Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 4902 3 пікір 20 Мамыр, 2024 сағат 10:33

Ресей байлары Қазақстандағы ойын бизнесіне ауыз салуда

Сурет: azattyq-ruhy.kz

Кей дереккөздердің мәліметтеріне арқа сүйер болсақ, Астана жақтан оғаштау бір лоббистік әрекеттерді байқауға болады. Ресейдің қалталы һәм ықпалды адамдары Қазақстандағы құмар ойын индустриясын өз бақылауында ұстауды көздеп, «Бәс тігу орталығы» (Центр учёта ставок) арқылы одан пайыз алып отыруды көздейтін сияқты.

Бұл идеяның түп-тамырына заңнамалық тұрғыда балта шабылған десек те, қыбыр-жыбыр әлі басылар емес...

«Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы» заңға енгізілген өзгертулер мәтініне есім-сойы белгісіз әлдебіреу «Бәс тігу орталығы» (Центр учёта ставок) туралы ұсынысты енгізбек болғаны естеріңізде шығар?.. Осылайша лоббистер жеке компанияға бүтін бір саланы бақылауға беріп, әрбір бәс тігуді өз серверлері арқылы өткізіп, одан пайда алып отыруды көздеген.

Ал депутаттар бұл мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, сарап қылып, жемқорлық факторларын електен өткізіп, Қазақстанға ешқандай «БТО» (ЦУС) керек емес деген қорытындыға келген. Құзырлы органдарға онсыз да бақылау құқығы берілген. Мұндай бақылау құқығы Салық органдарында да бар. Бұларға қоса тағы бір бақылаушыны қосақтаудың қажеті қанша? Оның үстіне мұндай «прокладка-фирмалар» - бұл ескі Қазақстанның еншісіндегі жүйе. Ал президент Тоқаев мұндай «әке-көкешілдікке» жаңа Қазақстанда орын жоқ екенін шегелеп айтқан.

Сондықтан, ешқандай «БТО» (ЦУЧ) дегенге орын жоқ! Депутаттар солай деп шешті. Және мұнысы қисынға келеді де! Бұл егжей-тегжейлі ойластырылған және ең маңыздысы - тәуелсіз шешім!

Біз «Тәуелсіз шешім» дегенді неге айттық? Себебі, кей дереккөздердің мәліметінше, әлгі құйысқанға қыстырылған «БТО» (ЦУЧ) дегенді Қазақстанның терең қалталы «ағасымақтары» емес, дәудей болса Ресейдің олигархтық құрылымдары өз мүддесіне шешкісі келген (лоббилеген).

Ресейдегі құмар ойын индустриясын «БТО» (ЦУЧ) арқылы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғандар Қазақстанға да ауыз салмақшы. Қазақстанға «БТО» (ЦУЧ) деген атпен енбек болып, екіленіп отырғандар Ресейде - «ЕЦУПИС» деп аталады.

Сөйтіп, ақырында Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы» заң мәтінінен «БТО» (ЦУЧ) туралы барлық сөзді алып тастап, жоқ етті. Ақырғы шешім осы. Заң жобасы екінші оқылымға «БТО» (ЦУЧ) дейтін «прокладка-фирма» туралы сөздерсіз жіберілді.

Десе де, іс мұнымен аяқталмай тұр. Депутаттар арқылы дегенін өткізе алмаған Мәскеуліктер енді Үкіметті жағалап жүр!

Жеке инсайдерлік ақпаратқа жүгінсек, «Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы» заң мәтініне «БТО» (ЦУС) туралы енгізуді сұранып, жандайшап болып жүрген Ресейге есім-сойы белгілі полтитехнолог һәм қоғам қайраткері Қазақстандағы құзырлы орган аудиенциясында, Үкімет үйінде есік қағып, торуылдап жүр.

Ресей олигархтарының мүддесі үшін жандайшап болып, Қазақстан Үкіметінің есігін торуылдап жүрген Ресей политтехнологы қатардағы келдім-кеттім адам емес. Ресейлік ВТБ банкіне тиесілі «Современные платёжные решения» (СПР) АҚ-на қатысы бар адам. Ал «СПР» дегеніңіз – Қазақстанға енгізгелі отырған «БТО» (ЦУС) дегеннің Ресейдегі аналогы.

Дәл осы «СПР» дегеніңіз 2021 жылы Ресейдегі «Мобильная карта» ЖШС КЕҰ-ды сатып алып, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап президент Путиннің бұйрығымен, Ресейдегі букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерден «ставкалар» аударымын тіркейтін бірыңғай орталыққа айналып шыға келген.

Ал 2021 жылдың аяғында (компания есебінше) «СПР» дегеннің акционерлері - «БФ Прямые Инвестиции» ЖШС (49%), АНО «Центр прогресса бокса» (41%) және Астана Үкіметін торуылдап жүрген кісі болып шыға келген.

Ресей Қазақстандағы құмар ойын индустриясына ауыз салғысы келіп, келіссөзге өте-мөте мұқтаж болып отыр. Сол үшін де, өз делегациясын Қазақстанның жоғарғы лауазымды кабинеттеріне кезек-кезек жолдауда.

Мысалы, мамыр айының басында Қарабалин деген сой-аты бар әлдебіреу Есілдің сол жағалауындағы кабинеттертерге кіріп, «БТО» (ЦУС) туралы жаңа жобаны таныстырып шыққан-мыс. Қарабалин әлі күнге дейін құзырлы органдардардың, Салық органдарының есігін қағып, жоба таныстырылымын жасап жүруіде ғажап емес.

Ескерту! Бұл әрекеттердің барлығы – Мәжіліс «БТО» (ЦУС) туралы барлық сөздерді заң мәтінінен түбегейлі алып тастаған соң да жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары заң жобасынан алып тастаған, керексіз деп тапқан «БТО» (ЦУС) туралы алғашқы жоба Ресейдегі «ЕЦУПИС» жүйесінің сөзбе-сөз көшірмесі іспетті, сол жүйенің негізінде жазылып шыққан.

Сол 2021 жылы «СПР» акционерлерінің Ресейде дегені болып, Путин пәрмен беріп, заң қабылданып кеткен. Ал Ресей депутаттарынан ешкім келісім-рұқсат сұрамаған. Аталған жүйе қазірге дейін сонда жұмыс жасап жатыр.

Ал Ресей олигархтары Ресейдегі өткізе алған айласын Қазақстанда өткізе алмай, әлек болуда. Қазақстан Ресейдің «прокладка-фирмасын» өз нарығына енгізуге қарсы. Алғашқы жолы бұл әрекеттері сәтсіз аяқталды. Десе де, Мәскеулік дөкейлер дегендерінен қайтпай отыр. Екінші кезек әрекеттенуде. Жоғарыдағы айтылған ақпараттарға көз салсақ, бұл жолғы лоббилік күштердің артында да сол Ресейдің олигархтары мен әкімшілік ресурстары тұрғаны байқалады. Және ең маңыздысы – жай ғана әкімшілік ресурстары емес, Қазақстанның үстінен жүргізгісі келетін биліктері тұр!

Иә, дәл солай! Қазақстан билігіне билік жүргізгісі келетін пиғылдары. Бәлкім, біздің Қазақстанда Ресей олигархтарының бұл пиғылдарын байқамайтын да шығар. Бірақ, Мәскеу «Қазақстанды өз қалтасында» деп ойлайтыны айдан анық! Кезек-кезек адам жіберіп, Үкіметтің есігін қағуы – сол пиғылдарының айқын көрінісі!

Ресей лоббистері депутаттар арқылы ықпал етіп көрді. Болмады. Енді Үкімет жақтағы өзге есіктер арқылы кіруді байқап көруге әрекеттенуде. Олар Астана өздерін түбі естиді, біздің мүддемізге жығылады деп сенеді. Себебі – Қазақстан тәуелсіздігі олар үшін конституциялық қана. Саяси декларция, иә, бірақ саяси факт емес.

Егер Ресей олигархтары өз дегендерін түбі өткізіп, сол жағалаудағы үлкен шенділер мен депутаттарды дегеніне көндіретін болса, мұнда үлкен мәселе туындайды. Ол – Қазақстанның әрбір ойыншысынан Ресейдегі «СПР» секілді әлдебір фирмаларға, Ресейдегі олигархтарға пайда-пайыз түсіп отыратыны да емес.

Егер «БТО» (ЦУС) дегенге сондай құзырет берілетін болса – тек ойынқұмар Қазақстан азаматтарының ғана емес, сондай-ақ, осы салаға тартылған меморгандардың, соның ішінде Салық органдарының, сәйкесінше бүкіл Қазақстан халқының цифрлік мәліметтері Ресейдің қолында болады деген сөз! Бізге бұл керек пе? Әсте жоқ!

Ресейден ат терлетіп келген «құрметті қонақтардың» бұл келістеріне, олардың Қазақстандағы мүдделестерінің астыртын жүздесулеріне тоқтау салатын кез келген жоқ па?

Иә, біз «одақтас» шығармыз. Стратегиялық әріптес те болармыз. Көршіміз және басқамыз. Бірақ, біз Ресейдің кенже інісі емеспіз!

Abai.kz

3 пікір