Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6339 0 пікір 23 Желтоқсан, 2013 сағат 03:57

Қандастарымыз репатриант па, әлде «гастарбайтер» ма? (басы)

Көші-қон заңнамасындағы қайшылықтар мен шатасулар

Көші-қон заңнамасындағы қайшылықтар мен шатасулар

2013 жылдың соңындағы қазақ ұлты үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі - Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді талқылап, бірауыздан мақұлдауы болды. Негізі, құжаттың басты мақсаты - еңбек иммигранттарын заңдастыру, еңбек көші-қоны үдерісін мемлекеттік реттеудің мәселелерін жетілдіру болып табылады.  Бірақ, осы заңның бір ұшы шетелде жүрген қандас бауырларымыздың Атамекенге оралсам деген өрекпіген көңілін су сепкендей басып, Елбасының өзі бастамашы болып отырған «Нұрлы көшке» нұқсан келтіріп отыр. Атап айтқанда, бұл заңның алғашқы жобасында шетелдік этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы үшін елімізде міндетті түрде бес жыл тұру мерзімі белгіленді. Қоғамда қарсы пікірлер тудырған бұл мерзімді Сенат төрт жылға төмендетуді ұсынып, Мәжіліске кері қайтарғаны белгілі. Иісі қазақты шулатқан осы заң жобасының Мәжіліске қайтуына Нұрлан Оразалин, Қуаныш Айтақанов сияқты сенаторлар ықпал еткен екен. Н. Оразалин: «Бұдан қиын күндерде де алыстағы ағайындарымызды елге шақырып, жағдайын жасап, азаматтық бергенбіз. Енді бүгін дамыған елдердің қатарына қосылып, тұрмысымыз түзелгенде, қазақ баласын екіге бөліп, жылатқанымыз елдікке жатпайды», - десе, сенатор Қ. Айтаханов: «Бұрынғы біздің заң жобасын­да жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу материалдарын қарау мерзімі 3 айдан ас­пайтын. Қазір 5 жыл дедік, енді 4 жылға түсірдік. Тым ұзақ емес пе? 1 жыл немесе 2 жылға түсіруге болады ғой. Неге біз оны 5 жылдан түсіріп, 4 жыл дедік. Неге оны бір жыл демейміз. Осыған біз түсінбей отыр­мыз» - деген болатын. Мәжіліс қайта қарап, оралман ағайынға Қазақстан азаматтығын беруді тарихи отанына келгеннен кейін төрт жыл өткен соң ғана беру керек деген ұсынысты мақұлдады. Қалың қазақ «Енді қалай болар екен?» деп дүдәмал күйге түсті. Оралмандардың азаматтық алуын бес жылға дейін созып, квотасын мүлдем жою керек деген Е.Досаевтың бастамасына зиялы қауым да, шеттегі ағайын да наразылық білдіріп, "Бұл заң жобасына қол қоймаңыз" деп Елбасыға ашық хаттар жазды, Атажұртқа қарай бәсеңдей бастаған көштің дамуына одан сайын кедергі келтіретін заңға Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың вето қоюын өтінді. Осылайша, қазақты шулатқан заңның тағдырын президенттің қол қойып бекітуі ғана қалғанда, барша қазақ Елбасына үміт артып, ол оны кері қайтарады деген сенімде болды. Алайда, 2013 жылдың 10 желтоқсанында мемлекет басшысы еңбек көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Сөйтіп, қазақтың үміті ақталмады... Бәлкім, Елбасымыз заң жобасын ұсынған министр мен екі палаталы парламент депуттарының білімі мен біліктілігіне сенген болар, кім білсін. Енді күшіне енген жаңа заң бойынша тарихи отаны - Қазақстанға көшіп келетін шетелдік қазақтар төрт жылдан кейін ғана азаматтық ала алады... Азаматтықсыз, «ИИН» дегенді алмай ешкім баласын мектепке орналастыра алмайтыны белгілі. Тұрақты тіркеусіз "Оралман куәлігі" жоқ. Ал, тұрақты тіркеуге тұру үшін түрлі қолдан жасалған кедергілер  жетіп артылады. "Оралман куәлігін" болмаса, зейнетақы рәсімдеу, жаңа туған балаларына жәрдемақы төлеу, түрлі төлемақылардан қағылады. Оның үстіне, бұрын қолданыстағы заңнама бойынша "Оралман куәлігінің" мерзімі 1 жыл еді. Ол осы бір жылдың ішінде азаматтыққа құжаттарын тапсырып үлгеруі тиіс. Енді, азаматтық беру мәселесі 4 жыл қарастыруда болмақ па? Яғни, "Халықтың көші-қоны" мен "Еңбек көші-қоны" заңдары бірі-біріне қайшы.  Шетелдегі қандастарымыз Қазақстанға елім, жерім деп келгенде, төрт жыл бойы Қазақстан азаматы деген асқақ сезімді сезіне алмауы елдігімізге сын емес пе? Басқа ұлттарға бауырмал, жатқа қонақжай қазақ ұлты өзінің шетелдегі қазақ қандастарына неге кенеттен тасбауырлық танытып отыр?

Көші қон заңнамасын өзгертіп толықтырудың бастамашысы - Экономика және бюджеттік жоспарлау министріміз Ерболат Досаев болса,  азаматтық алушы адам 4 жыл ішінде балаларының оқу проб­лемаларын, орналасу, бейімделу сияқты мәселелерін шешетінін, осы заң жобасын әзірлеуде бірқатар шетелдердегі еңбек көші-қоны туралы заңдар мен олардың іске асырылу тәжірибесі зерт­телгенін айтты. Өзі қамшының сабындай  ғана қысқа өмір, оның 4 жылы азаматтықсыз өтсе не болғаны? Дәл осы жерде, Е.Досаев мырзаның еңбек көші-қоны мен этникалық көші-қонды шатастырып алғаны анық байқалады. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 3-бабында көшіп келудің негізгі бес түрі айқындалған:

Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар: 1) тарихи отанына оралу мақсатында; 2) отбасын біріктіру мақсатында; 3) білім алу мақсатында; 4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында; 5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.

Яғни, экономист-министр 3 тармақтың 1)-ші жолында көрсетілген тарихи Отанына оралушы қазақ қандастарымызды 4)-ші санамадағы Қазақстанға жұмыс іздеп келуші еңбек мигранттарымен теңестіріп тұр. «Репатриация» дегеніміз - шетел территориясында өмір сүріп жатқан ұлты бір қандастардың өзінің тарихи Отанына оралуы. Ал, еңбек мигранттары – жұмыс іздеп, бір-елден екінші елге пайда тауып, күн көрсем деген ойдағы көшіп-қонушылар, яғни, "гастарбайтерлер" (немісше - Gastarbeiter; сөзбе-сөз: қонақ-жұмысшы). Репатрианттар тарихи отанына оралып, азаматтық алып, ел-жұртта тұрақтап қалуды армандаса, еңбек көші-қонымен келетіндер Қазақстанда уақытша жұмыс істеп, ақша тауып, кері қайтып кетуді көздейді. Сонда оралман «гастарбайтермен» тең болғаны ма? Шетінен ғалым болса да, бұл қалай деген депутаттар жоқ, сөз бұйдамен бұрмаланған мәтіннің кесірі енді шетелден келуші қаншама репатриант қазаққа сор болары белгісіз. Осы заңның 26-бабындағы «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» жазылған 1 тармақшада оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің жеңілдетілген (тіркелген) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықтары бекітілген болатын.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 ж. 20 желтоқсандағы № 1017-XII Қазақстан Республикасының Заңының (ҚР Президентінің 03.10.95 ж. N 2477 жарлығына сәйкес, сонымен қатар, 17.05.02 ж. № 322, 2004.20.12 ж. № 13-III, 2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңдарымен өзгерістер мен толықтырулар ендірілген) 16-бабында Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары айқындалған. Мұнда: «Қазақстан Республикасының азаматтығына:

1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, пайым қабiлетiн жоғалтқан не Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдардан және олардың отбасы мүшелерінен және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан, сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретiнде тұрақты тұру үшiн Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, олардан осы тармақшаның бiрiншi абзацында көзделген шарттардың болуы талап етiлмейдi» - деп тайға таңба басқандай жазылған. Сонда, еңбек көші-қонына ендірілетін өзгерістер мен толықтырулар азаматтық туралы заңнамаға да қайшы келмей ме?

Ұлттық мүддеге сәйкес жүргізілген көші-қон саясатының арқасында тәуелсіздік алғалы бері шетелде жүрген миллионға тарта қазақ қандастарымыз тарихи Отанына оралып, Қазақстан Республикасының азаматына айналды. Оралмандар да «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп, егеменді елімізді нығайтуға өзіндік үлестерін қосуда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап биылға дейін Қазақстанға шетелдегі қазақ қандастарды жинау жүйелі және бірізді жүрді, мемлекеттік қолдау жасалғандықтан нәтижесі де айтарлықтай болатын. Ал енді, оқыстан үркіп, шабысын кілт тоқтатқан ат сияқты, елге оралушы қазақтың көшін кідіртуге не түткі болып отыр?

 

Тәуелсіз Қазақстандағы этникалық көші-қон саясатының сын-сипаты

Қазақстанға бағыт алған этникалық көші-қонның тарихына қысқаша тоқталар болсақ, 1991 жылдың басында әуелі “Қайт, қазақ Отаныңа!” деп Қазақстанның зиялы қауымы бас көтерсе, ел Президенті Н.Назарбаев “Алыстағы ағайындарға ақ тілек” атты әйгілі хатын жария­лады. Хатта: “Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын”, – деген ақ тілек айтылған. Осы хат онсыз да елпілдеп, елегізіп отырған шетелдегі қазақ қауымын рухтандырды. 1992 жылдың 28-қыркүйегінде президентіміздің бастамасымен Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Тәуелсіздік алған тұста репатриация процесін реттеуші негізгі құқықтық құжат - 1992 жылғы 26 маусымда қабылданған «Иммиграция туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болды. «Иммиграция туралы» заң этникалық қазақтардың көшіп келуінің ұйымдық мақсатын қамтамасыз ету және реттеудің, оларға жаңа жерде қолайлы жағдай жасаудың құқықтық негіздерін құрап, шет елдерде тұратын қазақтар үшін тарихи Отанына емін-еркін оралуға мүмкіндік берді. Тіптен, сол кездегі Министрлер Кеңесінің «Көші-қон туралы» қабылдаған қаулысы бойынша ҚР Еңбек министрлігінің жанынан арнайы мемлекеттік орган - Көші-қон басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарма шама-шарқы жеткенше репатрианттардың Қазақ еліне оралуына ықпал етті. Иммиграция заңының негізінде көші-қонның жыл сайынғы квотасы 1993 жылдан бастап белгіленді, оны Министрлер Кабинетінің ұсынысы бойынша Қазақстан Президенті бекітетін болды. Квотада келушілердің мемлекеті мен шектеулі саны, оларды қабылдаудың, орналастыру мен бейімдеудің жағдайлары, сондай-ақ, олар қоныстанатын аймақ пен шаруашылықтың түрі көрсетілді. Ал, ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы 23 қыр­күйекте қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Респуб­ликасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпшілігі үй-жай және басқалай жеңілдіктерге қол жеткізді.

Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойлау, ұлтымыздың тарихын-дағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрілетінін талқылау. Құрылтай барысында әлем қазақтарының ұйытқысы болатын қауымдастық құрылды. Ең бастысы – тұңғыш Құрылтай алыстағы ағайынның елге оралатын ұлы көшіне қозғау салып берді. Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев: “…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз” – деп, «Бар қазақ - бір қазақ» деген сарындағы жалынды сөз сөйледі. Көп ұзамай, 1993-1994 жылдары басталған эконо­микалық дағдарыс көші-қонның барысына кері әсерін тигізді. Сөйтіп, дабырамен басталған көш бір мезгіл саябырлап, кейбір жерлерде «кері көшу» орын алды. 1995 жылдан бастап қазақ көші түзелді. Президенті Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мем­лекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыт­тары» туралы қуатты құжаттар жасалды.

1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» жолдауында күшті демографиялық саясат елдiң ұлттық қауiпсiздiгiнiң басымдығы ретінде айқындалды. Соған сәйкес, 1997 жылғы 13 желтоқсанда «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды  (2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» № 477-IV Заңмен күші жойылған). Бұл заңда шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде, мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау мен дамытуға, этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесуге айтарлықтай көңіл бөлінді. 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» заңда алғаш рет шеттен келген отандастарымызға оралман анықтамасы қолданылды. Мемлекет құрушы қазақ ұлтының саны мен сапасының артуы стратегиялық маңызы зор мәселе. Осылай бола тұра, Қазақстандағы өзге кірме ұлт өкілдеріне бауырмал қазақ шетелден оралған қандастарына «оралман» деп алабөтен қарайтыны түсініксіз. Бұл заңда айтылғандай: «Репатриант (оралман) – жалпы саяси қуғын-сүргін актілері заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат – өзге де іс-әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айрылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ, оның ұрпақтары». Осы жерде, «оралман» деп айтуды қате деушілер мен «репатриант» деген терминді өзгеріссіз қалдыру қажет деген пікірлер болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, «ирридента» терминін қолдануды ұсынушылар да болды. Мысалы, Қытайдың қазақ жерімен  шектесетін Іле, Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға өңірлерінде қазақтар ежелден бері тұрып келе жатыр, сол сияқты, Ресейдің Омбы, Орынбор, Астрахань, Саратов, Қорған, Таулы Алтай; Өзбекстанның Сырдария, Жизақ, Гүлстан, Келес, Қарақалпақ сияқты шекаралас аймақтарындағы қазақтар өздерінің тұрғылықты жерлерін ата-бабалар заманынан атамекен санайды. Олар өзге елдің азаматы болғанымен, туып-өскен жерлерін саяси-тарихи жағдайлар мен шекаралық межелеудің салдарынан басқа елдің шекарасы ішінде қалып қойған қазақ жерлері деп біледі. Мұндайларға қатысты ғылымда ирридента деген термин бар. Бұл жерде ешқандай арам ойымыз жоқ, Қазақстан көршілес елдермен шекараларын анықтап қойды, ешкіммен таласымыз жоқ, қазақ ирриденталары да сепаратизмнен аулақ. Біздің айтпағымыз - Қазақстанмен шекаралас болса да, шет жерде саны қалың диаспора, ирридента күйінде қалған, шалғайда тарыдай шашылған бауырларымыздың саны 1997 жылдың басында 5 миллион 400 мың болса, қазір жобамен 4,5 миллионнан асады екен.

Ал, 1998 жылы 16 қыркүйекте ҚР Үкіметінің № 900 қалысымен «Этникалық қазақтарды тарихи отанына репатриациялаудың тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамада этникалық қазақтарды тарихи отанына репатриациялау мен өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының  көші-қон саясатындағы басымдық ретінде айқындалған. Көп ұзамай, 2000 жылы маңызы зор тағы екі құжат: 17 тамыздағы № 1272  және 5 қыркүйектегі № 1346 Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік демографиялық саясатының тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республикасының   көші-қон саясатының тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжаттардан демографиялық даму экономиканың өсуiне, елдiң қорғаныс қабiлетi мен мемлекеттік қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тiкелей әсер етедi деген ұлттық мүддемен астасып жатқан қағиданы анық байқауымызға болады.

2001 жылғы 29 қазанда Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасы   көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» бекітті. Оның мақсаты - еліміздің бірқалыпты әлеуметтік-экономикалық, демографиялық дамуын қамтамасыз етумен қатар, мигранттардың құқықтары-ның орындалуына жағдай жасау, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігін арттыру болып табылады. 2002 жылғы 23 қазанда Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өткізілді. Бұл жиында оралмандар үшін өзекті  көшіп келу, білім алу, еңбек ету мәселелері жан-жақты қаралды.

Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайы 2005 жылғы 28-30 қырқүйек аралығында Астана қаласында өткізілді. Бұл құрылтайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991-2005 жылдар аралығында елімізге барлығы 110 мың 591 оралмандар отбасы қоныс аударғандығын айта келіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейгендігін атап өтті. Елбасы әлемдегі әрбір үшінші қазақ шет елдерде тұратынын, қазақтарды тарихи отанға жинап, біріктірудің маңызын ерекше атап өтті. Сол кезеңдегі Көші-қон және демография агенттігінің мәліметтері бойынша, 1991-2006 жылдары шет елдерден келген оралмандардың жалпы саны 143343 жанұя  шамамен, 565757 адам болған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі № 224-ө бұйрығымен Оралман мәртебесін беру ережесі бекітілді.  Ережеде «Оралман» мәртебесін беру және оның тіркелуі туралы өтінішті беру тәртібі, оралман мәртебесін беру тәртібі айтылған. Оралман куәлігі қатаң есептіліктегі құжат және олардың мәртебесін растау үшін негіз. Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы 29 қыркүйектегі № 858 Қаулысымен «Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу» Ережесі, 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 15 Қаулысымен «Көшіп-келу квотасы бойынша келген оралмандарға тұрақты тұратын жеріне бару және мүлкін (оның ішінде малын) апару жөніндегі шығыстарын өтеу, келген жері бойынша тұрғын үй сатып алу үшін қаражат бөлу және біржолғы жәрдемақыларды төлеу» Ережесі бекітілді. 

Еліміздегі көші-қон процестерін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы № 399 жарлығымен «2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы» қолданысқа енді. Мақсаты - еліміздің ұлттық бірдейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды барынша азайту және сұрыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон ағынының келеңсіз салдарын азайту болды.  Тұжырымдамада көші-қон саясатын басқарудың жаңартылған стратегиясы анықталған:  мамандарды іріктеу критерийлеріне негізделген көшіп-қонушыларды тарту тетіктерін әзірлеу; өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін, өңірлік еңбек нарықтарын негізге ала отырып, көшіп келушілерді ұтымды орналастыру тетіктерін әзірлеу; көшіп келушілерді заңдастыру, бейімдеу және кіріктіру жөніндегі шаралардың жүйелерін әзірлеу; шет мемлекеттердің практикалық тәжірибесін пайдалануды қамтиды, мұның өзі белгілі бір дәрежеде көшіп келушілерді кіріктіру контексінде мемлекеттің саясатын күшейтіп, жақсарту.

Бұған қоса, Елбасының өзі оралмандарды Қазақстанға көшіруге жаңа серпін беретін «Нұрлы көшке» бастамашы болды. 2008 жылғы 2 желтоқсанда «2009-2011 жылдарға арналған "Нұрлы көш" бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1126 Қаулысы шықты. Бағдарламаны жүзеге асыруға 197 795,6 млн. теңге қарастырылып, бұл қаражат республикалық, жергілікті бюджеттерден және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен берілетін болады. Үш жылдық бағдарлама аясында 60 мың отбасы, яғни, орта есеппен 300 мыңдай адамды көшіріп алу жоспарланды. Өкінішке орай,  бұл бағдарламаның жүзеге асуында түрлі олқылықтар орын алды. ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды жасаған есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев «Нұрлы көш» бағдарламасы тиімсіз жүзеге асырылып жатыр деп мәлімдеді. Мәселен, жалпы құны 2,6 млрд. теңгеден астам сомаға 3223 пәтер салынған болса, соның 622-не ешкім қоныстанбаған. Бағдарламаның орындалуы, оның аясындағы шараларды іске асыру барысында тиісті мониторинг және ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылмаған. Жоспарланған 21 іс-шараның 9-ы орындалып, 3-уі орындалмаған, 9 іс-шара ішінара, кешіктіріліп және сапасыз атқарылған. Бұдан бөлек, салынған тұрғын үйлердің өз бағытты орнына пайдаланылмай отырғандығы анықталған. Жалпы, Есеп комитетінің қорытындысы бойынша «Нұрлы көш» бағдарламасы әлі де пысықтау мен жақсартуды қажет етеді. Соған қарамастан, 2011 жылғы 25-27 мамырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының  төртінші құрылтайында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Н. Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруды дағдарысқа қарамастан қолға аламыз деп мәлімдеді. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы да «Нұрлы көшке» игі ықпал ететіндей мазмұнда болатын. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің  жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алу құқығы бекітілді. Алайда, «Үкіметтің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың оралман отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Үкімет бұл қаулыны кері қайтарып алды», – деген Көші-қон полициясының хабарламасы талай қазақтың үмітін су сепкендей басты. 2012 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Үкіметі бұл қаулыны кері қайтарып алды. Елбасының айтқаны неге іске асырылмай қалғаны беймәлім. Көші-қон органы қысқа ғана: «Квота дұрыс бөлінбеген, аймақтық ерекшеліктер ескерілмеген. Олқылық түзелген соң бәрі қалпына келеді» деген түсіндірме берді. Квотаға қол жеткізу мұң болып тұрғанда, жығылғанға жұдырықтай болып, оралмандарға азаматтық беруді 4 жылға дейін созатын жаңа талап заңды түрде бекітіліп кетті. Осылайша, тәуелсіздік алған кезеңнен бері бір ізді жүргізілген этникалық көші-қон саясаты сұйылып, «Нұрлы көштің» соңы сиыр құйымшақтанып, Ата жұртқа жол тартқан қандастарымыздың  көші дағдарып қалды. Асылы, қазақтың санын өсіретін ұлы көшті тоқтатпағанымыз жөн еді. Осыған орай, «Оралмандар Қазақстандағы қазақтың санын арттырып жіберетін болды деп қауіптенетіндер бар ма, қалай?» деген күдік көңілімізге ұялайды…

Сейілбек Мұсатаев

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407