Интернет тәрбиелеген жастар көргенін қайталауда
Елімізде көптеген зиялы қауым өкілдері «Ұрпақ тәрбиесі ұлттық өзектен ажырап бара жатыр» деп дабыл қағуда. Оның да жөні бар, себебі, ұлттық негізден ажыраған ел болашақта өзінің Ұлттық мемлекетін құра алмайды. «Ұлтсызданған ұлт» құратын мемлекет өзінің формасы мен мазмұны жағынан сырттан төнетін экономикалық, әлеуметтік және мәдени экспанисияға төзеп бере алмай, өзі де өзіне жат форманы қабылдайтын болады. Ұлт осылайша өзге мәдениетке «жұтылып», өзінің тәуелсіздігінен ажырайды. Соның бір мысалын Toppress.kz ақпараттық сайты жариялады.
Сайттың жазуынша, еліміз тасқын судан зардап шегіп, жүз он мыңнан астам қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатқан кезде, кейбір жастарымыз көмке қолдарын созып, қолынан келгенін беріп жатса – мысалы, Димаш Құдайберген жүздеген миллион тенге, Қайрат Нұртас ондаған миллион теңге және т.т.‑ өмірде интернетт пен детективті кинолармен өскен жастар «интернетте көргенін» нақты өмірде қайталап, қазақтың ұлттық мінезіне, қазақы болмысқа жат қылықтар көрсетіп жатыр екен. Қазақ айтқан ғой, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деп – мұнда да тура сол жағдайлар көрініс беріпті. Олар елдің басына түскен зор ауыртпашылықты сезбек түгілі, ол «ел басына күн туды» жағдайдың өзін нағыз «детективке» айналдыруға әрекеттенген.
Мысалы, алғашқы тасқыннан қатты зардап шеккен Күлсары қаласынан ондаған мың тұрғындар Ақтауға көшірілді. Ел осылай абыр‑сабыр боп жатса, ақтаулық 22 жасар қыз телефоннан «Қаладағы бір қонақ үйдің бірінде қарулы адам Күлсарыдан көшірілген адамдарды кепілдікке алып, ақша талап етуде» деген хабар жібереді. Арнайы жасақ дабылмен жетсе, ол хабар жалған болып шығыпты. Нәтижесінде, шұғыл іздестіру барысында Бейнеу ауылынан 22 жастағы қыз ұсталыпты. Оған жауап ретінде Экстремизммен күрес департаменті «терроризм туралы жалған ақпарат таратты» деген баппен қыздың үстінен қылмыстық іс қозғады дейді ақпарат көзі. Онмен қоса, ол қыз бұл телефонды осының алдында ғана автобуста біреуден ұрлап алғаны анықталыпты. Сөйтіп, ол ұрланған телефоннан өз қауіпсіздігіне сенімді түрде телефон шалған екен...
Дәл сол күні Ақтөбе қаласында бір ер азамат Гришин көшесіндегі бір үйде бомба бар деп хабарлаған. Тексеру оны жалғандығын көрчетті. Ал, мас күйінді телефон шалған, бұрын да осындай қылмыс жасаған «терроризм туралы жалған ақпарат таратты» деген баппен ұсталыпты.
Тағы бір сондай «ең ғажайып қылмыс» Алматыда тіркелген. Мұнда бір жеке компанияның чатына «көп ақша сыйлыққа қаладағы бір сауда үйіне бомба қою керек» деген ұсыныс айтылған. Экстремизммен күрес департаменті оның Жетісу облысының 9 жасар тұрғыны екенін анықтаған. Бірақ жасына байланысты балаға қылмыстық іс қозғау заңда жоқ болғандықтан, сот шешімімен оның ата‑анасына көп көлемде (18 млн тенге) айыппұл салынуы мүмкін.
Міне, жас ұрпақтың телефонға шұқшиуы, оның қоғам өмірінен алшақтауы, қоғамдық коммуникацияны білмеуі – оларды қиялдағы әлеммен өмір сүруге, солай әрекет етуге жетелеуде. Жоғарыдағы мысалдар соның айқын көрінісі. Сондықтан, отбасы тәрбиесінде баламен әңгімелесіп, өмірде ненің жаман, ненің жақсы екенін айтып отыруға көңіл бөліп отырған дұрыс деп санаймыз.
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz