Жұма, 8 Мамыр 2026
Әдебиет 503 0 пікір 8 Мамыр, 2026 сағат 14:19

Көне аңыздан сыр іздеп...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Ақын Жанат Әскербекқызы алпыста!

Әңгіменің әлқисасы былай...

Түнеу күні курстастарымыздың ортақ шатында: «Курстағы ең жас кішкентайымыз Жанаттың өзі алпысқа келіпті. Халықаралық деңгейдегі конференция, соңы шығармашылық кешке ұласатын үлкен той болатын сыңайлы. Курсымыздан шыққан үлкен ақын, белгілі ғалым. Жанаттың мерейтой-конференциясына қатысып, естелік жазып қолдау көрсетейік. Адам күнде алпысқа келе бермейді ғой», – деп біраз «шулағанбыз». Әңгіме белгілі ақын әрі ғалым Жанат Әскербекқызы хақында еді.

Біз 1982 жылдың күзінде, КазГУ-дың филфагының бірінші курсына Жанатпен бәріміз бірге қабылдандық. Ол қазақ бөліміне, мен қазір «шығыстану» факультеті деп аталып жүрген сол тұстағы «араб бөліміне» түстім. Оқу жылы енді басталып жатқан кезде, сол кездегі факультет деканының орынбасары, белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлиев оқуға жаңа түскен күллі бірінші курс студенттерінің жалпы жиналысындағы алғашқы құттықтау сөзінен кейін: «Біз әрине, сендердің үлкен қиыншылықпен студент аталып отырғандарыңды білеміз. Аман-есен КазГУ-ды бітіріп шығуларыңа тілектеспіз», – дей келіп: «Алда келе жатқан қысқы сессияда профессор Абдулпаттаевтың «История КПСС»-і мен  Кавалерчиктің «ағылшын тілінен өте алмай қалғандарың университетпен қоштаса беріңдер. Себебі, бұл мұғалімдер өте қатал әрі ешкімнің айтқанына көнбейді», – деді. Ағылшын тілі араб бөліміне жүрмейді екен. Оған шүкіршілікпен «уф» дедік. Ал, профессор Абдулпаттаев жүргізетін «История КПСС» бірінші курстың ең негізгі пәндерінің бірі болып шықты. Неге екенін қайдам, қазақ тілінде жүретін «Совет Одағы коммунистік партиясының  тарихы» пәнін жұрттың бәрі, тіптен факультет деканының орынбасары Дербісәлиевтің өзі де орысша атауымен «История КПСС» деп айтатын.

Осы «История КПСС»-ті жүргізетін профессор Абдулпаттаев қатал һәм әділ болуының үстіне өте білімді кісі болатын. Лениннің еңбектерін түпнұсқадан түсіндіретін профессордың студенттерге қояр талабы тым биік еді. Абдулпаттаев лекциясында аудиторияда шыбынның ызыңы естілетін. Емтиханды айтпағанның өзінде, семинар кезіндегі Абдулпаттаевтың «3» алу – жақсы, «4» – арман, «5» – мүмкін емес фантастикалық жағдай.

Сонымен, қорқа-қорқа қысқы сессияға да жеттік. Бәріміздің ойымызда Абдулпаттаев.  Емтиханына да өліп-тіріліп дайындалған болып жатырмыз. Бір күні кешкісін филфагтың        8-жатақханасында: «102 – қазақ группасындағы Аймұханбетова Жанат деген қыз Абдулпаттаевтан «5» алыпты деген хабар гу ете түсті. (Ол кезде Жанаттың тегі Аймұханбетова болатын)  Ол кезде бұл бүгінгі әлемдік рекорд секілді мүмкін емес, фантастикалық жағдай...

Бәріміз Аймұханбетова Жанат есемді қызды көруге асықпыз. Көрдік.  Жатақхананың екінші қабатының фоэсінде. Мектеп оқушысы секілді, кіп-кішкентай қара қыз екен. Қасымда отырған бір топта бірге оқитын Ерсағын досым:

– Мә-ә-әә-ә, қасс-с-сқа, құйтақандай қыз екен ғой, – деді, батыстың говорымен жылдамдата сөйлеп.

Мен де қарадым. Абдулпаттаевтан «5» алған қыз жағасы жайлау, бақытты күйде болар деп ойлағам. Қателесіппін. Оның бірі де жоқ. Түк болмағандай бейқам, сабырлы қалпында қасымыздан өтіп кетті. Сол кездегі Жанаттың көзі есімде қалып қойыпты. Көктемде көлшік боп жайылып, қоңыр күзге дейін жататын Сарыарқаның қара сулары секілді көзі тұнжыр, тұңғиық екен. Қанша қарасаң да сыр ұқтырмастай терең. Не ойлап отырғанын аңғару қиын. Біз ол кезде кейбіріміз әскерге барып, көбіміз жұмыс өтілімен оқуға түскен естияр жігіттерміз. Бәлкім, жасының бізден көп кішігілі, мүмкін курсымыз бір болса да оқитын тобымыз бөлек болып, жақын араласпағандықтан да болар, Жанаттың студент шағын жақсы білемін деп айта алмаймын. Бір білерім: студент күннің өзінде-ақ ғылымға бейім зерттеушілік қабілетімен де, ақындық талантымен де жан-жағына тез танылған Жанаттың өзгеден артылайын, ерекшеленіп көзге түсейін деген ниетін бірде-бір рет байқаған емеспін.

Сырт көзге кісікиіктеу болып көрінетін Жанат, сыр алдырмастай бір қалпынан айныған емес. Үнемі ойлы, бірақ, кісіге сынай қарайтын көзқарасындағы  өзіне деген сенімділік – тіке келген кісінің мысын басатын.

Студенттер жатақханасында сөз жатпайды. Мектепті 16 жасында алтын медальмен бітіріпті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жазған. Тіптен академик Зейнолла Қабдолловтың өзі Жанат болашақтың Фаризасы деп, лекциясында өлең оқытады екен, – деген секілді ұзын құлақтан Жанат хақында ауызекі әңгімелер еститінбіз.

Меніңше, студенттер арасында ғана емес, сол тұстағы қазақ поэзиясы әлеміне де Жанаттың атын әйгілеп, ақындық талантын қапысыз мойындатқан 1983 жылы жазылған:

Ақ гүлді тердім

Қызыл гүл көрдім. Ал, мұны

Көргенім осы, қозғалып кетті жан мұңы.

Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға

Гүлдің де сірә, болады екен-ау тағдыры, – деп басталатын «Қара гүл» өлеңі. Сол кездегі мен: «Ақындығын мойындадым, сезімді селт еткізетін тамаша өлең. Бірақ, құлап түсетіндей өлең емес деп ойлағам. Қазір осы ойыма өзім ұялам. Ол кез жастықтың буымен «Толмаған Толстой, Шала Шекспир» (М.Әуезов) болып, «Аспандағыны алмаймын, жердегіні жалмаймын» деп, көкірекке нан пісіп жүрген шала сауатты кезіміз.

Болмаса, өлеңдегі ақын түйсігі, сезім мен ырғақ оралымдары қандай! Автор өлеңнің бір жолына екі ой сыйғыза білген. Өлеңнің екінші жолындағы «Қызыл гүл көрдім» бірінші ой болса, «Ал, мұны» деген келесі тіркес екінші ойға жетелеп тұр. Тармақтың үшінші, төртінші, бесінші жолдары 12-13 буыннан құралып, өлең жолдары а-а-б-в-б болып араласа ұйқасқан.

Көз алдыңда көз емес кейде қарасаң,

Қара гүл тұрар қауызы толып тамшыға

Өлеңнің соңғы екі жолы, бұл – ақынның айтпақ болған негізгі ойының поэтикалық көрінісі. Өлеңнің бір жолына екі ой сыйғызып, бір тармақтағы өлең жолдарының буын санын құбылта өзгертіп, сол арқылы бірнеше ойға жетейлей келе, өлеңнін бір тармағының өзіне түрлі ой өрнегін енгізу  – сол тұстағы қазақ поэезиясының үлкен жаңалығы еді. Ал, бұл жаңалықты қазақ поэзия әлеміне алып келген, ол кезде 17 жасқа енді ғана толған бүлдіршін қыз, бүгінгі ақын – Жанат Әскербекқызы болатын. Қазір ойлап қарасам ақын Жанат Әскербекқызы қазақ поэзия әлеміне тек өзіне ғана тән, өзіндік ерекшеліктерімен құбылыс болып еніпті.

Біз сөз етіп отырған Жанаттың осы «Қара гүл» өлеңіне сол тұстағы КазГУ-дың журфагының студенті, кейіннен қазақтың әйгілі бард-ақынына айналған Табылды Досымов ән шығарды. Студенттердің КазГУ қалашығында дүниеге келген бұл ән – аз ғана уақыт ішінде бүкіл Алматы жастарының бүгінгі тілмен айтқанда «хит» әніне айналып жүре берді. Әннің шыққанына бүгінгі таңда қырық жылдан асты. Сөзі мен әні әдемі жұптасқан бұл туынды – күні бүгінге дейін өзінің әсем сазымен өнер сүйер қауымды сусындатып, нәр беріп келеді.

Қатар оқығандығымыздан болар, бәлкім, жастық дәуреніміздегі замандастығымыз себеп: Жанаттың студент шақтағы өлеңдері менің жаныма жақын әрі аса қымбат. Ол кезде қазіргідей Ютуб, Инстаграм, Тикток секілді әлеуметтік желілер болмаса да, студент кезімізде Жанат жазған кез-келген өлең КазГУ қалашығына жылдам тарайтын.

Жалпы, мен өзім өлең жазатындарды ақын және ақын емес деп екіге бөлем. Егер жазылған өлең ішіндегі бір жол маған ой салар болса, мен оны ақын деп мойындаймын.

Маған Жанатты ақын ретінде түбегейлі мойындатып, мені Жанат Әскербекқызы поэзиясын сүйіп оқитын оқырмандар қатарына қосқан:

Жолыңды мен де бұрып кесе аламын

Келмейді арамдықты тасалағым.

Атамның құны болса кешер едім

Арымның құнын қалай кеше аламын, – деген бір шумақ өлеңі. Жанаттың студент шағында жазылған бұл өлеңінің атауы да, толық нұсқасы да есімде жоқ. Өлеңді қолымда тұрған Жанаттың жыр жинақтары ішінен де таппай отырмын.

Жанаттың осы бір шумақ өлеңі маған терең әсер еткені соншалық, мен адам Жанатты да, ақын Жанатты да басқа қырынан танығандай болдым. Қара өлең формасында жазылған бір ғана шумақ. Ал, поэтикасы мен оқушыға  берер ой-салмағы аса биік дәрежеде! Өлеңнің ішкі қуат күші мен оқырманға етер әсері қандай? Өлеңді оқығанда қатты таңғалдым. Көз алдыма бар жайдан ар-намысын биік қойған ұлтымыздың ұлық қыздары Тұмар (Томирис) патшайым, Домалақ ана, Есетқызы Ботагөз батыр мен кешегі Ұлпандардың сарқыты Хиуаз, Әлия, Мәншүктер елестеді.

Қолымнан келсе де арамдықты тасалап, жол тосар қарақшың мен емес, – деп шырқыраған ақын жаны:

Атамның құны болса кешер едім,

Арымның құнын қала кеше аламын, – дейді.

Қазақи түсінікте «ата құны» өте ауыр мәселе. Ал, қыз баланың «ар құнын» сұрауы – қазақ поэзия әлемінде бұрын-соңды айтылмаған, ұлттық этика тұрғысынан келгенде айтылуға тиіс те емес секілді болып көрінетін мүлдем жабық тақырып болатын.  Ұлттық этикадағы дәл осы «жабық тақырып» шекарасын ақын Жанат бір ғана шумақ өлеңімен тас-талқанын шығарып, оқырман санасын мүлдем басқа деңгейге көтеріп жіберді. Бұл – ұлттық санамыздың даму заңдылығының табиғи негіздегі жаңа көрінісі болатын. Себебі, ұрпақ ауысады. Ал, әр ұрпақ өз сөзін айта келуі – табиғи үрдіс.

Өткенге деген ызалы наласын жайып салған ақын, кек  қуалап: «алдыма кел, құн төле» демейді. Ол тек арамдықты тасалағысы келмейтін өз қағидасын ғана паш етіп тұр. Өлеңде таразының бір басында «ата құны» тұрса, екінші басында «ар құны».  Қайсысын таңдамақ керек? «Жаным арымның садағасы» дейтін көшпенділер үшін «ар құны» бәрінен де биік. Ақын үшін де қымбаттысы – «ар құны»! «Ата құны» мен «Ар құнын» салыстыра теңеген ақынның эпитеттік теңеуі тосын жаңалық һәм кешегі көшпенділер ұрпағы, бүгінгі оқырман жанына соншалық жақын әрі түсінікті.

Жанаттың дәл осы бір шумақ өлеңінде жасырын тұрған бір бейне бар. Ол – жол тосып, тасадан оқ атқыш – Бекежан текстес бейне. Бекежандардың атын тіке атамаған ақын «Жолыңды мен де бұрып кесе аламын»  деп, «бекежандарға» жиренішпен қарап, олардан өз жолының бөлек екенін айтады.

Өлеңдегі жасырын тұрған Бекежан бейнесі мен «ар құны», «ата құны» ұғымдары бізді сонау алыста қалған шежірелі өлке – ғылым тілінде «фольклор» деп аталатын ауыз әдебиетіне жол сілтеп тұр. Ұлттық жадымызды жаңғыртып, бізді алыс жағалау – ұлт руханиятының қайнар көзі ауыз әдебиетімен байланыстырушы да, «бабалар соқпағына» жол нұсқаушы да – ақын Жанат Әскербекқызы.

«Ата құны» ұғымы арқылы «Ар құнының» бағасын шығарған ақын жанының шыңғырған шындығы – дала философиясымен сусындап өскен көшпенді қазақтың әрқайсысының жүрегінің төрінен орын алған таныс ұғым, түсінікті жағдай. Санамызға сіңіп, жанымыздың бір бөлшегіне айналған «ата құны» ұғымын «ар құнымен» салыстырып, ар-намысын атасының құнынан да биік қойған ақынның отты наласы мен интелектуалды мүмкіншілігіне таңқаласың! Бір шумақ өлең арқылы ғана ұмытыла бастаған ұлттық нақыштағы түсінікті заманауи пішімде жаңаша жаңғыртқан Жанат Әскербекқызының ақындығын басқа қырынан танығандай болдық.

Меніңше, дәл осы өлең – арамдықты тасалағысы келмей, барлық жәйдан адамгершілік пен адалдықты жоғары қойып, ар туын жоғары ұстаған Жанат Әскербекқызының адамдық һәм ақындық ұстанымы секілді. Бұлай айтуымыздың себебі: биік рухты адамгершілік жоқ жерде ғалым болу қиын ал, ақын болу тіптен де мүмкін емес.

Біз осыдан қырық неше жыл бұрын жазылған Жанат өлеңдерін сөз еттік. Ең қызығы осыдан жарты ғасырдай бұрын жазылған бұл өлеңдер күні бүгінге дейін оқырман есінде. Ұмытылған жоқ. Ақын үшін бұдан өткен қандай бақыт болуы мүмкін?! Осыдан қырық жыл бұрын «менен асқан ақын жоқ» дегендердің талайын көргенбіз. Қазіргі оқырман олардың сөзі түгілі өзін де ұмытып қалды. Осы орайда ақын Қасымның:

Күніне он ойланып, жүз толғанам

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп, – деген жыр жолдары еске түседі.

Сөз басында айтып өткеніміздей, поэзия әлемінің есігін өзіне ғана тән, өзіндік ерекшеліктерімен ашқанда, Жанат небәрі 17-ге енді ғана толған бүлдіршін қыз болатын. Жанат Әскербекқызының ақындық талантын ерте таныған ұстазымыз академик Зейнолла Қабдолов оны «болашақтың Фаризасы» депті . Ол кезде келешегінен үміт күттірер ақын қыздарды Фаризаға теңеу – қалыпты үрдіс болатын.

Жылт еткен таланты бар жастан жылы сөзін аямайтын академик ұстазымыздың көңілі түсіп тұрғанда айта салған кезекті мадақтау сөзі болса керек. Болмаса, Фариза ақын бір басқа, ал, Жанат мүлдем басқа ақын. Даланы асқақтату үшін тауларды аласартудан аулақпыз. Нағыз ақын – өзіндік ерекшелігімен ғана дараланатын өзгеше құбылыс. Сондықтан да, Фариза ақын бір басқа, Жанат басқа...

Жанат Әскербекқызы – батыл ой мен сезімнің ғана емес, терең білім мен интеллекттің ақыны.

«Орхон-Енисей»  жазбалары деп аталатын күллі түркі жұртының ерте дәуір әдебиеті, халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқалары мен бер жақтағы жыраулар поэзиясы һәм ұлтымыздың жалпы тарихынан хабарсыз болсаңыз, онда сіз Жанат Әскербекқызының поэзиясына тереңдей алмай, бетінен ғана қалқып алып, ақын өлеңдеріндегі адами сезім сырларына ғана куә болудан арыға бара алмасыңыз хақ. Әскербекқызының поэзиясын ұғып, түсіну үшін, деңгей керек. Сондықтан да, біз ақын Жанат Әскербекқызын қазақ интеллектуалды поэзиясының өкілі дейміз. Ақын өзінің білім деңгейін көрсетіп әйгілеу үшін ғана өткен түп тамырына оралып, жорта күрсініп, мұңға берілетін сыңайлы деп ойлау – білместік һәм Жанат поэзиясын тым арзанға бағалау. Сезім сырларын айғақтайтын лирикалық өлеңдерінде ғана болмаса, ол мұңға  көп беріліп күрсінбейді.

Жанат өз өлеңдерінде кезінде ауызша айтылып, кейіннен барып қағаз бетіне түскен ұлт жадындағы өткенімізбен сырласып отырған секілді. Ол өткенімізден мүлдем басқаша, өзгеше пішімде сырласады.

Көзімнен жосыған жас

Көріме тамар.

Көр түбінде көзге айналып,

Қарашығын қайтадан көгіне қадар

...Ей жүргінші, назарыңды аудар

Нәр сұрап мынау налыған гүлге.

Түп-тамырының азабын аңғар –

Өрең жетпесе маңына жүрме... (Ай-тамғы. 180-бет)

– дейтін жыр жолдары былай қарасаң арманды-жастың налаға толы көңіл-күй лирикасы секілді. Бірақ, ақынның «түп-тамырының» азабындағы ой ұшқындары мен сөз екпіні «Бұдын жұртым үшін күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым», – дейтін «Орхон-Енисей» жазбаларындағы Тоныкөк, Күлтегіндердің азапқа толы арманын  еске түсіреді. «Бұлт болып көшеді өлең» жинағындағы:

Уа, кердең бұлт, кердең бұлт

Терістіктен келген бұлт!

Көктім – Аймақ атасы

Қобыландыға еншіге атап берген бұлт!

– деген жыр жолдары XV ғасырдағы Қызтуған жыраудың:

Алаң да алаң, алаң жұрт

Ағала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт

– деп басталатын  «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауын жадымыздан оятса,

Сұлбаңды көрдім –

Тұлғаң жоқ,

Көлденеңдедің Көк аттым (Ай-тамғы. 230-бет)

–  деп басталатын жыры:

Атадан тудым жалқы боп,

Жақыннан көрдім, талқы көп

–  дейтін XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Ақтамберді жырау жырларын елестетеді.

Жанат Әскербекқызының:

Қособаның түбінде... күн батқан шақ,

Зулай ұшты сұр жебе зұлматты аңсап.

Ту сыртыңа, боздақ-ай, бұрылмадың

Өкінбес те ек, соңғы сөз тыңдап қалсақ

Күрсініске құлақ сап кіл бұрынғы,

Тарқатады тұнжырап түн бұрымды.

Тыңдар жан жоқ, айналған алты қаздың

Мойына орайын мұңлы үнімді

немесе:

Қараман итті қан қылар

Қарлыға қыздың кегін бер.

Қобыландыны естен тандырар

Қас асылдығын көріңдер. (Ай-тамғы. 187-бет)

–   деген жыр жолдарында эпостық жырларға тән ой оралымдары заманауи үлгіде өзімізге қайта оралып, бізді түп-бастау тамырымызға шақырып тұрғандай.

XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы мен ауыз әдебиетіміздің жауһарлары «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» жарларынан хабарсыз болсаңыз жоғарыда біз келтірген Жанат Әскербекқызы өлеңдерінің тереңіне бойлап, ұшығана жете алмайсыз. Ең қызығы, ақын өз оқырмандарына ауыз әдебиеті үлгілеріндегі жырлардың мазмұнын түсіндіріп, жырда айтылар ойдың тереңіне бойлауды мақсат етпеген. Ақын жыр мазмұнында айтылар оқиғаның кішкене ғана бөлігін ойына арқау ете отырып, өз сезімін тәпсірлейді.

Өлеңді оқып отырған оқушы ақын сезіміне тереңдей бойлап, жадында ұмыт бола бастаған жыр жауһарлары арқылы  түп-бастау тамырына қайта оралып, дір еткен жүрек дүрсілі арқылы санаң мен ұлттық жадың дүр етіп қайта сілкінгендей болады. Өйткені, Жанаттың «Тастағы таңба», «Баба жұртына оралу», «Иоллоғ-тегіннің аманаты», «Бұрынғы әуен», «Тыныштық толғауы», «Білге Қағанның Күлтегінді жоқтауы», «Күлтегін жыры» өлеңдері ерте түркілік «Орхон-Енисей» жазбалары негізінде жазылған толғаулары болса, «Қособаның түбінде», «Қараман итті қан қылсам», «Тараз. Сүмбіле айы. Айша-Бибі мазары» , «Уа,кердең бұлт, кердең бұлт», « Қазқанатындағы ғұмыр. Қорқыт», «Қаһан» секілді өлеңдеріндегі елесті ой – санамызға сіңіп, халқымызбен бірге жасап келе жатқан ауыз әдебиеті нұсқалары мен жыраулар поэзиясының өзгеріске ұшырап, жаңғырған түрі. Жаңғырық боп, өзімізді қайта тапқан дәл осы әдеби жаңалыққа оқушы қауым тосырқай қараған жоқ. Керісінше, «өлгені тіріліп, өшкені жанғандай» күй кешірген бұл жаңалық әдебиетімізге үлкен рухани сілкініс алып келді. Анығына келгенде, бұл рухани сілкініс – қазақ поэзия әлемінің посмодернистік ағымының мазайкалық стиліндегі ақын Жанат Әскербекқызының өзіндік жаңалығы болатын.

Біз Жанат Әскербекқызының ғылыми еңбектерін емес,  поэзиялық туындыларының бірер ерекшелігін ғана сөз еттік. Жалқы жазылған бір мақала көлемінде Жанат сынды аса талантты да дарынды ақынның өлеңдері мен ғылыми еңбектерінің сан түрлі ерекшелігіне түгел тоқталып өту мүмкін емес. Таяу болашақта Жанат шығармашылығын жан-жақты талдаған ғылыми зерттеулердің жазылып, жарияға шығарына күмән жоқ. Сондай ғылыми зерттеулердің бір парасы жарық көріп те жатыр. Өте қуаныштымыз!

Бәз бір зерттеушілер Жанат шығармашылығын «Тылсым сырға толы әлем» деп бағалапты. Келіспеске негіз жоқ. Шығармашылық иесі ақын әрі ежелгі адамдардың жаратылыс туралы діни  һәм дүниетанымдық көзқарасын айғақтайтын ауыз әдебиеті ғылымының бір саласы – мифология ғылымын зерттейтін мифолог-ғалым болса, оның шығармашылығы тылсым сырға толы болмағанда нетуші еді?

Ақындық әрі мифология ғылымы... Бұл ұғымдар – ақын Жанат Әскербекқызы шығармашылығының алтын арқауы.

Мифологиялық аңыздар – адамзаттың даму кезеңінің қоршаған орта мен әлем жаратылысы туралы діни түсінігінің балаң, сәби шағында пайда болды.

Сол сәби түсініктегі мифологиялық аңыздарды ғаламға сәбидей пәк, кіршіксіз таза көзбен қарайтын ақынның зерттеуі – заңдылық. Егер, ақын Жанат Әскербекқызы әдебиеттің мифологиядан өзге басқа бір саласын зерттеп, ғылым докторы болыпты десе, Жанатты жақсы білетіндер таңғалған болар еді. Себебі, ақындар тылсым дүниені осы әлеммен байланыстырушы – алтын көпір.

Әрбір ақын – ғалым, – деп тәпсірлепті орыс әдебиетінің білгірі Жуковский. Сөзінің жаны бар. Медицина ғылымының негізін салған ғалым Ибн-Сина (Авиценна) ақын ал, «Одиссея» , «Иллиада» дастандарының авторы көне гректің ұлы ақыны Гомер де, «Шахнаманың» авторы Фирдоуси де, шығыстың ұлы шайырлары Новои, Қожа-Хафиз, Сағдилар өз заманының белгілі ойшыл-ғалымдары болыпты. Ұзаққа бармай-ақ, «Өмірдің мәні неде?» деген өмірлік философиялық сұраққа жауап беру үшін «Фаусты» жазған немістің Гетесін немесе құстар туралы тамаша ғылыми негіздегі зерттеу жазған қазақтың Есенғали Раушанын, болмаса, көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі «Құран-Кәрімдегі» исламдық ойларды қазақи түсінікте лайықтап түсіндіру үшін, біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген «Ғақлия-Тасдиқат» атты ғылыми трактат жазған Абайды қалайша ғалым демейміз? Абайдың күллі ғылыми-ағартушылық  һәм теологиялық-діни негіздегі философиялық ойлары – Абай шығармашылығының алтын өзегі. Абайдың ақындығы күшті ме, жоқ әлде ғалымдығы күшті ме, деген сұраққа қазақ әдебиеті ғылымы әлі жауап берген жоқ. Бұл сұраққа жауап іздеудің де қажеті жоқ. Себебі, Абайдың ақындығы мен ғалымдығы  – тұтасып жатқан бір ғана дүние.

Тура сол секілді, Жанаттың ғалымдығы мен ақындығын бір-бірінен бөле қарап жеке қарастырудың жөні жоқ. Тырнақ еттен ажырамайды. Жанат Әскербекқызының ақындығы мен ғалымдығы – ажыратып бөлуге келмейтін бір ғана әлем. Жанат үшін ақындық – бағзы мен бүгінгінің жалғастығын жер басып жүргендерге жеткізу құралы ғана. Бар болғаны сол! Сондықтан, Жанаттың ақындығы мен ғалымдығын бір-бірінен бөле қарап, жеке қарастыру – білместік.

Туа біткен ақындық қасиетті үздіксіз еңбек, іздену арқылы келетін біліммен ұштастыра білсең, ғаламның тылсым сырларын өзгеше түйсікпен сезінетін ғалым боларың хақ. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық адамға керегі – талант һәм еңбек. Бұл аталған екі қасиет те бүгінгі таңда алпысқа келіп жатқан ақын әрі ғалым Жанат Әскербекқызының бойында бар қасиеттер.  Сондықтан да, Жанаттың халқына берері де, халқының ақын қызынан күтері де мол.

Алпыс – тал түс, – дейді дана халқымыз. Тал түсіне енді ғана іліккен ақын, ғалым һәм ұстаз Жанат Әскербекқызына тілеріміз отбасының амандығы, денсаулық және шығармашылық табыс!

Нұрғали Махан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2134
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1614