Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2821 14 пікір 10 Мамыр, 2024 сағат 13:41

Қасекең кетсе, Құлыбаевтар тағы Құдайға айналады!

Коллаж суреттері Abai.kz, kommersant.ru және baigenews.kz сайттарынан алынды

ГАЗАДАҒЫ ХАМАСТЫҢ ТУННЕЛЬДЕР ЖЕЛІСІ СЕКІЛДІ ЗЫМИЯН ЗАҢДАРМЕН ШЫРМАП ТҰРЫП УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МҰНДАЙ МЕМЛЕКЕТ ЕШБІР ӘЛЕМДЕ ЖОҚ ШЫҒАР...

Қазақстан Республикасының
Мемлекеттiк Кеңесшісі
Е.Т. Қарин мырзаға!

Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!

Өзіңіз өте жақсы білесіз, біздің қазақта «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына!» - деген киелі сөз бар. Тіпті, ит екеш иттің өзі асыраған иесіне адал болатыны тағы бар. Оған қарағанда, адам баласының жөні бөлек қой. Бұл – туралы сәл кейінірек.

Шет жағасын БАҚ пен әлеуметтік желіден көріп жатқан боларсыз, менің «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты көлемді мақаламның қатарынан үш бірдей газетке басылғанына бір айдың жүзі болайын деді.

Кеше сол мақалам туралы Берік Уәлиұлына «АТАМЕКЕН КЕТСЕ, ОНЫҢ ОРЫНЫНА ПАРАСАТ КЕЛЕДІ...» деген атпен арнайы «Ашық хат» жазып,  жарияладым. Және ол «Ашық хатымды» Берік мырзаның Өзіне де жібердім.

Міне, сол мақалам мен «Ашық хатымды» Сізге де жолдап отырмын. Бұл – Берік Уәлиұлына сенбегендігім емес, мақалам Сіздің де қолыңызда болсын, ретіне қарай, әріптестеріңізбен ақылдаса отырып, Президентіміздің назарына ұсынсын дегенім.

Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!

Иә, Сіздің маған өкпелеп жүргеніңізді жақсы білемін. Жасыратыны жоқ, мен де Сізге хатты ренжідім. Өзімнің жек басымның мүддесі үшін емес, бел асып келген қандастарымыздың тағдыры мен оларға қарата қолдан жасалған кедергілердің арт-артынан анталап кеткеніне, оған Сіздің қарсы тұруға қауқарсыздық танытқаныңыз үшін қапа болдым.

Оның ар жағында, Сіз бас болып жобасын жасаған  Конституциялық реформаның шикілігіне байланысты дегендей...

Шынтуайтына келгенде, өз басым Сізді өкпеге қисам да, өзгеге қимаймын!

Міне, Өзіңіз де көріп отырсыз, Сіз бас болып жобасын жасаған  Конституциялық реформа Қазақстанды Құлыбаевтардың узурпациясынан алып шыға алған жоқ. Узурпацияны былай қойып, осы жолғы су тасқынына да төтеп бере алмады.

Қараңыз, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы Жолдауында Президент: «Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады...», - деп еді ғой.

Бұл – мақсатты және мақсатсыз түрде Құлыбаевтардың ықпалымен жасалған, Қазақстанның аяғын алға бастырмай тұрған дерт еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы сол дертті дөп баса білген болатын.

Арада, 2022 жылы Конституциялық реформа жасалды. Біз Сіз бас болып жобысы түзілген сол Конституциялық реформа Қазақстанды меңдеткен осы дерттен алып шығады деп ойладық.

«Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды...», - деді Мемлекет Басшысы 2022 жылғы 12 желтоқсанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Жарайды, «Сүф дей салып, көзің қалай?» деген жарамас деп, мұны Конституциялық реформаның алдындағы жағдайға жатқызайық.

Бірақ, Президент те, біз де «...министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайдымен» сол Конституциялық реформадан кейін құлантаза қоштасуымыз керек еді ғой.

Жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылы 19 сәуірде өткен Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі Үкіметтің кеңейтілген жиналысында сөйлеген сөзінде: «Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады...», - деп бұл сөзді тағы қайталады.

Бір қызығы, «...министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды» бұнымен де тоқтаған жоқ.

«Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», - деп «Семей орманы» өртіне байланысты жиналыста (12. 06.2023) бұл сөзді Қасекеңнің тағы айтуына тура келді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының Костенко шахтасындағы апатқа байланысты құрылған жедел штабтың отырысында айтқан: «Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды» (28 Қазан, 2023 жыл), - деген сөзінен де сол баяғы Президент айтпаса, бәрібір «...министрлер және мекеме басшыларының өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтыны» ап-анық көрініп тұрды.

Тілекке қарсы, «...министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды» бұнымен де бітпепті. «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады…», - деген дәл осыған ұқсас сөзді биылғы су тасқыны кездінде Президенттің аузынан және естідік.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ!», Құдай бетін ары қылсын, тағы бір жаман жағдай бола қалса, Мемлекет Басшысы «...министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайдыны» тағы айтаныны анық.

Өйткені, 2022 жылы Сіз бас болып жобасын жасаған Конституциялық реформа ең алдымен сол Президент үнемі айтып келе жатқан «...министрлер және мекеме басшыларының өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдау» мәселесін шеше алған жоқ!

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылғы Жолдауында айтқандай, негізгі проблема әлі күнге дейін атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр.

Біз мұны ашық мойындауымыз керек!

Басын ашып айтайын, мен Президенттің игі бастамалары мен тарихи шешімдерін жоққа шығарудан аулақпын.

Бірақ, ол бастамалар мен шешімдерді ескі Конституциямен де бастауға, жасай беруге болатынын баса айтқым келеді. «Abai.kz» сайтына шыққан «Біз – тоқаевшылдармыз!» атты мақаламда оның шет жағасын айттым да.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, «Қаңтар» қырғынының алды-артында осы саяси реформа туралы біз де өз ойымызды ортаға салып, ұсынысымыз бен болжамымызды айтқамыз.

«Құлыбавтан құтылмай, Парламентке күн жоқ!» (4 Қазан, 2021 сағат 11:18) атты мақаламызда айтқан: «Егер, Президент Әкімшілігінің заң шығару ісіне көмескі жолмен араласуы шектемесе, Тимур Құлыбаев тізгінін тартпаса, түбі халық атқа мінуі мүмкін. Өйткені, ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру мақсатында Тимур Құлыбаевтың ықпалымен қабылданған қисық заңдардың кесірінен халық әбден қиналды, төзімі таусылып барады. Халық қозғалған жағдайда, Парламент тұрмақ, Ақорданың жағдайы қиындап кетуі мүмкін!», - деген болжамымыз айнымай келді. Көрдіңіз, халық қаңтарда атқа мінді, қан төгілді.

Өкінішке орай, Сіз бас болып жобасын жасаған 2022 жылғы Конституциялық реформа, жоғарыда айттым, Қазақстанды Құлыбаевтардың узурпациясынан алып шыға алған жоқ!

Егер, осы беті кете беретін болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы ендігі қалған бес жылдық президенттік мерзімі де сол баяғы «...министрлер және мекеме басшыларының өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдамайдымен» зу етіп өтіп кетуі мүмкін.

Сол үшін, тағы да қайталап айтамын, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерту реформасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында жасалуы керек!

Қасекең кетсе, Құлыбаевтар тағы Құдайға айналады да, соңы және  қантөгіске алып барады...

Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!

Сіз қазақ саясатының аспанына жап-жас кезіңізде демократ, парламентаризмші ретінде жұлдыздай жарқырап шыққан жігітсіз. Демократия мен парламенттік басқару жүйесінің Атасы болған АҚШ-тың Вашингтондағы Америка университетінің арнайы шақырылған профессорысыз.

Менің таң қалатыным – Сіздің Құлыбаевтар жағынан Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екенін біле тұрып, 2022 жылғы Саяси реформа кезінде мемлекеттік басқару жүйесіне зәредей болса да өзгеріс енгізуге әрекет етпегеніңіз!

Мен сөзімнің басында Қасқыр мен ит туралы текке айтқам жоқ, Сіз екеуіміз және Сіздің айналаңыздағы жігіттердің бәрі Қасым-Жомарт Кемелұлының жанашыр – жақындарымыз. Ол кісіге біз көмектеспесек, айтыңызшы, кім көмектеседі?!

Сол құрып қалғыр узурпацияланған жүйе Қаңтар қырғынымен тоқтамай, биылғы су тасқынына тағы ұрындырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының Өзі айтқандай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақтылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады. Тіпті, соңғы жүйенің жобасын жасаған Сіз де судан ақ, сүттен тұнық болып шыға бересіз. Бар жауапкершілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғана мойнына жүктелуде.

Егер, АҚШ-тың бұрынғы Президенті Франклин Делано Рузвельт қайта тіріліп келіп, Қазақстанды басқарса, жарты жылға жетпей жынданып кетері хақ!

Себебі, қай есіктен кіріп, қай тесіктен шығатынан тек өздері ғана білетін ХАМАС-тың Газадағы туннельдер желісі секілді, зымиян заңдармен шырмалып тұрып узурпацияланған мұндай мемлекет, әй, ешбір әлемде жоқ!

Бүкіл дүниежүзі таныған, әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде мойындалған Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттік тағдырының сол Құлыбаевтар жағынан узурпацияланған мемлекетке тап болғанына менің ішім удай ашиды!

Құлыбаевтар өздеріне жаудырған халықтың қарғысы мен сілесінің соңын осы беті Қасекеңе арқалатып кете ме деп, зәрем ұшады!

Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!

Осы жағдайдың бәрін көріп, біліп тұрып, Қасекеңнің жанашыр інілері болған Сіз бен біздің жылтырап отырып алып, көбік сөзді көпірте бергеніміз енді жараспайды.

Егер, Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екені айтылмаса мейлі еді. Ал, айтылған соң, оның Президентке жетпеуі – Ағамызға жасалған қиянат болып табылады!

Мен Сізден, әріптестеріңізбен ақылдаса отырып, осы мақаламды Қасым-Жомарт Кемелұлының назарына ұсынуыңызды сұраймын.

Құрметпен, Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406