Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7639 0 пікір 25 Желтоқсан, 2013 сағат 07:59

Берік Жүсіп. Келіннің бетіне орамалды неге жабады?

  • ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ

Ұлттық танымның тас-талқанын шығарып, уатып жіберу үшін тоталитарлық жүйенің тепкісінде өткен жетпіс жыл да аз уақыт болмағандығына өзінің салт-дәстүрлерінен көз жазып қалған жұртымыз куә. Жер бетінде ата-бабаларынан мұраланған дәстүрлі мәдениетінің зәредей жерін өзгертпеу жолында басын бәйгеге тігетін ұлттар қаншама? Керісінше, ұлт мүлкіне жауапсыз, барынша салақ қарайтын екі халық болса, бірі – біздің жұрт екенін жасыра алмаймыз. Әрине, бұл жүре келе жолдан тапқан торай тобық «қасиетіміз», әйтпесе қазақ деген қаны таза, жылқы мінезді жайсаң халық болған. «Аттың жалы, атанның қомы» деп жүрген дәуір-дәуренді надандық деп санаудан туған сана ақаулығының зардапты салдарының бірі – осы.

  • ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ

Ұлттық танымның тас-талқанын шығарып, уатып жіберу үшін тоталитарлық жүйенің тепкісінде өткен жетпіс жыл да аз уақыт болмағандығына өзінің салт-дәстүрлерінен көз жазып қалған жұртымыз куә. Жер бетінде ата-бабаларынан мұраланған дәстүрлі мәдениетінің зәредей жерін өзгертпеу жолында басын бәйгеге тігетін ұлттар қаншама? Керісінше, ұлт мүлкіне жауапсыз, барынша салақ қарайтын екі халық болса, бірі – біздің жұрт екенін жасыра алмаймыз. Әрине, бұл жүре келе жолдан тапқан торай тобық «қасиетіміз», әйтпесе қазақ деген қаны таза, жылқы мінезді жайсаң халық болған. «Аттың жалы, атанның қомы» деп жүрген дәуір-дәуренді надандық деп санаудан туған сана ақаулығының зардапты салдарының бірі – осы.

Дәстүр – қатып-семіп қалған догма емес, дамып отыратын жанды құбылыс. Десе де, орынсыз өзгертулерді көтере алмайтын өте шыңылтыр дүние. Сондықтан көненің кез келген дүниесін өз ыңғайымызға, бүгінгі жеткен білім-парасатымызға лайықтап, зорлап иіп аламыз деп жүріп, қиратып алуымыз ғажап емес. Рас, соңғы уақытта халқымыздың ғасырлар бойы жасаған төл мәдениеті – тұтынған наным-сенімдері мен дәстүрлі дүниетанымына жүрдім-бардым қараушылар қатары өлшеусіз өсіп отыр. Қазақта: «Алдырған анасының қойнын ашады» деген ұлағат болған. Бабалар тәлімі мен ғазиз аналар тәрбиесін жете білмейтіндер, қасақана білгісі келмейтіндер болашақта осының кебін киіп жүрмесін деңіз.

Мен реті келгенде халық арасындағы той-томалақ, ас-жиындарға қатысып жүруге тырысатын қазақтың бірімін. «Естімеген елде көп» деген емес пе? Қала жағдайында жаңа түскен келін мен күйеу баланы қатар тұрғызып қойып, синтизатормен бет ашқанға да көндік. Омырауында емізулі баласы мен етектен тартып тұрған шекесі шоқпардай ұлы бар келіншектің бетін ашқанды да көрдік. Тізе берсең қазір мұндай сорақылықтардан көз аша алмайсыз. Кей жерлерде келін түскен күні бетін бір ашып, екі-үш жылдан соң, «үлкен тойын» жасағанда және бір қайталап жіберетін әдет те бар екен. Осының бәрі ата-баба салтын ардақтауға тым қырсыздығымыздың белгісі емес пе?!

Басқаны былай қойғанда, қарапайым бесік жырын естімей өскен бақытсыз бүлдіршіндеріміз қаншама? Далалық дәстүрде болашақ азаматтың тәрбиесінің өзегі мен негізі алғашында анасының айтқан бесік жырының әуенімен сіңісті болмаушы ма еді? Содан да болар, бала тәрбиесінің басым бөлігімен біздің абзал аналарымыз айналысқан. Техногенді өмірсалт мұның бәріне тежеу салып, қазір далалық дәстүрлер толық жұтылды. Соншама байтақ тәлімнен соқа басы состиып «қазақ» деген атымыздың ғана қалғанына қынжыласың. Бұл – таяу онжылдықтардың жемісі емес, тым ұзақ мерзімге бағдарланған, ұлттық дәстүрлердің тамырына балта шаппақ ниеттегі жәдігөй «жанашырлардың» құрған торы.

Қазақ қыз баланы ерекше құрметтеу арқылы ананы ардақ тұтып, арына балауды дағдыға айналдырған халық. Бұл өте ерте дәуірлерде, тіпті ілкідегі «ана еркі» заманынан да бұрынырақ, адам-адам болып қалыптасқан есте жоқ ескі күндерден шеру тартқан үрдіс. Антикалық әдебиеттерде, ежелгі греция мифтері мен аңыздарында Түн, Ай, Таң, Күн – әуелде әйел Құдайлардың есімдері болғандығы айтылады. Біздің жыл санауымыздан үш жарым мың жыл бұрын дәуірлеген әлемдегі ең көне діндердің бірі, кейін христиан мен ислам әлеміне зор ықпалын тигізген зороастризмде су Құдайының аты – Апам-Напам. «Апа» сөзі күні бүгінге дейін біздің тілдік қолданысымызда бастапқы мазмұн-қалпын сақтап, әйел затына ізет білдірудің ең жоғарғы жол-жоралғысы ретінде күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде әлі пайдаланылып келеді. Түрік нәсілдес хакас жұрты әйелдік бастау – Құдай-ана есімін «Алтын Ұмай» дейді. Бұл кәдуілгі «ұма» (әйелдің мүшесі) деген сөзден шыққан. Ал, «алтын» деген сөз кейін келе әйелдер тағатын әшекей бұйымдардың символына айналған.

Хакас халқында сақталған «бабаның күміс паханы» деген де мифтік ұғым бар. «Пахан» – қазақтағы кәдуілгі «бақан» сөзімен егіз мағына береді. Орыстар аталмыш сөзді қылмыс әлемінде әлі күнге дейін «авторитет» деп аударып жүр. Бұл – ата-бабаларымыздың жаратылыс заңы туралы өте ескі мифтік түсініктер жиынтығы. Туысқан хакас халқының ескі аңыздарында осы «күміс пахан» мен «алтын ұма» кездескеннен соң жер бетіне адам баласының ұрпағы келгендігі туралы айтылады. Мұндай типологиялық ортақ мотивтер Адам-ата мен Хауа-анаға қатысты ислам діні аңыздарында да кездеседі. Көне хакас тіліндегі «пахан-бақан» сөзі бастапқы мағынасын жойып, құбыла келе көшпенді халықтар үшін қара үйдің шаңырағын тіреп тұратын тіреуіш құралдың атына айналып кеткен. Дала мәдениетінде күні кешеге дейін босана алмай қиналған тұмса келіншектердің қара үйді қақ жарып, ортасына орнатылатын адал бақанға (пахан) арқан керіп, асылып толғатуы бүгінде асыл мағынасы ұмыт бола бастағанымен тегін ырым-салт емес-тін. Бұл да ежелдегі адамзат баласына ортақ, фаллосқа (күміс пахан – ерлердің мүшесі), дүниені тіреп тұрған құдіретті күшке табынудан қалған көне мәдениеттердің жұрнағы. Кейін келе күміс сөзі (күміс паханы) – ер адамдар пайдаланатын әшекей заттардың символы ретінде қалыптасқан. Күміс әшекеймей байланысты басқа рәсімдерді былай қойғанда, біздің қазақ ер-тоқым соққанда тек қана күміс шеге пайдаланған. Бұл бөлек әңгіме...

Сонымен... Алтайлықтар ұғымында төменгі дүние иесі болып саналатын Ерлік хан (Ирлиг) да жер-ана деген ұғымды білдіреді. Қазақ шежіресінде тұтас тайпа немесе бір рулы елдің аттары әлі күнге сол абыз-аналардың есімімен аталады. Жалпы, адамзат баласы, оның ішінде көшпенділер нәсілінің бүгінгі таңдағы мирақоры – қазақ жұртының тұтынған салт-дәстүрлерінің тек-тамыры қайдан, қандай ұғым-түсініктерден бастау алатынын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Қазақта шаңырағына келін түскенде жасалатын «беташар» деген қасиетті ырымды әуелде ақындар атқарған. Әрине, ол замандағы ақын типін бүгінгі ақындық өнер өкілдерімен шатыстыруға мүлдем болмайды. Көне ақын типі ру арасындағы дәнекерші қызметін атқарған, екі рудың киелерін жарастыру міндетінде болған. Демек, олар жоғарғы – әруақтар дүниесі мен ортаңғы – адамдар дүниесінің арасында байланыс көпір қызметін күшейткен. Кейін бұл қызметті өнердің басқа түрін тұтынушы топтар атқара беретін болды. Қанша ғасыр өтсе де әлеуметтік ой-пікірдің реттеушісі, адамзат санасының сәби шағындағы барша мәселелердің бітімгері болған ілкі ақынға деген шексіз құрмет сол қалпында сақталып қалған. Оның шет-шепірін бүгінгі сахналық өнер түрлеріне деген халықтың ерекше ықылас-пейілінен де көру қиын емес.
Нумерология деп аталатын ғылымның үлесіндегі «қасиетті сандар» туралы ілімнің де қазақтың келін түсіру дәстүріне қатысы әжептәуір. Біздің жұртта: «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» немесе «Қырық жыл байлық, қырық жыл жарлылық жоқ» деген тұрақты сөз тіркестері сақталған. Қырық жыл болсын, мейлі ол қырық күн болсын, қырық – қасиетті сан. ХIII ғасырдың аяғы мен ХIV ғасырдың басында өмір сүрген, Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран Кәрімдегі пайғамбарлардың өмірі мен олардың бастан кешкен оқиғаларын жазған, оғыз тайпасынан шыққан ғалым Насреддин Рабғузидің «Қисас-ул әнбия» атты әйгілі еңбегіндегі «Жер бетінен топырақ алу» туралы аңызда: «...Топырақты Мекке мен Тайфтың арасындағы Дахна деген жерге қойды. Алла тағала қайғы дариясына әмір қылып, отыз тоғыз жыл қайғы жаңбырын жауғызды. Тағы бір жыл шаттық жаңбырын жаудырды... Әкелінген топырақ қырық жылдан кейін балшық болды... Сонымен Адам Әлейһиссаламның бейнесі қырық жылда жасалып болды...» делінеді. Бұл жерде қырық деген қасиетті сан адамның жаратылуына байланысты айтылып тұр.

Әлемдегі ең көлемді эпикалық шығарма болып саналатын қырғыздың «Манас» жырындағы бас кейіпкер – Манас батырдың және қазақ жыршыларының ең көп жырлаған қаһармандық эпосының бірі – Қобыланды батырдың қырық шорысының болуы, қарақалпақ халқының ірі эпостық мұрасының «Қырық қыз» аталуы, әулие-шілтендер санының да қырық деген қасиетті санмен күрмелетіндігін қандай қағида-қисынмен түсіндіруге болады? Немесе бақилық болған адам мен дүние дидарына келген сәбидің бірінің «қырқын жасап», екіншісін «қырқынан шығару» рәсімі, қырқынан шыққан сәбиді «қырық қасық» суға шомылдыру, тұлпар атты қырық күн түнекке салып жарату, исламдағы софылық ағым өкілдерінің қырық күн түнекке түсіп жүрек тазартулары, «қызға қырық үйден тыю» сөзі мен үйінен қырық қадам шыққан адамды «мүсәфир» санау ұғымдарының арасында жіпсіз байланысатын ортақ бір заңдылықтың бар екенінде шүбә жоқ. Солардың бірі – ұзатылар қыздың құрметіне ырғап-жырғап қырық күн той жасау салтанаты. Әрине, мұндай тойларды шамасы жеткен жандар ғана жасаған және ол тойлардың бүгінгі тойларға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Баба қазақтың тойы айттыру, бел құда, бесік құда болу, сырға салу, қалың мал беру, ұрын бару, қалта қарау, төсек-орын беру, кит беру, сәлем беру, төркіндеу, т.б. сияқты бүгінгі таңда «артық шығын» саналып жүрген атрибуттарға толы болатын. Мұндай рәсімдер толық болмаса да, жарым-жартылай жасалатын тойлар және жасауға пейілді жекелеген дәстүршілдер қазір де бар. Бірақ ол жалпылама өмірсалт емес, жекелеген ырым-салт есебінде ғана.

Адамның бетін жабу – жақсы ырым саналмаған және тірілерге жасалатын жоралғы емес. Бағзы сенім мен қазақы рәсім бойынша өлі адамның ғана беті жабылуы тиіс. Бұл – жалғыз қазақ емес, әлем халықтары фольклорынан берік орын алған салт. Сондай көне жұрттың бірі – Америка үндістері. Олай болса, үндістер мен қазақтың арасында қандай байланыс бар? Аталмыш ырым-салт бүгінгі күнімізге дейін жетіп, қаншама ұрпақ ауысса да өлі рудимент ретінде неге өмірсалтымыздан қалмай, ілесіп келе жатыр?

Ежелдегі «беташар» салтының өн бойына сақтаған құпия мәліметі мен бүркеме дерегі осы ырымның практика жүзінде жасалуында жатса керек. Өйткені, ырым жасалмаған жерде оның күші де жүзеге аспайды. Біртіндеп қалалық дәстүрден қалыс қала бастағанымен, ауыл қазағы бейсаналы түрде болса да бұл мәселелерге әлі күнге өте қатал қарайды. Мысалы, жаңа түскен келіннің бетін жапқан орамалдың шетіне қамшы байлау салты. Келіннің бетіне жабылған орамалдың шетіне неге қамшы байланатындығын бүгінгінің қазағы түстеп-түсіндіріп бере алмайды. Кей жағдаяттарда бейсаналы түрде рәсімнің өзі сақталғанымен, оның мән-мағынасы біздің жұрттың санасынан өшіп үлгірген.

Қазақпен тегі бір, жапсарлас жатқан ноғай халқы әлі күнге дейін шаңырағына ұл бала келсе қошқар сойып, қайыс қамшы өрімінің арасына сол қошқардың «қаса-қамшысын» қосып өреді. Сөйтіп, көңілі түскен ұл баласы жоқ жанұяға әлгі қамшыны сыйға тартады. Бүгінде барлық кепиет-киесінен ажырап болған қамшы – қазақта тек атқа шабатын құрал есебінде ғана сақталып қалған. Ата-бабаларымыздың әйел адамға қол тигізбей, әрі кетсе, тек қамшымен ғана жасқауында ежелгі адамдардың таным-түсінігіндегі ерлік бастау – фаллосқа табыну ырым-салтынан қалған тылсым мән-мағына болған. Немесе жаңа түскен келіннің аяғының астына тойға сойылған қошқардың (тарттырылған ісектің емес. – Б.Ж.) тері бөстегін төсеу, отқа май құйып, келінді соған табындыру, оң жағы мен сол жағындағы демеуші жеңгелерінің бала тумаған бедеу немесе бұрын есік көрген адам болмауы, қыздың төсек-орнына сырт адамның (қазақы науқас, баласыз әйел, т.б.) отырып қоймауын қатаң қадағалау сияқты бүгінде ұмытыла бастаған ырым-салттар біздің жұртта маңызды саналған және өзінің күшін жоймайтын жоралғы деп есептелген.

Сонымен, жаңа түскен келіннің бетін жаулық-орамалмен не үшін жабады? Бұл – ілкідегілердің жаңа түскен келінге жасаған жасанды өлімнің (обрядовая смерть) ишарасы. Қазақ жұрты аталмыш дәстүрді Ай астынан ала салған жоқ. Бабаларымыз қанша ғасыр бедерінде елеп, екшеп, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданып, бұл ырымның магиялық қасиетін білу арқылы, осы рәсімнің түбірінде тылсым негіз барына әбден көз жеткізгеннен кейін ғана тұтынғанында сөз жоқ. Бүгінде мұны ескідегі адамдардың надандығына жорығысы келетіндер де баршылық. Өткен ата-бабалардың дәстүр-салттарын қисынды-қисынсыз «надандыққа» жори салудың өзі – қас надандық!

Табиғат-ананың қаһарлы күштерімен арпалысқанда, аурудың дауасын іздегенде жасанды өліп-тірілу рәсімін жасау – ежелгі бақсылық дәстүрде болған. Ал, алғашқы бақсылардың әйелдер арасынан шыққандығы тарихи негізі бар шындық. Осы инициацияны жасау арқылы бақсы тазарып, қайта түлейді деген сенім болған және жасанды өлім рәсімі барысында бақсы бақи дүниеден хабар-дерек әкеледі-мыс. Ілкідегілер әрбір рудың өз киесі, жақсы-жаман, жағымды-жағымсыз қасиеттері сол ру өкілінің әрбірінің бойында болатынына сенген. Қарапайым өмір заңы да, қазіргі дамыған ғылым жетістігі де мұны онша теріске шығармайды.

Жаңа түскен келінмен бірге ере келетін өз әулетіндегі «жақсы-жаман, жағымды-жағымсыз» қасиеттер оң аяғымен аттаған келіннің жаңа жұртының ру киелерімен табыса алмай қалуынан қорыққан біздің ата-бабаларымыз рәсми өлім, яғни жаңа түскен келінді тазарту рәсімін сол үшін жасаған. Қазақ даласында қыз балаға келін болып түскен жеріне ру киелерін өзімен бірге ала келуге қатаң тыйым салынатыны – сондықтан. «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» дегенде, қазақ жасанды өлім арқылы жаны мен тәні тазартылған келіннің басқан қадамы шаңыраққа «құт» әкеледі деп сенген. Салт бойынша қыз баланың бойындағы өз руының «жақсы-жаман» қасиеттері өсіп-өнген әулетінің оң босағасында отырғанда, отыз күн «ойын» мен қырық күн «тойының» арасында «тазарып», «өліп», жаңа түскен жұртында басқа сапа-сипатта «қайта тірілуі» тиіс. Өйткені, ілкідегілердің ұғымында әрбір ру жеке-дара космос-әлем. Демек, жаңа түскен келіннің бір космос-дүниеде өліп, тазарып, келесі космос-дүниеге өткенде жаңа сапада «қайта тірілуі» – өмір заңы. Өз жұрты ұзатылған қызына барған жерінде «тастай батып, судай сіңуді» тілесе, қыздың келін болып түскен жұрты аяғы ауырлап «жүкті» келген келіннен көңілдеріне кіп алып, оны жақсы ырымға жорымаған.

Міне, біз сөз етіп отырған «беташар» рәсімі өз жұртында тазарып, «өлген» келінді жаңа түскен жұртында «қайта тірілтіп алу» процесін қамтамасыз ететін ежелгі рәсми амал еді. Беташардағы иіліп сәлем ету салты – әруақтар дүниесі мен көзі тірі тума-туыстарын келінмен таныстыру мақсатында жасалатын да, беташар сәлеміне салынатын ақшалай, заттай берілетін сыйлықтар әруақтарға берілген ризашылық садақасы ретінде қабылданып, беташар рәсімін жасаған дәнекерші-ақынға тиесілі болған. Ал, жаңа түскен келіннің бетін ашатын дәнекерші-ақынға қойылатын басты талап: оның келін түскен рудың абыройлы адамы болуы және моралдық тұрғыдағы қасиет-қамалының берік болуы қатаң қаперге алынған.

Кеңестер Одағы тұсындағы идеологияландырылған қасаң ғылыми жүйе бұратана саналған өзге ұлттар тарихындағы осындай құндылықтарды барынша зерттегені сөзсіз. Сөйтіп, бұратана саналған халықтардың тұтас салт-дәстүрлеріне, этникалық ерекшеліктеріне сызат түсірудің тура жолы – қала мәдениетін сіңіру арқылы отырықшы ету мен рулық жүйені жою екенін тайғанақтатпай-ақ тап басты. Рулық мүдде жинақтала келіп ұлттық идеяның негізін қалайтынын білген Кеңестік жүйенің саясатшылары ру меншігі болып саналатын Шығыс әйелін көненің құрсауынан «азат» ету идеясын алға тартып, бабалардың шарапатты салтынан ада етті. Адам баласы үшін ата-бабасының салтынан безіну – адами тегі мен табиғатынан бас тартуымен пара-пар. Өйткені, адам табиғаты орынсыз өзгертулер мен жасанды жол-жобаларды қабылдай алмайтын күрделі де, қатал табиғат.

Бүгінгі шаңырақ көтеріп жатқан өркені өскен заманымыздың жастары арасындағы аты-жөні жоқ, себеп-салдары белгісіз ажырасулардың астарына үңіліп, оның тарихи-әлеуметтік төркін-себептерін тереңірек қарастыратын кез келген тәрізді. Кейде, келін түскеннен соң сол әулетте болып жататын адам айтса нанғысыз сәтсіздіктер мен бақытсыздықтарды көргенде қайран бабалардың қолмен қойғандай ырым-салттарына еріксіз иланғың келеді. Сонда қалай, бұл қасақы тағдыр ма, әлде келін түскенде міндетті түрде жасалуға тиіс, адам баласының ырқынан тыс ырым-салттардың дұрыс жасалмауынан ба? Адам баласы өз табиғатынан бас тартуына болатын шығар, ал, атаң мен анаң көрген ақиқаттан қашып құтылу мүмкін емес.
Асылы, бұлақ-бастауларымыздан алыстамағанымыз абзал!

Берік Жүсіпов, фольклортанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377