Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5300 0 пікір 9 Желтоқсан, 2013 сағат 05:28

Асылтай Тасболат. Құран қиссалары және ұлттық дүниетаным

Қазақ дүниетанымының бастауларына үңілгенде, біз оның тек-тамырында биік руханияттың, терең мәдениеттің жатқандығын пайымдаймыз. Бағзы заманнан бері қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, даналық парасатының, салт-дәстүрінің өркендеп дамуына ықпал еткен сондай асыл қазынаның бірі – ХІІІ-XIV ғасырларда Рабат Оғыз шаһарында өмір сүрген Нәсіреддин Рабғузидің «Қисса сүл-әнбия» кітабы. «Қисса сүл-әнбия» еңбегінің жүздеген жылдар бойы Ислам дінін ұстанатын түркі халықтарының арасына кеңінен тарағандығының бір себебі – оның Құран рухымен суғарылғандығында. Өйткені бұл кітап Құрандағы дүниенің жаратылысын, пайғамбарлар өмірін, олардың тағылымды іс-әрекеттерін таразылай отырып,  ең ұлы мұраттарға ұмтылуды үйретеді.

Қазақ дүниетанымының бастауларына үңілгенде, біз оның тек-тамырында биік руханияттың, терең мәдениеттің жатқандығын пайымдаймыз. Бағзы заманнан бері қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, даналық парасатының, салт-дәстүрінің өркендеп дамуына ықпал еткен сондай асыл қазынаның бірі – ХІІІ-XIV ғасырларда Рабат Оғыз шаһарында өмір сүрген Нәсіреддин Рабғузидің «Қисса сүл-әнбия» кітабы. «Қисса сүл-әнбия» еңбегінің жүздеген жылдар бойы Ислам дінін ұстанатын түркі халықтарының арасына кеңінен тарағандығының бір себебі – оның Құран рухымен суғарылғандығында. Өйткені бұл кітап Құрандағы дүниенің жаратылысын, пайғамбарлар өмірін, олардың тағылымды іс-әрекеттерін таразылай отырып,  ең ұлы мұраттарға ұмтылуды үйретеді.

Құран кәрім – Ислам діні аясындағы ұлыстардың рухани мәдениетіне ықпал еткен ең басты кітап, діни-дүниетанымдық, моральдық-этикалық, социо-психологиялық бастау. Кез-келген халықтың мәдениетінің өзегінде ұстанған дініне сәйкес қасиетті мәтіні, яғни киелі кітабы тұрады. Қазақ халқының діни танымында Құран хикаяларының желісінде қалыптанған қиссашылдық дәстүр, қасиетті мәтіндегі сюжеттерді ұлттық образдарға айналдырып, Құран қиссаларындағы пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің дара тұлғасын, ерендік, адалдық, шыншылдық қалпын ұлт рухының қайнар бұлағы ретінде идеалдандырды. Қожа Ахмет Ясауи  хикметінде:

«Ара кессе Зәкәриядай тәлім қылам,

Бәле келсе Аюб құсап сабыр қылам» деп жырласа, беріде өткен Аралбай ақын:

Жүніс атам қарық болған,

Неше жыл жүріп дарияда,

Алла ісіне шара жоқ,

Ұл берген нұрдан Мәриамға,

Ғайсадайын ұл туып,

Ұжмақтан орын тұтылған.

Заманнан заман озғалы

Тек жалғыз ақ сол дейді

Өлімнен тірі құтылған.

Таба алмадым басқа жан

Дүниенің шарлап бұрышынан», – деп, діни сананың сабақтастығын жырлау арқылы адамзатқа ортақ құндылықтардың бастауына үңілдіреді. Дүние жаралып, су аққалы жаратылған барша қауымның қадым тарихы иман мен арлылық таразысына тартыла ұсынылатын Құран қиссаларында мұсылман мәдениетінің мәңгілік мазмұны сомдалған. Біз бүгінгі мақала шеңберінде діннің аксиологиялық құжырасы іспеттес, Құран қиссаларының жалпы сипаты мен оның өркениетті ұлт ретіндегі болмысымызға тигізген әсері жайлы айтқымыз келеді.

Құран кәрімде иман, ахлақ, ғибадат, шариғат тақырыптарымен қатар қиссалардың да алатын орны ерекше.

 «Қасса» және «әл-қассас» сөзі бір адамнын ізін басып, соңынан жүру деген мағынаны береді. Ұғым ретінде адамзат тарихының ізінде қалған рухани тәжірбиені құндылық күйінде танып, жол сілтер темірқазық ретінде тану дегенге саяды. Құран өз уақытында көп ұғымдардың мағынасын кеңейтіп, жаңаша дүниетанымдық, тілдік және мәдени қалыптарды, түсініктерді дүниеге әкелді. Адамзат тарихын қайта сараптап, қоғамдық тұрақтылық пен бақытты өмірдің шарты ретінде басты өлшемге -  Тәңірдің ризашығымен өрілген рухани үлгі алынды.  Қиссаларда баяндалған пайғамбарлар тарихы арқылы қарсы келулік пен мойынұсынулықтың арасындағы айырмашылықты баяндай отырып, адамдарға ескерту жасалды деуге болады. Өйткені, уақыт тұрғысынан алғанда өткен шақ осы шақтың бастауы болса, осы кезең келер заманның басты шарты. Құран үндеген, ескерткен, баяндаған қиссалар осылайша рухани сабақтастық, дәстүрлі жалғастық мәселесінде адамзат тарихының ең негізгі көрсеткіші қылып, иман келтірудің маңызды орнын дәлелдейді. 

Қисса – Құранның негізгі мақсаттарын жеткізуші ерек бір жосын. Құран – ең алдымен діннің таблиғ яғни жеткізуші кітабы. Қисса да өз кезегінде бұл таблиғті жеткізуші құралдардың бірі. Насихат – негізгі мақсат болса, көркемдік екінші кезекте өзінен өзі пайда болатын құбылыс. Бұл жерде қиссадағы баяндалған мазмұн мен ішкі мән көркемдік сипатқа қызмет етеді. Құран қиссалары осындай сипаттармен баяндалғанда тыңдаушының жүрегіндегі адамшылық қасиеттерін оятатын рухани қуатқа айналады. Мұндай ауқымдағы көркемдік баяндау өз кезегінде діни әсерге бөленуге ерекше жағдай туғызады. Осылайша қиссалар Құранның моральдік императивтерін тарихи сипатта, қоғамдық, қауымдық, жеке тұлғалық діни әрекеттерге ықпал ете отырып жеткізуші өрнек. Тыңдаушының немесе оқырманның рухына ықпал ету тұрғысынан Құран қиссаларының тілдік, көркемдік және тәсілдік ерекшеліктері өз алдына таң қаларлықтай зерттеулерге жетелейді. Моральдық–этикалық тағылымымен қатар діннің басты доктриналық мәселелерін оқиғалар желісінде ұқтырып адам жанының түкпіріне жеткізетін күшке ие. Осылайша қиссалар Құраннан бастау алып, орта ғасырларда мұсылман жұртының әдеби көкжиектеріне әсер етті. Олардың формалық та, мазмұндық та сипатына елеулі мағына, трансценденттік болмысты рух хәлінде сезінуге жетелейтін мән сыйғызып, рухани кейіптегі образдармен қатар моральдық-этикалық құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал етті.

Құран кәрімде: Әзіреті Адам және екі ұлы, Нұх, Хұд, Салық, Ыбырайым, Смағұл, Ысқақ, Лұт, Жақып, Жүсіп, Шұғайып, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Аюп, Жүніс, Зәкәрия, Жақия, Ғайса, Мұхамбет секілді пайғамбарлардың қиссалары өте көп орын иеленеді. Олардың ішінде кейбіреулері ерекше аталып, кеңірек баяндалады. Мысалы, Адамның жаратылуы, оған барша жаратылыс есімдерінің үйретілуі, періштелердің оған сәжде қылуы, Ібілістің оған жау болып, жұбайы арқылы азғыруы және Хауа анамыз екеуінің жәннаттан шығарылуы; Ыбырайымның әкесін тура жолға шақыруы, онымен тартысуы, қауымының пұттарын қиратуы, Алланың бірлігін үйрету үшін қауымына құтылу жолын көрсетуі, Намруд патшамен қарсыласуы, Қағбаның құрылысын қолға алуы; Мұсаның дүниеге келуімен болған оқиғалар, өзенге ағызылуы, Перғауынның сарайында өсуі, оған кітап түсірілуі, Перғауынды тура жолға шақыруы және соған байланысты көрген қиындықтары, Перғауынның нөкерлерімен тартысуы және Исрайыл қауымымен бірге Мысырдан шығуы, алтын бұзауға халқының табынып кетуі жайлы оқиғалар, Алланың жамалын көруге деген ниеті; Ғайсаның әкесіз Мәриям анамыздан туылуы, бесікте жатып сөйлеуі, көрсеткен мұғжизалары т.б ерекше аталып өтіледі.

Қиссаның мазмұндық мұраты – Құранның түсірілу мақсаттарын адам санасына жеткізе отырып, ақиқатқа айналдыру, қайырымды істерді жасауға  мотивациялық серпін беру.

Қиссаның басты мұраты – Исламның негізгі принциптерін, ақидалық-доктриналық, моральдық ұстанымдарының өлшемін жалпы халықтың санасына сіңіру. Мысалы, «Бақара» сүресі Мұса қауымының сиырға табынып, жолдан азғандығын баяндайды. Тіпті, тұтас бір сүре сиыр атымен аталады. Бұл жерде  сиырға табынудың қаншалықты зиян екенін көрсетіп және ондай надан істі  Алланың жек көретін ұқтыру. Діни тәжірбие арқылы мұсылманды Исламның басты проблемасы ширктен құтқару үшін Алланың таухид ілімін тануға  шақырады. Перғауын мен Мұса арасындағы текетіресті баяндау арқылы перғауынның тәкаппарлығын ашып көрсетеді. Бұл жерде де мақсат – тәкаппарлықтың қандай жаман қасиет екенін танытып,  Исламның моральдық ұстанымдарына сәйкессіздігін дәлелдеу. Адамның жаратылуында оның хикметке ие болғандығын, бүткіл жаратылыстың атауын баяндап, періштелердің алдында үстем шығуы және Алла Тағаланың оларды Адам атаға сәжде қылуға бұйыруы арқылы Исламның онтологиясындағы адамның жаратылысқа орынбасарлық мәртебесін паш ету маңызды мазмұндық мақсат болып көрініп тұр.                                                                                                                      

         Құран қиссалары – негізінде адамдарға бұйырылған қағидалардың орындалуынан пайда болған әрекеттер, көріністер мен сөздердің тарихи баяны. Хикаялар мен әдеби көркем туындыларда шығарманың кейіпкері, уақыт пен кеңістік мәселесі үлкен маңызға ие. Бірақ, Құран қиссаларындағы тұлғалар оқиғалардың ішінде ең басты мақсат емес. Қиссаның басты қаһарманы өзінің имани, ахлақи әрекеттеріне байланған, сол арқылы толыққандылыққа жететін тарихи тұлға һәм діни-рухани ережелердің нағыз өзі. Қиссаның қаһарманы мысалы,  Ыбырайым пайғамбардың өз тұлғасы емес, ширк пен таухидті айырған болмысы тарихи шындық. Оның осы жолдағы әрекеттері басты мәселе. Жүсіп пайғамбар мен жұбайы емес, оның бойындағы тазалық пен иман қуаты, әйеліндегі ынтызарлық басты мәселе. Құрандағы қиссалардың басты ерекшелігі – оқиғалар құрғақ, дидактикалық сарынмен баяндалмайды, жандылық пен әрекетке толы, динамикалық тұрпатта суреттеледі.

Қиссалардан бастау алған пайғамбарларды үлгі ету мен әлемді мәденилендіру қалпы жоғарыда айтылған Рабғузидің «Қисса сүл-Әнбия» еңбегінде тереңірек із қалдырды. Мифтік сананың ізі айқын көрінетін бұл еңбекте Құран қиссаларын мазмұндық жағынан байытып, кең құлашты баяндау үрдісі көзге ұрады. Рабғузидің бұл еңбегін алғаш тұтас күйде аударған ғалым – Төреәлі Қыдыр. «Қисса сүл-әнбия» Алтын Орда дәуіріндегі түрік мұсылмандық түсінігінің маңызды дүниетанымдық қоймасы саналады. Кейінгі дәуірлерде дәл осы еңбектің негізінде мәдениетімізде тұтас діни-рухани жанрлар өркен жайды. Кеңес билігі орнағанға дейін Қазан және Ташкент баспаларында басылып келген бұл кітаптың құндылығы кейінгі кезеңде белгілі себептермен дұрыс бағаланбай, тарихи жадымыздан өшіріле бастады. Қайреткер тұлға Алма Қыраубаева сынды ғалымдарымыз бұл салаға алғаш жол салып әдеби тұрғыдан талдап, ғылыми түсініктеме жасауға тырысты. Революцияға дейінгі білім беру үдерісінде және фольклорлық мұраларда кең тыныспен таралған қиссалардың жекелеген фрагменттері мен поэтикалық нұсқаларын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов сынды шежіреге толы тұлғаларымыздың шығармашылығынан көре аламыз. Айта кетерлік жайт, өзін адамзат тарихының бір бөлшегі ретінде сезінетін өркениетті ұлттарда қиссашылдық үрдіс үзілген емес. Ислам мәдениетінде «Ісраилият» деп аталатын қиссашылдық дәстүр медреселерде «Қисса сүл-Әнбиямен» көрініс тапса, халық шығармашылығында жыраулық мектептер арқылы өркен жайды. Себебі, дәл осы үрдіспен ұлт өзінің тарихи миссиясын есінен шығармай ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Құрандағы қиссалармен тығыз доктриналық байланыста өрбитін діни дастандарымыз бен аңыз әпсаналарымызда әлемнің онтологиялық мәнін Мұхамбет пайғамбардың нұрымен, Адам атаның даналық хикметімен, Нұқ Пайғамбардың кемесімен түсіндіретін шығармашылық сарын байқалады. Бұл – әлемді мәденилендіретін шығармашылық ізденістің діни дүниетанымнан бастау алатындығын көрсетеді. Көктер мен жердің жаралуы және аң-құстың пайда болуы жайлы ойлар рухани негізбен өріле баяндалғанда ерекше діни дүниетаным қалыптасары сөзсіз. Рабғузидің «Қисса сүл-Әнбиясында» көсіле баяндалатын жаратылыс жайлы ойлар мифтік санамен байланыста болғанмен діннің догмаларын терістемейді. Мысалы, Исламның Алланы бір деп тану, пайғамбарды хақ деп нану, кітаптарға сену, ақиретке және өлген соң қайта тірілуіге сену, тағдырға мойынұсыну сынды иман шарттарына қайшы келмейді. Керісінше, Құранның ұғымдарын барынша байытып, детальдармен, сюжеттермен толықтыра түседі. Қиссадан  бір мысал:

Нұх пайғамбар кеме жасап жатқанда, бір қылжақбас күнде оны мазақ етіпті. Оның құйтырқы сөздеріне Нұх шыдай алмай, кейде жылап жібереді екен. Ол:

– Мына жындының ісін қараңдар, су жоқ жерге кеме жасап жатыр. Кемеге барлық жануарды жинамақшы. Кемеде қасқыр мен қой, түлкі мен тауық қайтіп бірге тұрады? – деп әжуалайды екен.

Бір күні апат басталып, барлық жануар Алланың әмірімен кемеге мінеді. Кеменің есігі жабылар соңғы сәтте Жебірейіл періште бір мақұлықты сүйреп әкеліп:

– Әй, Нұх, мынау сені әжуалап, талай рет жылатқан қылжақбас. Момынды мазақтаған, Құдаймен ойнағанмен бірдей. Сені нала қылғаны үшін Алла оны маймылға айналдырды. Оны ала кет. Топан судан қалай аман қалатыныңа куәгер болсын, – дейді.

Қылжақбас адам маймылға айналып, хайуандардың қарасын көбейтеді. Содан бері өзі де елдің мазағына ұшырап келеді екен...

Енді әннің пайда болуы жайлы халық санасында сақталған тағы бір аңыздан өрнек:

Алла тағала Адам атаны жаратқан кезде періштелер керемет әуезбен Құдайды мадақтап тұрады. Рух Адамның денесіне кірерде сол сазға елтіп кірген екен. Бұл әуен Адам атаның құлағынан кетпей, үнемі осы сазды айтып жүреді. Жерге түскеннен кейін ол Алладан: «Осы әнді маған жібер» деп өтінеді. Алла тағала әуенді құс бейнесінде жаратып, жерді айналып ұшуды бұйырады. Құс тамылжыта сайрап, жерді жеті рет айналып ұшады. Он сегіз мың ғалам әлгі құстың үнін естіп, ғажайып әуенге бөленеді. Әрбір мақұлық, жаратылыс әуезді өздері де шығаруға тырысады. Олардың барлығында өздеріне тән дыбыс пайда болады. Құстар сайрайды, орман-тоғай шуылдайды, сулар күркірейді, жел ызыңдайды, жан-жануарлар да естіген әуенін дыбыстайды. Әлгі құс Адам атаға жеті сазбен күй шертуді үйретеді. Сазды айна-қатесіз қалпында кеудесіне құйып береді. Адам ән шырқағанда, күй шерткенде, Құдайды әсерлі үнмен мақтағанда, ұшқан құс, жортқан аңның тапжылмай тыңдайтыны сол әуенге деген құштарлықтан екен. Мұны Қашаған жырау Есқали сұпыға қарап толғағанда былайша жеткізеді:

Атамыз Адам пайғамбар

Жеті сазбен жерге кеп

Күй шертіпті деген бар

Ол кездегі о да саз

Бұл кездегі бұ да саз

Сазды күнә деп жүрген

Молдеке сенің ақылың аз...

          Дін психологиясының зерттеулерінде «ойланушы мақұлық» саналатын адамның өмір мен өлім, әділдік пен қиянат, адалдық пен сатқындық жайлы ізденістеріне тиянақты діннен табатындығы айтылады. Себебі, өнер, музыка, кино, тіпті көркем әдебиеттің де бұл мәселеде қуаты діни жүйедегідей емес. Адам санасының екі қыры іспеттес «миф» және «логос» онымен бірге жасайтын танымдардың ізі. Логостың арқасында рационалды пайымдаушы адам қоршаған ортаның кірпішіне айналып, тіршілігін дөңгелетеді. Құпиясы терең жанның бұлқынысы мифтің бастауына ұмтылады. Мифтің сананың жүйеленген формасы ретінде діни дүниетаным оның трансценденттік болмысына нәр береді. Сондықтан да «орта жастағы дағдарыс» мәселесін терең зерттеген психолог ғалымдар әлем жайлы, өлім мен өмір жайлы, адамдық мұраты жайлы толғанбаған, діни тәрбиесі тым жұтаң адамдардың  қырық жастан асқан соң  тез шөгіп қалатынын айтады. Карл Густав Юнг: «Әрбір тұлғаның игерген мамандығы оны қырық жасқа дейін тоқыраудан аман сақтайды. Ал одан кейінгі өміріне мән кіргізетін, тоқыраудан сақтап қалатын жалғыз жолды діннен табады» деген. Осы арада қиссаның маңыздылығы айқындала түседі. Кешегі өткен қариялардың тұғырлы тұлғасын сомдаған бұл ерек жосын жас ұрпақтың жадында қайта жанданса игі. Әрине, әр ұрпақ өз заманының биігінен қарайды, саралап керегін алады.  Десек те, тым зайырланып, зайырланып емес атеистік қадағалауды бастан кешірген білім беру жүйесінде діни дүниетаным барынша шеттетілді. Оқу-ағарту саласы тамырсыз болғандықтан да, тұтас ел рухани жұтаңдыққа душар болды. Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз да сан ғасырлық ойлау жүйемізді қалыптаған арнамызды аршып, жұртшылыққа ұсыну арқылы жүрегіміздегі «эксизтенционалды вакуумға» жан бітіру болатын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415