Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1954 12 пікір 15 Наурыз, 2024 сағат 13:55

Елдің тарихи жадын жаңғыртқан - Ұлттық құрылтай!

Коллаж: Abai.kz

Атырауда «Ұлттық құрылтайдың» үшінші басқосуы өтіп жатыр. Бұған дейінгі Құрылтайларда Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстанның негізі қаланып,  еліміздің жарқын болашағы мен мұратын айқындаған айтулы оқиғалар орын алып отырды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелерімен әрдайым кездесіп, кеңесіп отырады. Қазіргі таңда бұл алаңда қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде талқыланып, оның мәртебесі артып келеді.

«Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылармен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мүше болып кірді. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр», - дейді Е.Қарин.

Құрылтайдың арқасында Конституциялық заңдарға байланысты бірқатар өзгеріс болды. Елімізде аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалды. Мұның нәтижесіне өткен Парламент сайлауында куә болдық. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының бәрі бір мандатты округ бойынша сайланды. Парламенттің төменгі Палатасына алты партия өтті. Сонымен қатар ондаған депутат бір мандаттық округтен сайланды. Бұл қадам Мәжілістің жұмысына қан жүгірткенін апта сайын өтетін жалпы отырыс көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысы: «Мемлекет таңдаған бағытты халықтың басым көпшілігі қолдайтыны өте маңызды. Біздің азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгерістер болады деп сенеді. Біз халыққа реформаларды жүргізу барысын ұдайы түсіндіріп отыруға тиіспіз. Қазірдің өзінде жаңғырту процесі біртіндеп бүкілхалықтық сипат алып келеді. Әрбір азамат жаңғыртудың әсерін сезінуге тиіс. Егер әркім елдегі өзгерістерге өзінің жеке ісі ретінде қарайтын болса, онда біз шынымен жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы түсінуі тиіс», - деген болатын.

Түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге саятын Құрылтай сөзі – түркі-монғол жұртына тән ресми кеңес, жиналыс атауын білдіреді. Ұлтымыз күні-бүгінге дейін: «Ағайын-туыстың басы түгел құралып қалған екен», - дегенді үнемі ауызға алып отыратыны да бар.  Құрылтайдың тарихы арғы дәуірлерге кеткенімен, шақырылуына қарай Кіші құрылтай мен Ұлы Құрылтай деп бөлінетінде жақсы білеміз. Қазір модаға айналған           пленум, форум сөздерінен де ауқымы мен маңызы зор Құрылтай – түркі халықтары, оның ішінде қазаққа да тиесілі төл сөзіміз болып табылады. Біз бұны арғы дәуірлерден жалғасқан мемлекет басқару дәстүрін жаңғыртудағы бір қадам деп қарастыруымызға әбден болады. Өткені мен бүгінгісін және ертеңін бөле-жара қарамайтын өзге жұрттардың бірі ретінде алаш баласы да тап осылай жасап отыр.

Ұлттық құрылтайдың І отырысын ашқан Президент: «Баршаңызға Ұлттық құрылтайдың ашылуы құтты болсын дегім келеді. Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты», - деген болатын.

Енді міне үшінші Құрылтайды да өткізіп, тәуелсіздіктің бал дәмін татып жатырмыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды. Мемлекет басшысының жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың бұл жолғы отырысы Атырау өңірінде өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Жаңа Қазақстан күрделі әрі ұзақ үдеріс арқылы құрылатынына назар аударған еді. Сондай-ақ мұндай іргелі іс-шараның маңызына да тоқталды. «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген», - дегені белгілі.

Төл тарихымызға үңілсек, ұлт тағдырын шешкен құрылтай көп екеніне куә боламыз. Әсіресе өте маңызды кезеңде түгел Алаш жиналып, келелі мәселені кеңесіп отырған. Мәселен, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайдады Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік алғаннан кейін өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында сырттағы қандастарымызды  атамекенге шақырдық. Осылайша, нәубет жылдары үдере көшкен ел тәуелсіз Қазақстанға оралды. Ендеше Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына елеулі өзгеріс әкелді десек қателеспейміз.

Жалпы, Ұлттық құрылтай құрамында 117 адам бар. Оған барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері енді. Сондай-ақ Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері де қосылды. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иесін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасты.

«Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», - деді Қ.Тоқаев.

Көп уақыт өтпей «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламенттің екі Палатасында да қабылданып, Президенттің қолы қойылды. Осылайша, ұлық мереке қайта оралды.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Референдум арқылы Ата заңымызға өзгерістер енгізілгенін атап өткен болатын. Осыған қатысты Қ.Тоқаев: «Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңды өзгертеміз. Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды», - деген еді.

Мұның бәрі Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадамдар екені сөзсіз. Тағы бір айта кетерлік мәселе, Президент өкілеттігін қысқартуға қатысты түзетулер енгізілді. Жаңа нормаға сәйкес мемлекет тізгінін ұстаған адам 7 жылға сайланады. Оның үстіне бір реттен артық Президент міндетін атқара алмайды. Қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында осы өзгерістер жүзеге асты.

«Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылып, азаматтар бұл платформаға қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі өз ойлары мен ұсыныстарын жолдай алатын болды. Осылайша, Ұлттық құрылтай елдің өтініш-тілектерін жинайтын коммуникацияның әртүрлі форматын пайдалану арқылы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналып отыр.

Ұлттық құрылтайда үш құндылық негізге алынады. Біріншісі, Алтын Орда асыл мұраты идеологиялық тұжырымы. Екіншісі – ұлтты ұйысуға үндеу. Үшінші ой – мемлекет мүддесі бәрінен биік екендігіне ұлтты ұйыстыру.

2019 жылдан бері Мемлекет басшысының үрдісті жүргізіп отырған саясаты –  еліміздің біртұтастығын нығайтып, әділетті, экономикалық және әлеуметтік жағдайы тұрақты әрі ұдайы дамып отыратын мемлекет қалыптастыруға бағдар ұстану болып табылады. Содан бері осы бағытта бүкіл ел-жұрт жиылып, қажетті реформаларды ұсынып, оларды дер кезіне жүзеге асырып келеді.

Біздің асыл үмітіміз болып табылатын Ұлттық құрылтайдың мүшелері – халықтың көкейіндегі жүрген, қоғамдағы маңызды мәселерді айтып қана қоймай, сол мәселерді шешу жолын да білетін азаматтар екендігі ұлтымыздың болашағы үшін көңілге үміт отын жағады.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай құрылғалы ауқымды жұмыс атқарылды. Осы орайда билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаратынын атап өткен жөн. Демек жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастыруға зор үлес қосты деп айтсақ қателеспейміз. Соның жарқын мысалын атырауда өтіп жатқан Құрылтай барсында көріп отырмыз. Алдағы уақытта олардың жұмысын жандандыра түсу керек. Ұлттық құрылтайдың ел ішіндегі насихатын да қолға алған жөн.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394