Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Әріптестің әңгімесі 1554 7 пікір 20 Маусым, 2024 сағат 14:14

Мәскеу: Армения ЕАЭО-дан да шығуы мүмкін!

Коллаж: Mezgil.kz

Армения премьер-министрі Пашинян 13 маусымда «Келесі қисынды қадам ҰҚШҰ-дан шығу болады және ел билігі бұл қадамды қашан жасау керектігін шешеді», - деген еді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды

Ал оның алдында Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға (ОДКБ) қатысуын тоқтата тұратынын мәлімдеген болатын.

Армения Қарабақтағы соғыстан кейін Батыс елдерімен ынтымақтастықты жандандырды. Соғыс қимылдарының нәтижесінде Әзербайжан Қарабақ аумағын толығымен өз бақылауына алды. Сол кезде Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) жүгінді және «дереу көмек, соның ішінде әскери көмек көрсетуді» сұрады. Бірақ Ресей маңызды рөл атқарып отырған ҰҚШҰ жағдайдың шиеленісуіне «алаңдаушылық» білдіріп, Арменияға «көңіл айту» мәлімдемесімен шектелді.

1718804290588597.jpg

(Сурет: ЕРА)

ПАШИНЯН: ҚОШ БОЛ, ҰҚШҰ! БІРЕУГЕ ТӘУЕЛДІ БОЛУ – БІЗ ҮШІН ҚАУІПТІ!

Міне, осыдан кейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Армения ҰҚШҰ-дан шығатынын мәлімдеді. Өйткені Ереван елге нақты қорғаныс керек кезде көмекке келмеген «сабын көпіршігіндей одаққа» қкпелі болды.

Сондай-ақ, Пашинян: «ҰҚШҰ-ға мүше екі ел Әзербайжанға 2020 жылы Қарабақтағы жауынгерлік іс-қимылдарды дайындауға көмектесті», - деп сөйледі.

Армения тарапынан айтылып һәм жасалым жатқан ҰҚШҰ-дан шығу туралы риторикаларға Ресей БАҚ-тары, ондағы саясаттанушылар, түрлі дәрежедегі шенділер бұлқан-талқан болуда. Қараңыз:

Ресейлік БАҚ («Құпия саясат» телеграм арнасы): «Армения ҰҚШҰ-дан шықса, Ресей Армениямен арадағы қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу жөніндегі кез келген келіссөздерден бас тарта алады. Бұл Ереванның Ресейге қарсы белсенділігіне Мәскеудің ең пәрменді жауабы болмақ.

Армения енді қаруды Франция, Ұлыбритания, АҚШ және басқа да ұжымдық Батыс елдерінен, солардың қалдық темір-терсектерін сатып алсын», - деп жазады, Ереванға сес көрсеткендей мазмұнда.

Ресей қару-жарағына тәуелділік жайлы, осыған дейін Армения Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы: «Бір қару жеткізушіге толығымен тәуелді болу – қауіпті. Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастық 96%-дан 10%-ға дейін төмендеді», - деген еді.

1718804350929680.jpg

(Сурет: azertag.az)

ГАЛУЗИННІҢ ОЙБАЙЫ: АРМЕНИЯ ЕАЭО-ДАН ДА ШЫҒУЫ МҮМКІН!

Ресейдің ресми билігінің көзқарасын РФ СІМ басшысының орынбасары Михаил Галузиннің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатынан аңғарса болады.

Галузин: «Армения билігі әскери әріптестікке баса назар аудара отырып, Батысқа қайта бағыттауды жеделдетуде. Арменияның АҚШ пен НАТО-ның «қағаз қолшатырына» өтуі Ресеймен және ҰҚШҰ шеңберінде бірыңғай қорғаныс кеңістігін сақтауға мүмкіндік бермейтіні белгілі», - деді.

Галузин әрі қарай: «Батыс «Арменияны утилитарлық, Ресей мен Оңтүстік Кавказға қарсы гибридтік соғыстың бір құралы ретінде қарастырады. Мақсаты түсінікті. Өңірде шиеленістің кезекті ошағын қалыптастыру. Ол үшін армян «плацдармын пайдаланбақ.

АҚШ, ЕО және НАТО өкілдері Ереванды Мәскеумен барлық байланыстарды үзуге шақырады. Арменияны еуроспективамен қызықтырып, өздері тарапынан бізбен ортақ интеграциялық бірлестіктерден шығаруға ұмтылып отыр. Елімізді соңғы жылдары экономикасының рекордтық өсімін қамтамасыз ететін тетіктерден бас тартуға итермелейтінін болжау қиын емес», - деді РФ СІМ басшысының орынбасары.

Галузиннің айтуынша: «Уақыт өте келе Батыс пен АҚШ Ереваннан ЕАЭО-дан кетуді талап етеді. Ал Армения Одақтың қалыптасып келе жатқан энергия ресурстарының бірыңғай нарығына қатысу мүмкіндігін жоғалтады».

МӘСКЕУ: АРМЕНИЯ ҮШІН ҰҚШҰ-ҒА ПӘРМЕНДІ БАЛАМА ЖОҚ!

Әрі қарай Галузин: «Ереванның ҰҚШҰ жұмысына толыққанды қатысуы – Оңтүстік Кавказда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіне қызмет етіп, армян халқының мүддесіне жауап береді. Армян билігін Ұйымға қатысуды «тоқтатуға» итермелеген батыстықтар не уәде етсе де, бүгінде Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігі ретінде ҰҚШҰ-дай пәрменді балама жоқ», - депті.

1718804528624638.jpg

ЕРЕВАН: ФРАНЦИЯДА КӨП ҚАРУ, ҰҚШҰ-ДА ЖОҚ ҚАРУ!

Ресей БАҚ-тары мен саясаткерлері Ереванды уысынан шығарып алардың аз-ақ алдында жанталасып тұрғанда, Армения билігі әскери әріптестік мәселесінде Франциямен байланыстарын нығайта бастады. Оның дәлелі – Армения Франциямен «Caesar» дейтін француздың өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларын сатып алуға келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Францияның қорғаныс министрі Себастьян Лекорню мәлімдеді.

«Біз Армениямен қорғаныс қарым-қатынастарымызды нығайтуды жалғастырудамыз. Жаңа маңызды кезең – «Caesar» зеңбіректерін сатып алуға келісімшартқа қол қою», - деді Лекорню.

Париж 2023 жылы Арменияның Әзербайжанмен қарым-қатынасы шиеленіскен кезде Ереванға әскери көмек көрсете бастады. Армян армиясына арналған броньды автокөліктердің бірінші партиясы республикаға Грузия арқылы жеткізілді.

2023 жылдың қазан айының соңында Лекорню Париж Арменияға «Ground Master 200» (GM200) үш радиолокациялық жүйесін сатуға ниетті екенін хабарлады. Сондай-ақ ол Ереванның «Mistral» жылжымалы зениттік зымыран кешендерін өндіруші – «MBDA» компаниясымен ынтымақтастығының басталғанын хабарлады. Бұдан басқа, Лекорньге армян әскерилерін әуе шабуылына қарсы қорғанысқа үйретуге уәде берді.

Бұл ретте Пашинян Арменияның Батыс елдерімен, оның ішінде Франциямен және АҚШ-пен ынтымақтастығы елдің қауіпсіздік саласындағы басқа серіктестеріне қарсы бағытталмағанын, тек бір ғана мақсат - Кавказда бейбітшілік орнатуға қызмет ететінін атап өтті.

Abai.kz

7 пікір