Кремльдің әскери коммунизмі неге әкеп соқтырады?
Ресей бизнесі үшін Кремльдің әскери коммунизм әдістері неге әкеп соқтырады? Осы сауал ТМД кеңістігіндегі басты тақырыпқа айналып үлгерді.
Балтық бойы елдері де, Кавказдық республикалар да және Орталық Азия саяси шолушылары да осы мәселені сан-саққа жүгіртіп, өз болжамдары мен қисындарын алға тарта бастады.
Ресей президентінің инаугурациясынан кейін Кремль, ресейлік жетекші экономистер болжағандай, меншікті кең көлемде қайта бөлуге кірісті.
Осылайша, большевизмнің елесі Ресейдің зауыттары мен фабрикаларын кезіп, ұлттық қорғаныс мүддесінде не табуға болатынын іздей бастады. Бұл елес қалай пайда болды енді сол турасында тарқата сөз ететін болсақ...
Украинадағы соғысты жалғастыруға Кремльге ақша жетпеген жағдайда жеке кәсіпорындарды мемлекет меншігіне алу толқыны басталады деген сарапшылар болжамы шындыққа айнала бастады. Украинаға басып кіргеннен бері Ресейден 250 миллиард доллардан астам қаражат әкетілді.
Жақында Калуга облысының аудандық соты РФ Бас прокуратурасының Климовка мамандандырылған патрон зауытының (КСПЗ) акцияларын мемлекет пайдасына жеке меншік иелерінен алып қою туралы азаматтық талабын қанағаттандырды. Оған дейін «Кучуксульфат», Ярославск кеме жасау зауыты, «ЛОМО» АҚ және басқа да жеке кәсіпорындар мемлекет меншігіне алынды.
Әскери зауыттар, химия комбинаттары, автомобиль кәсіпорындары, банктер, бір сөзбен айтқанда, барлық негізгі стратегиялық активтер Кремль басшыларының шағын тобының бақылауына өтеді. Әскери коммунизмнің кеңестік кезеңімен айырмашылығы, қазіргі заманғы мемлекеттік меншікке алуды Ресейде былғары киімді және маузерлі қызыл комиссарлар емес, қарапайым сот алқасы жүргізуде.
Бұл процесс арыдан ойластырып, Путиннің реваншистік идеясы үшін құпия сақталынып келгені еш жасырын емес. РФ аумағында қарапайым сот алқасы бизнес репрессияның қанды қол жендетіне айналдырылды. Сот алқасына бизнесмендердің таза жолмен байымағандығы таыблмас һәм бұлтартпас фактіге бір күнде айналып шыға келді. Сонымен, 2022 жылдан бастап РФ Бас прокуратурасы сыбайлас жемқорлық, ақшаны шетелге шығару, 90-шы жылдары заңсыз жекешелендіру және басқа да айыптар негізінде кәсіпорындарды мемлекет меншігіне алу бойынша 40 істі бастады.
Осыдан үш жыл бұрын Ресейге қарсы экономикалық санкциялар енгізілгенде, олардың әсері екі-үш жылдан кейін пайда болады деп есептелген. Бірақ үшінші жыл өтті, ал Ресей экономикасы әлі күнге дейін қалыпты жұмыс істеуде және Путиннің соғысты жалғастыруға әлі де қаражаты бар сияқты... болып көрінгенімен дүние 380 градусқа төңкеріліп үлгергендігін әлем емес, ресейліктердің өздері де сезе бастады.
Бүгінде ешкімге керексіз соғысты қаржыландыру және ұлттық экономиканы ұстап тұру үшін мемлекет өз бизнесін өзі тонауға кірісті. Өзі отырған бұтақты балталау әрекетіне парапар бұл қадам Кремль үшін өте қауіпті жол. Мысалы, билік «Газпромнан» триллион 300 миллиард рубль алып, салық жүйесін әдейі өзгерте отырып, Ресей экономикасын ұстап тұрған газ және мұнай бизнесінен ақша алуды жалғастыруда. Яғни, Ресей басшылығы бүгін - ертең бұл компаниялар банкрот болсын деген қағидатпен шикізаттан пайда түсіретін саланың соңғы шырынын сығып өмір сүріп жатыр.
Өзінің инаугурациясына дейін Владимир Путин Ресей өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының (РӨКО) съезінде ұлттандыру болмайды деп сендірсе, енді сайланып алғаннан кейін сол уәдесінен тайып, арқаларынан қанжар сұғып отыр.
Бұл қадам мемлекеттік меншіктің құрбаны болған ресейлік қор нарығын жойып жіберді. Ең бастысы Заңдағы өзгерістер. Атап айтар болсақ, Ресей Жоғарғы Сотының уақыт өту мерзімі тергеу органдарының көзқарасы бойынша құқыққа қарсы қандай да бір әрекет жасалған кезден бастап емес, ол туралы прокуратураға белгілі болған кезден бастап есептелетінін жалаулата бастады. Отыз жылдық алып ұйқыдан оянған РФ прокуратура органдары алғаш рет ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы жекешелендіру туралы естіген сияқты кейіпке ене бастады. Яғни, олар бұған дейін ол істен мүлдем хабарсыз болған да, бірақ бір сәтте ояна салай, төңіректегілердің бәрін дұрыс жекешелендірмегенін анықтады. Ал олай болса, бәрін заңды меншік иесі - мемлекетке қайтару үшін білек сыбана іске кірісіп кетті. Бас прокуратура іс жүзінде уақыт өту мерзімінің күшін жойды және енді кез келген кәсіпорынды ғана емес, тіпті 30 жыл бұрын жекешелендірілген, бірнеше рет меншік иелерін ауыстырған үйлер мен нысандарды да еш кедергісіз, заңды негізде меншіктенушілерден «тартып ала» ала алатын пәрменге ие болды. Меншік иесінің акцияларды биржадан заңды түрде сатып алғаны бұдан былай Путиндік Ресейде ешкімді алаңдатпайды.
Бұдан бөлек тағы бір себеп - кәсіпорын Ресейдің қорғаныс қабілеті үшін стратегиялық мәнге ие болса, Украинаға қару жеткізетін Ресейге қарсы елдерге өнім экспорттайды деген сылтаумен кәсіпорынды алып кетуі мүмкіндігі арта түсті. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде Ресейде бәрі де соғыс пайдасына тартылып алынуы әбден мүмкін.
Бұның бәрі билікке бүйрегі бұратын олигархтарды да шошыта бастады. Ресей зиялылары «Ресейде әлі де паналап қалған олигархтар елден кедергісіз шығып, өз капиталдарын шығара ала ма?» деген сауалды қоя бастады. Путин олигархтары үшін Батыс нарығына жол жабық. Енді олар тыққан-пыққан ақшаларын елден қалай алып шығудың жолын іздестіруге кірісті. Қазір бизнеске қатысты билікте оң қабақ танытушылық жоқ. Олигархтың адалдығы – ендігі жерде оның жеке меншігіне мемлекет тарапынан қол сұғылмаушылықтың кепілі бола алмайды. Ресйеде бай-бағыландарға арналған 1937 жылдың қара түнегі қаптап келеді. Кімнің келесі, кімнің бір күнде «бар байлығынан айырылу» кезегі қашан келеді дегенді ешкім білмейді.
Ресей кедейлері қайта бұған қуанып, билікті жақтап шығады. Тіпті «Ничего, потерпим! Деды терпели, и мы проживем…» деп әлеулайға басады.
Бүгінде Ресейде ақшаны жұмсаудың негізгі үш бағыты бар - Украинадағы соғыс, азаматтық экономиканы қолдау және халықты қолдау. Жағдай мынадай, билік барлық үш міндетті шешу үшін ақшаны қайдан табатын болады деген мәселе ашық күйінде қалып отыр. 2025 жылы ақша не соғысқа, не экономиканы қолдауға, не елде қалыпты өмір сүруге жетеді. Биыл Ресей соңғы қаржы ресурстарын жеп, өз бизнесін тонап жатыр.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz