Сәрсенбі, 4 Наурыз 2026
Тамыр 143 0 пікір 4 Наурыз, 2026 сағат 13:16

«Тоғызатты» ғылыми айналымға енгізген жиын

Суреттер: democrat.kz, youtube.com сайттарынан алынды.

(Түркі халықтарына ортақ зерде ойыны туралы ғылыми пайым)

Аттылар кеңістігі

Тоғызқұмалақ – ұлттық ойын. Бұл жөнінде талас жоқ. Бірақ «Тоғызат» ше? Бұл атау жай ғана тарихи форма ма, әлде түркі өркениетінің терең қабатын білдіретін ұғым ба?

Адамзат тарихындағы манкала типтес ойындардың көпшілігі аграрлық семантикаға – дән, тұқым, тас айналымына негізделген. Олар – ресурс бөлудің зияткер үлгілері. Ал Ұлы далада қалыптасқан нұсқа мүлде басқа мазмұнға ие.

Мұнда басты символ – дән емес, қозғалыс. Ал қозғалыстың өзегі – ат.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

2026 жылғы 19 ақпанда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалында өткен «Түркі халықтарына ортақ тоғызат/тоғызқұмалақ ойыны: атты мәдениеттің символдық моделі» атты ғылыми симпозиумда мәселе дәл осылай қойылды: бұл ойын – атау ма, әлде атты мәдениеттің интеллектуалдық моделі ме?

Атты өркениет – көшпелі салттың ерекше формасы

Көшпелі мәдениет туралы көп айтамыз. Бірақ көшпелілік – тек қоныс ауыстыру емес. Ол – кеңістікті игеру тәсілі. Жылқыға негізделген аттылар мәдениеті – Еуразия тарихындағы ерекше өркениеттік құбылыс. Түркі халықтарының әлеуметтік құрылымы, әскери тактикасы, кеңістікті меңгеру тәжірибесі жылқымен тығыз байланысты болды.

Жылқы:

– қозғалыс құралы ғана емес;
– әскери стратегияның өзегі;
– әлеуметтік мәртебенің өлшемі;
– экономикалық ресурс болды.

Далалық соғыс өнерінде қарсыласты бір соққымен жоюдан гөрі, оның қозғалысын шектеу, қоршау, ресурсын сарқып барып әлсірету тәсілі басым еді. Бұл – мобилді өркениеттің ойлау жүйесі.

Енді осы логиканы зерде ойыны құрылымымен салыстырып көрейік.

Ойын тасы – құмалақ па, әлде ат па?

Тоғызқұмалақ тақтасындағы отаулардың терминге айналған атаулары: арт, тектұрмас, атөтпес, атсыратар, бел, белбасар, көкмойын, маңдай, құйрық. Мұндағы «атөтпес», «атсыратар» ұғымдары жай сөз емес. Олар ойын логикасының өзегінде тұр.

Белгілі тілтанушы С.Аманжолов 1936 жылғы еңбегінде ойын барысында тастар «ат» деп аталатынын нақты көрсеткен. Тоғызқұмалақ зерттеуші Т.Сұлтанбеков те 1967 жылғы зерттеуінде осыны айқындаған.

Демек, ойын материалы құмалақ, тас, жаңғақ болғанымен, ұғымдық деңгейде ол – ат. Бұл – спорттық термин.

Атсырау – қарсыластың қозғалысын тоқтату.
Атөтпес – кеңістіктік тосқауыл.
Атсыратар – стратегиялық қақпан.

Бұл ұғымдар механикалық «көшіруді» емес, позициялық үстемдік пен қозғалысты басқаруды білдіреді.

Егер аграрлық манкала ойындарында дән айналымы символ болса,
түркілік нұсқада қозғалыс субъектісі – ат орталыққа шығады. Осы тұрғыдан қарағанда, Тоғызат – мобилді өркениеттің стратегиялық моделіне айналады.

«Көшірме» атауы нені білдіреді?

XI ғасырдағы Диуани лұғат ат-түрк еңбегінде «көшірме ойын» тіркесі кездеседі. Бірақ «көшіру» әрекеті механикалық қозғалысты білдіреді. Ал Тоғызатта басты мәселе – көшіру емес, тарату арқылы қарсыласты стратегиялық тұрғыдан әлсірету. Егер бұл ойын тек көшіру болса, онда «атсырау», «атөтпес» сияқты ұғымдар қалыптаспас еді. Демек, «көшірме» – сыртқы сипаттама ғана. Ал «тоғызат» сөзі басқа атаулардан гөрі жанды ішкі құрылымды білдіреді. Атты мәдениеттің символикалық кодын байқатады.

Атау эволюциясы және тарихи қабат

1874 жылы этнограф Г.С. Загряжский қазақтың зерде ойынын «Тогуз-ад» деп тіркеген. Бұл – бүгінге белгілі ең ерте жазба атау

Кейін XIX–XX ғасырларда атау Краснов пен Пантусов жазбаларында  «Тогуз-кумалак» формасына ауысқан.

Бұдан бөлек:

– «Хан ойыны», «Орда» – әлеуметтік мәртебелік атаулар;
– «Тоғыз қой» – шаруашылық сипаттағы атау;
– «Докузташ» – материалдық номинация;

– «Тоғыз көоргоол» да сондай материалдық аталым.

Барлығы – белгілі бір кезеңнің тілдік көрінісі. Алайда тарихи фиксациядағы «Тогуз-ад» және ойын ішіндегі «ат» концептісі бір-бірімен үйлесіп тұр: терминологиялық жүйені түзіп тұр. Сонда «Тоғызат» атауын құрылымдық деңгейде қарастыру қисынды емес пе?

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Тоғызат – өркениеттік код

Тоғыз – қазақ танымындағы тұтастықтың саны. Ат – қозғалыс. Тоғызат – тоғыздық кеңістікте ұйымдасқан қозғалыс субъектілерінің жүйесі.

Бұл – ресурс басқару, қарсыласты әлсірету, кеңістікті бақылау логикасының ықшамдалған моделі.

Симпозиум талқылауы да осы тұжырымға тоқтады: «Тоғызат» атауын тарихи фиксация мен ішкі терминологиялық жүйе тұрғысынан ғылыми айналымда қарастыру орынды.

Қорытынды: өркениеттік кодты тану

Тоғызқұмалақ – ұлттық ойын. Бұл – даусыз. Бірақ «тоғызат» – жай ғана тарихи атау емес. Егер тарихи фиксацияда «Тогуз-ад» тіркелсе,
егер ойынның ішкі терминологиясы «ат» концептісіне құрылса,
егер құрылымдық логикасы мобилді өркениеттің стратегиялық ойлау жүйесімен қабысса, онда Тоғызат – атау ғана емес.

Ол – түркі әлемінің кеңістікті игеру тәжірибесінің интеллектуалдық көрінісі.
Ол – атты мәдениеттің ықшамдалған моделі.
Ол – дала өркениетінің зерделі коды.

Мәселе атауды ауыстыруда емес. Мәселе – мәдени қабатты тануда.

Егемен елдің басты белгісі – өз мұрасын тек сақтау емес, оның мағынасын терең түсіну.

«Тоғызат» – өткеннің шаңы емес. Ол – өркениеттік жадтың белгісі. Ал өркениеттік жадын тану – ұлттың кемелдікке қадам басуы.

Жылқы жылында ең болмаса өз өркениетімізді тануға, паш етуге ұмтылсақ екен.

Симпозиум қарарының тоқетері:

  • «Тоғызат» атауын ғылыми айналымда жүйелі түрде қолдану;
  • Түркі халықтарының мәдени мұрасы аясында тарихи атауды жалпытүркілік ғылыми деңгейде талқылау және насихаттау;
  • «Тоғызат» атауына қатысты ғылыми негізделген материалдарды тиісті федерациялар мен уәкілетті органдардың қарауына ұсыну;
  • Аталған мәселені алқалы түрде, ғылыми-сараптамалық негізде қарастыруды жалғастыру.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы, түркітанушы

Abai.kz

0 пікір