Саясатта ұсақ-түйек деген болмайды...
Иә, Ұлттық құрылтайдан жұрттың күткені көп. Әркім өзінің көкейінде жүрген, жанын қинаған сұрақтардың жауабын алғысы келеді. Сол қатарда мен қандастарымызды сергелдеңге салып отырған «20-баптың 5) тармағы» мен «апостиль мәселесі» туралы бір шешім айтылып қала ма деп, қатты күттім.
Бірақ, бұл тақырып туралы әзірінше ештеме айтылмады.
Мүмкін, Президент бұл мәселені басқа жолмен шешер.
Жасыраты жоқ, қатты күйзелдім. Азаматтық ала алмай, сергелдеңге түсіп отырған қандастарыма жаным ашыды.
«Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс», - депті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Біреулерге ұнамауымыз мүмкін, бірақ біз де өзімізді осы Қара шаңырағымыздыдың бір уығы болған қандастар тағдырына өз тағдырындай қарап жүрген жанбыз деп есептейміз.
Өз басым Президенттің әр сөзін қалдырмай, мұқият оқып жүремін.
«Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес», - депті Президентіміз Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Осы сөзден кейін Президенттің сөзін тіпті де шұқшиып оқып, қандай мәселелерге баса назар аударғанына үңіле бастадық. Және Мемлекет Басшысының ден қойған мәселелерін теріп алдым.
Қасым-жомарт Кемелұлы бұл жолы да Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру мәселесіне айырықша тоқталыпты.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәдениетсіздігі мен сауатсыздығын айтпады демесеңіз, Президент Өз сөзінде «Шыңғысхан дауынан» бастап, «насыбай атуға», «жол үстіндегі дөрекілікке» дейін түк қалдырмайи тізіп шыққан екен.
Бір қарағанда, Президент тым «ұсақтап» кеткендей сезілуі мүмкін.
Бірақ, біздің ұлтымыздың қазіргі жағдайы – осы екені, әлі күнге дейін Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырудан; ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазудан аса алмай келе жатқанымыз өтірік емес қой!
Президенттің бұл сөздері, тіпті, сонау Абай заманын еске түсіргенін жасырмаймын.
Демек, саясатта ұсақ-түйек деген болмайды, Президент үшін бәрі маңызды.
Зиялы қауымымыз бен бай-бағландарымыздың түрі осы болғанда, біз қарызға батып, соның кесірінен нашақорлық пен құмарпаздыққа тұншығып бара жатқан мына қара халықпен қалай «Жаңа Қазақстан» құра аламыз деген де ойға қалдық.
Тіпті, «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!» - деген Абай сөзін меңзеп отырған жоқ па деген де қиял келді басыма.
Қателессем түзетіп қойыңыздар, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұдан да батыл реформалар мен батыл шешімдерге барыңқырамай отырғанының бір себебі – осыдан екен-ау деп ойладым.
Әрине, бодандық қамытынан шыққан елдің халықын ең кемінде елу жыл кіналауға болмайды!
Керісінше, сол халықты осындай күйге түсірген СЕБЕПТІ жан-жақты бағамдаған және ол СЕБЕПТІ ашық айтқан дұрыс деп ойлаймын.
Жақсылап бағамдай білсек, жіптің бір ұшы атқарушы билік пен заң шығарушы органға, одан ары мемлекеттік басқару жүйесіне, одан ары қарай атқаты «162»-ге барып тірелуі мүмкін.
Менше, «Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар» қалыптастыру үшін ең бірінші кезекте ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІК қажет.
«Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз», - депті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ең бастысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы Өзі басқарып отырған елдің бар шындығын жайып салды.
Бізді осы дерттің бәрінен түбегейлі арылтатын жалғыз жол - ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІК!
Біз осы жолда Президентпен біргеміз!!!
Ауыт Мұқибек
***
- Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады;
- Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды;
- Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды;
- Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз;
- Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады;
- Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді;
- Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім;
- Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр;
- Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр;
- Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн;
- Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар;
- Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды;
- Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды;
- Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр;
- Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату;
- Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық;
- 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті;
- Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес;
- Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған;
- Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?!
- Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ;
- Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр;
- Алайда кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады;
- Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр болып тұр...
(Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінен)
Abai.kz