Су тасқыны: Жазушылар одағы Үндеу жасады
ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚИЫН КЕЗЕҢДЕ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ
9 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағында Басқарма хатшылығының жиыны болып өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты қабылдаған Үндеуіне орай Қазақстан Жазушылар одағының еліміздегі барлық шығармашылық одақтарға арналған Үндеуін қабылдау мәселесі қаралды.
Мәжілісті ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов алдымен еліміздің 10 өңірінде тасқын судың салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды айта келіп, жұртшылықтың табиғат апатымен күресте көрсетіп отырған бірлік-берекесіне ерекше тоқталып өтті.
– Бұл үрдістен біздің қаламгерлеріміз де шет қалмай келеді, – деді төраға өз сөзінде. – Жер-жердегі одақ филиалдарының мүшелері апаттың алдын алуға өз үлестерін қосып келеді. Күні кеше қарымды қаламгер, саңлақ сазгер Ілия Жақановтың Жайық жағасындағы тасқынмен арпалысып жүргенін жұртшылық түгел көрді. Светқали Нұржанның да осы қатарда жүргенін естіп-біліп отырмыз. Өзге ақын-жазушыларымыз да рухты жырларымен, нақтылы іс-әрекеттерімен қиналған халыққа демеу болуда.
Бүгіндері қоғамда осы апат үшін тек билікті кіналау белең алып келеді. Әрине, олардың жіберген олқылықтары бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, аса дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Чехия, Франция, Жапония сияқты мемлекеттердің өзі су тасқынының азабын тартып жатқанда, біздің елде неге алдын ала қоймады деу, жұмсарта айтқанда артықтау ма деймін.
Осы табиғи апатқа байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеу жариялағанын білесіздер. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағы мемлекет басшысының Үндеуіне толық қолдау білдіре отырып, қаламгер қауымның атынан еліміздегі барлық шығармашылық одақтарына Үндеу жариялауды жөн көріп отырмыз. Сіздерден осы бастамаға қолдау көрсетіп, ой-пікірлеріңізді ортаға салуларыңызды сұраймын.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек жиылған жұртшылықты Үндеудің мәтінімен таныстырғаннан кейін, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары мен хатшылары мәселеге қатысты пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салған.
– Биылғы көктем алабөтен болды, – деді төрағаның орынбасары, ақын Бауыржан Жақып. – Қар мөлшерден тыс көп түскендіктен шығар, еліміздің он аймағында су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы көлемі жағынан 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат туралы айта келіп, қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты халқымызға Үндеу жариялады. Онда құзырлы мемлекеттік органдарға шұғыл түрде тапсырмалар беріліп, тасқын судан зардап шеккен барша азаматтарға қаржылық және басқа да көмектер көрсетілетінін, материалдық шығындар толық өтелетінін айтты. Бұл табиғи апаттан жапа шеккен қарапайым халық үшін үлкен демеу болды. Апаттың алдын алу жұмыстарындағы кемшіліктер, су шаруашылығы мамандарының тапшылығы, тағы басқа проблемалардың бар екеніне назар аударған. Президенттің Үндеуін талқылай келе, Қазақстан Жазушылар одағының хатшылық мәжілісінде еліміздегі барша шығармашылық одақтарға Үндеу жариялауды жөн көріп отырмыз. Еліміздегі басқа да шығармашылық одақтарға төрағаның қолымен хат жолданып, жалпы зиялы қауымның бұл істен шет қалмауына бастама жасалды.
Қазіргі күндері тасқын су қаупі артқан Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы қиын-қыстау күндер тезірек өтіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын тілейміз.
Одақ төрағасының орынбасарлары Нұржан Қуантайұлы мен Бейбіт Сарыбай да тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып, аталған жұмыстарды атқарудың нақтылы қимылдары турасында ұсыныстарын жеткізген.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Бақытжан Қанапиянов бұл шетін оқиғадан барша қазақстандықтар шет қалмайтынын айта келіп, шама-шарқынша өздерінің де үлес қосатынын жеткізген. Әдебиет сыншысы Әлия Бөпежан жалпы еліміздегі табиғи апаттар мен тосын оқиғалардың шығу табиғатын зерттеп, зерделеу үшін публицистердің қалам күшін жете пайдалану керектігіне тоқталса, көрнекті жазушы, Жазушылар одағының хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек мұндай су тасқындарының бұрыннан орын алып келе жатқанын тілге тиек етті. Осыдан бір ғасыр бұрын Ыбырай Алтынсарин Торғай өлкесіндегі қарғын су апаты жайлы жазбасында өзен жағалап, арна қуып құрылыс салуға болмайтынын сол кезде-ақ айтып кеткен екен.
Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов мұндай шетін жағдайлардың орын алуы ең алдымен су шаруашылығы мамандарының жоқтығынан екенін ескертіп, Тараз қаласындағы мелиоративтік институтты қалпына келтіру қажеттігін баса айтты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Президенттің және бүгінгі Жазушылар одағының Үндеуін толық қолдайтынын айта келіп, бұл бастаманы еліміздегі барлық шығармашылық одақтар – композиторлар, суретшілер, киногерлердің басын біріктіретін ұйымдар қолдаса деген тілегін жеткізген. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының кеңесшісі, жазушы Авут Масимов Үндеуді толық қолдайтынын, ұйғыр қаламгерлерінің арнайы әдебиет қорынан апатқа 50 мың теңге ақша аударатынын мәлімдеген. «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз» журналының бас редакторы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Тұрысбек Сәукетай елдің басына түсіп отырған нәубетке халық болып көмек көрсетіп жатқанын, осы орайда қаламгерлердің де бұл бастамасын қолдайтынындарын жеткізді. Дегенмен, болашақта үйлер мен шаруашылық құрылыстарын салудың шарттары мұқият қаралып, жобалау мәселесі жолға қойылса деген ұсыныстарын қоса жеткізді. «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, ақын Қуат Қайранбаев қарғын су қайтқаннан кейін елімізді тағы біршама қауіптер күтіп тұрғанын, атап айтқанда – жердің құнарлы қабатын су шайып кеткендіктен астық шығымдылығы төмендеп, нәтижесінде қымбатшылық басталуы мүмкіндігін және кәріздер мен дәретхана суларының көтеріліп кетуіне байланысты эпидемия қауіпі туындауы мүмкін екендігінен құлаққағыс етті. Демек, бүгіннен бастап осы қауіптің алдын алу шараларын ойластырған жөн. «Простор» журналының бас редакторы, ақын Фархат Тамендаров және Қазақстан Жазушылар одағының бас есепшісі Гауһар Жұмағұлова да өз пікірлерін ашық айтып, ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар Қазақстан Жазушылар одағы Үндеуін қолдап, мәтінін бекітті.
Қазақстан Жазушылар одағының
еліміздегі барша шығармашылық одақтарға
Ү Н Д Е У І
Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар, еліміздің көптеген аймақтарына биылғы көктем ауыртпалығын ала келді. Әсіресе еріген қар суы мен өзендер арнасының асуынан бірқатар облыстар зардап шегуде. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев халыққа арнайы үндеу жолдады. Қазақстан Жазушылары бұл үндеуді толықтай қолдайды.
Қарғын судың екпініне жергілікті тұрғындар да өз күштерімен қарсы тұрып, өкімет орындарының көмегін күтпестен бөгет соғып, тасқынға тосқауыл қоюға бар күштерін салуда. Атқарушы билік өкілдері мен арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның мүшелері халыққа көмек көрсетуді жан-жақты қолға алуда.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, табиғаттың тосын мінезіне бүкіл халық болып қарсы тұрып, бірлесе қимылдап жатыр. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсетіп, тасқын суға қарсы күреске өз үлестерін қосуға шешім қабылдай отырып, барша шығармашылық одақтарды, зиялы қауым өкілдерін осы іске атсалысуға шақырады.
Жазушылар одағының жанынан арнайы қор құрылып, есеп-шот ашылды (Республиканское общественное объединение Союз писателей Казахстана. Код 18, БИН/ИИН 920140000976. АО «Банк ЦенртКредит». KZ758562203122544351). Одақ мүшелері мен аппарат қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақысын осы шотқа аударуға ұйғарды. Сіздер де осы есепшотқа бір күндік еңбекақыларыңызды аударуларыңызды сұраймыз.
Талай қиындықтарды басынан өткерген қазақ халқы бұл табиғи апатты да ауыздықтайтынына сенеміз. Қиын-қыстау шақта бірге болайық, ағайын
Қазақстан Жазушылар Одағы
9 сәуір, 2024 жыл.
Abai.kz