«Атамекен» кетсе, оның орнына «Парасат» келеді...
ҚР Президентінің кеңесшісі –
Президенттің Баспасөз хатшысы
Берік Уәли мырзаның назарына!
Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет екені – ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқат!
Бұл УЗУРПАЦИЯЛАУДЫ Мәжілістің V шақырылымының депутаттары бір ауыздан қолдап, Сенат (Ол кездегі Сенатының төрағасы Қайрат Мәми болатын) қос қолын көтеріп мақұлдап, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы арқылы бектіп бергенні де – бүкіл әлем білетін шындық!
Қазақстанды УЗУРПАЦИЯЛАҒАН топтың басында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов тұрғаны да – бүкіл жұртқа белгілі жағдай!
Қасым-Жомарт Тоқаев – президенттік тағдыры әбден УЗУРПАЦИЯЛАҒАН МЕМЛЕКЕТТІҢ үстіне дөп келіп қалған Президент екенін де түсіне білгеніміз жөн!
Бірақ, Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет екені – мен ашқан «АМЕРИКА» емес.
Мен білгенде, узурпациялаудың алғашқы белгілерін бірінші болып, 1994 жылы Жоғары Кеңестің төрінен көтерген – марқұм Шерхан Мұртаза еді.
Одан кейінгі жерде – 2013 жылғы қарашада «Қазақсыз Қазақстан» атты мақаласы арқылы оны жеріне жеткізе отырып жазған – жазушы Мұхтар Мағауин болатын.
Ең кереметі, «Қасіретті қаңтардан» кейін, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы ақиқатты Өзі айтып берді емес пе?!
Ал, осы тұлғалардың айтқандарының негізінде, Қазақстанның қалай узурпацияланған мемлекетке айналғанын айту бақыты бізге бұйырған екен, міне, «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» деген көлемді мақала жазып, осыдан бір ай бұрын жұртқа ұсындық.
Мен аталған мақаламды бір ғана басылымға емес, «Егемен Қазақстан», «Қазақ Әдебиеті», «Қазақстан Дәуірі», «Ана Тілі», «Түркістан», «Айқын», «Жас Алаш», «Дат», «Қала мен Дала», «Астана Ақшамы», «Қазақ Үні» сынды бақандай он бір газетке жолдадым.
Соның үшеуі басыпты.
«Қазақ Әдебиеті» жазушы Мұхтар Мағауиннен келтірген ситатамның бәрін қырқып, тақырыбын «ҰКП – құзыреті Үкіметтен жоғары үкіметтік емес ұйым» деп, өзгертіп жариялапты.
Оған да мақұл дедік.
Құдайға шүкір, қазір Сталин мен Маоның заманы емес қой. Негізі әр нәрсені өзінің атымен атаған дұрыс!
«Қазақстан Дәуірі» мен «Қала мен Дала» газеттері бір сөзін өзгертпеген күйі беріпті.
Ермұрат Бапи ағамыз шетелде жүр екен, WhatsApp арқылы сөйлеп, «Ауыт, сенің анау УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН дегенің дұрыс емес! Қазақстан узурпацияланбайды. Узурпациялантын билік! Ол – саяси сауатсыздық болады!» - деген соң, «Жарайды, Ераға!» - деп, Ерамұрат ағамның айтқаны бойынша, тақырыбын «ҚАЗАҚСТАН – БИЛІГІ УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» деп өзгертіп, мәтінін де соған қарай бейімдеп, дайындап бердім.
Бірақ, бас редактор Құлмағамбет Таласбайұлы «ДАТ»-қа баспапты.
Әттең!
Егер, Ермұрат ағам депутат болмағанда, бұл мақаламды да бір әрібін қалдырмастан айғайлатып тұрып басатын еді.
Қалған басылымдар үнсіз кетті...
Мұның бәрін неге жіпке тізгендей етіп, баяндап отырмын?!
Қазір «Мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту», «Парламенттік басқару», «Парламентаризм» десе, біздің атқарушы билік пен заң шығарушы орган, мемлекеттік БАҚ ат тонын ала қашады. Осы Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАНЫН мемлекет екенін біле тұрып, білмеске салынып, жүре береді.
Неге?!
Құлыбаевтар мемлекетті ғана емес, біздің санамызды да УЗУРПАЦИЯЛАП тастаған. АТҚАРУШЫ БИЛІК пен ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАННЫҢ санасын тіпті тұмшалап қойған...
Қымсетсе болды, молдалар жұртты тозақпен қорқытады ғой.
Сол секілді, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерту туралы әңгіме шықса болды, біздің шенеуніктер Ресеймен үрейлендіретінді шығарды.
Дұрыс, көршіні таңдай алмайсың. Ресей мен Қытай – екі алып держава біздің Құдай қосқан көршіміз. Екеуі де Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Олармен тату болуымыз керек. «Ата Заңда» жазулы тұр, «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» - деп. Ендеше, ол татулықтың деңгейін халық шешеді. Басшылар, түптеп келгенде, екі халықтың арасындағы дәнекер ғана.
Егер, Қазақстан Құлыбаевтардың узурпациясынан құтылып, басқа бір басқару жүйесіне көшпесе, Ресейден алыстап қаламыз. Ал, Ресей Қазақстаннан айырылып қалуы мүмкін.
Себебі, біздің халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайы сын көтермей тұр. Кедейшілік, қымбатшылық, жұмыссыздық күн санап артып барады. Оның зардабын Қазақстандағы үш миллионнан астам орыс диаспорасының өкілдері де тартуда...
Қазақстанның осындай күйге түсіп, серпіле алмай отырғанын біздің жұрт Ресейден көреді. Жасыратыны жоқ, Украинамен болған соғыста Ресей жеңіліп, Путиннің көзі жоғалса екен дегендердің саны жүз пайызға таяу.
Сосын, тағы бір шындықты айта кетпесек болмайды, күні бүгінге дейін біздің аға буын мен ата буынның бір бөлігі әлі Кеңес одағын аңсайды.
Неге?!
Кеңес одағы кезінде салыстырмалы түрде қарын тоқ, көйлек көк болды.
Егер, біздің халықтың қарыны тойып, қалтасы қампайса, Ресейіңмен жұмысы болмай қалады.
Демек, Қазақстанды Құлыбаевтардың тұзағынан құтылтып, Парламенттік басқару жүйесіне көшіру – Елімізді Ресеймен де, Қытаймен де жақындастыра түсері сөзсіз.
Басқаны білмесе де, мұны Путин жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Ал, манағы Ресеймен үркітуші мырзаларға келсек, олар нағыз бәсекеге қауқарсыздар. Тек, тағайындаудың арқасында ғана билікте жүргендер. Оларға бәрі – бір...
Узурпацияланған жүйенің зардабын халық бұл жолғы су тасқыны кезінде әбден тартты. Жарты Қазақстан топан судың астында қалды...
Соңғы Премьер-Министр тағайындалып, жаңа Үкімет жасақталған кезде, Президентіміз: «Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды» - деді.
«Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге барлық міндеттерді шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер берілді» - деді, жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Өкінішке орай, сол «айрықша құзырет» пен «жеткілікті өкілеттік» бір жолғы су тасқынына төтеп бере алмады. Жұрт ауылдар мен қалалардан баспанасын тастап, қашып шығуға мәжбүр болды. Әкімдер мен құзырлы департаменттердің құры қол екені белгілі болды. Атқарушы билік отыз жылда салмаған дамбыларды халық өз қолымен бір аптада құм толтырылған қалаталармен болса да қалап шықты.
«Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады…» - деді, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұрыннан айтып келе жатқан сөздерін тағы қайталап.
Әрине, құзырлы мекемелер мен әкімдер, министрлер бірлесіп жұмыс жасайтын еді, жауапкершілік алудан қашпайтын еді, жұмысты бір-біріне сілтеп отырмайтын да еді, бірақ оларда ҚҰЗЫРЕТ жоқ қой, ҚҰЗЫРЕТ!
Әкімдер мен министрлерді қойып, Үкіметте оларды жөнге салатын, Парламентте оларды басқаратын дұрыс заң шығаратын және олардан есеп алатын ҚҰЗЫРЕТ жоқ!
Көріп отырмыз, су тасқынына байланысты ешбір басшы заңды жауапкершілікке тартылған жоқ.
Демек, біздің әкімдер мен министрлерде, өзге де жауапты тұлғаларға ЖАУАПКЕРШІЛІК алатындай ҚҰЗЫРЕТ берілмеген.
Бар ҚҰЗЫРЕТ бір-ақ адамға, Президентке ғана шоғырланып қалған. Сондықтан, барлық ЖАУАПКЕРШІЛІК те бірақ адамға – Президентке барып тіреліп жатады....
Құлыбаевтар ҚҰЗЫРЕТ мәселесін осылай шешіп қойған.
Ауыл-шаруашылығына және басқа да салаға қатысты жұмыстың көбі министрлер мен әкімдердің қолымен емес, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар («СПК» АҚ) арқылы жүргізіледі.
Мысалы, ауыл азаматтары кооператив құрып, Үкіметтің ауыл-шаруашылығын дамыту үшін бөлген қаражатынан игіліктенейін десе, ол кооперативтің құрамына осы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кіреді де, қырық тоғыз пайызға дейінгі үлеске ие бола кетеді. Ал, оған көнбесең, ешқандай игілікке ие бола алмайсың.
Кәрім Мәсімов Үкімет басына келе салып, 2008 жылы 30 маусымдағы №660 Қаулысы арқылы аталған «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» арнайы Заң жобасын жасап, Мәжіліске ұсыныпты.
Қай періште қақты екен, әйтеуір сол Заң жобасы қабылданбай қалыпты. Бірақ, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың («СПК» АҚ) қызыметі «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және басқа заңдар арқылы жүзеге асырылуда.
Неге екенін білмеймін, біздің депутаттар осы УЗУРПАЦИЯ мәселесіне келгенде, жұмған ауыздарын ашпайды. Мүмкін, сауаттары жетпейтін шығар. Мүмкін, тістері батпайтын шығар...
Дүние-мүлкі тасқынға кетіп қиналғаннан немесе тасқыннан зардап шеккендерге жаны ашығаннан болса керек, осы апат кезінде «ШАЛ, КЕЛ!» деп, ұран шақырушылар да болды.
Сол ұраннан шошығаны соншалық, Мәжілістің қабырғалы екі депутаты Қазыбек Иса мен Ермұрат Бапи арт-артынан Үндеу жасап, аталған ұраншыларды «арандатушы» есебінде жауапқа тарту туралы мәселе көтерді. Екі депутаттың да дауысы әдеттегіден қатты шықты...
Отыз жылға таяу «Шал, кет!» - деп, айғайлағаны үшін қудалаудан көз ашпағанын ойласам, Ерағамның бұл әрекетіне күлкім келді.
Енді, жандары қатты қиналғандықтан «ШАЛ, КЕЛ!» деген сол байбақтарды шырылдатып соттасақ, онда бүгінгі биліктің ескі жүйеден не айырмасы қалды?!
Оның үстіне, елдің бәрі Ермұрат аға екеуміз секілді тоқаевшылдардан емес, назарбаевшылдар да, тіпті путиншілдер де баршылық.
Екіншідіден, екі депутат ағама айтарым, Сіздер Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің тікелей ықпалымен құрылған және УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН ескі жүйенің үстінде отырсыздар.
Басқаны айтпағанда, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының атышулы 20-бабының 5) тармағына саусақтарыңызды қойып, тырнақтарыңыздың ұшын тигізе алмағандықтарыңыз-ақ, соның дәлелі.
«ШАЛ, КЕЛ!» деген бес-алты байқұсты соттағанымен УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН жүйе құлап қалмайды. Бүгін «АТАМЕКЕН» кетсе, ертең оның орнына құрамында Ермұрат Бапи мен Еділ Жаңбыршин бастаған жиырмаға тарта депутат бар «ПАРАСАТ» келеді. Келіп те болды. Әне, Қазақстандағы шетелдік компаниялардың акцияларын Ресейге сатып алуды ұсынып, Айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Өйткені, тағы қайталап айтамын, Қазақстан – «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңымен баяғыда заңды түрде УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет!
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, өркениетті елдерде кеткен президент жаңа келген президентке оппозиция болып жатады.
Осы қағидаға салсақ, Назарбаевтың өзі болмаса да, оның командасы Тоқаев билігіне ашық оппозиция болып, жаңа бағдарламасымен мәдениетті түрде бәсекеге түсуі керек еді. Жоқ, олар бірден Тоқаев жаққа «секіріп кеткенсігенімен», болашақ үшін құрып қойған УЗУРПАЦИЯЛАҒАН ЖҮЙЕСІН дін аман сақтап қалу үшін, Қасым-Жомарт Кемелұлына жайылып жастық, иіліп төсек болып жүргені белгілі.
Бірінші биліктің қантөгіспен кеткенін ескерсек, олардың тағы да қантөгіспен билікке келуден тайынбасы анық...
Сол үшін, қазіргі мемлекеттік басқару тәртібін түбегейлі өзгертіп, Қазақстанды бір палаталы, көп депуттатты парламенттік басқару жүйесіне көшіруіміз керек!
Қазақстан сонда ғана Құлыбаевтардың құрығынан құтыламыз!
Құрметті Берік Уәлиұлы!
Қазір бұл тығырықтан алып шығады деп, жұрттың сеніп отырған жалғыз үміті – Қасым-Жомарт Тоқаев!
Айтса, айтқандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы қазгіргі таңда, тағы қайталап айтайын, әлемдегі үш супер державаның үшеуінің де президенттерінен, қай жағынан алсаң да, артық тұлға!
Мысалы, Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Әліппеден» басқа кітап оқымаған, Конфуцидің бетін ашпаған кісі. Егер, Си Конфуций ілімімен сусындаған жан болса, Қытайдағы аз санды мұсылман ұлттарды жаныштап, геноцид жүргізбес еді.
Си Цзиньпин туралы бұл сөзді Путин туралы да айтуға болды. Оның да оңып тұрған түгі жоқ, туған халқын батыстық демократия мен өркениетке бастаудың орнына соғысқа салып, өз бауырласын қырумен келеді.
Ал, аттап басса екпетінен түсіп, әрең жүрген Джо Байденді өкіртіп тұрған – АҚШ-тың мемлекеттік басқару жүйесі.
Соғысқұмар кіші Буш келсе де, қатынқұмар Клинтон билік жүргізсе де, өмірі мемлекеттік қызмет істеп көрмеген Трамп таққа отырса да, АҚШ – сол баяғы АҚШ, әлемнің қожасы!
Абай айтады ғой, «Болмасаң да ұқсап бақ...» - деп, Қазақстан да ақырындап осындай басқару жүйесіне қарай жылжи бергені дұрыс. Егер, аталған қадам Қасым-Жомарт Кемелұлы билік басында отырғанда жасалмаса, мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту тағы отыз жылға созылады немесе қантөгіс болады!
Кеңес одағы құлай салысымен Моңғолия парламенттік басқару жүйесіне көшіп еді, әне, маңғолар оны бірден алып жүріп кетті.
Қазір Моңғолия – парламентарииі орныққан, демократияға төселген мемлекетке айналды.
Себебі, олар – Моңғол империясының мұрагері.
Құдайға шүкір, қазақ тақыр жерден шыққан жоқ, Алтын Орданың мұрагері!
Демек, мемлекет құру мен басқару – бізден қалған...
Құрметті Берік мырза!
Өзіңіз жақсы білесіз, жақында сот ереуілін заңсыз деп тапқан West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының неше жүздеген жұмысшыларының талабының орынды-онсынсыздығына қарамастан, жүз күн бойы берілмеген Үкімет оларға қызметшілер үшін шарт-жағдайы жақсы жасалған, жоғары, тұрақты жалақысы бар компаниялардан жұмыс беруге мәжбүр болды.
Демек, УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекетте халықтың мүддесіне қатысты мәселе ешқашан ағай-шусыз шешілмейді. Бұл – жақсылықтың белгісі емес!
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ерте ме, кеш пе, кез келген мемлекет түрлі сынаққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде ел өмірінде күрделі әрі түбегейлі бетбұрыс жасалады» - деді.
«Қаңтар көтерілісі» еліміз үшін өте ауыр сынақ болды. Ол Қазақстанды Саяси реформа жасап, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге алып келді.
Сол секілді, биылғы су тасқыны да өте үлкен сынақ болып отырғаны белгілі.
Демек, бұл реткі су тасқынынан қортынды шығарылып, мемлекетіміздің басқару жүйесінде, Президентіміз айтқандай, түбегейлі бетбұрыс жасалады деген ойдамын. Және солай болғанын қалаймын.
Сізден ҚР Президентінің кеңесшісі әрі Президенттің Баспасөз хатшысы ретінде, осы мақалам мен хатымды Өз қолыңызбен Қасым-Жомарт Кемелұлының назарына ұсынуыңызды өтінемін.
Құрментпен,
Ауыт Мұқибек
Abai.kz