Президент Тоқаев: Қазақстанның даму жолы және Ұлттық Құрылтайдың маңызы (нәтижелерге шолу)
Әрбір халықтың тарихында жеке басы мен қызметі дәуірдің символына айналатын көшбасшылар болады. Бес жыл бойыҚазақстан Республикасының Президенті қызметін атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жарқын болашағына ұмтылысы ел дамуының жаңа кезеңіне бастау бола алды деп айтуға болады. Дегенімен, Президенттің бес жылда атқарған жұмыстарының ішінде мемлекеттің саяси бағдары, мақсаты өзгерді, мемлекет барлық істерін халықтың жағдайын жасауға бұрды. Бұл мемлекеттік саясат тек экономикалық жағдайды жақсартуға ғана емес, мемлекеттегі халықтың мемлекеттік саясатқа қатысуын, мемлекеттің халқының әлеуметтік жағдайын жасауға бағытталғандығын да көруімізге болады.
Президенттің бес жылда атқарған жұмыстарының нәтижелерін, Қазақстанның халықаралық рейтингілердегі алған орны мен ұпайын, Ұлттық Құрылтай құру бастамасы мен онда қаралған мәселелер туралы осы мақалада шолу жасайтын боламыз, дегенімен осы кезде Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрекеттерінен көрінген жеке де қасиеттеріне тоқталу да маңызды деген ойдамын. Оның бірегей жеке қасиеттеріне – терең ақыл, мақсатқа ұмтылуын және қазақстандықтардың рухани жан дүниесін өзгертуге, жағдайын жақсы жаққа өзгертуге деген шынайы ұмтылыс көруге болады. Бұл қасиеттер көптеген маңызды өзгерістер мен реформаларды жүзеге асыруға, олардың орындалуына және халық арасында Қазақстанның жарқын болашағына деген үміті мен сенімінің туындауына алып келді. Келесі маңызды қасиеттің бірі, ол Тоқаевтың көшбасшылық философиясының қоғамның үйлесімді дамуына ұмтылуында, яғни дәстүрлі құндылықтарды қайта қалыптастырудағы заманауи құндылықтармен үйлесімділікті табуында, сонымен қоса заманауи сын-қатерлерді шешудегі жүйелі шешімдерді орындаудың тиімді тетіктерін таба білуінде деген ойдамын. Осы уақытқа дейін болған сын-қатерлерді, жиналып қалған мәселелерді шешуге бағытталған әрекеттері саяси көрегендікті ғана емес, сонымен қатар әр азаматтың қажеттіліктері мен ұмтылыстарын терең түсінетіндігін көрсетті.
Президент Тоқаев халқымен кездесуі кезінде әрдайым байқалатыны, оның қарапайымдылығы мен адамгершілігінің, тәрбиелігінің көрінуінде. Халқының оның тұлғалығын көтеру үшін жасалынған әрекеттерге қарсылығы да, оның бағалануы керек қасиеттерінің бірі деген ойдамыз. Осылайша, бұл мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті өкілеттілігін атқару тұсында жасаған маңызды шараларын және қазақстандықтардың адами құндылықтарын әділеттілікке бағыттауда атқарған шаралары, яғни оның ішінде Ұлттық Құрылтайда көтерген мәселелері мен оны шешудегі жұмыстары арқылы халықтың құндылықтарын қалыптастырудағы әрекеттеріне шолу жасалатын болады.
1. Тоқаевтың Президенттік өкілеттілікті атқаруы кезіндегі Қазақстанның халықаралық рейтингтерде көрсеткен жетістіктері
Биыл Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет атанғанына 33 жыл болады, осы жылдардың ішінде көптеген өзгерістер мен даму орын алды. Дегенімен әліде болса «Біздің мемлекетімізді дамытуға, жарқын болашағын қалыптастыру үшін не істеуімізге болады?» деген сұрақты әрқайсымыз өзімізге қойып, мемлекеттің дамуына үлес қосуымыз керек. Бұл сұрақ әрдайым біздің назарымызда болу міндетті, ал осы міндетке жету кезімізде біздің мемлекетіміз жеткен жетістіктерді, нақты нәтижелерді де ұмытпауымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің бес жылында Қазақстан түрлі халықаралық рейтингтерде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Дегенімен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметке дейінгі кезде Қазақстан үшін атқарған жұмыстарын, еліміздің сыртқы істер саясатын жүргізу кезіндегі еңбегін де ұмытпау маңызды. Бұл жетістіктер прогресс пен тұрақты дамуға ұмтылған Үкімет пен халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Бұл шолуда біз Қазақстанның соңғы жылдардағы негізгі халықаралық рейтингтердегі позициясы қалай өзгергенін және елде қандай маңызды өзгерістер болғанын қарастырамыз.
Тоқаевтың бес жылдық президенттігі барысында Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі ұстанымдары маңызды өзгерістерді көрсетуде. Қазақстанның ЖІӨ өсімі маңызды экономикалық көрсеткіш болып табылады, бұл көрсеткіш 2019 жылғы 182 миллиард доллардан 2023 жылы 259 миллиард долларға дейін өскендігі анықталып отыр.
Қазақстандағы экономикалық өзгерістерді 2023 жылдың тоғыз айында экономикаға 19,7 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция түскенінен көруге болады. Бұл сандар Қазақстан экономикасы коронавирустық пандемия мен геосаяси тұрақсыздықтан туындаған күрделі сыртқы жағдайларға сәтті бейімделгенін көрсетеді. Инвестициялар негізінен өнеркәсіп секторына бағытталған, бұл Президент Тоқаевтың 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмалары аясында ерекше өзекті болып отыр. Ол экономиканың құрылымын өзгертуге және орнықты өнеркәсіптік базаны құруға қабілетті «серпінді»жобаларды іске қосу арқылы «елдің өнеркәсіптік дамуына жаңа серпін беру» қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ірі мұнай-газ және тау-кен металлургия компаниялары ұлттық экономиканы өзгерту үшін технологиялық жаңалықтар енгізуі керек. Қазақстандық автомобиль жасауда белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді және осыған ұқсас күш-жігер өңдеу өнеркәсібінің басқа да перспективалы салаларын нығайту үшін қажет. Өнеркәсіптің қарқынды өсуінің негізгі шарты нақты секторды ұзақ мерзімді өтімділікпен қамтамасыз ету болып табылады.
Өнеркәсіптің дамуы айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді және нәтижелер қазірдің өзінде бар. 2022 жылы экономикаға 28 миллиард доллар тартылды, бұл соңғы онжылдықтағы рекорд. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 27 миллиард деңгей күтілуде. Инвестициялар шетелден де, ішкі жағынан да келеді. Ұлттық Банктің мәліметтері бойынша, 19,7 миллиард долларлық инвестицияның алғашқы үш тоқсанында оның көп бөлігі – 43% – тау- кен өнеркәсібіне, ал өңдеу өнеркәсібіне - 20% бағытталды.
Ал Қазақстанның дамуындағы өзгерістер туралы басқа да ақпараттарды, келесі халықаралық рейтингтердегі нәтижелерден көрсетеміз. 2019 жылы Қазақстан Бақыт индексінде 5,8 ұпаймен 60- орынға ие болды, ал 2023 жылы 6,1 ұпайдан 44- орынға көтеріліп, өз позициясын 16 орынға жақсартты. Салыстыру үшін Өзбекстан 54- ші, Қырғызстан 62- ші, Молдова Республикасы 63- ші, Ресей 70- ші, Армения 79- шы, Тәжікстан 80- ші, Украина 92- ші орынға ие болды.
Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 2019 жылы 113-орыннан (34 ұпай) 2023 жылы 93-орынға (39 ұпай) көтеріліп, өз позициясын 20 орынға жақсартты. Бұл өсім 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалардан кейін азаматтық қоғамның жандануына байланысты болды, сонымен қоса бұл мемлекеттік органдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар жүргізудің, активтерді қайтаруға және жоғары лауазымды шенеуніктер мен олардың туыстарын жемқорлық істері бойынша тексеру, бақылау мен жауапқа алу шараларының қабылдауынан орын алған нәтиже.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 2019 жылы 55-орыннан (62,9 ұпай) 2023 жылы 37-орынға (66,1 ұпай) көтеріліп, өз позициясын 18 орынға жақсартты. «Экономикалық қызмет» факторы бойынша айтарлықтай жақсару байқалады, онда Қазақстан келесі субфакторлардағы өсімнің арқасында 57-ші орынға ие болды: Бірінші ол, халықаралық сауда – 46-шы орын (15 пунктке өсу), бұл төлем балансының ағымдағы шотының профицитімен түсіндіріледі (2023 жылы ЖІӨ 3,7%, ал 2019 жылы бұл тек 2,97% көрсеткен) және сауда шарттарының индексін жақсарту (58-ден 6-орынға дейін). Екіншіден, сыртқы инвестициялар бойынша инвестициялық активтер портфелінің (2022 жылы –6,71 миллиард доллардан 2023 жылы –1,2 миллиард долларға дейін) және инвестициялық міндеттемелер портфелінің (2022 жылы 1,42 миллиард доллардан 2023 жылы 2,38 миллиард долларға дейін) оң динамикасының арқасында 43- ші орында (11 пунктке өсті).
Қазақстанның әлеуметтік прогресс индексі де жақсарды, 2019 жылы 69-орыннан (68,2 ұпай) 2023 жылы 63-орынға (69,7 ұпай) дейін, 6 орынға жақсарды. Сарапшылар келесі артықшылықтар мен қызметтердің болуына байланысты бұл рейтингідегі орнымыздың жоғарылағанын атап өтуде, яғни, орта мектептегі балалардың үлгерімі (99,9 ұпаймен әлемде 6-орын) және онлайн- Үкіметке қолжетімділік (15-орын және 80,7 ұпай) сияқты Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын атап өтеді. Әлсіз жақтары арасында мектеп білімі жоқ халық (26- шы және 99,4 ұпай), ғаламтор қолданушылар саны (26-шы және 92,3 ұпай), материалдарды қайта өңдеу (164-ші және 3,8 ұпай), бейбіт жиналыс бостандығы (144-ші және 31,3 ұпай), және өмір сүру ұзақтығы 60 жыл (130-шы және 19,5 ұпай)көрсеткіштері бойынша мәселелердің бар екендігін айтуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігінің бес жылында Қазақстан түрлі халықаралық рейтингтерде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктер прогресс пен тұрақты дамуға ұмтылған Үкімет пен халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.
2. Ұлттық Құрылтайдың Қазақстан үшін маңызы
2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев халқына жолдауында жаңа қоғамдық институт – Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтерді. Бұл маңызды қадам алқалы шешім қабылдаудың тарихи дәстүрлері аясында және қоғамның мемлекет істеріне белсенді қатысу туралы өтінішіне жауап ретінде қабылданды. Ұлттық құрылтай мүдделер мен пікірлердің әртүрлілігін көрсететін қоғамның әртүрлі топтары арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде ойластырылған. Оның мақсаты қолданыстағы қоғамдық институттардың функцияларын толықтыру ғана емес, сонымен қатар ел дамуының стратегиялық бағыттарын қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды жандандыруға белсенді қатысу болды. Нәтижесінде Ұлттық құрылтай азаматтық қоғамды нығайтуға және қазіргі заманның сын-қатерлерін ойдағыдай еңсеру және ұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін бірыңғай жалпыұлттық келісімді қалыптастыруға бағытталған Қазақстанның саяси эволюциясындағы маңызды кезең болып тұр.
Қазірге дейін үш рет Ұлттық Құрылтай өткізілді, жиынның екінші отырысы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған баяндамасына шолу жасайтын болсақ, келесі маңызды сәттерді атап өтуімізге болады:
Бірінші құрылтай Ұлытауда 2022 жылдың маусым айында өтті. Осы отырыста Тоқаев ел үшін негізгі басымдықтарды атап өтті, олардың арасында әлеуметтік бірлікті нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту болды. Президент сонымен қатар мәдени мұра мен ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамытудың маңыздылығын атап өтті. Білім беру жүйесін реформалау және жас ұрпаққа жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
2023 жылдың маусым айында Түркістанда өткен екінші құрылтай «Әділетті Қазақстанды» құру және жауапты азаматтарды тәрбиелеу мәселелеріне арналды. Тоқаев нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін қоғамның құндылықтары мен мінез-құлқын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Әлеуметтік этика, құқықтық тәртіп және жауапкершілік мәселелері талқыланды. Президент сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді жақсарту және мемлекеттік наградалар жүйесін нығайту қажеттігіне назар аударды.
2024 жылдың наурыз айында Атырауда өткен үшінші құрылтай Қазақстанның ұлттық мүдделері мен егемендігіне назар аударды. Тоқаев жаһандық оқиғаларды және олардың елдің ұлттық мүдделеріне әсерін талдаудың маңыздылығын атап өтті. Негізгі тақырыптар стратегиялық тұрақтылық, саяси жүйенің тиімділігі және халықаралық ынтымақтастықты күшейту мәселелері болды. Сондай-ақ, президент азаматтық қоғамды жандандыру және берік өнеркәсіптік негіз мен технологиялық өсудің жаңа нүктелерін құруға бағытталған экономикалық реформаларды жалғастыру қажеттігін айтқан болатын.
Президент Тоқаевтың басшылығымен Ұлттық Құрылтайотырыстары өзекті мәселелерді талқылау және ел дамуының стратегиялық бағыттарын әзірлеу үшін маңызды тұғырнамаға айналды. Олар ұлттық бірегейлікті нығайтуға, жастар әлеуетін дамытуға және әділ қоғамды қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жетістіктер мемлекет пен халықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды, бұл Қазақстанның өркендеуі үшін қоғамдық диалог пен ұжымдық жұмыстың маңыздылығын көрсетеді.
Қорытындылай келе, бұл мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті өкілеттілігін атқару кезінде атқарған жұмыстарының нәтижелерін көрсететін халықаралық рейтингілердің нәтижелері көрсетілді. Бұл орындалған жұмыстың нәтижесін көрсетіп, сонымен қоса Қазақстанның алдағы уақыттарда жетуі керек мақсаттарды айқындап, әлсіз тұстарымызды да бір рет көрсетті. Бұл рейтингілерден басқа, мемлекетте орын алған оң өзгерістерді халық та айтады деген ойдамын. Ал менің айтарым мемлекеттің дамып келе жатқандығын көрсететін маңызды нәтижелер мен өзгерістер бар, дегенімен қайта қарау керек мақсаттарымыз да бар, соған жоспар құруымыз керек. Екіншіден, мақалада Ұлттық Құрылтайды құру керек деген бастамамен, ондағы Президент айтқан мақсаттардың да орындалғандығы айтылды. Менің ойымша, Президенттің бұл бастамасы негізінде халықтың рухани дүниесін, құндылықтарын қайта қарастыру керектігімізді, сонымен қоса Қазақстанның жарқын болашағын құруды өзімізден бастауымыз керектігін, халықтың мемлекеттің дамуына үлес қосуы керектігін де көрсететіндігі де бар. Ұлттық Құрылтай айға қарап, шығын шығарып, жиын жасалатын алаң емес екендігін үшінші рет көрсетті. Яғни, халық үшін маңызы бар мәселелер қарастырылып келе жатыр.
Біз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асыратын келесі жобалар, бастамалар мен атқарылатын істер, Президенттің мемлекетіміздің дамуына бастайтын келесі қадамы, Әділетті Қазақстан құрудағы нақты бастамалары да Қазақстан үшін тиімді болып, оң нәтиже береді деген үміттеміз.
Сурет: akorda.kz
Айнұр Бақытжанова
Abai.kz