Сенбі, 23 Қараша 2024
Наурызнама 1852 6 пікір 20 Наурыз, 2024 сағат 13:47

Түркі елдері Наурызды қалай тойлайды?

Наурыз – түркі халықтарының ұлы мерекесінің бірі әрі бірегейі деуге болады. Наурыз айымен бірге, ел ішіне құт келетініне берік сенген халқымыз, Тәуелсіздікті тұғырына қондырғалы, бұл мейрамды жыл сайын ерекше қарсы алып келеді.

Енді осы төл мерекемізді тамырымыз бір, танымы өзгелеу басқа түркі ағайындар қалай тойлайды?

Айталық, Әзербайжан халқы бұл мейрамды өте салтанатты түрде, бір ай бұрын тойлай бастайды екен. Бір ай қатарынан, әр аптаның сейсенбісін ерекше жоралғымен қарсы алады.

Мысалы: бірінші сейсенбі – су, екінші сейсенбі – жел, үшінші сейсенбі – от, төртінші сейсенбі – топырақ.  Халық сеніміне орай, бірінші сейсенбіде тіршілік сумен нәрленіп, ал екінші сейсенбіде желмен жаңарып, үшінші сейсенбіде отпен бірге жылу еніп, төртінші сейсенбіде жер толықтай көгереді.

Әзербайжан халқында отқа байланысты, тазару символына қатысты көптеген дәстүрлер бар. Мерекеге орай жеті жерде от жағылады. Жеті алаудың үстінен немесе бір алаудың үстінен жеті рет жасы мен жынысына қарамастан секіріп аттау керек. Секіруші: «Менің сарым саған, сенің қызылың маған», - деп айтады. Алауды ешқашан өздігінен сөнбегенше сөндірмейді. От өздігінен сөнгеннен кейін, жас қыз-жігіттер күлін үйден аулаққа апарып тастайды. Бұл оттан секірген барлық отбасы мүшелерінің қайғы-мұңдары сол күлмен бірге кетсін деген тілектен туындаған.

Көрші Өзбек халқында да кең тараған мерекенің бірі, осы – Наурыз мейрамы. Өзбек халқының салты бойынша, наурызда әр көктем сайын диқаншылық өтетін алқаптарда сауық-сайран ұйымдастырылып, мерекелік базар орнайды. Салт бойынша, әрбір үйде нан пісіріліп, ұлттық ас – «сумаляк» дайындалады.

Наурыз мерекесін тойлау барысында, ұлттық саз аспаптар – керней, сурнай дауысын естуге болады. Мерекеде музыканттар түрлі дәстүрлі әуендерде ойнап, би қимылдарын жасап, мерекені озық деңгейде тойлайды.

Наурыз мерекесінде міндетті түрде мерекелік палау пісіріледі. Өзбек халқында палаудың жүзден астам, кәуаптың отыздан астам, сорпаның жетпістен астам түрі, сонымен қатар сан алуан самса, нан, кондитерлік өнім түрлері бар. Осы күні тандырда пісірілге ас та, назардан тыс қалмайды. Бұлар негізінен тандыр нан түрінде, ширмо – нон, патыр, күлше деп жалғасып кете береді. Ал, ең  ерекше ас ретінде нишалда, халваэтар және сыйлы қонақтарға тартылатын көптеген тағы басқа жеңсік астар әзірленеді.

Наурыз мерекесін тойлап біткеннен кейін, елдің түкпір-түкпірінде  көктемгі егістік жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, түркі елдерінің қатарына кірмесе де, елімізге көрші болып келетін, Тәжік халқының да Наурызды қалай қарсы алатынын айта кетейік. Таң алакеуімденіп, күн көтеріле бастағаннан-ақ, шартарапты керней, сырнай дауысы тербейді. Әрине, түркі халықтарына ортақ салт-дәстүрлер тәжік елінде де кең көрініс берген. Аталған елдің Наурыз мерекесінің символы – түрлі дәнді-дақылдар қосылған суманах. Бұл дәстүрлі тағам дайын болған кезде, қазан басына отбасы мүшелері, туған-туыс, көршілер жиналады. Үлкен қазандағы асты кезекпен араластыра отырып, ән айтады.

Ал түркімен халқының салт – жоралғыларына келсек, бұл елде жаңа жыл жылына екі рет аталып өтеді. Соның бірі ресми жаңа жылдың келуі болса, екіншісі – Наурыз.

Түркімендерді өзге халықтардан ерекшелейтін дәстүрі «жарма», «самани» және басқа да ұлттық астары.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377