Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3142 2 пікір 4 Шілде, 2024 сағат 19:41

Қазақ өлеңінің алтын шырағы

Коллаж: Abai.kz

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалар...

Орыстың ұлы жазушысы Ф.М. Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөзі бар. Жан- жағына ой сәулесін шашып тұрған, мағынасы терең, қанатты сөз. Сонда мұны қалай түсінуге болады. Сұлулық дегенде,есіңе  қасы- көзі қиылған, ақша бет, ай маңдай арулар түседі.  Кешегі Баян мен Қыз Жібек, Ақжүніс пен Назымдар түседі. Солардың мүбәрак бейнесі бұлт арасынан шыққан күндей болып,  жарқ етіп көрініп, аяулар елес танытады.  Бұл да бір жағынан әрі табиғи, әрі заңды құбылыс. Өйткені күлімсіреп тұрған аспан, ойланып жатқан жер үстінде  арулар әлемі болмаса, әйел затына тән сұлулық болмаса, дүниенің не болғаны.  «Дүниеде не жақсылық, не сұлулық болса, соның бәрі ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» дегенді ұлы М. Горький де тегін айтпаған. Күннің нұры, ананың ақ сүті дегендеріңіз білген жанға тұнып тұрған сұлулық әлемі емес пе?!

Ал, сол сұлулықты барынша уағыздайтын жер бетінде не іңкәрлік болмасын соның бәрін адам  санасына шым- шымдап сіңіріп, рухани күшпен сусындататын бір құдірет бар. Ол не дейсіз ғой. Ол -мәртебелі поэзия.Тегінде сұлулық пен поэзия егіз ұғым. Екеуін бір- бірінен әсте бөліп қарауға болмайды. Поэзия десе ,санаңа сұлулық әлемінің киелі нұры төгілгендей болады. Сұлулық десең , жан дүниең өзгеше түрге еніп, ән салып жатқандай күйге енесің. Ал, осы екі ұғымды өзінің жауһар жырларына арқау етіп, оқырманын көзайым қуанышқа кенеген, былайша айтқанда , әрнеге құштар іңкәр жүректің ыстық лебін жырмен саялатқан ақындар баршылық. Солардың бірі және бірегейі  Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып десек , артық айтқанымыз емес. Бұған дейін өз оқырмандарына әлденеше жыр жинағын сыйлап, өлең өлкесінде ерекше көзге түскен дара тұлға, поэзия айбозы 2012 жылы жаңа кітабын  қалың көпшілікке тарту етті. Кітап «Білте шамның жарығы» деп аталады. Жинаққа ақынның соңғы кезде жазған, тіпті сиясы кеппеген жаңа жырлары топтастырылған.

Сурет Abai.kz мұрағатынан

Алыс жол жүріп, азығың таусылып, сусының да бітіп, әлің құрып, таңдайың кеберсіген бір шақтар болады. Жан- жағыңа жетімсіреген көзбен үміттене қарайсың. Әлдебір тұстың,мүмкін болса жақыннан мөлдір бұлақ кездесер ме екен деген ой жаныңды мазалайды. Шөл қысқан сайын мөлдір бұлақтың суы тіптен қол жетпес армандай болып, әуелей түседі.  Шіркін, сол бұлақ кездессе етті деп, өз- өзіңнен дегбірің қашып, әлденеге асыға түсесің. Тілегіңе періште қол жайған шақтар да болады...

«Білте шамның жарығын « оқығанда дәл осындай әсерде боларың сөзсіз. Көптен қолына жөпшенді жыр кітабы түспей, жан дүниесі сұлулық шәрбатына сусаған жанның да кенет қолына өзі діттеген дүниесі түссе, аяқ асты мардамси қалатыны да шындық. Ақынның мына кітабы да өз оқырмандарына сәл кешігіп келген көктемдей, ақ айдынға асықпай барып  қонған аққудай не болмаса сағынтып барып сән түзеп, құшағыңа құлаған дала гүлі іспетті. «Білте шамның жарығы»  түптеп келгенде ақынның тұп- тура жүрегінің алтын шырағы секілді. Шам қайда жанбайды дейсіз. Жаққан жердің бәріне шұғыласын шашып жана бермек. Ал, білте шамның жөні бөлек. Ол көрінген тұста, әлде біреудің алдында жана бермейді. Демек, мұнда өзіндік үлкен сыр жатқан тәрізді.

Хакім Абай «...мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ- барды ертегіні термек үшін» демеп пе еді. Сол сықылды оқырман да кітапты не еріккеннен, не болмаса зерікеннен қолына алмайды. Сол кітаптан өзіне керекті құндылықты алғысы келеді. Аңсары ауған асылын іздейді. «Білте шамның жарығы» деген кітаптан біз де өзімізге керектіні іздедік және таптық. Ақын жүректің шуағы шашылған жырдан көңілімізде көмескі тартып, жоғала бастаған  кешегі күндердің сұлбасын таптық. Былайша айтқанда, білте шамның, май шамның жарығында ентелей алға озып, сарғайған кітап беттерін оқыған сәттерімізбен қайта қауышқандай болдық.Өткен күн, қайта оралмас шақтарға саяхат жасадық. Сонау ту- ту алыста, көк жиектің құшағында,  мұнар көмкерген тұста мәңгілікке елес болып қалған қайран да қайран балалық шағымызға,кітаптан көз алмаған бозалаң кейпімізге, хош- хошы мол өтпелі фәни жалғанға қиял қанатымен тосын өткінші сапар жасадық. Өтпелі дүние сынаптай сырғып, моншақтай тізіліп елес береді. Бәрі де көз алдыңда болып жатқан алдамшы, сырғақ құбылыс. «Ай туады, Күн қашады, Алдымыздан түн тосады» деп басталған өлең енді білте шамға ауысады. Білте шам айналасы қыбыр- қыбыр тіршілікке жалғасады.  «Парақтардан әріп теріп», не қилы кітаптар оқылады. «Небір көне кітаптарды оқытқан қара шалдар ара –арасында  «Мың бір түнге”де ауысады. Білте шамның жарығымен «Шайқастарды оқығанда, арқа тіптен қоза түседі». Керқұла атты Кендебай, Күн астындағы Күнікей, Жылан Бапы қыздарының өзі неше түнге азық. Қобыланды мен Алпамыс, Ер Тарғын мен Қара қасқа атты Қамбар талай-талай білте шамды тауысады. Білте шамның жарығында оқыған жырлар тіптен желікті. «Қыз Жібектің лебін сезіп, айналасың серігіне. Жылайсың кеп ағыл- тегіл, Төлегеннің өліміне» .Білте шамның жарығы тек айналасына ғана емес, тіпті айналасында ақ қағазға шұқшиғандардың жан дүниесіне жарық құйып, шұғыла шашып жатқандай. Ақын бұл өлеңін өзгеше бір толғаныспен, тебіреніспен аяқтайды.»Өрт боп жанып жалынынан, Соның бәрін қанып ұғам. Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә, Білте шамның жарығынан» .Қысқарта айтқанда білте шам несімен құнды, несімен кепиетті. Қастерлі болатыны білте шам өмір жолын енді бастаған жас- желеңдердің алдында жанып тұрған алтын шырағы,  өмір өткелдерін басып өткен көн тері, көк сақалдардың қиялында өшпей қалған қияндағы сөнбес алауы.

Әдебиет тарихында ғұламалар поэзия туралы сан - салалы ой айтып, неше алуан қанатты қағида қалыптастырды.Ұлы сыншы В.Г. Белинский «Поэзияның жаны –лирика» деп ой қорытты. Хакім Абай «Өлең сөздің саласы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы, Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, жұп- жұмыр, тегіс келсін айналасы» ,-деп  ой төркінін төскейден бір-ақ қайырды. Төрт жол өлеңмен өлеңнің бар құбылысын түгендеп берді. Ұлттық сөз өнерімізге ғана емес, күллі әдебиет әлеміне керекті мәңгілік ғажап ұлағатты қағида  қалдырды. Мұқағали болса, «қазақтың қара өлеңі құдыретім» деп өзінше ой өрнектеді. Айтпағымыз сол, әр ірі ақынның өлең туралы өзіндік өлшемі, айтар пікірі болған. «Білте шамның жарығын» оқығанда ,қазақтың ардакүрең ақыны Бауыржан Жақыптың да өлең жәйіндегі өз ойы, өз ұстанымы бар екені айқын байқалады.  Ендеше ақын өлең турасында не дейді, жалпы бүгінгі қазақ өлеңі қандай болуы керек.  Бұған  жауапты ақынның «Өлеңім» деген туындысынан көптеп келтіруге болады. Ақынның пайымдауынша өлең деген Хиуадан шауып, қисынын тауып қиюластыратын аса күрделі құбылыс. «Өлең деген әлдебір асылды, құйып қойған секілді,иір- иір еменді, иіп қойған секілді. Өлең деген дүниеге бір келер хас сұлуды, шөп еткізіп жалқы сәт, сүйіп қойған секілді...Өлең деген болады, төгіп қойған секілді, ешкім көрмес дүниені көріп қойған секілді. Өлең деген аққудың ақ мамығы сияқты, жүрегіңнің бар сырын ақтаруы сияқты.Өлең кейде аспаннан жауған ақ қар сияқты, түн қойнында шатырлап жанған оттар сияқты. Тас бұлақтың суындай буырқанып, сарқырап, мөп- мөлдір боп мөлдіреп,  таудан аққан сияқты...Қақтаған ақ күмістей, сақтаған сары алтындай, не бар екен өмірде, өлең сенен бағалы».
Осылайша тебіренген ақын жыры енді басқа мақамға ауысады.

Демін тартқан өзендей, тына қалған өлеңім.
Он сегіз мың ғаламдай, тұна қалған өлеңім.
Жанарымды жас болып, жуа қалған өлеңім,
Көз алдымда көктем боп, тұра қалған өлеңім.
Мен бар жерде –сен барсың, Сен бар жерде мен бармын,
Ұлы Абайдай бабамнан, мұра болған өлеңім!

Сурет Abai.kz мұрағатынан

Өлеңді бөбегіндей әспеттеді, алақанына салып аялады деген осы болар. Және өлеңге дәл осындай іңкәрлікпен, шынайы ғашық жүрекпен қараған ақынның жауһар жыр жазуы да  заңды құблыс. Бауыржан Жақыптың әдебиет әлемінде былайғы жұртқа тез танылуына, және ақындық атағының дүркіреп шығуына үш түрлі себеп бар.  Біріншісі -бойына ананың ақ сүтімен туа біткен табиғи таланты, екіншісі -туған жер, өскен ортасы, үшіншісі - шынайы еңбекқорлығы, тынбай ізденісі. Айта кетсек ,ол  Арқат орта мектебін 1980 жылы алтын медалмен үздік тәмамдады. Осының өзі оның болашаққа деген ізденісінің алтын көпірі секілді еді. 1985 жылы кәзіргі Әль-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін бітірді.  Сөйтті де ары қарай толып жатқан жауапты жұмыстарға араласты да кетті. Бұл саладағы еңбегінің өзі бір төбе. Алайда қайда жүрсе де,нендей жұмыстың басында болмасын қолынан қаламын тастамады. Соның арқасында 20-дан  астам жыр кітабы өмірге келді. Екінші қасиеті -өмір сүрген ортасы дедік қой.  Бұл саланың да салмағы ауыр, ерекшелігі мол.  Кім болмасын а дегенде туған топырағынан нәр алады. Жеміс те құнарлы топырақта өседі. Жерге түскен дән де топырағына, тегіне тартады.  Көзіңді ашып көрген, аузыңды ашып сүйген орта қашан да сенің алғашқы тәрбие мектебің, тәлім алар қасиетті мекенің. Ал, Бауыржан өмірге келген жер тап- таза әдебиет әлемі, ғылым мен білімнің қара ордасы. Бұл поэзия пайғамбары, хакім Абайдың тірлік кешкен киелі өңірі еді. Қазақта тегіне тартқан деген киелі сөз бар. Кім болмасын, не нәрсе болмасын тегіне, жылдызына тартпай қоймайды. Осындай үрдіс  Бауыржан ақынның да басында болған. Айта кетерлігі сол ақынның бір емес, бірнеше өлеңінде сол хакім Абай ғұмыр кешкен атырап, әйгілі Шыңғыстау сілемдері,  Жидебай мен Қасқабұлақ, Бөрлі мен Ералының жазығы  көрініс берген. Жәй ғана аталып қоймаған, шынайы мөп- мөлдір жауһар жырмен өрнектелген. «Білте шамның жарығын» оқысаңыз ,тағы да Абай өмір сүрген ортаға саяхат жасап шыққандай әсерде боласыз.  Әр өлеңінен Шыңғыстау шыңдары қол бұлғап, Жидебай, Қасқабұлақ маңы кел дегендей қол бұлғап, ымдап, өзіне шақырып тұрғандай болады.  Кепиетті Шыңғыстау алабы, сайын Сарыарқа атырабы  ақын рухының алтын бесігіне айналған. Ақынның осы аттас өлеңі де бар. Ақын жүрек былайша тебіренеді.

Ақ таңда атқан арай бар,
Көк шалғын дерсің көп ойлар,
Абаймен құрдас ақ шилер,
Тоғжанмен құрбы тоғайлар.
Аспанда туса алтын ай,
Тұрар ма көңіл шалқымай.
Әйкерім аты қойылған,
Шілікті кезең көркін-ай!
...Бәйгеге жүйрік қосқан бел,
Мәреден тұлпар тосқан жер.
Айнасы болып аспанның,
Жарқырап жатыр Оспанкөл.
...Қарауылтөбе, Қарауыл,
Даналар туған дала бұл.
Ақ күмбезінен Абайдың,
Қара өлең болып тара нұр...
Қосылмас олар өлдіге,
Қазағым үшін төр міне.
Ат басын бұрмай өтпеңіз,
Әуезов туған Бөрліге...

Бала кезімізде, жайлауда қойды ықтатып қойып, шопан ата үйездеген шақта бір жанға жәйлі беймарал шақ туушы еді. Сәл де болса, дүние тауқыметінен босап, еміл еркіндікті сезінетінбіз. Сол шақта басқасын қойып, қолымызға қауашағымызды алып, бүлдіргенді сайға қарай беттеуші едік. Бүлдіргенді сайға жеткен бойда саусағымыз лыпылдап,қолымыз қолымызға жұқпай, бүлдірген  теретінбіз. Баданадай- баданадай болып, уылжып пісіп тұрған қалың бүлдіргеннің қайсысын үзерімізді білмей, абыржып та қалушы едік.  Сол секілді «Білте шамның жарығына» кірген өлеңдерді оқығанда, қайсысына жіп тағып, ой айтарыңды білмей де қалады екенсің. Бірінен бірі жақсы жырлар жақұттай жарқырап, көздің жауын алады. Әр қайсысы үзіп алып, ұзақ толғап айтар ойға толы, кемел дүниелер. Жоғарыда айтып кеттік қой. Тағы да қайталап еске түседі. «Білте шамның жарығынан» киелі Шыңғыс таудың, хакім Абай тірлік кешкен жалпақ жалғанның бүкіл болмысы, ғаламат кескіні мен мұндалап, шақырып тұрғандай болады. Және бір ескеретін жәй, ақынның әлдекімге болсын, немесе тал бесік табиғатқа болсын, тіпті шет елдіктерге арнаған өлеңдері болсын оқыған жанды бей- жәй қалдырмайды. Ақын жалаң ой айтудан аулақ. Ақын қарадүрсіндікке салынбайды. Бауыржан көзіне түскеннің бәрін сол қалпында қарапайым, солғын суреттеп, ілкі атай салмайды.  Ақын қай жерге, кімге өлең арнаса да сол ара өлеңнің алтын шапағына бөленіп, бейіштің бағындай болып, түрленіп, жанданып шыға келеді. Сол арадағы тал да, тау да, сылдырап аққан бұлақ та, жайқалған жасыл құрақта тіл бітіп, тербеліп қоя береді. Мысалы  «Оралдың ақ түні» деген өлеңін алып қаралықшы.  Мұнда да сол, ақын баяғы кестелі ой, көркем бояуынан еш ажырамайды. Кенет қарт  Орал  тарихы , тірі бейнеге айналып,сан салалы сырын паш етіп, андыздап, атойлап шыға келеді.

«...Жанары мойыл қара Төлеген түсіме енеді,
Алыстан талып- талып естіледі,
Қыз жібектің ақ боз атының кісінегені...
Түйдек те түйдек ойларды шашып,
Сырым Датұлының үні келеді.
Бөкей ордасындағы қайнарды ашып,
Жәңгір ханның нұры келеді...
...Жұбан ақынның жадымда мың бір өлеңі,
Қайрат Жұмағалидың сыбдыр өлеңі.
Ұшырып жіберді әуеге мені,
Динаның күйінің күмбірлегені,
Ғарифолла әнінің әуелегені»

Бұдан ары қарт Орал өз тарихын айтуды одан әрмен жалғастыра түседі.  Жауған ақ қар Абдолланың өлеңіндей сезілсе, сіркіреген ақ жауын Қадыр  жырының сиқыры, өлең оқыған Тайыр ақынның күркіріндей болып та сезіледі. Орал не көрмеді дейсің, көруге тиселінің бәрін де көрді.

Сонау соғыс жылдары,
ауыр- ауыр составтар басып өткен Орал.
Талай жас өрімді, ғашық еткен Орал,
Майданға Қасым өткен Орал.
Майданға кеткен белгісіз жігіттің,
Ботадай боздап қызы қалған Орал,
Нобель сыйлығын алғанда,
Шолохов құс атып жүрген ізі қалған Орал,
Ұлы Пушкиннің ізі қалған Орал...»

Қазақтың еңбір киелі, алтын бесік санатындағы жері Семей өңірі. Қазақтың әдебиет пен тарихындағы орны бөлек алпауыттардың бәрі болмаса да, басым бөлігі осы өңірде дүние есігін ашқан. Сондықтан да ақынның Семей турасында ағынан жарылып, ақтарыла жыр жазуы заңды нәрсе.

Өзіңменен биіктейді еңсем де,
Он бір буын, төрт тармақты өрейін.
Киелісің- Алаш рухы бар сенде,
Шабытымның қайнар көзі –Семейім.

Сурет Abai.kz мұрағатынан

Ақын осылайша толқып, тебіреніп келеді де, Семейдің поэтикалық картинасын жасайды. Көз алдыңда арнасында дөңбекшіп, буырқанып, Ертіс өзені ағып жатады. Жағалауын жап- жасыл орман көмкерген арбат аймақ үнсіз көз арбайды.»Сол баяғы паравоздың айғайы, Сол баяғы составтардың солқылы» құлаққа естіледі. Кемесі жоқ айлақ бір сәт жалғызсырап, жетімек күй танытады. Семей толғауы арыға тартып, жалғаса түседі.

Қалың орман Ертістің жағалауы,
Арнасында кәрі өзен ағады әлі.
Абай жырын жүрекке жеткізеді,
Шыңғыстаудан есетін самал әні.
Мен де сенен бастадым сапарымды,
Өлеңіммен шығарам атағыңды.
Құлағымда шыңылдап тұрып алды,
Атқан оқтың дауысы Шәкәрімді...
Саған тоқтап жібітіп, бір таңдайын,
Ақаң, Жақаң су ішкен тұлпардайын.
Пароммен кеп Әлихан Бөкейханов,
Сөз сөйлеген саңқылдап сұңқардайын...

Осылайша теіренген ақын ендігі бір мәурітте осы өлкеден түлеп ұшқан кіл жақсылырдың атын тізбектеп, жырға қосады. Ұлы Мағжан, Халел, Мәннан, Райымжан , Ыдырыс, Жүсіпбек,Сәбит Дөнентаев,  семинарист Әуезов, «қараңғы қазақ көгіне күн болғысы келген» Сұлтанмахұмұт, Қаныш пен Әлкей, Иса мен Әміре шоқ жұлдыздай болып, бір көрінсе, кешегі Еңлік пен Кебек, Қозы мен Баян да ұмыт қалмаған. Екпінді жыр мұнымен де толас таппайды. Енді әріге, тарих қойнауына қарай ағытылады...

Сөзбен қосып жырлаған көк пен жерді,
Бүкіл қазақ Дулатты мақтан көрді.
Күлдір- күлдір күреңін кісінетіп,
Ары барсам сөйлейді Ақтамберді.

Бұл Семейім көмейінен бал құсқан жер,
Жанақ пен Рүстем төре шарпысқан жер.
Шөже мен Балта ақын тартысқан жер,
Әсет пенен Кемпірбай айтысқан жер.
Көкірегінен қоштасқан қарт ақынның,
«Көк ала үйрек» өлең боп қайта ұшқан жер.

Өзіңде бар өшпейтін көне сарын,
Мен білемін уақыт та санасарын.
Өткен күнің айналған мол тарихқа,
Одан да зор ендеше болашағың!

«Арқатым», «Ақмешіттің ақшамы», «Бабаларға тағзым». « Ата- баба», «Қарқаралы» т. б. өлеңдерінде осы сарын, осындай таным мен тамаша поэтикалық жанды көріністер жалғаса түседі....Осы аталған өлеңдердің ішінен «Қарқаралының» жөні бөлек. Өйткені Қарқаралы қазақ тарихындағы аты мәшһүр,бай өлке. Бұл арадан да алты Алаштың небір нар тұлғалы азаматтары өмір есігін ашқан. Бұл араның алабында «Қаз дауысты Қазбектің дауысы қалып қойған. Бұл  «Алшынбай алшаң басып, Құнанбай мешіт тұрғызып, Абайдың Бөжеймен жолығысқан, кепиетті топырақ. Бұл арада Тәттімбет күй шертіп, Әміре ән әуелеткен. «Үшқара, Кент тауында асыл туған, Мәдидей аспанында жасын туған. Әлемнің жалғасты әні  жанды тербеп, Өлеңнің алдаспаны Қасым туған...» «Қайнар», «Алакөл», «Алакөлдің ақша бұлттары»,» Сарыағаш».»Абайдың Қасқа бұлағы», «Қолтаңба», «Үш тал үкі», «Ұршық» т.б. өлеңдерінде де осы мазмұн, осы сарын жалғаса түседі.

Қазақта « Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды» деген сөз бар. Бұл  айтуға жеңілі болғанымен салмағы аса ауыр кепиетті сөз. Ұлтын сүю ұлтшылдыққа жатпайды. Кезінде өз ұлтыңның ғана атын атап, соны әспеттесең, пәлелі жағдайлар да туған. Елін сүю және сол елді сүйетінін жалпақ әлемге жар сала айту нағыз парасатты жанның әрекеті. Әдебиет тарихында ұлтын сүюдың неше алуан айшықты, орамды қағидалары бар. Кезінде нағыз ұлт жанды үлкен ақын Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» деген дастан жазды. Шығарма күллі елдің қолдан тастамай сүйіп оқитын кітабына айналды. Бір жақсысы сол дастан күні бүгінге дейін оқылып жатыр. Жұбанға еліктеп бірнеше ақын поэзиялық шығармаларды өмірге келтірді.  Соның бірі Бауыржан Жақып. Оның Алаш туралы, тәуелсіздік пен еліміздің бүгіні жайлы толғаулары да ерекше нақышпен жазылған. «Мен- қазақпын»деген өлеңінде былайша тебіренеді.

Елім-ай дедім, егілдім,
Халқым-ай дедім сөгілдім.
Аңқасы кепкен аңызаққа,
Ақ нөсер болып төгілдім...

Ол тек отанымызға ған емес, шет елдерге де аты танымал ақын. Ол Алматыда, Пицундада өткен жас ақындар фестиваліне қатысып, өзінің жақұт жырларымен көзге түсті. Аталған қалаларда өткен жыр жарысының дипломанты болды. Өлеңдері орыс тіліне аударылды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақын тіптен қанатын жазып, құлшына жыр жазды. Шет ел асуы молыға түсті.Түркияның Стамбул, Елазығ шаһарларында, Әзербайжанның Баку, Македонияның  Скопье, Струга,  Косовоның Приштина, Сербияның  Маврова қалаларында өткен бүкілтүркідүниесі жыр фестивальдерінде қазақтың қара өлеңінің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатты. Ақын шығармаларының бір парасы бауырлас жұртқа арналған. Бұған ақынның «Ашхабад әсерлері», «Түрікмен сұлулары», «Ыстамбул». «Анадолыдағы жыр кеші», «Қазақ- қырғыз бір туған». «Қырғыз  қызына» т.б. өлеңдері жатады. Қайсы өлеңді алып қарасақ та өзіндік ой, көркем бейнесімен еріксіз көз тартады. Оқи бергің келеді және оқи бересің. Бейне шөлдеп келіп, қайнардан тап- таза, мөп- мөлдір су ішкендей боласың. Осы аталған өлеңдердің ішінен қырғыз тақырыбына арнаған өлеңдері сәтті шыққан.

Азаттыққа ұмтылған,
Жанарына нұр тұнған.
Алатауды тел емген,
Қазақ- қырғыз,- достығы тіптен берік. Қобыланды Мен Манас екі елге де ортақ мүралар.

Абай менен Тоқтағұл,
Шың басына қонған сөз.
Жамбыл менен Осмонқұл,
Нөсер болып жауған сөз.

Мұхтар менен Шыңғыс боп,
Әлем мейірі қанған сөз.
Сөздің білген қадірін,
Қазақ- қырғыз бір туған!

Айтылады ырымыз,
Бірге туды жарқырап,
Тәуелсіздік күніміз,
Қазақ- қырғыз бір туған!

«Білте шамның жарығы «туралы аз ғана айтарымыз айтылып та бітті. Мұқабасы да әдемі, келісті жыр кітабына аса бір ризашылықпен қарап, оның авторына жаратушыдан мол шапағат тіледік.  Соңыра мына бір жәйді де айта кеткен жөн тәрізді. Ақын еліміздің қай жерін жазса да,өзіндік бір ұстанымнан ауыспайды. Мейлі ол Шыңғыстау болсын, мейлі Торғай, Жетісу болсын жыр жолдарына сол арадан шыққан ұлт біліктілерін, ел жақсыларын атап өтеді. Неге өйтеді, оның да өзіндік сыры бар. Себебі, ақын әлгі аты аталған адамның қайдан шыққанын, қай өңірде дүниеге келгенін, былайша айтқанда географиялық ортасын білсін дейді. Мәселен  Қаныш пен Марғұланның ғалым екенін,  немесе Мағжан мен  Сәкеннің ақын екенін көзі қарақты жанның бәрі біледі. Бірақ  сол ұлы тұлғалардың қазақтың қай жерінде туғанын, былайша айтқанда географиялық ортасын біле бермейді. Осы күні заман басқа, дүние репеті бөлек.  Жаһанға компьютер мен электроника билігін жүргізіп тұрған кез. Қағази ғылми, әдеби мұра күн өткен сайын ысырылып, артта қалып барады.  Кітап оқу деген жоқтың қасы.  Осы күнгілердің бір көзі теле қобдишада болса, бір көзі қалта телефонда. Осы екеуі өзіне дейінгінің бәрін жолдан шығарып, алабөтен билік мәртебесін алған. Осыны ескерген ақын өз жырлары арқылы сол түйткілді шешуге күш салады. Мейлі ол кім болса, сол болсын, әйтеуір бірдемені білсе екен, көкірегіне аздап болса да, шапағат нұры төгілсе екен деп тілейді. Қорыта келгенде ,«Білте шамның жарығы» ұлттық әдебиетіміздің төрінде өшпей жанып тұратын, бүгінгі қазақ өлеңінің  алтын шырақ сипатты, берері мол, бояуы қанық, поэзиядағы жетістік дерлік құнды шығарма. ҚазақстанЖазушылар одағы ұсынып отырған бұл кітап Абай атынағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық!

Дәнеш Ахметұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті жазушысы

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377