«Қазақстан» брэндін – Маңғыстау туризмі танытады
Сейсенбі күні Маңғыстау облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының, Маңғыстау облыстық білім басқармасының, Қазақстан Туристер Ассоциациясының және Бельгиядағы жоғарғы техника мектебінің (Howest) арасында меморандумға қол қойылды. Бұл оқу орыны – Гента (Бельгия) қаласындағы Университеттер Ассоциациясына мүше.
Бельгиялық мамандар Маңғыстау облысында ашылуы тиіс туризм колледжіне кадрлар дайындауда көмек көрсетпек. Келісімшарт негізінде білім беру, зерттеу, жаңа технологияларды қолдану саласында жетістікке жету көзделген. Меморандум оқытушылардың тәжірибе алмасып, студенттердің Бельгияда оқуын жалғастыруына мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары Жауынбай Қараевтың төрағалық етуімен өткен жиында Howest университетінің таныстырылымы болды. Студенттерді алмастыру халықаралық бағдарламасы бойынша профессор Ян Десменттің айтуынша, университетте 4500-ге жуық студент бар. Оларға 300 оқытушы дәріс береді. Сонымен қатар, 50-ге жуық әкімшілік саласындағы қызметкерлері бар. 20-дан астам адам зерттеу саласына жұмылдырылған.
«Біздің басты мақсатымыз – оқу орынын ұлтаралық университет ретінде қалыптастыру»,– деді Ян Десмент. Бұдан кейін бельгиялық қонақтар үшін Маңғыстау туристік мүмкіндіктерін көрсететін таныстырылым жасалды. Өңірде «Туризм кластерін дамыту» туралы жоспар бекітіліп, оның орталығы ретінде «Кендірлі» демалыс орыны белгіленген.

Қазақстан Туристер Ассоциациясының өкілі, облыс әкімінің кеңесшісі Роза Асанованың айтуынша, ұйымның 300-ге жуық мүшесі бар. Үстіміздегі жылдың 19-мамырында ассоциацияның құрылғанына 10 жыл толады. «Жақында Кендірлі демалыс орынын дамыту туралы инвестормен келісімге қол қойылады. Демалыс орынында жылына 21 мың адамды қабылдауға мүмкіндігі бар 23 қонақүй салынбақ. Ал, оған 10 мыңға жуық адам қызмет көрсетуі тиіс»,– дейді Р.Асанова.
Облыстағы лицейлерде 26, ЖОО 72 мамандық бойынша білім беріледі. Бірақ бүгінге дейін туризм саласының білікті, білімді, кәсіби мамандарын даярлау мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Маңғыстау туризм колледжін ашудың қажеттігі осыдан байқалады.
Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанның туристік әлеуеті қандай деңгейде? Тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар 20 ғасырдың 20-30 жылдарында пайда болған. Ал, бүгінгі таңда республика бойынша 700-ден астам саяхаттық маршрут белгіленіп, туризмнің барлық түрлері (танымдық, ойын-сауық, экологиялық, сауықтыру, спорттық, аң аулау мен балық аулау, атпен серуендеу) жүргізіледі.
Қазақстандағы туристік нысандар табиғи-рекреациялық, тарихи-археологиялық және тәуеп ету орындары болып үшке бөлінеді. Мамандардың айтуынша, туризм саласында тарихи-археологиялық ескерткіштердің рөлі зор. Көне қалалардың орыны, қорғандар мен мазарлар, жартастардағы петроглифтер – ештеңеге ұқсамайтын ерекше дүниені іздеп жүрген туристер үшін таптырмайтын орын. Соңғы уақытта әулиеге тәуеп етушілердің саны артып келеді. Әсіресе, бүкіл түркі әлемі, мұсылман қауымы үшін қасиетті мекендер – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Оғыландыдағы Бекет-Ата мешіті жұртшылық жиі жиналатын жерге айналған. Әулиенің басын ақша табатын орынға айналдыру – менталитетімізге жатпайтыны рас. Бірақ қасиетті орындарды зияраттау үшін жұмсалған қаржы күмәнді ұйымдардың қалтасына кеткеннен гөрі қазынаның қазанына түскені әлдеқайда артығырақ.
Ал, тау-тас, өзен-көл, қорықтар мен саябақтар, қаймағы бұзылмаған табиғаттың өз туындылары табиғи-рекреациялық нысандарға жатады. Бұл ретте баса назар аударатын мәселе – Қазақстанда көркі көз сүйсіндіретін жерлер жеткілікті. Демек, елде туризмді дамытуға мүмкіндік бар.
Әйткенмен, «Қазақстан» брэндін әлемге таныту, туризм саласын дамыту ісі тек 2007 жылы ғана мықтап қолға алынды. Қазақстанның көрікті аймақтарын жарнамалауы үшін туризм министрлігі СNN, BBC, Евроньюс, Дискавери арналары мен ақпарат таратушы компаниялармен келісімшарт жасаған. Насихатты нығайту мақсатында былтыр мемлекетіміз Мадрид, Берлин, Шанхай, Сеул, Токио, Лондонда өткен бірнеше халықаралық туристік жәрмеңкелерде ұлттық туризмді таныстырды.
Туризм және спорт министрлігі «2007-2011 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. Оған еліміздің туристік әлеуетіне зерттеу жүргізген халықаралық консалтингтік компаниялар сарапшыларының ұсыныстары да енгізілген. Құзырлы органның болжамына қарағанда, егер 5 жылдық бағдарлама жүйелі түрде жүргізілсе, 2009 жылы сырттан келетін туристердің саны 5,6 млн-ға жетіп, 2010 жылы 5,9 млн-ды құрауы мүмкін. Ішкі туризм 2009 жылы 4,0 млн-ға, 2010 жылы 4,1 млн-ға көбеймек.
Ал, оған тек инфляцияның өсуі, әлемдік қаржы нарығының тұрақсыздығы, табиғи апат факторлар кері әсер етуі мүмкін. Министрлік бағдарламаның толыққанды орындалмауына стратегиялық құжаттардың сапасыз іске асырылуы мен білікті мамандардың аздығы да теріс ықпалын тигізетінін жоққа шығармайды.
Туризм және спорт министрі Т.М.Досмұхамбетовтің айтуынша, аймақтарда туризмді дамытуға жергілікті атқарушы биліктің жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отырғандығы кедергі.
Өйткені туризмнің дамуы үшін инфрақұрылым мен маркетинг деңгейі де сапалы болуы тиіс. Кәсіби мамандар мен ғылыми базаның жоқтығының салдарынан туристік визаларды рәсімдеу, шетелдік туристерді тіркеу процедуралары мен кедендік, паспорттық бақылау мерзімдерінің сапасы төмен.
Жыл басында премьер-министр К.Мәсімовтың қатысуымен өткен жиында Туризм және спорт министрі Т.М.Досмұхамбетов басты мақсат – Қазақстанды Орталық Азия өңірінің туризм орталығына айналдыру екендігін атап өтті. Бұл ретте Бурабай, «Жаңа Іле» орталықтары мен Кендірлі демалыс орынын салу қажет.
Маңғыстау облысын халықаралық іскерлік және туризм орталығына айналдыру керектігін былтыр Ақтауға келген сапарында елбасы Н.Ә.Назарбаев та баса айтқаны есімізде.
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Е.С.Никитинскийдің сөзіне сүйенсек, Кендірлі демалыс орыны Маңғыстауды Қазақстанның батыстағы туристік орталығына айналдырып қана қоймайды. Оның айтуынша, 2015 жылы Маңғыстау – әлемдік нарықтағы туристік сектордың маңызды бөлігін жаулап алуы тиіс. Сонымен қатар, Каспийде Қазақстан, Ресей, Иран, Түркменстан, Әзірбайжанның қатысуымен халықаралық теңіз круизын ұйымдастыру да қолға алынбақ.
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік туристік ұйым Бас Ассамблеясының (ЮНВТО) 17-ші сессиясына қатысып, Атқарушы кеңес құрамына сайланған еді. Енді ұйымның кезекті сессиясы үстіміздегі жылдың қазан айында елордада өтуі тиіс. Оған 170 елден өкіл келеді деп жоспарланып отыр.
Мамандар аса маңыз беріп отырған туристік жоба – «Қазақстанның жеті кереметі» еді. Тоғыз ай бойы жүрген сайыстың қорытындысы баршаға мәлім. Бір қуанарлығы Қазақстанның жеті кереметінің үшеуі – осы Маңғыстауда орналасқан. Жеті кереметті әлемнің 170 елінен келген ЮНВТО-ның өкілдері тамашалайтын болады.
Мұның бәрі «Қазақстан» брэндін әлемге танытуда Маңғыстаудың ерекше рөл алатынын білдіреді.
Камшат БАТЫРБЕКҚЫЗЫ
«Үш қиян» газеті 1 мамыр 2009 жыл
http://ushkiyan.kz/