Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Абай.tv 8387 1 пікір 19 Маусым, 2024 сағат 16:53

Тайыр Белгібайдың еңбегін көкпарға салуды қою керек!

Коллаж: Abai.kz

Қытай қазақтары арасына кеңінен таралған «Салкүрең» атты үш күй бар. Біріншісі, халық күйі – «Дайынкөлдің толқыны» («Дайынкөл» сыртқы Моңғол қазақтары қоныстанған Баян-өлгей аймағы өңірдегі көлдің аты).

Бұл күй Шынжаң қазақтары арасында «халық күйі» аталып кең тараған. Күйдің авторы әлігедейін белгісіз. Қытайдағы аты шулы Мәдениет төңкерісінің соңғы мезгілінде Іле қазақ автономиялы облысы, Алтай аймақтық Ән-би үйірмесінің оркестрі бұл күйдің бұрынғы атын өзгертіп «Үліңгір толқыны» (Үліңгір – Алтай аймағы Бурылтоғай ауданындағы Балықты көлі) деп атын өзгертіп радиоға берген. Бұл күй әлігедейін осылай әуе толқынында шертіліп жүрген көрінеді. Екіншісі, бүкіл Шығыс Түркістан өңіріне белгілі болған күйші – Раздықтың «Салкүрең» күйі. Бұл күйді Раздықтың тумасы, немере інісі, белгілі күйші Уәли Бекен жеткізген. Ал, үшіншісі, белгілі күйші, композитор Тайыр Белгібайұлы 1954 жылы шығарған «Салкүрең» күйі. Бұл күй кезінде Қытайда жүргізілген солақай саясаттың кесірінен енесінен жеріген құлындай болып, ел арасында «халық күйі» атанып кеткен көрінеді.

«Тайыр Белгібайдың «Салкүрең» күйі өзіне толық қайтарылуы керек!» деген мына мақаланың авторы, күйші, композитор, өнертанушы Долда Кенешұлы. Мақала авторы Д.Кенешұлы халық күйі атанып кеткен «Салкүрең» күйінің авторы – Тайыр Белгібейұлы екенін нақтылы, бұлтармас фактілермен дәлелдеген. Ендігі төрелігін патша көңілді оқырманға қалдырдық.

Тайырдың «Салкүрең» күйіне алғаш араша түскен ақын, журналист С.Садуаққасұлы. 

Белгілі ақын, журналист Сәли Садуақасұлы 1973 жылы Мәдениет төңкерісі мезгілінде жабылып қалған «Шұғыла» журналын қалпына келтіру үшін әр аймақтағы авторлармен кездесу мақсатында қасында марқұм Оразқан Адасбайұлы, тағы бір ұлты сібе азамат бар үшеуі Алтайға барған сапарында менің үйімде марқұм қайын атам Тайыр Белгібейұлымен кезіккен болатын. Әңгіме барысында Тайыр «Салкүрең» күйін 1954 жылы «Қасен мен Жәмила» кино фильмін түсіріп жатқан мезгілде тапсырыспен шығарылғандығын, оған Кәсімбай Құсайынұлы куәгер екендігін айтып берген болатын.

Кейін Сәли Садуақасұлы естіген деректерге сүйене отырып, «Салкүрең» иесін табуы керек» деген тақырыпта мақала жазып, оны «Шұғыла» журналына жариялаған болатын. Сол мақаласында автор: «1976 жылы және 1980 жылдары Кәсімбай ақсақалмен екі реткі кездесу орайында, Тайыр Белгібайұлының «Салкүрең» күйі туралы сұрағанымда Кәсімбай: «Салкүрең» Тайырдың күйі. Менің айтып отырғаным мына «Салкүрең» деп, осы күні біз той-томалақтарда «Қаражорға» атына телініп жүрген «Салкүреңді» шертіп береген еді. Әрі «мен білетін Тайырдың «Салкүреңі» осы. Ал одан басқа тағы бір «Салкүрең» болса оны білмедім», – деп кесетіп айтып еді» деп жазады. Және Кәсімбай ақсақал 1991 жылы 81 жасында қайтыс болды. Кәсімбайдың қайтыс болуы байланысымен «Іле айдыны» журналы арнаулы айдар ашып, оның шығармашылық өмірбаяны мен елеулі еңбектерін еске түсірді. Әрі сол ақынның «Ән-күйі туралы ойлар» атты мақаласын жариялады.

Кәсімбай сол мақаласында бірталай шындықтың бетін ашыпты. Сол қатарда «Салкүрең» жайлы да лебіз білдіргендігін, атап айтқанда «Салкүрең» күйінің 1954 жылдары «Қасен мен Жәмила» кино фильмін түсіріп жатқан кезінде, кина музыкасын жазушы композитор Чехусайдың тапсырысы бойынша жасағандығын факт-дәлелдер келтіре отырып жазып қалдырғанын жариялаған болатын. Оқырманға қажет болса мақаланы өзі іздеп тауып оқи жатар.

Тайыр Белгібайұлы кім болған адам?

Ал енді мен «Салкүрең» күйінің авторы Тайыр Белгібайұлы туралы қысқаша мәлімет бере кетпекпін. Т.Белгібайұлы 1921 жылы Шынжаң, Іле қазақ автономиялы облысы, Алтай аймағы, Алтай ауданының Ертіс өзені бойындағы «Ақарал» елдімекенінде дүниеге келген. Әкесі Белгібай аталас туыс Мамиле зәңгі мешітінің имамы болған. Тайыр бес жасында шешесінен, тоғыз жасында әкеден айырылып, ағасы Жұмаділ мен жеңгесі Зағиланың бағып, тәрбиелеуінде болады. Қолынан домбыра түспейтін Тайыр 15-16 жастарға келгенде танымал домбырашыға айналады.

Т.Белгібайұлы 1940 жылдары «Ақкөт торғай» атты тұңыш күйін шығарады. 1946 жылдан 1948 жылға дейін «Шығыс Түркістан уақыттық үкіметінің» Алтай аймақтық Уәли мекемесінде шабармандық (үкімет штаты 9-категория) жұмыста болады. 1948 жылдан 1951 жылға дейін Жеменей аудандық үкіметте қызмет істейді. 1951 жылы жаңа құрылған Алтай аймақтық Ойын-сауық үйірмесіне шақырылып, бас домбырашы болып жұмыс атқарады. Осыдан бастап Тайыр бұрынғы өткен әйгілі халық күйшілерінің күйлерін ел ішінен жинап, үйреніп, оны өңдеп ретке түсіріп, сахнаға шығара бастайды. Мысалы, әйгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлының немересі Ағзам деген күйшіні іздеп барып, жанында жарым ай шамасында болып, Бейсенбі күйлерін үйренеді. Сол үйренген күйлері ішінен бірнеше кеңес күйлерінің құрылымын ретке келтіріп, тұңғыш рет сахнаға көтереді.

Тайыр туралы Тайырмен тұстас жасаған белгілі күйші, қарт педагог Бақытқан Тағайұлы 1980 жылдар ішінде «Алтай аясы» журналына жариялаған «Тайырдың өмірі мен өнері туралы» деген көлемді мақаласында Тайыр тек Бейсенбі күйлері ғана емес, «Шақабай Шалап» атанып кеткен Шалап Саудагерұлының «Зәуре» күйінің құрылымын реттеп, толықтырып қазіргі күйге жеткізген Тайыр екендігін және «Маңғайылдың қара қасқа атының шабысына арналған күйлердің біреуін реттеп, ұзын жыл кәсіби көркемөнер үйірмелерінің сахнасында орындап жүруіне себепкер болған Тайыр екендігін, сонымен қатар «Құройнақ», «Желмая», «Көк серке», «Көк төбет», «Қос басар» күйінің 1-, 2-, 3-ші түрін тағы да басқа көптеген халық күйлерін реттеп бүгінге жеткізген Тайыр екендігін егжей-тегжейлі түсіндіріп жазып қалдырған. Және Шынжаң халық радиосы тілшілеріне осы туралы сөйлеген сөздерінің дыбыстық нұсқалары да сақтаулы. Бұлар өз алдына недәуір құнға ие әңгімелер. Мен тек қысқаша ситат ретінде айтып отырмын.

Тайырдың келешегінен үлкен үміт күткен ұйым 1952 жылдан 1953 жылдарға дейін Шынжаң өлкелік кадрлар биро мектебінің 3-қарарынан екі жыл оқытады. 1954 жылы Шынжаң қазақтары өмірінен тұңғыш түсірілген «Қасен мен Жәмила» кино фильміне шақырылып, фильмдегі бас рөлдердің бірі Жақанның рөлін сәтті сомдаған, Қытай қазақтарынан шыққан бірінші буын кино актерлері қатарынан орын алады. Әрі кино музыкасын жазушы композиторы Чехусайдың талабы бойынша, қыстырма музыка ретінде, кейін «Салкүрең» атанып кеткен күйді жасап, өзі орындайды.

Кино жұмысы аяқтағаннан кейін 1955 жылы Тайыр Іле қазақ автономиялы облыстық театрге шақырылады. Театрдың сол кездегі домбырашылары Әшім Дүңшіұлы (Әшім 1962 жылға дейін облыстық театрде жұмыс істеген), Тайыр Белгібайұлы, Әліпбек Мәлікұлы, Баяқын Әлімбекұлы, Мәлік Жүнісұлы, қара Мұқатай, сары Мұқатай, Иген Кірішбайұлы, Дәулет Халықұлы, Тұрдықан Кірішбайқызы, Нұрияш Болмасқызы, Камал Мақайұлы (камал театрдың бірінші қол басшысы болып, зернеткерлікке шыққанғадейін театрды басқарған). Мәлік Шипанұлы сол кездері театрдың кәсіптік бөлімін басқарған болатын. Солардың ішінде Тайыр Белгібайұлы бас домбырашы болып, Дәулет Халықұлы, Иген Кірішбайұлы, Нұрияш Болмасқызы, Тұрдықан Кірішбайқызы қатарлы жас домбырашыларға ұстаздық еткен.

Тайыр Алматыда Мұхтар Әуезов пен Ахмет Жұбановқа кездескен

1956 жылы тамыз айында Шынжаң Ән-би үйірмесінің құрамында Тайыр Белгібайұлы, Мәлік Жүнісұлы, Дәнеш Рақышұлы, Баяқын Әлімбекұлы, Камал Шікбайқызы қатарлы өнерпаздар Кеңес Одағының орта Азиядағы одақтас бес респубикасында концерттік сапарда болады. Сапарға шығар алдында Тайырдың орындайтын күйлерін бекіттіреді. Онда өзі жасаған күйлерден біреуін, Қазақстан композиторларының күйлерінен біреуін орындау керек деген талап бойынша «Қасен мен Жәмила» кино фильмінің қыстырма музыкасы ретінде жасаған күйін орындауға тура келеді. Ол кезде ол күйге ат қойылмаған екен. Тайыр жөпелдемеде күйдің атын не деп қойарын білмей, Қасен мінген аттың түсін меңзеп «Салкүрең» деп қоя салады. Сөйтіп шетел сахнасында өз күйі «Салкүрең» мен Дина Нұрпейсованың «Әсем қоңыр» күйін орындайтын болып бекітіледі.

Алматы сахнасында «Салкүрең» мен «Әсем қоңыр» күйлерін орындағанда, көрермен орындарынан тік тұрып шапалақ соғады. Динаның ұлы саханаға шығып Тайырдың бетінен сүйіп, «Шешемнің дәл өзіндей орындадың», –  деп разылығын білдіреді. Жалғасты «Адай», «Төремұрат» күйлерін орындап көрермендерді таң қалдырады. Ертесі «Социалистик Қазақстан» газетінде суретімен «Қытайдың әйгілі күйшісі, композиторы Тайыр Белгібайұлы» деп таныстырады. Мұхтар Әуезов қабылдап Тайыр мен Дәнешке «Қазақстанға келіңдер» деп ұсыныс жасайды. Ахмет Жубанов қабылдап Тайырға домбырасын сыйға тартады.

Орта Азиядағы гастрольдық сапарын аяқтатып қайтып келгеннен кейін 1957 жылы орталық Бейжіңде өткен бүкіл мемлекеттік әдебиет-көркемөнершілер құрылтайына барып қатынасып төраға Мау Зыдұң мен орынбасары Лиу Шияуши қатарлы мемлекет басшыларының қабылдауында болып, суретке түседі.

Шынжаңға қайтып келгенен кейін автономиялы райондық әдебиет-көркемөнершілер құрылтайы ашылады. Осы құрылтайда Тайыр Белгібайұлы Қытай музыканттар қоғамы Шынжаң бөлімше қоғамының орынбасар төрағасына сайланады. Әйгілі «Жаңа шабыт» күйін осы мезгілдерде шығарған екен.

Тайыр еңбекпен түзету лагеріне қалай, неге барды?

Іле қазақ автономиялы облыстық театр сол кездері қазақ, ұйғыр, ханзу осы үш ұлтқа ортақ театр болғандықтан, үш ұлттың концерт нөмірлері аралас қойылады екен. Сол жылдардың бір күндері Құлжа қаласының «Сқақбек құлыбында» концерт қойылады. Ол кездері Құлжа қаласында қазақатар аз болып, көрермендерінің көбі ұйғыр ұлы екен. Концертте Тайыр Белгібайұлы жеке домбырамен күй орындауға шыққанда, ұйғыр көрермендері ысқырып, жер тепкілеп, «қоңқыбай қазақ сахнадан түсіп кетсін» деп ұлар шу болады. Тайыр ыза болып кетіп орнынан тұрып микрофонмен, «ұйғыр болғаныңның әкесінің тақ аузын...» деп сахнадан түсіп кетеді.

Іле-шала 1958 жылдан басталған «ұлтшыларға, оңшылдарға қарсы тұру» қозғалысы басталады да, дайын факт Тайырды іліп алып кетеді. «Ұйғыр ұлтын боқтаған, Сәйпидін әпендіге тіл тигізген», «Мұхтар Әуезов Қазақстанға шақырған», «Ахмет Жубанов домбырасын сыйға тартқан» деген факт-дәлелдер арқылы Тайырдың ұлтшылдарға, оңшылдарға қарсы тұру күресінің объктісіне айналады. Тайырдың жетістіктеріне, әсіресе ШҰАР Музыканттар қоғамының төрағалығына сайлануына көз алартып жүретін күндестерінің қышыған жеріне дәл тиіп, ұсақ-түйектерге дейін қазбалап күреске алып, соңында еңбекпен түзету алаңына жіберіп тынады.

Тайыр кейін әңгімесінде, «Мені өзгертуге жіберген кезде ашаршылық басталып кеткен кез еді. Ауыр еңбекпен, ашаршылықтан қатты қиналдым. Далада кетіп бара жатқан жыланды ұстап алып, шөңкеме қайнатып етін жеп, сорпасын ішкенде маңдаймнан тер бұрқ ете түсетін» деп айтып отыратын. Әйгілі «Ақ арал» күйін елді, жерді сағынып жүрген дәл сол кездері шығардым дейтін жарықтық.

Тайырдың «Жорға жирен» күйі қалай дүниеге келді?

Тайыр еңбекпен өзгертуге кеткен кездері жұбайы мен алды 3-сынып оқитын үйелмелі, сүйелмелі төрт баласы ашаршылықтан қатты қиналғандықтан, Алтайдағы туыстары келіп алып кетеді. Еңбекпен түзету мерзімі бітіп қайтып келген Тайыр жазықсыз қорлауға ұшырағанына  ашуланып театрдағы қызметін біржолата тастап 1962 жылы үй-мүлкін мәшинеге басып, Алтай ауданы Авитан ауылы, Қаратерек қыстағында тұратын ағасынның қасына келіп түседі. Солшылдық үдеп тұрған сол бір кезде саяси деңгейі төмен, надан қызыл белсенділер жағынан партияға қарсы болып айдалып келген қылмыскер ретінде қарап, ауыр еңбектерге жегіледі.

Тәкең сол бір кездерді еске алып былай деп отыратын. «Ауыр еңбекке жегіліп титықтап жүрген күндердің бірінде, күрегімді иығыма салып, тоған қазуға кетіп бара жатып әтрет кеңсесі алдында ат ағашта байлаулы тұрған бірнеше ертоқымды аттың ішінде ер тұрман әбзелі жақсы есік пен төрдей жирен ат басын шұлғып тұр екен. Ат мініп өскен қазақ баласы емеспізбе, әлгі атқа қызығып қарап тұр едім кеңседен бір топ адам шыға келді. Ішінде коммунаның бірінші партия хатшысы, қазақ тіліне судай жасы егделеу Уаң Иышан бар екен. Мен жүре беріп едім, ол мені тани кетіп шақырып алып, «Тайыр, сен менің жорға жиреніме қызығып тұрсың ба? Қызығып тұрған болсаң мініп көшені бір айналып кел», – деп атты көлденең тартты. Мен күрегімді тастай салып атқа міндім де аттың басын күре жолға бұрып тақымымды қысып қалып едім, ат ала жөнелді. Бір айналып қайтып келдім. «Қандай екен?» –  деді ол. «Керемет екен!».  «Ондай болса жирен жорғаға арынап бір күй шығар, енді бір айналып келгенде тыңдайтын болайын», – деді. Мен мақұлдық бердім. Әкіреңдеп сөйлейтін әтреттің шолақ басшыларынан, тіпті топ басшыларынан бір ауыз жылы сөз естімеген едім. Коммунаның бірінші хатшысының жылы лебізін естіп недәуір көңілденіп қалдым. Сол әсермен көп айланбай «Жорға жирен» күйін сәтті жасап шықтым. Біраз күндер өткеннен кейін Уаң хатшы шақырып жатыр деп біреу келді. Мен домбырамды алып әтрет кеңсесіне барсам қасында коммунаның басқада кадрлары бар отыр екен. Мені отырғызып, бір стаканға қайнаған су құйғызып алдыма қойып, бірнеше күй тартып беруді сұрады. Мен домбырамның құлағын теңшеп алып, ең алдымен «Уаң хатшының жорға жирені» деген күйді орындап берейін деп тартқан едім, «Ойпырым-ай, қысқа ғана уақыт ішінде мынандай образды күйді қайтіп шығарып қойдың» деп қатты разы болды. Жанында отырған бұрын маған көз қиығында салмайтын жандай шаптар да кеукеулесіп кетті.

Күйге қатты разы болған Уаң хатшы «Сенің қызметіңе менің шамам келмейді, алдыңа коммунаның бір қора қойын салып беремін, соны бағып-қағып, айран-сүт ішіп, орайы келгенде сорпа-су ішіп ат үстінде жүр. Кейінгісін кейін көре жатармыз» деп қасындағы малға жауапты кадрлардың біріне табыстайды. Содан бастап ауыр еңбектен, бақылаудан құтылып, еркіндікте бір қора қой бағып, сүтінен, жүнінен пайдаланып, ақсақ-тұқсағын сойып сорпа-су ішіп жақсы болып қалдым» – деп мал баққанына ыразы болып отыратын.

Тайырдың қой соңында 20 жыл жүріп жазған шығармалары

Тайыр Белгібайұлы содан бастап 1981 жылы жаңа қызметкер ретінде Алтай аудандық Мәдениет үйіне орналасқанға дейін табаны күректей жиырма жыл қой бағады. Сол аралықта «Еңбек думаны», «Аққу», «Мерген», «Қанас толғауы», «Чаңжаң толқыны», «Сайгүлік», «Шалқыма», «Сақара саңылағы», «Арал шаттығы», «Мақпыш» (адам аты), «Кеңес», «Тоқал бұқа» қатарлы он неше күй, «Қырман әні», «Еңбекші әні», «Шырқайды малшы шаттық ән», «Жасыл алқап», «Сарыбұлақ», «Қанасым» қатарлы он неше ән шығарып, халық ішіне өзі таратады. Кейінірек осы шығармаларының барлығы радионың алтын қорына кіріп, жарияланды.

1973 жылдардан бастап мәдениет төңкерісінің бораны солғындап, әр кәсіп, әр сала ақырындап қалпына келе бастады. Қазақ радиос да мазмұны таза деп қараған ән-күйлерді дыбысқа алып тарата бастады. Алайда, солшылдықтан толық арыла алмаған жағдайда халықтық әндер мен авторлық әндердің мәтіндерін жаңа мазмұндармен қайта жаздырып орындатты. Авторлық құқық дегенді қайырып қойып, авторлы ән-күйлерді қалағанынша темесіне дейін өзгертіп басқалай мәтін жазып орындатып радиода жариялап жатты. Мәселен, «Ахау керім» атты халық әнін «Гұңшандаңым» деген әнге өзгертіп, «гұңшандаңым – атқан таңым» деп орындап жатты.

Тайыр Белгібайұлының 1950 жылдары ішінде облыстық театрде жүргенде шығарған «Жеңеше» деген әнінің темесіне дейін өзгертіп, «Минбиң әні» (халық жасағы әні) деген теме қойып, бұрынғы:

«Алма мойын, аққу түсті жеңеше,
Мына жігіт неткен жасық демеші.
Сіз өссеңіз суын ішіп Іленің,
Менің де әкем Ертісте өскен кемеші», - деп келетін мәтінін:

«Сайгүліктей сақараның қыраны,
Біз халықтың минбиңіміз қырағы.
Мәйегіміз Мау Зыдұңның сишаңы (идеясы),
Көңілімізде күндей жайнап тұрады», - деп орындатып радиоға жариялаған.

Тайыр өз күйлерін, халық күйлерін және басқа да авторардың күйлерін орындап алтын қорға жаздырды

Ал, Тайыр Белгібайұлы «жаман адам» деп қаралатындықтан оның «Салкүрең» атты күйін Тайырдың атында жариялауы мүмкін емес еді. Сол себепті «Халық күйі» деп оркестрге түсіріп радиоға берген еді. Сөйтіп Тайырдың күйі екенінен толық хабары жоқ тындармандарға «халық күйі» болып танылып кеткен себебі сол еді.

1982 жылы Орталық халық радио станциясы Шынжаңнан Тайыр Белгібайұлы, Камал Мақайұлы, Дәулет Халықұлы, Қизат Сейтқазыұлы төртеуін Бейжіңге шақырып әкеліп, олардың өз туындысын және олар білетін халық күйлерімен басқада автордың күйлерін дыбысқа алу жұмысын бастайды. Дәл сол мезетте менің кәсіптесім Қабылалды Абдоллаұлы екеуіміз Бейжіңде өз кәсіптерімізден бір жылдық білім толықтыру оқуында жатқан кезіміз еді. Радио стациясының басшылары Қабылалды екеуімзге сендер осы кәсіптің маманысыңдар ғой, осы жұмыс аяқтағанша осы кісілермен бірге болып, орындайтын күйлерінің тізімін жасау, күйлердің тарихын жазу, кезегімен студияға ертіп апарып аудармашылық істеу, күнделікті тамақтану, ауырса емдету т.б. жұмыстарына көмектесуге ұсыныс жасады. Біз мұғалімдерімізге түсіндіріп айтып, рұқсат алып, жұмыс аяқтағанша бірга болдық. Тайыр Белгібайұлының кезегі келгенде мен апарып тұрдым. Орындайтын күйлерінің атын өздері жариялап орындайтын. Бір кезегі келгенде Тайыр өз күйлерінен бірнеше күй орындады. Соның ішінде «Салкүрең» күйі де бар еді. Өз туынды күйім «Салкүрең» деп орындады.

Күйші Камал Мақайұлы, күйші Дәулет Халықұлы және Долда Кенешұлы.
(1982 жылы. Бейжің).

Дәл сол Бейжіңге барып жатқан кезде, Дәулет Халықұлы ұстазы Тайырға «Камал Мақайұлы құрастырған «Әшімнің күйлері» деген жинаққа сіздің «Салкүрең» күйіңізді, Әшім орындаған халық күйлері қатарына кіргізіп қойыпты» деп айтқан болатын. Кітап 1970 жылдардың соңын ала Құлжада шыққандықтан одан Тайырдың хабара жоқ болатын.

Бір күні кеште қонақүйде бәріміз бірге отырғанда Тайыр: «Салкүрең» күйінің авторы мен екенімді толық білуші едің ғой. Қалайша Әшімнің күй жинағына Әшім орындаған халық күйлері қатарына қосып жібергенсің?» деп Камалға төтесінен сұрақ қойды. Камал Мақайұлы ағамыз қатты ұялып кетті. Аз үнсіздіктен соң «Кешіріңіз, Тәке! Бір кездері сондай бір ағаттықтар көп болды ғой» – деп кешірім сұраған еді.

Тайыр сол жолы өз туынды күйлері, халық күйлері және авторлы күйлер болып, жиыны елуге тарта күй орындап алтын қорға қалдырды.

Дәл сол мезетте Тайырдың жиырма жыл қой соңында күтімсіз жүріп шалдыққан тыныс жолы науқасының асқынып шегіне жеткен мезгілі еді. Оның үстіне Бейжіңнің ыстық дымқыл ауасы науқасын қатты қоздырып, күй орындаған кезде өкпесінің сырылы күймен қосанжарлап түсіп болмағаннан кейін аузына маска тағып алып күй орындаған еді. Оның үстіне ұстап жүрген домбырасы да сол кездің әдеттегі домбыраларының бірі еді. Солай бола тұрса да сол жолы Тайыр орындап қалдырған күйлерден халық күйі «Құр ойнақ» және әйгілі ақын, күйші Болмас Төлемісұлынан үйренген едім деп орындаған «Қосбасардың» 1-, 2-түрі және Жайырдың «Қосбасары» қатарлы күйлерді кейін радиодан тыңдап үйреніп алып орындап жүрген күйшілер Тайырдың орындауына әлі жеткізе алған жоқ.

Тайыр Белгібайұлы Бейжіңнен қайтып келгеннен кейін көп тұрған жоқ. 1984 жылы тыныс жолы науқасынан не бәрі 63 жасында о дүниеге аттанды. Алтай аймақтық партия-үкімет орындарының қарарымен Алтай аймақтық құрбандар қабірыстанына жерленді.

Т.Белгібайұлы қысқа да тарғалаң өткен ғұмырында туған халқына ортан қолдай 23 күй, 12 ән жазып қалдырды. Көптеген халық күйлерін бүгінге жеткізіп, көптеген күйлерді реттеп, өңдеп алтын қорға кіргізді. Саханаға көтерді.

1985 жылы Алтай аймағының уәлиы Қадыс Жанабылұлының бастамашылығымен Тайыр қайтыс болғандығының бір жылдығы атап өтіліп, оның Қытай қазақтары көркемөнеріндегі орны мен еңбектері атап өтілді. Ақпарат құралдарында жақсы өгіттелді.

1999 жылы ШҰАР халық үкіметінің нұсқауымен автономиялы райондық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі тарапынан Тайыр қайтыс болғандығының 15 жылдығы кең көлемде еске түсіріліп, ғылыми талқы жиналысы оздырылыпп, Тайыр шығармаларынан арнайы концерт ұйымдастырылды.

Күйші Қизат Сейітқазыұлы, күйші Тайыр Белгібайұлы және Долда Кенешұлы. (1982 жылы, Бейжің).

2002 жылы белгілі ақын, журналист Жеңісқан Нүсіпұлының құрастыруымен Тайыр Белгібайұлының туынды ән-күйлері, Тайыр орындаған бір бөлім халық күйлері және Тайыр туралы жазылған мақалалар, арнау өлеңдер қамтылған «Ақарал ариясы» атты көлемді жинақ Шынжаң халық баспасынан жарық көрді. Ән-күйлерін Долда Кенешұлы және Ұран Ақатайұлы екеуіміз нотаға түсірдік. Ноталық редакциясын Кәрім Абдырахыманұлы қарап шықты.

Тайырдың «Салкрең» күйінің халық күйі атанып кетуінің себебі неде?

Жоғарыда Т.Белгібайұлының қысқаша өмірбаяны, өнердегі жетістіктері, бастан өткерген қиыншылықтары жайлы қысқаша  баяндап өттім. Түсіндірме сипатты осы мақаланы жазуыма Т.Белгібайұлының төл туындысы «Салкүрең» күйі алыпқашпа пікірлер әсіресе кейбіреулер жағынан жауапкерсіздікпен кейбір күй топтамаларына «халық күйі» деп енгізіп жіберуі себеп болып отыр. Ал енді «Салкүрең» күйі жайлы жінтіктеп айтар болсам – бертінгі адамдарды шатастырып жүрген үш күй бар.

1. Халық күйі «Дайынкөлдің толқыны» («Дайынкөл» сырт Моңғол қазақтары қоныстанған өңірдегі көлдің аты). Бұл күй Алтай қазақтары арасында «халық күйі» аталып кең тараған. Күйдің авторы белгісіз. Мәдениет төңкерісінің соңғы мезгілінде Алтай аймақтық Ән-би үйірмесінің оркестрі бұрынғы атын өзгертіп «Үліңгір толқыны» (Үліңгір – Алтай аймағы Бурылтоғай ауданындағы Балықты көлі) деп атын өзгертіп радиоға берген.

2. Белгілі күй зерттеуші Уәли Бекен жеткізген Раздықтың «Салкүрең» күйі.

3. 1954 жылы Т.Белгібайұлы шығарған «Салкүрең» күйі.

Осы үш күйдің атының ұқсастығы мен мазмұынының бір-біріне жақын туыстығы болуы салдарынан олардың парқын, құрылымы бөлек-бөлек күй екендігін толық парықтандыра алмаудың салдарынан деп қараймын. Егер музыкатану ғылымын толық оқып меңгерген адам болса, халық күйлері мен туынды күйлерді оңай парықтай алады.

Қайсы бір жылдары Қазақстан телеарнасында белгілі журналист Ақан Әбдуәлиев жүргізетін «Күй дария» бағдарласмасының кезекті бір санында «Салкүрең» кімнің күйі? деген бағдарламасына ұсыныспен қатынастым. Сухбатқа күй зерттеуші марқұм Жарқын Шәкәрім де келді. Тағы да бірнеше мүйзі қарағайдай күй зерттеуші мамандар болды. Осы сухбатта мен «Салкүрең» Тайыр Белгібайұлының күйі екендігін толық дәлелдеп айтып өттім. Белгілі күйші, марқұм Мұқаш Таңғытұлы да мені қоштай отырып өзінің білетіндерін ортаға салды. Әрі Мұқаш Тайырдың «Салкүрең» күйін толықтай шертіп берді. Жүргізуші архивтен Уәли Бекен жеткізген Раздықтың «Салкүрең» атты күйін тыңдатты.

Менің Раздықтың «Салкүрең» күйін тұңғыш тыңдауым еді. Мен оның Алтай өңірінде көп тараған «Дайынкөлдің толқыны» деген күйге ұқсаңқырап кететіндігін сезіндім, әрі осы пікірімді сол арада айттым. Сонда бұл екі күйде халық күйі деп орындалады. Мәселе қайсы күй бұрын шыққан болса, кейінгі алдыңғысынан пайдаланып жасалған болуы әбден мүмкін деп қарадым. Ал, осыларды тыңдай отырып Т.Белгібайұлы да «Салкүрең» күйін шығарғанда осы екі күйден пайдаланған болуы мүмкін деген көзқарасқа келдім. Адайда, Тайыр өте шеберлікпен бұрып әкетіп, сарынын сақтай отырып басқа формадағы күйге айналдырып жіберген. Бұл ұрлыққа жатпайды, нағыз жасампаздық болып саналады. Шығармашылықтағы заңды құбылыс болып, композитордың шеберлігі деп қаралады. Бұған тағы бір мысал келтірсек, күйші Қизат Сейтқазыұлының туынды күйлерін тыңдай отырып, Бәзғалам күйлерімен Қайрақбай күйлерінің сарынынан пайдаланып, ерекшеліктерін жетілдіре түсіп, өте шеберлікпен пайдалана білгендіктен әсіресе Бәзғалам күйлеріндегі ілме, терме қағыстарынан әдемі пайдаланғандығы байқалып тұрады. Шығармашылықпен шұғылданушылардың барлығы да халық ән-күйлерінің сарынынан пайдаланғысы келеді. Алайда көбінікі сопайып көрініп қалып жатады. Қортып айтқанда, Т.Белгібайұлының жоғарыдағы екі күйден пайдалана отырып қазіргі «Салкүрең» күйін шығарғандығын байқауға болады.

Тайырдың «Салкүрең» күйі халық күйі болып таралып кетуінің екінші бір себебі – Мәдениет төңкерісінің солшылдығы дәурендеп тұрған кезінде оркестрге «халық күйі» деп жазылып радиоға берілуі еді. Мен ол кездегі қоғамдық жағдайды толық білетіндіктен ешкімге кінә артқым келмейді. 3-себеп, Камал Мақайұлының 1970 жылдар ішінде шығарған «Әшім күйлері» деген жинаққа, Әшім орындаған халық күйлері ішіне «Салкүрең» күйін кіргізіп жібергендігі. Мен ол кітапты көрмегендігім себепті оның Раздықтың «Салкүрең» күйі ме, әлде Тайырдың «Салкүрең» күйі ме, оның нотасын толық білмеймін. 1982 жылы Дәулет Халықұлы Бейжіңде күй жаздырып жатқан кезде осы жайлы Тайырға айтқандығы, ал Тайырдың Камал Мақайұлына «Біле тұрып не үшін Әшім орындаған халық күйі деп кіргізгенсің» деп сұрақ қойғанда, Камал Мақайұлының «Кешіріңіз, Таке! Біркездері сондай бір ағаттықтар болды ғой» деп кешірім сұрағандығын жоғарыда айтып өткен едім.

Ал Әшім Дүңшіұлының күйлер жинағын көрген біреулердің айтуынша 1953 жылы Әшім Үрімжіге барғанда «Салкүрең» күйін үйреніп келген екен дегенді айтқанын естідім. Мен жуықта бұрынғы сақталған архивтен біреулердің алып шығып таратқан бейнебаянын көріп таңғалдым. Онда 1950 жылдарда Үрімжідегі сол кезде Мәлік Шипан басқаратын Қазақ мәдени орталығының әртистері Раздықтың «Салкүрең» биіне билеп жатқан көрінісін көрдім. Басындағы қытайша таныстырылымда 50-жылдардағы қазақтардың «Қаражорға биі» деп жазып қойыпты. Ал билеп жүрген музыкасы тұп-тура Раздықтың «Салкүрең» күйі. Міне осыларға қарай отырып Әшім Дүңшіұлының 1953 жылы Үрімжіге барған кезде «Салкүрең күйін» үйренгенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда ол Ләнсан өңірінде тұрған Раздықтың «Салкүреңі» деп айта аламыз. Ал Тайырдың «Салкүрең» күйі 1954 жылы жасалған.

Тайырдың еңбегін бұрмалап көкпарға салуды қою керек!

Т. Белгібайұлы ХХ ғасырда Қытай қазақтары ішінен шыққан әйгілі күйшілердің көш басында тұрғанымен, тірі кезінде қолдау да, қорғау да болған адам емес. Оның бүкіл өмірі тарғалаңдықта өткен адам. Өнері енді ұшталып келе жатқан мезгілде сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болып, орайшыл, күншіл, жалақорлар жағынан өнеріне тұсау түсіп, бүкіл өмірі ойран болған адам. Қазірге дейін дарынды күйшінің еңбегін, шығармаларын зерттеудің орнына еңбегін бұрмалап, олай-бұлай тартқылап, көкбарға салып, аруағына маза бермей жатқандар жоқ емес. Енді тоқ етерін айтайын: мен «Салкүрең» күйі Тайырдыкі екенін дәлелдеп өттім. Ал халық күйі деушілер толық пәктін алып шықсын. Алып шыға алмаса баспасөз бетіне жариялап қателіктерін мойындасын, өйтпегенде әділ сотқа жүгінуге болады. Мен Долда Кенешұлы 1963 жылдан бастап кәсіби өнер үйірмесінде қызмет істеген, сол кәсіптің қыры мен сырын игерген күйші, композитормын. Әрі ұзын жыл халық ән-күйлерінін, қиса-дастандарын, ауыз әдебиетін, араб, парс, шағатай тілдеріндегі көне басылым кітаптарды жинап, реттеп архивтестңрген, халық ән-күйлерін реттеп нотаға түсіріп 8 томдық кітап етіп шығарған музыка маманымын.

Жоғарыда атап өтілген ХХ ғасыр Қытай қазақтарының күйші-композиторларының көбімен бір қызмет істегендіктен олардың күйшілік өнердегі жетістіктеріне, шығарған күй туындыларына, тіпті мінездемелеріне, кешірмелеріне қанықпын десем артық айтқандық емес.

Мен Іле облыстық мәдениет-көркемөнер зерттеу орнында қызмет істеп жүрген кезімде сонау Бейсенбі, Қайрақбай, Мұкей, Қожеке қатарлы арғы күйшілердің тарихын, шығармаларын жинап архив тұрғызған мамандардың бірімін. Сол себепті жасаған жасымда, бастан кешкен істерімде, білетіндерім де көп деп айта аламын. Қазіргі жасап жатқан, әсіресе 1960 жылдардан бергі өмірге келген осы сала адамдарына алдыңғы істер бұлыңғыр екені шындық. Өйткені, оларға аңыз-әңгіме түрінде жеткен. Оның үстіне ортада «Мәдениет төңкерісі» деген он жылға созылған зобалаң төңкеріс көп нәрсені жоғалтып, көп істерді ұмыттырып жібергені шындық. Сол себепті өнер саласының бел ортасында жүрген, яғни осы жұмыспен айналысып жүрген азаматтар көп зерттеу алып барулары, білермендік істемей жауапкершілікпен қараулары, әсіресе жершілдік, рушылдық, тайпашылдықтан аулақ болуы қажет деп қарайымын!

Долда Кенешұлы, күйші, композитор, өнертанушы.

Мақаланың редакциясын қараған және дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048