Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3279 2 пікір 10 Мамыр, 2024 сағат 17:10

Украина әскерінің ең басты қиындықтары қандай?

Сурет Асхат Қасенғалидың парақшасынан алынды

Қазір украин әскері бірнеше бағытта ақырындап артқа шегінуде. Ресей қазір Часов Яр қаласын басып алуға тырысуда.

Бұл қала Бахмуттан 15-17 шақырым аймақта орналасқан және соғысқа дейін 10 мың адам тұрған. Қазір 500-700 адам тұрады. Қаланы басып алу Ресей әскеріне бірнеше бағытта жылжуға мүмкіндік береді. Қаланың тағдырына қатысты Батыстық барлау да, украин барлауы да жағымды болжамда емес. Яғни қала Бахмут немесе Авдеевка тағдырын қайталауы мүмкін. Бұл жерде Украина әскері шабуыл жасаушы тарапқа көп шығын келтіре отырып, тиімді шегіне білуді ойластыруда. Қаладан айырылған жағдайда деп, қаладан тыс аймаққа қорғаныс шептерін салуда.

Екінші бағыт Авдеевка маңындағы шабуылын үдетті. Бұл маңда Ресей соңғы аптада бірнеше ауылды басып алды. Украина әскері алдын-ала дайындаған қорғаныс шептеріне шегінуде. Алға жылжу Ресей әскерінде айтарлықтай дей алмаймыз, алайда алға жылжу бар екені факт.

Үшінші бағыт Ресей әскерінің Запорож аймағында шабуылды үдеткені. 2023 жылғы Украина қарымта шабуылда қайтарып алған Работино елді-мекенін Ресей әскері қайта басып алудың алдында тұр. Бұл Украинаның қарымта шабуылдағы символі болатын. Мәскеу үшін бұл ауылды алу стратегиялық маңызға қарағанда, идеологиялық маңызға көбірек ие. Ресей сарбаздары ауылдың бірнеше көшесіне бекініп, ұрыс салуда. Қысқасы әне-міне бұл ауыл да Ресей қолына өтеді деуге болады.

УКРАИНА ӘСКЕРІНІҢ ЕҢ БАСТЫ ҚИЫНДЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?

СНАРЯД ЖӘНЕ ЗЫМЫРАН ТАПШЫЛЫҒЫ. Ресей әскері 5-6 снаряд атса, Украина әскері 1 снарядпен жауап қатады. Қатынас 1/5, кей жағдайда 1/7. Әрине мұндай жағдайда ерте ме, кеш пе Украина әскері үшін позициясын қорғау қиындайды. Ресей снарядты өзі шығарады және Иран мен Солтүстік Кореядан алуда. Млндаған данамен алып жатыр. Еуропа мен АҚШ мұндай көлемде снаряд жеткізу мүмкіндігіне ие емес. Әскери өндіріс кешендері ол әлеуетке 2026 жылдың басында бірақ жетеді деген болжам бар. Яғни «снаряд тапшылығы» әзірге басты мәселе болып қала бермек. Зымыранмен де мәселе дәл осылай. Ресейде кеңес дәуірінен қалған зымыран, ескі техника жетерлік. Украинада ондай жоқтың қасы. Киев алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды Ұлыбритания, АҚШ, Италия және Франциядан алуда. Олардың саны шектеулі, демек соққы жасау нысандары да шектеулі. Украина снаряд тапшылығын түрлі дрондармен шешуге тырысуда. Алайда ол мәселенің толық шешімі емес.

ӘУЕ ҚОРҒАНЫС ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖЕТІСПЕУІ. Салдарынан Ресей авиациясы ұрыс даласына жақын келіп, бомбалауды арттырған. Ауыр басқарылмайтын бомбаларды қарсылас позициясына тастауды күшейткен. Украина ұшақтарды атып түсіру немесе майдан даласына жақындатпау мүмкіндігінің аздығын ӘҚЖ (ПВО) жүйелерінің және оған арналған зымырандардың аздығымен түсіндіруде. Осы ӘҚЖ жетіспеуінен Ресейдің Украина аумағындағы жылу-жарық жүйелеріне де соққысы арта түсті.

АРТИЛЛЕРИЯНЫҢ АЗДЫҒЫ. Украина мен Ресейдің артиллериялық күштерін салыстырсақ, Ресейде сан басым. Кей позицияда артиллерия саны 1/10-ға дейін жеткен. Әрине Киевте артиллерияның сапасы әлдеқайда жоғарырақ. Себебі батыстық зеңбіректер дәл атады, қуаты ауқымды. Алайда Ресей санмен сапаны басып кетуде.

АВИАЦИЯ. Бұл тұрғыдан Украина соғысқа дейін де, соғыстан кейін де, соғыс уақытында да Ресейді басып озуы екіталай. Ресейде түрлі типтегі ұшақтар мен тікұшақтар бар. Стратегиялық бомбалаушылардан бастап қарапайым шабуыл жасаушы, тіпті ДРЛО ұшақтары да бар. Шығыс Еуропа елдері Украинаға өздерінде бар кеңестік және ресейлік ұшақтар мен тікұшақтарын берді. Дегенмен оның саны аз. Ал ел аузынан түспейтін F-16 ұшақтары қашан және қай көлемде келері белгісіз. Жағдайды оң бағытқа өзгерту үшін кемі 300 ұшақ берілуі тиіс деген сараптамаларды оқып жүрмін. Ал Украинаға керемет деген күннің өзінде 80 ұшақ берілуі мүмкін, оның өзі бірден емес, біртіндеп. Яғни бір партияда 10-12 ұшақтан дегендей. Бұл жағдайды өзгерте ала ма? Менің ойымша түбегейлі өзгеріс жасау үшін бұл аздық етеді. Оның үстіне аталмыш ұшақтарға қатысты да бірқатар мәселелер бар. Олар: ұшаққа қажетті бөлшектер, ұшақтар қолданатын бомбалар мен оқ-дәрілер үздіксіз беріле ме, ұшақтарды техникалық қамтамасыз ету қалай іске асады, ұшақтарды қорғауға әуежайларда ПВО жеткілікті бола ма және басқа дегендей. Оның үстіне F-16 ұшақтары майдан даласындағы көптеген ресейлік ПВО-ларды айналып өтіп, өз миссияларын іске асыруды ойлауы тиіс. Бұл оңай шаруа емес.

ӘСКЕР САНЫ. Украинада жаппай мобилизация 2022 жылдың 24-ақпанында жарияланды. Сол уақыттан бастап әр үш ай сайын ұзартылып келеді. Жақында Зеленский мобилизацияға қатысты заңға қол қойды. Ол жаңа мобилизация емес, бұрынғы мобилизацияны оңалту шаралары десек те болады. Украинада әскер саны аз емес. Мобилизациялық мүмкіндігі де әлі таусылмады. Ендеше неге бұны азып отырмын? Өйткені майдан даласында үздіксіз, демалыссыз екі жылдан астам соғысып жатқан бөлімшелер бар. Оларды алмастыру керек. Жаңа сарбаздарды дайындау уақыт алады. Сондықтан басты мәселе сарбаздардың психологиялық-физикалық тұрғыдан қажуы. Әрине бұл Ресей әскерінде де бар мәселе. Дегенмен олар «өлмесең өмірем қап» деген ұстанымда. Мобилизация тұрғысынан уақыт Ресей жағында, бұны қарапайым халық санымен де түсіндірсек болады.

Бұл жерге мина, танкке қарсы жүйелер, бронды техника саны, жанармай қоры, РЛС, РЭБ және басқа жайлы да жазсам болар еді. Дегенмен осының өзі сағызша созылып кеткен сияқты.

«АҚШ-тың 61 млрд доллар көмегі қайда» деген сұрақ туындайды. Заңды сұрақ. Ол көмек жөнелтілуде. Сонымен бірге Чехия бастаған снаряд коалициясы мен Балтық елдері бастаған дрондар коалициясы да бар. Бірақ бірден ұрыс даласындағы жағдайды жақсарта алмайды. Көмектің қоймадан ұрыс даласына жетуіне де айтарлықтай уақыт кетеді. Оның үстіне барлық тапшылықты толық өтей алмайды. Сондықтан майдан даласындағы жағдайды оңалтуға әлі бірнеше ай бар деуге болады. Жағдайға шынайы қарай білу керек. Бізге Украина неден таршылық көруде және қай тұрғыдан артықшылығы бар дегенді ойлану маңызды...

Әрине Украина әскерінің жағымды өзгерістері де бар. Бірақ ол жайлы келесі жазбаға қалсын.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320