Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2493 22 пікір 4 Маусым, 2024 сағат 13:58

«Жаңа емлеге» - 100 жыл!

Коллаж: Abai.kz

Биыл қазақ мәдениеті үшін айтулы дата: Ахмет Байтұрсынұлы жасақтаған арап кескінді «жаңа емле» аталған төте жазудың  толық нұсқасына - 100 жыл. 1924 жылы жазу жүйесі ретінде «төте жазу», жазу граммтикасы ретінде «жаңа емле» аталып, атқарылған жоба ретінде «Оқу құралы» аталған оқулық түрінде жария болған еді.Ұлт ұстазының бұл еңбегі қазақ тарихындағы мәдени үлестің айтулысы. Шын мәнінде ХХ ғасырдағы халқымыздың мәдени өрлеу кезеңінің басы осы еңбектен бастау алады.

Суретті мақала авторы ұсынды

Дегенмен, жаңа дәуірдегі қазақ жазуы «Жаңа емлеге» жеткенше, XIX ғасырдағы ұлттың ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің кирилше әліпбиінен басталғанын айналып өте алмаймыз. Әрине, бұған дейінгі далалық сауат арапша графикаға негізделген ортаазиялық шағатайтілді жазу болғаны мәлім. Алғашқы қазақ-кирил әліпбиін  Ы.Алтынсарин шамамен алғанда, 1879 жылы Торғай облысының орыс-қазақ училищелерінің инспекторы боларда жасап шығарған болуы тиіс деп жорамалдаймыз. Әйтпесе, оған нұсқаушылық лауазымды патша билігі бере қоюы неғайбыл. Шамасы, Ы.Алтынсарин орыс жазу жүйесін далалық сауат көзіне айналдыруы бодандықты тереңдету мүмкіндігіндей болып, патшалық қитұрқы саясатты уақытша болса да қанағаттандырса керек. 25 әріптен тұратын бұл алғашқы кирилқаріпті қазақ жазуы  шартты түрде тарихта «миссионер» әліпби аталғаны мәлім. Алайда бұл жазу жүйесі қалай болғанда да, патшалық билікке тым тәуелді ортада туындады және ол 1917 жылға дейін шектеулі дәрежеде қолданылып келді. Ұлт ағартушысының бұл әліпбиі арап қаріпті жазуға қарағанда, қазақ арасына аса кең көлемді ағарту өнімдерін  кең түрде таратуға жарай алмады. Бұл жұмысқа Ыбырай ұстаздың жеке мүмкіндігі жеткіліксіз еді және оған ресурс бөлуге келгенде патшалық Ресейдің құлқы да, мүддесі де болмады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ элитасының ағарту сипаты мен мазмұны мейлінше басқа деңгейге көтерілді. Оның басты кейіпкері ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын атауға болады. А.Байтұрсынұлы қазақ халқын сауаттандыру ісін ағартушы ретінде емес, ең әуелі ғылыми мазмұнды істерден бастап, іргелі тарихи міндеттерді қолға алуымен дараланды. Ол 1910 жылдардан бастап қазақ фонологиясы мен графикасын зерттеуді қолға алып,  арап графикасының негізінде түркі халықтарының ішінде қазақ үшін бірінші болып жазу жүйесін жасақтауды қолға алды.

Суретті мақала авторы ұсынды

А.Байтұрсынұлы араптың сүйретпе жазуын консонантты (дауыссыз) сипаттан қазақы фонологияға лайықтап, жазу жүйесіне айналдыруға 12 жыл бойы еңбек етті. Орта Азияда қолданылған арап қаріпті жазу жүйесінің консонантты болуы дауысты дыбыстарды толықтай таңбалауға мүмкіндік бермеді, негізінен дауыссыз дыбыстар таңбаланып отырды. Сөйтіп, қазақ халқын ағартуға ден қойған ұлт ұстазы алғаш рет арапша жазуды қазақыландырудың алғашқы нұсқасын жасақтады және бұл жұмыс А.Байтұрсынұлының Орынборда  1912 жылы шыққан «Оқу құралы» кітабы түрінде жария болды. Аталған оқулық 1925 жылға дейін 7 рет басылып шықты. Бұл жұмыстар жазу жүйесін қалыптастырудағы түркі әлеміндегі ізашар еңбек болатын. Қазақтың тұңғыш лингвисі ретінде ол тілдің фонологиясын зерттеді және жазу жүйесі мен емлесін жетілдірумен болды. Жазу жүйесі мен емлені жетілдіру барысында ол бірнеше жүйелі еңбекке айналды:  «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Ахмет Байтұрсыновтың қазақша алфабеси» (1914), «Жаңа әліппе» (1926—1928), оқытушыларға арналған әдістемелік құрал «Баяншы» (1926).

А.Байтұрсынұлы арап жазуын реформалау кезінде оңнан солға қараған бағыты мен тыныс белгілерін сақтай отырып, он екі әріпті алып тастап, он бесін ғана өзгертпестен қалдырды да, жаңа қазақ әліпбиі барлығы   24 әріптен құралды.

А.Байтұрсынұлы жазуды латындандыруға қарсы топтың басында болды, латынға көшудің ешбір қажеттілігі «сезілген емес және сезілмейді» деген пікірді  ұстанды. Ол латыншаның кемшілігіне қазақ дыбыстарын таңбалауға қажет әріптің жоқтығын атады.Бұдан басқа, арапшаны оқу тезірек әрі жеңіл деген дәйегін білдірді. Дегенмен, уақыт тегершігі латын қарпінің пайдасына қарай дөңгеледі...

Суретті мақала авторы ұсынды

«Төте жазудың» орныққан уақытының 100 жыл толуына орай, одан арғы қазақ тілінің жазу жүйесіндегі хроникаға шолып өтейік. КСРО тарапынан латын қарпіне негізделген «Ортақ түркі әліпбиі» ұсынылғаны мәлім. Қазақ тілінің талаптарына сай кейбір өзгерістер енгізілген «Жаңа әліп» аталған бұл әліпби ресми түрде 1929 жылдан 1938 жылға дейін қолданылып келді.

Суретті мақала авторы ұсынды

Бірінші «Жаңа әліп» нұсқасы 1929—1938 жылдар арасында қолданылды. 1938 жылы әліпбидің құрамы 32 әріпке дейін кирил қаріптерімен толығып, кирилшеге өтудегі аралық әліпбидің рөлін атқарды. Сөйтіп, 1938-1940 жылдар арасында ғана қолданылған екінші «Жаңаәліп» тарихи өзінің орнын 42 әріптен  тұратын кәзіргі кирилше әліпбиге беріп тынды.

«Төте жазудың» бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған бір өзекті сипаты  бар, ол – аталмыш емленің агглютинатив тілге тән үндестігін жазу жүйесінде ескерілгендігі. А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің сингормонизм заңдылығын жазуды оңтайлы етуге қолданып, жазу жүйесінің мейлінше тиімді тұрғысын жасақтады. Осылайша «Жаңа емле» - қазақтың жазу жүйесіне деген жаршы болды.

Тілтанушы Ермұхамет Маралбек «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы» мақаласындағы «Ескерту: мәтін емле ережелері болғандықтан ережелердің нақты сипатын көрсету үшін түп нұсқаға дәлме-дәл транскрипция жасалды» деген ескертуін құп ала отырып, ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынұлының емлесімен жазылған сөздер тізбегін келтіре кетейік:

Суретті мақала авторы ұсынды

«Қазақ» газетінің барлық емлесі мен жазу сауаты А.Байтұрсынұлының төте жазуы екенін ескерсек, бұл да аталмыш жазу жүйесіндегі сингормонизмнің пайдаға асырылған куәлігі екеніне көз жетеді.

Біз тарихи тілтану еңбектерін көктей шола отырып, оларға деген құрметімізді білдіре келіп, қалай болғанда да қазақ тілінің бүгінгі жазу жүйесінде қордаланған мәселелерді жаба тоқи алмаймыз. Әрине, ғылымның дамуына уақыт пен үдеріс қажет. Жоғарыда аталып өткен емле тарихы мен грамматикалық сауаттың кемелденуіне бүгінге дейін жинақталған тәжірибе мен теориялар жетіспеді. Алайда, соның жетісуі мен кемелденуіне кетік болған аталмыш еңбектер екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Төте жазуда қолданылған грамматикалық ерекшеліктер сингармо-емленің  белгілі бір көрінісі екенін мойындай отырып, бұларды тиянақты әрі жүйелі дей алмаймыз. Себебі бұл еңбектер жазу жүйесі толық қалыптаспай тұрғандағы, теорияның жеткілікті дамымаған кездегі көріністер еді.

Десек те, қазақ тілі - агглютинатив сипаты бар тіл, оған алфавиттік жазу жүйесі сәйкеспейтінін мойындайтын кез келді. Шын мәнінде қазақ тілінің емле теориясын сингармологияға икемдеуге батылдықпен кірісетін реформа қажет. Бұл жөнінде белгілі сингармолог ғалым Әлімхан Жүнісбектің [8]  «Сингормология. Қазақ фонетикасы» еңбегінде бұл ойымызды одан әрі өзектендіре түсті: «Сонымен:

  • Үнді-еуропа флектив тілдерінің (мысалы, орыс) акцентті (екпіншіл) дыбыс талданым амалы – акцентология;
  • Оңтүстік-азия буыншыл тілдерінің (мысалы, қытай) әуенді (буыншыл) дыбыс талданым амалы – тонология;
  • Орал-алтай агглютинатив тілдерінің (мысалы, қазақ) әуезді (үндесім) дыбыс талданым амалы сингормология болып шығады.

Сингормология атауын осы тұрғыдан түсіну және қабылдау керек. Соның нәтижесінде қазақ (түркі) фонетикасының зерттелім аппаратынан фонология, фонема, аллофон ұғым атаулары шығарылып, оның орнына сингемология, сингема (үндесуге икемді дыбыстар – С.Е.), аллосингема (үндескен үншелер - С.Е.) ұғым атаулары ендіріледі» деп сұңғыла сингормолог, профессор  Әлімхан Жүнісбек тіліміздің көптен күтілген өз сипатына орай әрі тәндес дыбыстану жүйесіне жол тауып берді. Аталған еңбектің басты идеясына ден қойсақ, агглютинатив қазақ тілінің жаңа орфографиясына, фонографиясына сингеманы таңбалау арқылы қол жеткізу мүмкін болмақ. Осыдан шығатын қорытынды: қазақ тіліне флектив тілдерге тән алфавиттік жазу емес, агглютинатив тілге тән сингевиттік жазу жүйесін орнықтыру қажеттігі туындайды.

Сингевит жазу жүйесінің кәзіргі және бұрынғы емледегі көріністері жеткілікті, біз оны байқамай келдік.

Қазырғы кирилше әліпбиде ішінара агглютинатив талаптарының оңтайлы енгізілу мысалдарының бар екеніне назар аударайық.

1. Ый/Ій дыбыстарының, яғни аллосингемаларының И әрпімен таңбалануы: Мый – ми, ійне – ине т.т.

2. Ұу/Үу, Ыу/Іу дыбыстарының, яғни аллосингемаларының сәйкесінше У әрпімен таңбалануы: сұу – су, бұу - бу, бүрүу – бүру, жүрүу – жүру т.т.

3. Ыр/Ір дыбыстарының, яғни аллосингемаларының Ы/І әріптерімен таңбалануы: ырас – рас, ылақ – лақ, ірет – рет, аулым-ауылым, даусы-дауысы т.т.

4. Ійу/Ыйу, ійә/ыйа дыбыстарының, яғни аллосингемаларының Ю/Я әріптерімен таңбалануы: үйу – үю, қойу – қою, ұйа – ұя, ұйу – ұю, ійә – иә, қыйа - қия т.т.

Әрине бұрынғы емледегі сингевит көріністерін тиянақты әрі жүйелі дей алмаймыз, ол көріністер жазу жүйесі толық қалыптаспай тұрғандағы жайттар болғанмен, интуитив түрінде бәрібір сингармо емленің сипаты бой көрсеткенін жасыра да алмаймыз. Ендеше бұны да кездейсоқ емес, сингевит емленің тарихи көрінісі деп қабылдау керек және қазақ тілін жалғанбалы әрі үндестік заңға иек артатын тіл ретінде сингевит емлесін жетілдіріп, жаңа дәуірге қарай жазу жүйесін ойластыратын уақыт келді.

Серік Ерғали,

мәдениеттанушы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053