Рейхстагқа ту тіккен қазақ!
Естелік
– Рахымжан Қошқарбаев!
– Иә, иә, Рахымжан Қошқарбаев!
– Жүріңдер, барайық!..
Біз төртеу едік. Жазушылар үйінің «Комсомол» көшесі жағындағы бұрышында тұрғанбыз. Үш қабатты дәу үйге кіріп баруға бата алмай аялдағанбыз-ды. Атақты жазушылар отыратын үй бізге ертегідегі хан сарайындай қасиетті көрінген. «Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевпен кездесу болады екенді» естіп жетсек те, енуге дәт жоқ. Сондай күйде тұрып, атақты Қошқарбаевтың өзін көре қалған сәтімізде бірімізден біріміз сүйінші сұрағаңдай ду етістік те, әлдебір күш тартып ала жөнелгендей-ақ, дереу ұмтылдық.
– Келбетті кісі екен!
– Алдыңғы екеудің арғысы ғой!
– Иә, сол арғысы!
Гәзеттерде шыққан суреттерінен білеміз, бірден таныдық.
– Бергі жағындағы кім?
– Ол Қабдыкәрім Ыдырысов.
Екеуінің соңында бес-алты кісі бар. Ішке ене берген оларға ілесе жөнелдік. Қошқарбаев пен Ыдырысов жоғарғы қабатқа көтеріліп кетті. Басқаларымызға әлдекім: «Залға барыңдар, залға! Кездесу сонда болады, сонда барыңдар!» деп жөн сілтеді.
Кездесуден ғажап әсер алдым: Рахымжан аға туралы айтылған әңгімелер, «Батырға!» деп оқылған өлеңдер қанымды қыздырып, жүрегімді тулатты. Орта бойлы мығым қазақ жігітінің рейстагқа бірінші болып жетіп, төбесіне де бірінші болып шығып, Жеңіс туын тіккен ерлігін басқа ешбіреу істей алмағаны ғой! Істей алса, мыңдаған басқалар қайда қалды?!. Көмірдей қара шәші кесек бұйрасынданып, аялы қоңыр көзі өткірленіп, аппақ өңі нұр шашып, еркін күле сөйлейтін Рахымжан аға кішіпейіл екен, рейстагқа шабуыл жөнінде, өзінің ой-толғанысы, әрекет-қимылы жайында айтқанын тұжыра келе:
– Елден ерекше бірдеңе істедім дей алмаймын, Отан алдындағы, халық алдындағы, осы отырған үлкен-кіші, сіздердің алдарыңыздағы міндетімді атқардым, орындадым, – деді, байсалды сөйлеп...
Ертеңінде:
– Аға, рейхстагқа беттегенде қандай ойда болдыңыз? – деп сұрақ қойғанымда ол маған күлімсіреп қарап:
– Сен қандай ойда болар едің? – деді. Мен не дерімді білмей қалдым. Ол аппақ кесек тістері ақсия ақырын күлді. Күлкісі ашық екен.
Екеуіміз Үкімет үйі мен Бас пошта аралығындағы шағын парктің орта шеніндегі ұзын ағаш орындықта отырғанбыз. Жазушылармен кездесудің әсерінен бе, анық білмеймін, мен қалайда батылданып, залдан шыққан Рахаңдар екінші қабатқа көтеріле бергенде қуа жетіп барып:
– Аға, мен Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінің редакциясынан едім, редакторымыз сізден интервью алып кел деп тапсырған еді, аға, интервью беруге қашан уақытыңыз болады? – дегенім ғой. Редакция қызметкері екенімді дәлелдейтін куәлігімді алып та үлгіргенмін.
– Ей, сен қызық жігіт екенсің ғой?! – деп қалды Ыдырысов. Біреулер күлді. Рахаң маған бұрыла қараған:
– Жексенбі күні сағат он екіде главпочтаның алдында тосатын бол, келістік пе? – деген, күлімсіреп.
– Жарайды, аға, рахмет! – дегенмін, қуанып кетіп.
Жексенбіге дейін әлі екі күн бар-ды. Ол мерзімді толқумен өткіздім. Редакторымыздан ешқандай тапсырма болмаса да, интервью алуды оп-оңай ойлап таба салғаныма шын таңдандым, бірақ, қысылған жоқпын – атақты Рахымжан Қошқарбаев туралы жазып апарсам, редакторымыздың, бүкіл редакцияның риза болары сөзсіз!..
Рахаң:
– Інішек, аты-жөнің кім? – деді.
– Ғаббас Қабышев.
– Інішек, Ғаббас, екеуміз былайша келісейік: сен гәзеттерді оқып жүрсің ғой, менімен әңгіме жарияланып жатады, оларына рахмет. Мен басымнан кешкенді айтамын, ешқандай бөтен сөз қоспаймын, саған да солай айтып берейін, өзің ойлан да жаз, тек дұрыс жаз, келістік пе?
– Әрине, аға, айтқаныңызды ғана жазатын боламын.
– Алматыға қандай шаруамен келіп едің?
– Кезекті сессияға келдім, КазГУ-де, журфакта сырттай оқимын.
–Жақсы. Енді көп созбайық, мұқият тыңдап ал, түсінбегеніңді ұялмай сұрай отыр. Келістік пе, інішек? – деп жымиды.
– Келістік, аға.
Рахаң жарты сағат қана мұрсаты барын ескертіп, сол мөлшерде сұхбатымыз тәмәмдалды.
– Алтайда жатқан ағайындарымды, гәзеттің өкілін, ініні силағаны деп ұқ, айналайын, кейін де кездесерміз, кең отырып әңгімелесерміз, бүгін ренжіме, келістік пе?» – деп түрегеліп, қолын беріп, күлімдеп қоштасты. Жүрісі шапшаң да жарасымды екен. Қаһарман ағаның жауынгерлік жылдарынан білгім келгенді білдім. Алматыдан Өскеменге асыға жетіп, редакторымыз Мұқан Әбуғалиевтің алдына ойында болмаған сұхбатты қойғанымда ол өзіне Үкіметтен үлкен награда бұйырғандай-ақ қатты қуанып:
– Мұның керемет болды ғой!.. Жеңістің жиырма жылдығына арналған нөмірімізге бұдан артық кандай материал керек?! – дейді, қайта-қайта парақтап. 1965-жылдың көкек айы.
Рахаң: «Кейін де кездесерміз, кең отырып әңгімелесерміз» дегенді көрегендікпен айтқан екен. Кейін Алматыға көшіп келіп, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына орналастым. Жеті жылдан соң КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақстандағы бөлімшесінің директоры болып істеген жылдарымда Рахаңмен сан рет жолықтым. Ол «Алматы» мейманханасында директор еді. Қалада мейманхананың аз кезі, оның үстіне барының өзінен орын алу да қиын. Кеңсенің хатымен шоқтықтанып ресми барсаң да, мейманыңа жайлы бөлме бере қоймай қырыстанатындар бар. Сондайды бірер көрген соң бір күні Рахаңа жеттім ғой. Бұрын баруға ыңғайсызданғанмын, баяғы сұхбатымды пұлдап жүргендей болармын деп ойлағанмын.
– Баяғыда біздің Ақмолада тойда бір кемпір: «Дегенге сен де маңқа, мен де маңқа» деп, бір шалмен айтыса жөнелген екен, сол айтқандай, інішек, кәне: «Дегенге сен де директор, мен де директор, не бұйымтаймен келдің, тез айтып жібер, министрлігіміз сағынып қалған көрінеді, соларға барғалы жиылып-теріліп отырмы, - деп аңқылдады.
– Мәскеуден дөй бастықтарымыздың бірі келмек, соған...
– Інішек, жүр, сені бір келіншекпен таныстырайын, не тілесең де, әрқашан әзір етіп отыратын болады, – деп жол бастай жөнелді. Әкімшілігіне ертіп апарып, балпиып отырған сары әйелге мені нұсқап: – Мына аласа бойлы бауырыңмен әңгімелес, ойбай, бұл да – директор, байқап сөйлес, – деп әзілдеп кете барды. Сол күннен бастап мейманхана «мәселесі» шешілгені ғой. Рахаңа телефон шалсам да, кабинетіне бара қалсам да, қуақы үнмен: «Е, немене, Мәскеудегі орыс достарың тағы келіп қалды ма?» – деген қуақы сұрағымен сәлемдеседі.
Жайсаң аға Рахаң жайында әңгіме айтудан мен де жалықпас едім. Шаттанған, шалқи сөйлеген, ренжіген, жирене сөйлеген сәттерінің біразына куәмін. Қарулас болған дос-жолдастары немесе ауылдас құрбы-құрдастары, ағайындары, келіншектер туралы әдемі әңгімелері көп болатын. Анеқдот деген пәленің де «жеті атасын» білетін еді.
Рахаң туралы жазылған туындыдар баршылық. Сан шумақ өлең, көлемді дастан, хикаят-роман, зертеу мақалалар. Қазақстанның Халық Қахарманы Рахаңның өз қаламынан шыққан шыққандар және құнды.
Қазақстанының, Совет Одағының, Дүниежүзілік екінші соғыстың тарихтарында аты қалған Батыр қазақ Рахымжан Қошқарбаев хақында бізден басқалар жазған. Солардың екеуіне назар аударалық:
Майдангер-журналшы, жазушы Василий Субботин тәнті болып, 1946-жылы: «Рейхстаг қабырғасында»; «Жеңіс т уы»; «Бір мың төрт жүз күн» атты очерктерінде қарулас екі достың ерліктерін сүйіне жазды.
Көрнекті жазушы Борис Горбатов 1948-жылы «Литературная газетада» Ұлы Отан соғысы туралы мақаласында: «…Пора кончать сравнивать наших воинов с орлом и беркутом. Какой орел, какой беркут может сравниться с казахом Рахымжаным Кошкарбаевым, который на моих глазах водрузил Знамя Победы над рейхстагом, несмотря на сильный и ураганный огонь немцев!» деген.
Әйгілі кинооператор Роман Кармен 1949-жылы «Казахстанская правда» гәзетіндегі естелік-жазбасында Рахаңды іздеп: «…Где он сейчас? У меня сохранились кадры, отображающие доблестного воина в тот момент, когда он прикреплял Красный флаг на крыше рейхстага!», – деді.
Сол кинотаспасыың түпнұсқасы үймұрағатынан ғайып болыпты. Кім, не үшін ұрлады?.. Ешқандай дерек табылмапты. Алайда Р.Кармен оның бір көшірмесін кезінде КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағатына тапсырған екен. Сол сақталыпты.
Біздің гәзеттерде Жеңіс күні алдында кешегі Ұлы Отан соғысының әйгілі майдангерлер ағаларымы, апайларымыз жайында мақалалар, естеліктер жазылып тұрды. Рахаңа Совет Одағының Батыры атағын бергізуді өтінген, талап еткен ұжымдық хаттар жарияланды. Жоғарғы жақ қимылдамады.
Содан 1984-жылы ақиқатшыл саяси қайраткер, жазушы Кәрішал Асановтың ұлы – білімдар жас тарихшы Болат Асанов Жеңіс туының тігілуін анықтау жолында қыруар еңбек етіп, ақырында шындыққа көз жеткізді, Рахымжан ағамыздың рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қаһармандығын сол кездегі ресми құжаттар негізінде тәптіштеп дәлелдеп, Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институының сарапшыларына табыс етті. Институт толық келісіп, оң шешімін Ресей Федерациясы президентінің әкімшілігіне берді. Институт назар аударған негізгі құжат Роман Карменнің кинолентасы болғаны сөзсіз.Алайда Рахаңа Батыр атағы бұйырмады. 1985-жылы «Отан соғысы» орденінің 2-дәрежелісімен марапатталды.
Рахаң 1988-жылы 64 жасында бақилық болды.
Г.Жуковтың қырсықтығы
Берлинді шабуылдаушы дивизия командирі генерал В.Шатилов майдан командашысы Г.Жуковқа телефон шалып, Рахымжан Қошқарбаев
пен Григорий Булатовтың рейхстагқа ту тіккедерін мәлімдегенде маршал: «Олар қайдағы азияттар?! Орыс пен грузин болсын!» деген бұйрық алыпты. Ол сөздерді сол дивизияның байланыс бөлімінің бастығы Зекен Темірғалиев естіп отырған (Профессор Тілеу Көлбаев, «Рахымжанды Ресей ресми мойындады». «Түркістан» гәзеті, 07. 05. 2007-жыл.).
Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында «Красная звезда» гәзетінің меншікті тілшісі Александр Кочуков Совет Одағының Батыры, генерал-полковник В.М.Шатиловпен сұхбаттасыпты (үзінді):
«-Василий Митрофанович, рейхстагқа ту тігу әрқилы айтылуда. Сіз кітабыңызда өжет барлаушылар Михаил Егоров пен Мелитон Кантарияны жақсы білетініңізді жазыпсыз. Ал рейхстагқа Жеңіс туы тігілгеннен кейін түскен суреттерінде сержант Егоровтың кеудесінде бір медаль бары көрініп тұр, кіші сержант Кантарияда ештеңе жоқ. Яғни соғысқа бастан-аяқ қатысқан «өжет барлаушылар» қалайда марапатталмаған. Меніңше, ол екеуін ең соңғы сәтте Сізге «тиісті орындар» ататқан сияқты. Бірінің орыс, бірінің грузин болғаны кездейсоқ емес-ау?
-Орыс пен грузин... Ол жағын ешқашан ойламаппын. Жалпы... әлдекім Сталин жолдасқа солайша сый жасаған да шығар...».
Генерал-полковник В.Шатилов өзі куә болған ақиқатты айта алмапты. Қожайыны тірі ғой. Ал Қожайын өзі Батыр еткен Егоров пен Кантарияға өле-өлгенінш (1974 ж.) шаң жуытпады. Пәтуәсіз айқайшы!..
Ғаббас Қабышұлы
Abai.kz