Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2252 4 пікір 24 Маусым, 2024 сағат 12:38

Бүгінгі қазақ ақындары қай бағытты ұстанады?

Коллаж: Abai.kz

Мың өлең жазып, жұрт есіннен тарс шығу бар, тек бір ғана тармақпен не болмаса, бір өлеңмен тарихта қалу бар да, елдің кезінде аузы ашылып, көзі жұмылған мың өлеңмен мәңгіге ұмытылу бар екендігін ескерсек, есімізге Тұманбай Молдағалиев түседі.

Ол "Құстар әнімен" ұлт жадында қалды. Бұл мысалым кейбіреулерге ұнамасы да анық. Бірақ "Тұмашқа" әдеби бақыт осылай бұйырды. Ал, осы ақынның сөзіне жазылған "Жаздың күні барқыт еді әдемі" әні хит болып, 70-80 жылдар жастарының сүйікті әніне айналды.

Поэзия Меккесі, Алаштың рухани астанасы - Семей топырағынан шыққан Ақберен Елгезек, Азамат Тасқара, Медет Демежан, Ержан Жұмабек, Арман Шеризат турасында бірсыпыра жазыппын. Енді соны қайыра ой елегінен өткізгеніме, ғылымдағы әріптестерім "Түйенің танығаны жапырақ" деген орайда бір өңірдің ақындарын ғана қарастырып, жершілдікке барып отыр деген күстәнә ойға бармас деп есептеймін.

Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасын оқыған кезімізде "қазақ әдебиетіне еуропалық мәнерде дәуірлеу де еш опа әпермейді, қайта данышпан Абай әкелген қазақ әдебиетіндегі әдеби дәуір әлі аяқталған жоқ-ау" деген ойға қалатынымыз жасырын емес. Әрі жас-кәрі деп бөлушілік те кейбірде қисынсыздық танытатыны да жасырын емес.

Қазақ ақындары әлі күнге дейін ұстанған бағыт бағдарына қарай: ұлттық ақындар, дәстүршіл ақындар және халық ақындары болып, бірінсіз-бірі жоқ үш топқа бөлінетіндігін аңғарамыз. Қазіргі Абай облысы топырағынан поэзия көгіне самғаған ақындардың (Ақберен Елгезек, Азамат Тасқара, Дәулеткерей Кәпұлы, Медет Демежан, Ержан Жұмабек, Арман Шеризат т.б.) туындыларын оқып отырғанда ақындық "меннің" түрлі үлгісін ұшыратамыз.
Жасыратыны жоқ әр дәуір әдебиеті өз дамуында өзіндік жанрлар иерархиясын құрып, бұрынғы дәстүрлі танымдағы жанр табиғатының жаңа сипатын паш етеді. Бұл дегеніміз – дәуірден дәуірге өткенде қазақ әдебиеті бір сападан екіншісіне ауысатындығы. ХХІ ғасыр сонысымен ерек.

Қазір қазақ әдеби сыны біздің порталымызда ақындардың көбінің ұлттық әдебиетіміздің бағы үшін нағыз поэзиялық бабына келгендігін түрлі сипатта, түрлі бағытта оқырман қауымға танытып жүр. Бірақ біз ескеретін бір жайт әдебиеттің өнер түрі, әрі мәдениеттің құрамдас бір бөлігі болғандықтан бір жағы алаши көркемдік танымының дамуы мен ұлттық жалпымәдени дамудың заңдылықтарына шынайы тарихи ойлау тұрғысынан көз жүгірткеніміз абзал. Кеңестік кезең ақындарымыздың көбіне алаш идеясын тәрк еткізді. Ойындағысын жазуға мүмкіндік бермей мың жерден тұсау салды.

Аталған ақындар поэзиясындағы бізді қызықтыратыны дәстүрлі ұстанымдағы біреулерге түсініксіз, біреулерге күңгірт көрінетін олардың сезім толқынынан буырқана нәр алып, ақындық "мендері" атойлай парасат майданында шыңдалған қаламынан лықси төгіле, өз оқырмандарына жол тартқан ғажайып жырларындағы дәстүрлі алаштық дүниетанымнан кіндік үзбегендіктері.

Олардың өлеңдерін оқу барсында ақындық-философиялық ой түйіндеудің өзіндік әлеміне еніп, олардың шалқар ойларының қайсысын қармауымызды білмей дал боларымыз анық. Тіпті оқырмандар пікірін қаққа жаратын өлеңдері де өмірге келіп жатады. Атап айтар болсақ, қазақ әдеби әлемін дүр сілкіндірген, кейбіреуімізді кірпідей жиырылдырған "Мама" деген өлеңде бұл құдіретті сөз ақын үшін әдеби поэтикалық фон болып саналса да, АЛАШ АНАСЫНЫҢ архиобраздық "таңбалануы" бұғып жатыр.

Кезінде Ақберен өз шығармашылығының шабытты сәті жайында былайша:

- Өлең ойда жоқта сап ете қалатын құдайы қонақ секілді. Ол санаңызға "асса­лаумағалейкум!" – деп кіріп келеді. Бұл қонақтың аты-жөнін білмейсің, түрін бұрын көрмегенсің, алдымен түйсікпен бақылап, абайлап сөйлесіп, сақтана арбасып отырасың. Сосын бұл қонағымыз қандай екен, қалай күтсем жағармын деп ойлайсың. Айран берсең, шай ішкісі келеді. Шай берсең, "шөлдеп тұрғам жоқ" дейді. Өзі бір қызық екен деп отырғаныңда, әлгі қонағың сен мүлде күтпеген тосын жаңалық айта бастайды, сен ешқашан естімеген, миыңда бұрын-соңды болмаған ойды ақтарып сап, қарап отырады. Сосын бұл кім өзі, данышпан ба, нақұрыс па деп таңғалып отырғаның. Одан кейінгісін қазақтың бай тілі өзі жайғайды ғой, - деп автобиографизммен толғанған еді.

Осы құбылыстың арасынан (Ақбереннің “Автопортрет” өлеңіндегі жаңарған ойға зер салған шақта) Қазтуған рухпен қақ айыра жол салып, мұсылман әлемі мен батыстық христиан әлемінің мәдениетін әдеби-мәдени бітімгерлікпен өзара мәмілеге келтірушілік ақындық емеуірінді танимыз.

Жоғарыда айттық, тағы да қайталаймыз, ақын МАМА-ға саналы түрде поэтикалық акцент түсіріп, аталған ұғым-түсініктің маңына философиялық толғанысын топтастырады. Өзі Ана деп сөйлемейтіндіктен, санасы мен аузы үйренген "Мама" сөзін қолданғандығы жақсы өлеңді варваризмге ұрындырса да, негізі идея солғынданбаған:

"Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!

Иә, неолиризмді бағытында өздерін танытқан қос семейлік ақын Ақберен Елгезек пен Азамат Тасқара қаламынан шыққан “Көлеңкелер күбірі”, “Жел кімді іздейді?” жинақтары әдеби сыннан өз бағасын ала алды.

Ұлттық поэзиямыздағы неоклассицизм (ақын-жыраулар дәстүрінің жаңаша жырлануы) бағытында өнімді жазып жүрген Дәулеткерей Кәпұлы, Медет Демежан мен Ержан Жұмабек сынды алаштық аңсардағы ақындардың туындылары “Бүлдірген ағып түскенше...”, “Көк түркі”, “Шексіздік шұғыласы” оқырмандар ілтипатына бөленді.

Қазақтың қалаға сіңуі КСРО құлағаннан кейін жаппай үрдіс алды. Осы үрдіс Медет бауырымыздың "Арзу" өлеңде өзіндік қырынан айшықталғандығын аңғарамыз.

Мұңданба маған, ей, Қала!
Үш ғасыр бойғы жыртық кебісіңмен сүйреткен,
Қара қасіретіңе көзімнің жасын үйреткем.
Көкбөрі рухын ұлытып естен аластап,
Алғысын емес қарғысын атып Алашқа,
Үрке көшкенде тамырын жұлып құт елден,
Жамылып қайғы кебінін шыққан зәрумін,
Мұңданба маған, зарыңа құлақ бітелген! - деп жартылай көшпенді елдің ұланының бүгінгі болмыс-бітімін айна-қатесіз кескіндейді.

Ақын дегеніміз жұмбақ болуға тиіс. Сондықтан оның жазғандары да тылсымға толы болуы ләзім. Қызыл кісен ұлт ақындарының аяғынан алынғанан кейін Тәңіршілдік рухтың мұсылмандық реңкіндегі қазақ абсурдизмі ұзақ та, толғақты-толғаулы кезеңді бастан кешіп ұлтына оралуға тиістін.

Аталған ақынның "Түн сезбейді: ғасыр, ғасыр, ғасырлар..." атты өлеңінде ақын уақыт мезгілі (түн) мен жыл маусымына (күз) барлық ойын топтастырып, жолдың шетінде асықпаған арбаның доңғалағын арқалап, Сизифтік тіршілік кешіп жүрген өзінің жалғыздығымен мұңдасып, ақын және пенде ретінде қаққа жарылып Құлазыған бастан хал кешу ауанында айдың жұп-жұқа тілінен тамшының ақ дұғасының құлайтын себебі:

Бұл күрсініс азаматтық шынымен,
Мына күз де – тасқараұлы маусымы, - деп аты-жөнін өлеңнің финалдық соңғы тармақтарының қаузына сыйдырып, ақындық "МЕНІН" паш етеді.

Арман Шеризаттың бір өлеңінің төңірегінде пікірімізді өрбітпер болсақ:

Өмір, сірә, сыймайды өлшемге еш,
Кемел ойға кетеді кемсеңдеп ес.
Елес қуып, артынан жете алмадым,
Ұзап кетті тағы бір теңселген көш.
Ұзап кетті...

Арманның пір тұтар бір ғана дүниетаным бар, ол – алаш дүниетанымы. Осы дүниетаным жоғарыдағы шумақтағыдай сөз асылын жазғызып келеді.

Өлең деген – бір сиқыр, оның магиясына берілген жас ақындардың бірі – Ержан Жұмабек.

Оқылмайтын өлең бар, ойды арбайтын өлең бар. Бар болғаны осы. Поэзияны ешқашан жақсы және жасық деп пайымдаудың жөні жоқ. Оқып шықтың ба, ұнаса эстетикалық ләззат алғаның, ұнамаса көңіліңнің хошының қаламағаны да...

Осындай эстетикалық ләззат сыйлайтын өлеңдер Ержанда жетіп артылады.

Болашағым басымда жобаланып,
Алтын күндей жайнайды домаланып.
Қиялыма түйреуіш тағып қойдым,
Бір бақыттың, бұйыртса, болары анық!

Ұлттық мүдде мен жеке бастық мүддені ұштасытып, сөз асылын жарқыратуды темірқазық етіп, бүгіндері жыр сүйер оқырман қауым аузына ілігіп, өлең көгінде жасындай жарқылдаған ақынның ақық жырлары оқыған шақта өлең өлкесінің құпия қойнауының тереңіне сезімің езіле де, жан дүниең аласұра егіле, ойың шырмала еліге отырып, қалай еніп кеткеніңді өзің де аңдамай қаласың. Сөз сиқыры деген осы да.

Махамбеттің қызғышы Дәулеткерейдің кекілігіне айналып:

Тастан да тасқа секіріп,
Тауда бір ойнар кекілік.
Біздің елде жалғыз ғана жетім ұлт,
Сен, ешкімге айтпа, кекілік!

Кекілін самал сүйген құс,
Тау тұғырында билер құс.
Бұратаналар – хан ұлындай шіренген,
Мен Қазақ боп қалдым – именгіш, - деуінде сананы сарсылтқан сұмдық зәреңді зәр түбіне жіберетін ой жатыр.

Иә, Дәулеткерей мен Медет Демежандар қазақ неоклассицизмін өмірге әкелген буынға жатады. Олардың осы бағыттың бағын қалай жандырып, қалай жырланып жүргендігін жыр сүйер қауым жақсы біледі. Біз өзіміз шығармашылығымен жақсы таныс танымал ақындарға қатысты аз-кем сөз қозғадық.

"Бөдене дарындардан" (термин: М.Шахановтікі) бөлектенген семейлік ерек топ топқа жататын ақындар шоғыры турасында бізден асырып жазатын алаш баласы табылады. Біз тек көкейдегі көрікті ойды ақ қағаз бетінде өз білгенімізше айшықтады.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308