Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 2568 55 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 09:30

Мектеп жетпеген сайын - идеологиялық отардың құрбаны бола береміз!

Коллаж: Abai.kz

«Мешіт соққанша, мектеп соқ деп айтсаңыз, Алла алдында жауап бересіз». Бұл есімі елге белгілі дін уағыздаушы Қабылбек Әліпбайұлының айтқан пікірі. Оның бұл сөздерін Караван сайты жазыпты.

Қабылбек Әліпбайұлының бұл айтқандары әлеуметтік желіде, қоғамдық ортада талқы тудыруда. Дін уағызшысының пікірін жақтаушылар да, онымен келіспейтіндер де баршылық.

Сурет: Караван сайтының скрині.

Дін уағыздаушысы не дейді?

«Қазір көпшілік мешіт соққанша, мектеп соқпайсыңдар ма дегенді жазбаңыздар ешқашан. Және де қайталап айтамын, кейде қарап отырсақ, Алланың діні, Алланың мешітіне қатысты сөздер айтамыз деп, небір осындай Алладан келген бәлекеттерді көріп жатырмыз, Алла сақтасын! Сол үшін қазақ айтады: «Барлық бәле — тілкен келеді» дейді. Оны айтпасаңыз да, пікіріңізге, сіз айтқан секілді үкім беріледі.

Сол секілді, жас болса да Аллаға сәжде қылып, мешіт соғып жатқан жастарды қолдап, жақсы пікір жазып кетіңіз. «Бәрекелді! Алла разы болсын! Пайңамбарымыз (с.а.с.) айтып кеткен еді: «Кім мешіт соқса, Алла оған жаннатта осындай пейіш нәсіп етеді» деген сөздерді жазыңыздар. Бұл — жақсылық. Ал, бірақ, жаңағыдай жаман пікір қалдырсаңыз, оған ертең жауап бертініңізді ұмытпаңыз. Өйткені әрбір ісімізге, әрбір сөзімізге, әрбір жазған пікірімізге адамның алдында, Алланың алдында жауап беретініңізді ұмытпаңыз», - дейді Қабылбек Әліпбайұлы. Бұл Каранван сайты келтірген пікірдің толық нұсқасы.

Сурет: Аятжан Ахметжанұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Осы ретте біз белгілі педагог, Республикалық «QAZBILIM» орталықтарының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлын әңгімеге тарттық.

Мектеп салу – ең сауапты іс болуы керек!

- Аятжан мырза, дін уағыздаушы Қабылбек Әліпбайұлының «мешіт пен мектеп» туралы қозғаған сөзін көрдіңіз, оқыдыңыз. Бұған қатысты өз пікіріңізді тарқатып айтсаңыз...

- Шыны керек, біз бүгін шатасқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз ғой. Бұл жұртты шатастыру деп ойлаймын. Мен дін адамы емеспін, ғылымның адамымын. Бірақ, діннің өзінде Пайғамбар: «Мен үмметтерімнің білімді болғанын қалаймын», - дейді. Діннің өзі «оқы, ғылым, білім ізде» деп басталады. Сондықтан, бүгінгінің тілімен айтсақ, мектеп салу – ең сауапты іс болуы керек деп ойлаймын!

Екіншіден, елімізде жаңылмасам, 220-дан аса апатты мектеп, 140-тан астам үш ауысымды мектеп бар. Бұл ресми сандар. Ал бейресми үш ауысымды мектептің санын жасырады. Шыны керек, мұндай мектептердің саны 500-ден аспаса, кем болмайды. Оның үстіне, биылғы жылы 11-сыныпты аяқтайтын оқушының саны 186 мың болатын болса, 6-сыныпты аяқтайтын оқушының саны 400 мыңнан асады. Яғни, төменгі жақта демографиялық өсім келе жатыр. Яғни, мемлекетке мектеп жетіспей жатыр. Дәл осындай уақытта біздің қазаққа: «Инвестицияны білімге салма», деп айту – қастық деп ойлаймын өз басым.

Мешіт – жұмада бір күн толады. Мектеп – бес-алты күн толатын, білім беретін жер. Мешіт тапшылығы сезілсе – жұма күні бір сағат сезілуі мүмкін. Басқа уақытта мешіт тапшылығы сезілмейді. Сондықтан, білімге шақыратын уақыт болды деп ойлаймын! Бұл мәселені мүфтият өзі реттеп отыруы керек! Жалпы қадағалау болмағаннан кейін, осындай пікірлер өте көп болады!

Үш ауысымды мектеп - 30 жыл бойы айтып келе жатқан мәселе!

- Аятжан мырза, жаңағы мектеп жетіспеушілігі деген мәселеден шығады. ҚМДБ-ның дерегінше елімізде 2752 мешіт бар екен. Бір ғана Алматының өзінде 55-ке жуық мешіт тіркелген. Ал ресми статисткиа бойынша (2023 жылғы), елімізде бірінші сыныпқа барған баралар саны 1 млн-ға жуықтайды деген ақпаратты көзіміз шалды. Ал биыл оқу жылын аяқтағалы отырған оқушылар саны 3,8 млн-ды құрайды. БАҚ-та да «мешіт жетіспейді» деген ақпараттан гөрі «мектеп жетіспейді» деген ақпараттарды жиі көзіміз шалады...

- Жауап бермес бұрын, бір қатені дұрыстайын. Қазіргі таңда, ресми санақ бойынша былтыр 410 мың бала барды мектепке. Соңғы 5 жылда сол 400 мыңның айналасында бала барып жүр. 1 млн бала деген қате ақпарат.

Жалпы бізде қазір 3,8 млн оқушы бар. Алдағы оқу жылында бізде оқушының саны 4 млн-ға шығады, нақты.

Мектеп жетіспеушілігі, мектептердің үш ауысымды болуы – бұл отыз жыл бойы көтеріп келе жатқан мәселе. Отыз жыл бойы мемлекет «шешеміз» деп ұрандап келе жатыр. Бірақ, қазіргі таңда шеше алмайтынына ашық көзіміз жетті. Сондықтан да жекеменшік мектептерге мемлекет көп басымдық беріп жатыр.

Сапалы адами капиталға жетпей, ешқашан дамыған мемлекет бола алмаймыз!

- Демографиялық өсім байқалады. Әсіресе, қазақ балаларының саны көбейіп келеді. Ал мектеп жетіспеушілігін толық шеше алмау әлі өзекті болып тұр...

- Егер біз шын мәнінде, дамыған мемлекеттердегі секілді білім сапасын көргіміз келсе, Сингапур, Эстония, Финляндия, Жапония секілді алдыңғы қатарлы сапаға жеткіміз келсе, бізде мектеп 1 ауысымды және сыныптағы оқушы саны 24-тен аспауы керек! Ол дүниеге жетпесек, біз ешқашан сапалы білімге жетпейміз! Сапалы білімге жетпеу – бұл сапалы адами капиталға жетпеу деген сөз! Ал сапалы адами капиталға жетпей, ешқашан дамыған мемлекет бола алмаймыз!

Сондықтан, кейде осындай мектеп жетіспеушілі деген мәселені қолдан жасап, осындай уағыздарды әдейі, миды улау үшін жасайтын секілді болып көрінеді, маған.

Қарулы отарлаудан гөрі – идеологиялық отарлау қарқынды жүріп жатыр!

- Жекеменшік мектептер туралы сөз еттіңіз. Қазір шет мемлекеттердің Қазақстанда жекеменшік мектептер салуы жиіледі...

- Қазір мемлекеттің жекеменшік мектептерге көп көңіл бөліп жатқанын, қазақтардың өз балаларына инвестиция салатынын көргеннен кейін, бізде ағылшындар, үнділер, немістер, орыстар, француздар мектеп салып жатыр. Және олардың бағасы удай. Ағылшындардың бір ғана «Хелибери» мектебінің жылдық құны - 14-15 млн. Астанадағы үнділер салып жатқан мектептің жылдық төлемі - 15 млн мысалы.

Оның сыртында, өзіміз жақсы білеміз, оңтүстікке Ресей президенті В.Путин үш мектеп салып беретін болды. Оның барлығы айналып келгенде, отарлаудың жаңа бір сипаты. Қазір қарулы отарлаудан гөрі – идеологиялық отарлау қарқынды жүріп жатқан кезең. Сондықтан, мектеп жоқ болған сайын біз идеологиялық отардың құрбаны бола береміз.

Бір ғана дүние, өздеріңіз білесіздер, былтырғы Путиннің Украинаға соғыс ашқандағы диктант мәселесін біраз аралас мектептер мен біраз орыс мектептері жазды. Оны белгілі бір деңгейде Оқу-ағарту министрлігі жуып-жапты. Бірақ, қаншама орыс мектептері Ресей идеологиясымен сусындап отыр. Бітірген түлектері негізінен Ресейге кетеді. Мұның барлығы – идеологиялық жаулаудың әсері.

Сондықтан, біз Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтамыз десек, бұл мәселенің барлығы ойланатын мәселе! Егер біз мектебімізді беріп қойсақ – мемлекетімізді беріп қойғанымызбен бірдей!

- Пікір бөліскеніңізге көп рахмет!

Abai.kz

55 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5390