Лудомания - қазіргі қоғамның дерті
Құмарлыққа әділетсіздік пен пайдакүнемдік сондай тән, сондықтан оған сену қауіпті, тіпті ақылға сыйымды болып тұрса да сақтанған абзал.
Франсуа де Ларошфуко
Қазіргі қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар-лудомания дейді. Ал, еліміздегі жас жеткіншектеріміздің бұл дертке шалдығуының себебі не? Лудомания ойыны – жастармен ересектер арасындағы құмар ойындарға тәуелділік мәселелесі - қазіргі таңда өзекті болып отыр.
Лудомания – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты.
Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.
Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.
Осы жолда адасқан адамдар тек ақшадан емес, өмірінен айырылады. Не себептен адамдар тәуелділікке ұшырайды?
- -Бірінші және ең көп таралған мәселе ол:-отбасындағы мәселе. Егерде үй ішінде тыныштық орнамаса, іштегі ызаны басып тастау үшін ойындарға көңіл бөліп уақыт өткізетін болады.
- -Екінші, ол қаржылық моральды қиындықтар болып табылады.
- -Үшінші мәселе:қанағатсыздық. Яғни өмірден түңілу, бар дүниені бағалай алмау.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Ал шарасыз күйге түскендері өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатады. 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3 676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат салған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Ел Президенті өз сөзінде: «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деп атап өткен болатын.
Соңғы кездегі әр түрлі ойындардың компьютердегі баламасы жасалды, ол ойындарды кез-келген жерде, кез-келген уақытта қол телефонмен-ақ ойнауға болады. Ал осы ойындардың бәрі де ойын казиносының компьютерлік нұсқалары болғандықтан адамдарды ойын құмарлыққа әкеледі.
Құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жастар көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Уақыт өткен сайын жастармыздың санасын улап, құрдымға түсіруде.
Студенттерге құмар ойындарына қарсы тақырыпта кураторлық сағат өткізу, олардың бойындағы адами құндылықтарды қорғау, оның зардаптарын түсіндіру, алдын алу, олардың құмар ойындарына қарсы білімдерін жетілдіру болып табылады.
Мақпал Атыханова, Алматы технологиялық университеті АӨжӨӨТ кафедрасының лекторы
Abai.kz