Сенбі, 23 Қараша 2024
2035 19 пікір 6 Маусым, 2024 сағат 16:03

Діндердің құлдырау себептері

Сурет: kazislam.kz

Досым Омаров – абайтанушы, теолог ғалым

Қандай дін болса да мәңгілікті емес: оның жетілуі белгілі бір деңгейге жеткен соң құлдырау жолына түсіп, түрлі ағымдарға бөлініп, фәни әлемнің басқа бөліктері тәрізді ақыры жойылып жатады. Бұрынғы болған митраизм, манихейлік, зороастризм тәрізді діндердің жойылған, не болмаса жойылуға жақын жағдайлары осының көріністері. Діндердің пайда болып, уақыт келе жойылып кету себебі -- олардың материалдық әлемнің ықпалына түсіп қалуы. Қандай дін болса да, заттық әлемнің шырғалаңын шешуге келеді. Олар әубаста болмыстың рухани және материалдық бөліктерін бірдей қамтығанымен, уақыт келе заттық әлем шырмауынан шыға алмай қалады. Себебі, діни рәсімдер ритуалға айналып, алғашқы мәнінен айырылып, рухани жағы құлдырап жан құмарын тән құмары жеңіп кетеді. Бұл табиғи құбылыс.

Тәңіршілдіктің құлдырау себептері туралы айтылды. Діндердің құлдырауының оларға қосымша тағы екі себебі бар.

Бірінші себебі, қандай дін болса да ол болмыстың белгілі бір бөлігін қамтитындығынан ‑ шексіз емес, шектеулі. Діндер заман өзгерісіне байланысты қоғамдағы келеңсіздіктерді жөнге салу үшін  беріледі. Сондықтан, діннің пайда болу себебі, Абай көрсеткендей, «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді» болғандықтан, Нәбилер сол өзгерісті қалпына келтіру үшін уақыт талабымен келеді. Олардың берген қағидалары бойынша пайда болған діндер әуелде Болмысты толық қамтығанымен, уақыт келе өмірдің белгілі бір бөлігін ғана қамтиды.  Осылай, олардың мәні фәни әлем ықпалымен өзгеріске түсіп, өздерінің негізгі мағынасынан айырылып, мүлде басқа мағына алып, заман ағымына қарсы келе бастайды. Мысалы, дәстүрлі ислам, хакім Абай көрсеткендей, алғашқы мағынасы бүкіл Болмысты қамтығанымен, бүгінгі күндері көбіне Болмыстың, яғни, Алланың тұлғалық көрінісіне баса көңіл бөліп, Оның ғаламның ішінде екенін қабылдамайды. Ал Абай болса Алланың өлшеусіздігін көрсетіп, бүкіл Болмыспен теңеді емес пе? Өкінішке орай, Алланың ғаламның ішіндегі көрінісі Оған «серік»  қосу деп аталып, қабылданбайды, тіпті «күпірлік» болып саналады. Осылай бүгінгі исламда Болмыстың рухани жағына көңіл бөлініп, оның материалдық жағы әлсіреп кетті. Ғылым-білім христиан діндегілерден артта қалды. Мысалы, әлемдік Нобель силығына ие болғандар тек Батыс елдерінде. Ғылыми-техникалық өркениеттің артта қалғаны соншалықты, тіпті, кішкентай Израил еліне бүкіл араб халқы болып әлдері келмей отыр. Кейбір араб елдері палестина мұсылмандарын емес, еврей халқын қолдай бастады. Тағдыр берген байлықтарына қарамастан, араб елдерінің дамымай қалуы Болмыс бірлігін бұзудан болып табылады. Олар Болмыстың рухани бөлігін қабылдап, материалдық жағына көңіл бөлмеді, жетілдірмеді. Себебі, ислам арабтарға сол кездегі көпқұдайшылықа тосқауыл болу үшін жіберілді. Олар Алланы қабылдап, басқаларын жоққа шығарды. Тәңірдің басқа көріністерін қабылдамады. Уақыт ықпалымен бұл құбылыс қарқындай берді. Нәтижесінде, Болмыстың тек қана тұлғалық аспектісін қабылдап, Оны Алла деп атап, басқа жан иелеріне табынуға тиым салды. Осылай көпқұдайшылық ауыздықталып,  пұтқа табынушылық ислам әлемінде жойылды. Сол дәстүр әлі де сақталғандықтан, аруақтарға құрмет көрсету, тіпті әулиелер басына зиярат жасаудың өзін ислам қолдамайды. Сурет салу, басқа да бейнелеу өнерлері, музыка тыңдауды «харам» деп қабылдау осы себептен шығып отыр. Қазақтың тәңірліктен келе жатқан кейбір ежелгі салт-дәсүрлері де кейде ислам қағидаларына қарсы келіп жатады. Заман өзгерген дәуірде бұл бүгінгі қоғам өмірінде көптеген қайшылықтар тудырып отырғаны белгілі. Мысалы, жуырда домбыраны әлдекімнің «харам» дегені әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды.

Болмыс көріністерін бұлай шектеу ислам ғана емес, барлық діндерге сай құбылыс. Себебі, ешқандай дін Болмысты толық қамтымағандықтан, олардың басқалардан ерекшеліктері болады.

Екіншісі. Діндердің құлдырауына тағы бір себебі: уақыт ықпалымен діннің шеңберінің тарылуы. Заман өзгерісіне байланысты адамдардың рухани деңгейі төмендеп, ой жүйесі тарылып, діни қағидаларды бұрмалай бастайды. Діни қағидаларды бұрмаламай, бір бағытта сақтау үшін адамның ой жүйесіне белгілі бір тәртіп беріледі. Діни адамға ол тәртіп жүйесінен шығуға болмайды. Ой өзінің еркіндігінен айырылып, тарыла бастайды. Осылай діннің алғашқы кең мағынасы тарылып, секталар пайда болып, олар фанатизмді тудырады. Түп Иеге қайту болып табылатын негізгі  мақсатынан айырылған дін, осылай дүниелік деңгейге түседі. Болмыс көріністерін исламда «серік қосу» деп қабылдау соның бір көрінісі.

Діндер жоғары әлемдерден түсетін болғандықтан, алғашқы сәтте олардың міні жоқ, өте кең мағынада болғанымен, уақыт өте келе нәпсі ықпалымен адамдар діннің негізгі ішкі мәнін ұмытады. Олар діннің сыртқы көрінісіне баса көңіл бөледі. Дін рәсімге, ғибадат түрлеріне айналып, өзінің ішкі рухани қуатын жоғалтып алады. Абай бұл туралы отыз сегізінші сөзінде ескертіп, діннің мәні мен мәнісін түсіндіріп кеткен. Сыртқы көрінісі, яғни ғибадат -- діннің ішкі мәнінің, яғни иманның күзетшісі ғана. Иман болмаса, оны күзететін сыртқы ғибадаттың да мәні жоқ. Яғни, имансыз жасаған  құлшылықтың да пайдасы жоқ екенін айтады. Ішкі тірегі болып табылатын иман әлсіреген соң жасаған ғибадаттың нәтижесі болмай, дін құлдырау жолына түсіп, бөлініп, ұсақталып, ақыры жойылып кетеді. Оның орнына басқа дін келеді.

Осылай адамзат қоғамында бір діннің орнына екіншісі келіп, олар үнемі алмасып жатады.  Дінімізді нығайтамыз десек, осы себептерден аулақ болуымыз керек.

Abai.kz

 

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364