көкшіл мұқабасында қара түспен салынған түсініксіздеу суреті болатын. Қалғаны еміс-еміс... Кітапты талмай сұрап, іздеп тапқан түгім де жоқ. Ол кезде біз қолға түскеннің бәрін талғамай оқи беретінбіз. Тілі жеңіл, қызғылықты оқылатын «Көк мұнардың» бас қаһарманы Едіге секілді өзіне аса сенімді, көп білетін білімді болсам деп армандағаным есімде. Қалған әсер бұлыңғыр...
«Көк мұнар» мен оқыған мектеп-интернатта қолдан-қолға өтетін, сол кездің тілімен айтқанда, аса «дефицит» кітап болды. Оның негізгі себебі – Тұрар ағай. Ерманов Тұрар ағай. Тарихшы. Марқұм болып кеткеніне отыз жылдан асса да, Созақ өңіріне белгілі бұл есім – қазірге күнге дейін өз шәкірттерінің арасында үлкен құрметпен аталады. Тұрар ағай өте білімді болатын. Өзі орыс мектебін бітірген. Содан соң медучилище, кейіннен бәрін тастап тарих факультетіне оқуға түсіпті. Интернатта сөз жатпайды. Тұрар ағай туралы: Жақсы оқыпты, асперантураға қалдырған екен, қарт әке-шешесінің жағдайымен қала алмапты,- деген әңгімені ұзынқұлақтан естігенбіз.
Ағай қашан көрсең, сырты газетпен қапталған кітап оқып жүретін. Оқитын кітаптарының көбі орысша, майда жазумен жазылған, ғылыми еңбектер. Басқа мұғалімдерге мүлдем ұқсамайтын. Жай әңгіме айтып отырған секілді, бірақ, сабағы өте қызық. Сабақ сұрағанда: «Сен қалай ойлайсың?» – деп бастайтын. Оқығаныңды білдіріп, қосымша әдебиеттерден ақпарат айтсаң, балаша қуанып, мәз боп қалатын. Сабақ айтсаң бірінші рет тыңдап отырғандай, бар зейінімен, көзін алмай мұқият тыңдайтын. Ағай тыңдап отырған соң, бүкіл сынып зейіні сенде. Сен аянбай барыңды саласың. Ол кездегі «Қазақстан тарихы» жұп-жұқа кітап. Бір-ақ жыл оқисың. 9 - сыныпта. Сонымен бәрі бітті. Есімде қалғаны Тұрар ағай жұп-жұқа оқулықты ұстап тұрып: «Мына оқулықтын ішінде ештеңе де жоқ. Түрік қағанаты мен Еділ-Оттиланы олар қалай ұмытқан? Батыс Европаны құлдықтан құтқарған біздің бабамыз Оттила болатын. Сол Оттилаға рахмет ретінде Италияның ұлы композиторы Джузеппе Верди «Оттело» операсы мен «Қайта өрлеу» дәуірінің ұлы суретшісі Рафаэль Сантидің «Қасиеті Леон мен Оттиланың кездесуі» деген сурет фрезкасы Ватикандағы Элидор залының бір қабырғасын безендіріп тұр. Бұлардан басқа батыстың қаншама өнер мен ғылым қайраткерлері өздерінің шығармаларын Оттилаға арнаған», – деді. Сонда бір оқушы:
– Ағай, Оттила қазақ па? –деді.
Бәріміздің көкеймізде осы сұрақ тұр. Тұрар ағай ақырын жымиып күлді. Ол кісі үнемі күлімсіреп, ақырын сөйлейтін. Даусы анық, әуезді. Оқушыға еш уақытта дауыс көтерген емес.
– Ол кезде қазақ деген халық жоқ. Біз ол кезде жалпы атаумен «Түрік» деп аталатын «Түркілерміз». Оның аты – Еділ. Кейбір көне жазбаларда «Еттил» деп аталады. Еділ – Еттил – Оттил – Оттелла, – деп, Европа ғалымдарының өздерінің тілдік заңдылығына орай өзгертіп жазғандары ғой. Жұқа оқулықты қолына салмақтап тұрып: «Мұнда ерте қазақтарда мемлекет болмаған», –депті. Қалайша? «Үйсін», «Дулат», «Қаңлы» мемлекеттері ше? Бұлар «Тайпалық мемлекеттер» болатын. Адамзат тарихында бірден үлкен мемлекет болып кеткен бірде-бір ел жоқ. Барлығы да «тайпалық мемлекет» сатысынан көтерілген. Біздің елдегі «Тайпалық мемкелеттер» де бірігіп, кейін «Түркі қағанатын» құрды. Ерте түркілер мемлекеті «Қағанат» деп атады да, мемлекет басқарушысын «Қаған» деп атаған», – деді.
Құдай абырой берем десе оңай ғой. Дәл сол кезде менің есіме «Көк мұнардағы» Едігенің: «Менің бойымда Елтеріс, Естемір, Күл–Тегін заманындағы көшпенділердің қаны бар»,– деген сөзі есіме сарт ете қалғаны. Мен: «Мен Елтеріс, Естемір, Күл–Тегін қағандар», – деп басып қалдым. Тұрар ағай маған жалт қарап: «Сен оларды қайдан білесің? Қайдан оқыдың?» ,– деді
– «Көк мұнардан».
– Түгел түсіндің бе?
– Иә, түгел,– дедім
Ағай мені әбден мақтады. Сол, сол-ақ екен, бүкіл сыныптың алдында менің абыройым көтеріліп жүре берді. Тұрар ағай оқушыны көп мақтамайтын. Бірақ, бұл жолы бәрі ерекше болды. Менің абыройымды бабалар рухы көтеріп тұрғандай. Ерекше сезім.
Тұрар ағайдың бір қасиеті, кітапты көп оқитын оқушыларды басқа сыныптарға да мақтап жүретін. Содан біз әлгі оқушының оқыған кітабын тауып алып, оқуға тырысатынбыз. Бұл бір ерекше педагогикалық тәсіл екенін мен кейін ұқтым. Басқа сыныптың оқушылары ішінде жоғары сыныптың да оқушылары бар, менен «Көк мұнарды» сұрай бастады. Жұртың бәрі «Көк мұнарды» іздеп жүр. Содан «Көк мұнардың» «дефицит» дәуірі басталды. Ең соңында «Көк мұнарды» өзім әрең тауып, қайта оқып шықтым. Алтыншы сыныпта шалалау ұққан екенмін. Едігенің ерте түркілер жайында жазған романнан үзіндісі маған осы жолы басқаша әсер етті. Өн бойымда белгісіз бір рухани күш пайда болғандай.
Кейіннен М.Мағауин өзінің «Мен» атты ғұмырбаяндық мемуарында «Көк мұнар» туралы: «Жолы сонша ауыр болды, тұтас бір жылға созылған былық дауға кезігіп, жарыққа әрең шығады, жаряланбай жатып мазаққа ұшырайды, кітап болып тарағаннан соң білгір сыншылардың доғал найзасына ілінеді, сабан толтырылған нысаналы құбыжыққа айналады деп ойлағам жоқ», – деп жазды. («Мен» 99 – бет. Он үш томдық шығармалар жинағы. 6-том. Алматы, «Қағанат» 2002)
Осы жолдарды оқып отырғанда менің есіме «Көк мұнардың» біздің мектептегі «дефицит» дәуірі түсті. Күллі мектеп болып «Көк мұнарды» іздеп жүргенімізде, мына жақта байғұс «Көк мұнар» сол тұстағы сыншылар тарапынан қатал сынға ұшырапты. Парадокс. Ол кезде мектеп оқушысымыз. Әдеби сыннан қалыс кезіміз. Жабық жүйедегі біз оқыған мектеп-интернат әдеби мерзімдік басылымдарды жаздырып алмайтын. Жалпы, сол кездегі өзім білетін кітап сүйер қауым ішінен «Көк мұнарды» оқымадым деген адамды өз басым кездестірмеппін. Қазір ойлап отырсам қызық,- біздің мектептің ішкі заңдылығы бойынша, көп оқыған кітап туралы оқушылардың «диспут» деп аталатын ой-талқысы болатын. Әдебиет үйрмесінің жетекшісі Салима апай ұйымдастырған, ең көп оқылған кітап «Көк мұнар» туралы диспут - ой-талқыда сол кездің салтымен: «Едіге жағымды кейпкер ме, әлде жағымсыз кейіпкер ме?» – деп ұзақ таласқанбыз. Ең қызығы, бұрын оқыған кітап кейіпкерлерін «жағымды» не «жағымсыз» деп, оңай бөліп тастайтын біздер, «ә»-дегенде Едіге туралы не айтарымызды білмей абдырып қалғанбыз. Себебі, Едіге бұрынырақта біз оқыған кітап кейіпкерлеріне мүлдем ұқсамайтын. Ойлауы, жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері мүлдем бөлек, басқа. Бөтен әлемнен келген секілді, бейтаныс, жаңа кейіпкер. Соншалық жақын, бірақ, бөтен... Өзегі де, өрісі де басқа. Өреміз жетпейтін секілді... «Көк мұнардың» бас кейіпкері Едіге туралы бірдеме деп пікір айтудың өзі бізге, мектеп оқушыларына ауыр соққан-ды. «Көк мұнардың» өзге кейіпкерлері доцент Бәкен Тәңірбергенов, Гүлшат, профессор Әз-ағаң, оның әйелі Әлима, басқа аспиранттар Кенжек, Бердібек туралы аянбай сөйлегенбіз. Ұзақ талқылаудан соң, Едіге өте білімді, бірақ мақтаншақтығын қойса жағымды кейіпкер болар еді,- деген тоқтамға келгеніміз есімде. Баламыз ғой. Қазір ойласам күлкілі.
Қалай десек те, «Көк мұнар» сол тұстағы қалың оқушы қауымды бейжай қалдырмаған қазақ әдебиетінің елеулі құбылысы болғаны анық!
Сол «Көк мұнар» туралы диспуттан көп уақыт өте қоймаған. Ескілікті бір тарихи жағдайды түсіндіріп тұрған Тұрар ағайдан: «Көк мұнарда» Түркілер туралы көп айтылмаған. Неге?»,- деп, сұрағанымызда, Тұрар ағай сыныптың үлкен терезесінен тау жаққа ұза-а-а-а-ақ қарап тұрып: «Жазғызбайды... Жаза алмайды... Сәлден кейін: Бірақ... Мағауин бәрібір... молодец... Қазақ әдебиетінде Түркі қағанаты былай тұрсын, көне Түркілердің аты аталған бірде бір шығарма жоқ», – деді. Сәлден соң әлгі сөзі қайталап: «...Бәрібір... Мағауин...молодец...», – деді. Дауысы жер астынан шыққандай құмығып шықты. Неге жазылмайды? Кім жазғызбайды? Түсініксіз. Сыныпта ішіне ауыр сыр бүккен өлі тыныштық орнады. Біз мектеп оқушысы болсақ та Тұрар ағайдың түріне қарап, енсеңді басып, өн-бойыңды жаныштайтын мейірімсіз, алапат қара күшті сезінгендей болдық. Еңсеңді түзеп, бойыңды көтертпейтін аса жағымсыз сезім.
Кейін мектеп бітіріп жатқан кездегі оңаша бір сәтте Тұрар ағайдан «Көк мұнарда» Мағауин Түркілер туралы неге терең жазбаған? -дегенімізде – Цензура ғой, – деп жауап берген.
Мен Тұрар ағайды өмір бойы ұмытпаймын. «Цензура», «Түркілер» деген сөз бен қатар Рашид-ад-Дин, Бичурин, Бартольд, Гумилев, Аристов деген есімдерді де мен алғаш рет Тұрар ағайдан естігенмін. Кейінірек оқуға түскенде Тұрар ағаймен салыстырып, Алматының КазГу-інің талай профессорларын менсінбей қалғанбыз.
Алматы демекші, сұмдықтын көкесін Алматы келген соң көрдік. Мұнда қазақтың тілінде ешкім де сөйлемейді екен. Менсінбейді. Қазақтын өзі де. Көпшілік орында, әсіресе орыстар отырған жерде орыс тілінде сөйлеуің керек екен. Орыс тілін білмейтіндер екінші, мүмкін үшінші сортты адам. Бірде мынандай оқиға болды. Абитуриентпіз. Бір топ болып дабырлай сөйлесіп, троллейбустың артқы есігінен ішке кіргеніміз сол еді, соңғы орындықта бізге қарама-қарсы отырған орыс әйелі: «Не шумите! Говорите на человеческом языке! Бараны!»,– деді. Бәріміз аңтарылып қалыппыз. Мектепте орыс тілінен сабақ берген Валентина Николаевна мен Зоя Ибрагимовнаның арқасында дәл осы орыс әйелге ащы сөзбен жауап қайтаратындай орысшамыз бар болатын. Жасы үлкен адаммен сөз таластыру сол кездегі түсінігіміз бен тәрбиемізге жат қылық. Қаперімде не айтарымызды білмей сасып қалдық. Мені таңырқатқан екінші оқиға осы кезде басталды. Троллейбустың орта шенінде түрегеп тұрған бір қазақ ер кісі: «Они из ауыла приихали», – деп, өзі орыс сөзін дұрыс айталмай тұрып, орыс әйелге мүләйім көзбен қарап, ыржаңдап тұр. Орыс әйелі тағы да: «бараны»,-деді. Бұл жолы бізді айтты ма, жоқ әлде ана қазақты айтты ма, түсіне алмай қалдық. Дәл осы оқиға менің жүрегімде мәңгі қалып қойды. Бұл – «халықтар достығы» деген ұранмен жүзеге асып жатқан Кеңестік «ұлы орыстық-шовинистік» идеологияның аса тұрпайы да жексұрын көрінісі еді.
Студент атандық. Бұл кезде бір қазақтың қазақ тілді және орыс тілді болып екіге бөлінген шағы. Қазақша сөйлемейтін орыс тілді қазақ студенттер өздері бірыңғай жүреді. Олар ауылдан келіп қазақша сөйлейтін біз секілділерді «мамбет» деп менсінбейді. Өзге ұлт болса мақұл, өздері қазақ бола тұра, қазақша сөйлеу бұлай тұрсын, қазақша сөйлейтіндерді менсінбей, оларға жоғарыдан төмен, астамшылықпен қарауы менің жаныма қатты батты. Сенің өзіңді де, тіліңді де ешкім менсінбейді. Қорлықтың үлкені – өз еліңнің астанасында жүріп, өз тіліңде сөйлей алмау екен! Басқаны білмеймін, дәл осы жағдай маған қатты әсер етіп, өмірден біртүрлі меселім қайтып, мүжіліп, рухани күйзеліске ұшырадым.
Дәл осы кезеңде менің қолыма «Көк мұнар» үшінші рет түсті. Бұрынғы оқығандарым шала екен. Мен «Көк мұнарды» басқа қырынан түсіндім. «Көк мұнар» маған рух берді «...менің бойымда Елтеріс, Естемір, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар. Құла Шора дегенді естіп пе ең? Естіген жоқсың. Мен солмын...» Ғажап. Көкірегіңе сәуле құйылып, бойыңа күш жиналып жатыр. Сені желеп-жебейтін рухани күш... Басқа әлеммен байланысқа түсіп жатқан секілдісің. Тынысың ашылып, бойыңа ыстық қан жүгіргендей. Бойыңды алапат күш кернеген... осы күш Бартольд, Бичурин, Уәлиханов, Аристов, Б.Көмеков, С.Аманжолов еңбектері арқылы қазақ тарихына жол сілтеген. Өткеніңді түгелдеп, алдыңды жарық сәулеге толтырған білім күші... Ата тарихы алапат күш берді!
Алаға шүкір! Содан бері орыстың да, қазақша білмейтін қазақтың да алдында бір елі төмендеген емеспіз. Өз тілін білмейтін қазақтарға мүсіркей қарайтын болдық. Ана тіліңді, баба тілін неге білмейсің, – деп олардың өздеріне міндет арта сөйлеп, орыстарға: Қазақстанда тұрып жатырсын ба, Мемлекетік тіл-қазақтың тілін білу міндетің, – дейтін болдық.
Иә, рухың өшіп, тілің, ділің, ұлттық намысың тапталып жатқан тарихтың сол кезеңінде «Көк мұнар» бізге рухани күш берді. Сол күш бізді 1986-ның желтоқсанында тоталитарлық режимге қарсы алаңға алып шықты. Қазір желтоқсанды зерттеушілер: «Студенттер алаңға Қонаев үшін шықты» , – деп жүр. Бос сөз. 1986 жылы Алматыда оқыған студенттердің бәрі де желтоқсаншы. Мен білетін бірде-бір желтоқсаншы студенттен: «Мен Қонаев үшін алаңға шықтым»,- деген сөзді әлі естігенім жоқ. Олар ең бірінші қазақтың тілі мен ділі тапталып жатқанда - ұлттың намысы үшін алаңға шықты. Мен бұған толық кепілдік берем! Рас, Қазақстанға қазақ басшы келсе, аяқ асты болып тапталып жатқан қазақтың тілі мен рухы, ар-намысы жоғары көтерілер деп түсіндік.
Қонаев тұсында «тұрмыстық тіл» дәрежесіне түсіп қалған қазақ тіл мәселесі-өте күрделі мәселе болатын. Анығына келгенде, солтүстік Қазақстан обылыстарында 700-ден астам қазақ мектептерін жауып тастаған Қонаев, қазақты орыстандыруға белсене кіріскендердін алдынғы шебінде тұр. Оны ол саналы түрде ме, әлде, мәжбүрліктен істеді ме, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Қазақ мектептері жабылған. Амал жоқ орыс мектептерінде оқыған қазақ балалары «Тың игеру» деген сылтаумен қазақ жеріне миллиондап келген келімсек орыстарға жұтылып, солтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті қазақтарының басым бөлігі тілін ұмытып, орыстанып кетті. Обалы кімге?
Қазір Қонаевті ақтағысы келетіндер – Қонаев пәленбай қала салды, сол кісінің тұсында Қазақстан гүлденді, – дейді. Мен ол кісінің еңбегін жоққа шығармаймын. Бірақ, сол кезеңдегі Рашидовтың тұсында – Өзбекістан, Әлиев тұсында – Әзірбайжан, Шеварнадзенің тұсында – Грузия өсіп-өркендеп, гүлденді ғой. Олар да пәленбай қала, завод-фабрикалар салды. Бірақ, олардың ешқайсысы да біздің Қонаев секілді өз елдеріндегі ұлттық мектептерді жауып тастаған жоқ. Олардың тілі де, мәдениеті де ұлттық рухы да өсіп-өркендеп, жетілді. Сол себепті де қазіргі Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузияда ұлтық рух пен ұлттық тіл – біздің Қазақстандағыдай өзекті мәселе болып күн тәртібінде тұрған жоқ.
Қонаевтың тұсында біз жақсы мен жаманды ажырата алатын жаста едік. Сол кезде КПСС орталық комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневпен дос болып, күнде сүйісіп жүрген Қонаев – солтүстік Қазақстан облыстарында жабылып қалған қазақ мектептерін қайта ашуды бас хатшыға неге айтпайды екен, – деп ойлайтынмын. Мейлі Қонаев жүз қала салсын, халықты керемет байлық пен молшылықа жеткізсін – мұның бәрі бір қазақты орыс тілді, қазақ тілді етіп екіге бөліп, өз ұлтын қолдан орыстандырған Қонаевтың ұлт алдындағы ауыр күнәсін жеңілдете алмайды.
Қазір ойлаймын: Неге Қонаевтың тұсында қазақ тілі бүкіл қазақ халқының тілі болып, ұлт тіліне айнала алмады. Себебі, Қонаевтың өзі орыс мектебін бітіріп (кейбір деректерде татар мектебі) орысша тәрбие алды. Міне мәселе осы жерде жатыр! Қонаев Қазақстанды басқарған тұста, оның үлкен жиналыстарда қазақша сөйлегенін бір рет те көрген емеспін. Рас 80 - жылдардың басында телевизордан ауыл шаруашылық қызметкерлерінің бір жиналысында Қонаевтың қазақша баяндама жасағанын көріп, Қонаев қазақша біледі екен-ау, – деп таңқалғам. Басқа кезде Қонаевтың ресми жиналыстарда қазақша сөйлегенін көрген емеспін. Ол кісі қазақ тілінде пенсияға шыққан соң сөйлей бастады. Бұған дейін ол тек қана орыс тілінде сөйлейтін. Кім қайда оқып, қандай тәрбие алды, сол тәрбие алған ортасына қызмет етеді. Орыс мектебінде оқып, орысша сөйлеп, орысша тәрбие алған Қонаев - солтүстік Қазақстан облыстарындағы 700-ден астам қазақ тілді, ұлт мектептерін ойланбастан жапты да тастады. Нәтижесінде, ұлт қос тілді болып екіге бөлініп, өз тілі мен тарихын білмейтін, ұлтын менсінбейтін «мәңгүрт» қазақтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай болып, қаптап шыға келді. Бұл – біздің ұлттық трагедиямыз.
Мүмкін кейбіреулер: «Неге бәріне Қонаев кінәлі болуы керек?», – деп айтар. Иә, Қонаев кінәлі! Оның бір ғана себебі бар. Елді бір хан жеке билеп, дауды бір ғана би жалғыз өзі шешіп, ауылды бір ақсақал жеке басқарған қазақ қоғамы - жалғыз адамның билігіне бағынатын авторитарлы жүйеге бейім қоғам. Анығында келгенде, Қазақстанды Қонаев басқарған кезде Қонаевтың ғана, Назарбаев тұсында Назарбаев сөзі ғана жүзеге асып отырды. Сондықтан да, өзі басқарған жылдардағы Қазақстан үшін тарих алдында да, болашақ ұрпақ алдында да тек осы кісілер ғана жауапты болмақ.
Қазір Қонаевты ақтайтындар: «Қонаев солтүстік Қазақстан мен шығыс Қазақстанда жабылып қалған қазақ мектептері туралы білмеді.», – деп жүр. Бос сөз! Қалай білмейді? Қазақстанның бүкіл Солтүстік облыстары мен Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында қазақ мектептері болмай, қазақтар орыс мектебінде оқып, орыстанып орысша сөйлеп, қазақ тілді оңтүстік пен батыстан бөлектеніп, бір қазақ орыс және қазақ тілді болып екіге бөлініп жатқанын білмесе, ол несіне бүкіл Қазақстанды пәленбай жыл басқарған?! Мүмкін, жеке тұлға ретінде Қонаев өте жақсы адам болған шығар, бірақ Кеңестік кезеңдегі Қазақстан Республикасының бірінші басшысы ретінде, Қонаевтың ұлт алдындағы кінәсі мен күнәсі бір басына жетерлік.
Назарбаев тұсында да, қазақ тілінің шекесі шылқып кеткені шамалы. Сол баяғы, бір қазақтың орыс және қазақ тілді болып, екіге бөлінгені-бөлінген. Бұл да ештеңе емес, үйренген құқай. Жанға бататыны: Елімізде қабылданған «Блумм жүйесі», «Кембридждік тәсіл», «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты білім реформалары бойынша, қазіргі таңдағы қазақ мектептерінде, ұлттық жүйке-жүйеміздің негізі – «Халық ауыз әдебиеті» жеке пән ретінде, ал, «Қазақ әдебиеті» пәні сынып бойынша ғасыр-ғасырға бөлініп, жүйелі түрде, ғылыми негізде оқытылмайды. Бұл, бұл ма, Қазақ тілі пәні бойынша жүйелі негізде грамматика да оқытылмайды, диктант та жазылмайды. Шығарма жазу болса да жоқ. Барлығын оқу жоспарынан алып тастаған. Анығына келгенде, бұл – ұлтты жоюға арналған мақсатты түрдегі бағдарлы жоспар. Бір ұлтты жою үшін оған атом бомбасын тастап әуре болудың қажеті жоқ. Сол елдің білім жүйесін тас-талқан етсең болды, – деген кеп, дәл қазір қазақтың басына төніп тұр. Ішінде жүрген соң білеміз, жүйесі бұзылған оқу жүйеміздің ұлтқа әкелер қасіреті мен зардаптарының себебін де, салдарын да айттық, жаздық та. Рақмет, «Абай.кз» порталы білім саласы туралы жазған қаншама мақаламды жариялады. Еліміздің білім саласының апатты жағдайы туралы мен жазған мақалаларға орай айтылған мұғалімдер «жанайғайына» не билік тарапынан, не елге белгілі «зиялылар» тарапынан «мәу» деп үн қатқан ешкім болмады. Неге? Түсініксіз. Осы тұста Лениннің: “Интеллигенция – не совесть нации, а гавно нации”, – деген сөзі еске түседі. (Зиялылар ұлттың ар-ожданы емес – нәжісі) Қорытындылай айтсақ: Назарбаевтың тұсында Қазақстанның білім саласының тас-талқаны шықты. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының бәрі де біледі. Бірақ, үндемейді...
Бір сөзбен айтқанда, Қонаев тұсында солтүстік Қазақстан облыстарының барлығында дерлік қазақ мектептері жабылса, Назарбаев тұсында қалыптасқан оқу жүйеміздің тас-талқаны шығып, ұлт болашағына төнген қауіп еселеп өсті.
Бір қайғы,мың қайғыны қозғайды,– деген. «Көк мұнардағы» Едігенің Түрік қағанаты тұсындағы ұлы Қағандар мен сол кездегі көшпенді бабаларымыз туралы айтқан сөздерінен рухани күш алған біз, 1986-ның желтоқсанында Қонаев үшін алаңға шықпағанымызды және Қазақстандағы қазақ тілінің өзекті мәселеге айналуының көп себептерінің бірін ғана айтам деп отырып, қазіргі Қазақстанның білім саласындағы «диверсияны» да сөз етуге мәжбүр болдық.
Ауа жайылып, бостекті сөйлемеуге қанша тырыссақ та М.Мағауин шығармашылығын сөз етуді мақсат еткен соң, қазақтың рухани әлемі мен білім саласына жасалып жатқан «диверсиялық-отарлаушы» күштер турасында айтпай кету мүмкін емес. Себебі, М.Мағауиннің ғылыми еңбектері мен әдеби шығармаларындағы ең негізгі өзекті ой – отаршыл сыртқы күштерге қарсы бағытталған қазақ халқының «ұлттың иммунитетін» көтеру болып табылады. Ал, «ұлттық иммунитет» – халық өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін, тарихы мен әдебиетін сүйіп, құрметтеуі арқылы қалыптасады.
Егер, М.Мағауиннің әдеби шығармалары мен ғылыми еңбектерін бір-біріне жалғап қосар болсақ, сыртқы отаршыл күштерге қарсы соғылған «Ұлы Қазақ қорғаны» пайда болған болар еді. Отаршыл күштердің басты мақсаты – халықтың табиғи байлығы мен жерін тартып алып, сол жердің иесі болып отырған ұлтты тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен, тілі мен дінінен, салт-дәстүрінен айыра отырып, халықты тобырға айналдыру. Ал, тобырды басқару әрқашан да оңай. Мұны ғылым тілінде отарлау (колонизация) немесе отаршылдық саясат (колонияльная политика) дейді.
М.Мағауин шығармаларында айтылған ой мен идея біреу, ол – біз айтып өткен отаршылдық пен отарлау саясатына қарсы күрес.
Бүгінгі сөз өзінің шығармашылығы мен ғылыми еңбектері арқылы отарлық саясатқа қарсы күресе отырып, өз ұлты, қазақ халқының «ұлттық иммунитетін» күшейту жолында бар саналы ғұмырын арнаған, шын мәніндегі «Ұлт зиялысы»- Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары» туралы болмақ.
Сөз басын да айттық, тағы да қайталаймыз: Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнары» – алғашқы кезде әдебиет сыншылары тарапынан қатал сынға ұшыраса да, баспадан жарық көрген сәттен бастап қалың оқырман қауым өте жылы қабылдаған, Қазақ әдебиетінің елеулі құбылысы.
«Көк мұнар» қазақтың көне тарихына жол сілтеп, ұлттық руханиятымыздың тарихи жадысына бағыт-бағдар беріп, ұлттың «ояну дәуірінің» бастауында тұрған қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы шығармалардың бірі болды. «Бірі болды»,– деп айтып отырған себебіміз: Бұл кезеңде М.Әуезовтің «Абай жолы» тарихи роман-эпопиясы қазақ әдебиеті мен одақтық әдебиетті былай қойғанда, әлемдік әдебиетте өзіндік орнын алып үлгерген үздік шығарма болатын. Біз қазір «Абай жолы» туралы сөз қозғасақ, оның көркемдік қуатын бірінші кезекте тілге тиек етеміз де, «Абай жолының» тарихи роман екенін ұмытып кете береміз. Сөз жоқ, «Абай жолы» – көркемдік қуаты аса жоғары, XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ халқының өмірін энциклопедиялық тұрғыдан суреттеген роман-эпопея. Десек те, «Абай жолы» жанрлық ерекшелігі жөнінде «тарихи роман» топтамасына жататынын ұмытпауымыз керек.
Менің өзімнің жеке пікірім бойынша, «Абай жолынан» кейін «тарихи-роман» жанрында қалың оқырман қауымды дүр сілкінтіп, назарын өзіне аударған І.Есенберлиннің «Қаһары» болды. Бұл – 1969 жыл. «Қаһардан» соң араға үш жыл салып, жарық көрген М.Мағауинның «Көк мұнары», қазір ғана айтып өткеніміздей, ұлт руханиятына бағыт-бағдар беріп қазақтың көне тарихына жол сілтеген қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы шығарма болғандығы, әдебиетіміздің өткен тарихына көз салған ойлы оқырманға анық аңғарылады.
Бірінші бөлімнің соңы. Жалғасы бар.
Нұрғали Махан
Abai.kz