Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 2593 0 пікір 17 Шілде, 2024 сағат 13:23

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мәдениетіндегі феномені

Сурет: turkystan.kz

«Тұлғалар феномені» немесе «феномен» деп тарихи уақыттың қиыншылықтарына қарамастан болашаққа игілік ретінде табысталып отыратын дүниелерді, бұны жасай білген, тарихта қалдыра алған адамдардың тағылымын, рухани қызметін айтамыз.

Халықтың, соның ішінде нағыз халық өкілі ретінде танылған жеке адамның білімі, мінезі, ақыл-ойының жалпыға бірдей пайда әкелетін деңгейде өмір сүруі тұлғалық феноменнің басты белгісі болып табылады. Философиядағы феномен ұғымы Аристотель заманында қалыптасқан. Көне дәуірлің өзінде қоғамдық сананың дамуына әсер ететін идея мен тәжірибені, әсіресе осы екеуін қалыптастыратын адамдардың мәдениетте қалатын болмысын осы ұғым арқылы өлшеп отырғандығы белгілі. Мәселен Неміс философы Ф. Шеллинг жазғандай, «Интеллигенция қызметі екі жолмен өнімді: не соқыр және санасыз, не еркін және саналы түрде; бейсаналық түрде дүниені ойлауда, саналы түрде – кемел дүние жасауда өнімді. Ал философия бейсаналық әрекетті бастапқыда саналы әрекетпен бірдей және онымен ортақ тамырдан шыққан сияқты қарастыру арқылы бұл қарсылықты жояды...»[1. 182 б.]. Мәдениеттегі тұлға феноменін, соның ішінде алаш зиялыларының ұлттың тарихы мен мәдениетіндегі феноменін философия негізінде зерттеудің философияағы тұлға мәселесінің жаңа деңгейде зерттелуіне ықпал етері анық. Себебі қазақ зиялыларының қалыптасу ерекшеліктері қазақ мәдениетіндегі көптеген рухани дүниелермен тығыз байланысты.

Ұрпақ заман көшіне ілесуі үшін тарихындағы ірі тұлғалардың тағылымын толық білуі тиіс. Елді өркениетті өзгеріске бастайтын тәжірибе тарихтан бастау алып, ұрпақтың рухани деңгейі арқылы жалғасып отыратындығы белгілі. Мұхтар Әуезов жазғандай, «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері азда болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады. Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаңа арналған тұңғыш той – ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі. Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушысы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағанымыз жоқ. Кешегі күндерге дейін бәріміз де жетегінде келгенбіз» [2. 4 б.].Бүгінгі бізге де жаңашылдық қажет дейміз. Бірақ қоғам жаңашыл, жаңа нәрселерге қол жеткізуі үшін сол жаңа дүниелерді жасауы, тәжірибені тез арада үйренуі маңызды, кезек күттірмейтін істің бірі. Соның ішінде бірінші кезекте қоғамның өзіндік санасы дұрыс болуы керек. Қоғамда сана дұрыс болмаса, сол қоғамға тиесілі өзіндік сана дұрыс қалыптаспай басқа қоғамдық сана түрлері де дұрыс қалыптаспайды. Өзіндік сананы қалыптастыратын ұлт зиялыларының рухани мұралары.

Тұлғаның көзқарастары алдыменен болашақ үшін қажет, болашақтың игілігіне қызмет етіп отырады. Алаш зиялылары сол үшін ұлттық мүддеге аянбай қызмет етті. Ұлт ісін үйлестірудегі олардың тағылымы да кейінгі ұрпаққаүлгі болып қалды.Әсіресе адамзат әлемінде түбі қандай өзгерістердің орын алатындығын сол кездің өзінде алаш зиялыларының дұрыс топшылағандығына бүгін көзіміз жетуде. «Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айрылады. Байлық түбі ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.

Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Европада ұлығ патша атанған жұрт, халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп ұлығ патша болып отыр» - деп Әлихан Бөкейханұлы жазған еді [3. 128 б.]

Тарихтағы қазақ қоғамының ерекшеліктерін зерделеуде халықтың өзіндік санасы мен оның қалыптасуына тікелей әсер етіп отырған тұлғалар дәстүрі есімізге түседі. Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Маса» жинағының өзі сол кездегі халықтың өзіндік санасын қалыптастыруда қоғамына үлгі, дұрыс бағытты көрсеткен дүниелердің бірі болды. Мәдениетіміздегі бұндай шығармалар сол кездегі (тәуелсіздіктен қол үзген сәттегі) ұлт зиялыларының, ұлт зиялыларын шығарған халықтың қиындықты жеңуге барынша күні бұрын дайындалғандығының куәсі. Алаш зиялыларының арғы жағында халықтың өзі тұр, қазақтың байлары мен діни тұлғаларының қызметі жатыр. Бұны да бүгін ескеруміз қажет. Күні кеше қана большевиктер тарапынан жүргізілген тарихымыздағы ұлтты жою саясаты әуелі ұлт тұлғаларын, соның ішінде байлар мен діни тұлғаларды жоюдан басталғаны белгілі. «Байшылдықпен» күрес деген саяси түрлі шаралар қасақана ұйымдастырылған. Осы алаш зиялыларының қалыптасуында үлкен еңбек сіңірген, олардың ұлттық мүдде жолындағы қызметтеріне қолдау білдірген сол кездегі қазақтың байлары елдің тұтастығын, мемлекетшілдік сананы барынша қорғап келген адамдар болған. Өкінішке орай әлі күнге дейін қазақтың байлары дегенде кеңестік саясаттың зардабынан әлі арыла алмай келеміз. Сұтанмахмұт Торайғыров жазғандай,

«Маса» тұсы елдігін қазақ жойған,
Ұмытқан, елдік деген сөзді қойған.
Мал секілді үрку мен қорқу болған,
Кезінде жат пышағы жанын сойған.

Бәрі де бақырайып кезек күткен,
Артық болмай соғымға сойған қойдан.

Бір-бірін мұқатуға жатқа шапқан,
Кейбірі өсек айтып тамақ тапқан.

Жеріне, елдігіне әм дініне,
Құрылған талай тұзақ, талай қақпан.

Ақылмен ала қойды көбейтуге,
Қойшы боп аюменен қасқыр баққан... [4. 224 б.].

Алаш зиялыларының идеяларынан түйетін тағы бір нәрсе газет, кітап, ғылым алдыменен ұлттық мүддеге қызмет етуі қажет. Ұлт, мемлекет болашағына тәжірибе, білім, идея болып қалатын дүниелер көптеп жарыққа шығуы керек.

Қазақ зиялылары қиындыққа қарамастан өркениет жолына түскен елдердің жасап жатқан дүниелерін қоғамына жеткізе (түсіндіре) білді. Олардың елдің болашағына қатысты айтқан ойларын ұрпақ негізге алуы керек. Мемлекет, билік, зиялылар, халық не істеуі қажет? Қоғамдық сананы жаңғыртуда нені ескеруміз қажет? Бұның барлығын зиялыларымыз жазып кеткен. Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, «Қазақстан жерінің астында асыл қазына, кен байлығы мол» деп аңыз қылысады. Сондай мол қазына қазақ елінің ішінде де жатыр... Қазақ елінің оянуы, серпілуі, мәдениетті аңсауы рас болса, еңбек ерлерінің шығуына сөз жоқ»[5. 223 б.]. Алаш зиялылары ұлтқа не қажет соның барлығын атқара білді. Елге ұлттық мүддені қорғайтын газет қажет бұны олар шығарды. Ғылым қажет, бұның да негіздерін қалыптастырды. Қазақ қоғамына сырттан жүргізіліп отырған саясаттың зардабын көрсетіп, халықтың еркін, мүддесін қорғайтын шығармалар қажет еді олар бұны да жазған.

Билік пен халықтан сапаны қатар талап етіп отыратын ұлттық мүдде. Ал ұлттық мүддеге қызмет етудің бағасын беретін уақыт. Рухани дүниелер алдыменен қоғамдық сананы тәрбиелеп, күшейтіп отырады. Алаш зиялылары жазғандай мәселе депутат болуда, бала оқыту мен газет шығаруда емес. Газетті көптеп шығара беруге болады. Кешегі большевиктер де неше түрлі ат қойып, ұлттың жақсыларына түрлі жаланы жапқан газеттерді шығарды, оны күштеп қоғамға таратқан. Күштеп оқырмандарын көбейтті. Халықтың бұрыннан келе жатқан өзіндік санасын күштеп өзгертуге барын салды. Қаржыны ашығып жатқан халықтан аяғанымен қызыл үкіметке қызмет ететін газеттерден аяған жоқ. Бәрібір уақыт оның барлығын керексіз етті. Осы себептен қазақ зиялылары газет, сот билігі, ғылым, шаруашылық жүргізудегі тәртіп болсын ұлттық мүдде талабына бағынып, оның болашағына қызмет етіп отыруы тиіс деген. Бір кісі бір кісіге жарайтын болса да аз болмас. – деп жазады Міржақып Дулатов, - Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрі бір. Депутат бол, газет шығар, бала оқыт...Өзгеміздің бәрі сай болып жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын онан пайда тағы жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс. Екі қазақ таласып, бір орысқа олжа болсақ, онан тапқан абыройға түбінде ие табылмай жүрмесін» [6.394 б.].

Тарихатан, бүгінгі уақыттан да белгілі мемлекетке жаңа міндеттерді уақыттың өзі жүктеп отырады. Бұны дер кезінде көре алатын, түсінетін, соның ішінде билік пен халықты біріктіріп, ортақ іске бастайтын зиялылар.Осыған орай, «Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары – деп айтып кеткен Ахмет Байтұрсынов, - қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.

Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» [2, 241-б.]. Сол уақыттарда жаңа нәрселерді (ғылым мен әдебиеттегі) қазақ қоғамына әкелген алаш зиялылары болды. Олардың оқу, білім, өнер, жер, шаруашылық, мәдениет,ғылым, сот билігі жайындаайтқан сөздері әлемдегі жаңа тәжірибелерді негізге алып жазғандықтан, бүгінгі қазақ қоғамы үшін де өте пайдалы болуда. Қоғамның өзіндік санасына қатысты орын алған кемшілік қайталануы мүмкін. Қайталанбас үшін ұлт зиялыларының айтқандарын қоғам болып ескеру керек. Ахмет Байтұрсынов жазғандай, «...Бұзық билер, бұзық болыстар сыртқа шығып, көзімізге көрінген дерттің іріңі, шірігі. Іріңін, шірігін сүрткенменен, тұқымы жоғалмай, ауру кетпейді...

Сайлау қазаққа балалардың асық ұтысқан ойыны сықылды көрінеді. Қарауылшыл, зорлықшыл болса да, одақтасы ұтса екен дейді. ... Народный сот дегеніміз қазақтың ғадетіндегі қағидалар бойынша айтылатұғын билік. Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді, бұл күнгі арам билердің қолында дәрі болмақ, у болып жұғып тұр»[2, 210-211 бб]. Патшаның саясаты шыныменде елдің іргесін сөгуге бағытталды. Ұлттың болмысының тұтастығын жою үшін алдыменен қоғамның ішкі құрылымын өзгерту олардың тарапынан әбден көзделді. Қазақ мәдениетінде дәстүрлі қоғамның ішкі құрылымын сақтап отырған институттардың бірі бұл билер институты. Осы билердің айтқанымен жүрген халықтың хандардың айналасына топтасқаны белгілі. Елде ортақ идея, ортақ ұстаным қалыптасты. Осының барлығын мұқит зерттеген патша билігі елдің болмысы түгіл өзіндік санасына жат билік құрылымдарын енгізі бастаған. Ұлт ұстазы айтқандай қазақ сотының қазақтың дәстүріндегі қағидаға сүйенетін жері бұл әділеттілік болуы тиіс. Әділеттілік жолындағы туралық, туралыққа жүгінген шынайылыққажет.Мәселе сот билігін өзгертуде емес, оны ел игілігі жолында дұрыс іске асыруда жатыр. Ал сол кездегі патша билігіндегілердің халықтың көнеден бері келе жатқан құқықтық санасын жойып, орнына жасанды сананы қалыптастыру үшін дәстүрлі билер сотын өзгертіп отырғандығы көрінеді. Кеңес үкіметі құрылған тұста бұл саясаттың қазақ қоғамына қасақана қайта жүргізілгені белгілі. Халық соты деген атау іс жүзінде елді керек адамдарынан айыруға бағытталды. Осыған орай елге жаны ашитын нағыз зиялылар қандай болуы керек? - деген сауалға ұлт ұстазы былай деп жауап берген: «Әркім жалғыз өзім демей, өзгелер жайын да ойлап, пейілін кеңге салып іс етпесе, жұрт жұмысы түзелмейді. Жұрт пайдасын аяғына басып, бетімен жайылатындарын қайырып, үйірге кіргізіп отырмаса, бір қойдың қотыры мың қойға жұққан сияқты, бір адамның кесірі мың адамға тимекші»[2, 210-211 бб].  Ұлт зиялыларының парасаты, рухани қызметі кейінгі уақытқа үлгі-өнегемен қатар идея түрінде де қажет. Ұлт зиялыларының рухани қызметі (білімі) арқылы қоғамға белгілі болатын тәжірибе де құндылық. Ұлттық қалыпты сақтай отырып даму үшін ең әуелі тәсіл қажет. Ал түрлі тәсілдер қоғам мен жеке адамға тұлғалық тәжірибені дұрыс зерделеумен, дұрыс иелену арқылы келеді.

Қоғамның қай саласында болмасын оның іштей байланысын, сапалы түрде қызмет атқаруына ықпал ететін ұлт зиялыларының идеялары. Мәселен бір қана білімді алып қарайтын болсақ, оны қалай іске асыру керектігін алаш зиялылары айтып кеткен. «Болыстықта, билікте, халықтықта оқу мен түзеледі – деп жазады Ахмет Байтұрсынов «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында, - Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі. Бұл күнде үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып, қайрылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс»[2, 252-253 бб].

Алаш зиялыларының танымында қазақ қоғамы қандай болуы керек? Ахмет Байтұрсынұлының айтуынша ең әуелі бірлік керек. Қоғамның мәдениеті мен шаруашылығын алға жетелейтін құндылықтар халықтың санасына айналуы тиіс. Сондақана жаңа буын еңбектің, білімнің құндылығын біліп өседі. Қоғамды рухани тығырыққа тірейтін жасанды нәрселер қажет емес. Одан сақ болу керек. «Жер жалдау жайынан» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынов былай деген: «Жұрт істеп отырған ісін қисық я түзу деп айту ғана қолымыздан келеді, істеткізбей, тоқтату қолымыздан келеме?

Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста. Әдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айрылып қалып жатыр. Жерді қолында қатты ұстау бос ұстау қазақтың өздерінен. Оған біз не істейміз?

Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ. Әркім өз жерін ғана ойлайды, өз басының ғана қамын ойлап, өз пайдасын ғана көздеп іс қылып, жұрт пайдасы мен зарарына тіпті қарамайды. Жұрт жер кетпесе менің де жерім кетпес, жұрт жерден айрылса, мен де жерден айрыламын ғой деп еш ойламайды. Сондықтан жұрт үстіндегі, көп ортасындағы жер ғой деп, сатып, пайдаланып қалайын деп ойлайды. Мұжықты қазақ жеріне үйір қылып, қоңсы қондырған әуелде де осылай ойлағандық еді, осы күнде де сол ой қалған жоқ...» [2, 228б.].

Алаш зиялыларының танымында қоғамның саяси мәдениеті күшті болуы үшін оның адамы білімді, қоғамына адал, өз ісіне жауапты болуы керек. Елге қасақана сыртан жүргізіліп отыратын саясат әуелі оның тұтастығын, сана мен болмыстағы бірегейлікті жоюға ұмтылады. Осындайда ұлт болашағына қарсы жүргізілетін саясатқа қоғамның әр мүшесі іштей төтеп бере білуі тиіс. Саяси мәдениет қоғамның ішкі иммунитеті іспеттес.

Ғылымды дамыту ісі де идеяны жария етумен шектелмейді. Тәжірибе алмасу қажет, ол үшін оқу, іздену керек. Идеяны іске асыру қоғамға жақсы өзгеріс әкелетін нәрсені қалптастырумен, жарыққа шығарумен өлшенеді. Қазір өкінішке орай тәжірибе мен идеядан бұрын жарияланым сәнге айналып барады. Қоғамына жаңа нәрсе әкеліп жатқан ғалымды бәрі бір әлем, өз алдына бір төбе көреді. Ал тарихтағы қазақ зиялылары болса қазақ қоғамына қандай ғылым түрлері қажет, балаға білім мен тәрбие беру ісі қалай жүргізілуі керек деген сауал қойып, оның нақты жауабын айтып кеткен. Алаш зиялыларының пайымында қоғам мен оның мүшесі жеке адам үшін жетістік бұл болашақтың игілігіне айналатын нәрсе болуы керек. Адамның істеген ісі, жазған сөзі, ұсынған тәжірибесі, идея еліңе игілік болып жетсе немесе соған қызмет етерлік деңгейде болса бұл да жетістік. «Ойшыл әрі ақын адамның даналығы нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылад. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны сынайды – деп жазады Ахмет Байтұрсынов өзінің Абай туралы жазған мақаласында [7. 10 б.]. Біздің ойымызша ұлт ұстазыныңбұл сөзібүгінгі қоғамның да негізгі қазығына айналуы тиіс. Баланың мектеп табалдырығын аттаған уақыттағы өзін қоршаған ортамен байланысуы, әсіресе тәрбиенің ана тілінде беріліп отыруы болашақ үшін қажет. Біріншіден бала әлеуметтік өмірге тез бейімделеді. Ана тілі балаға әуелі сол үшін қажет. Ана тілі кез келген адам үшін дүниетаным кілті. Сондықтан тілге текқана ақпарат жинақтайтын құрал ретінде қарамау керек. Бұл ұрпақпен төл мәдениеттің арасын қашықтатады.Бүгінгі күннен де байқайтынымыз адамның рухани қалыптасуына қатысты міндеттер алдыменен отбасы, мектеп қабырғасынан басталады. Ата-ана, мұғалім бірігіп балаға дұрыс тәрбие беруі тиіс. «Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ» деп түркі кемеңгерлері де айтып кеткен. Бұл да осы шындықты негіздейді. Адамның өмірі үшін маңызды нәрселерді, құндылықты бала жастайынан түсініп, біліп өссе қоғамға да пайдалы болмақ. Ана тілінің дүниетанымдық қызметі баланы төл мәдениетімен байланыстыруында. Бұған қатысты Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде де айтқан: «Өз еркім өзімде, өз ісіме өзім қожа, өзім себеппін деп жүрген адам тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан әрі аса алмайды. Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады» [8. 177 б.].

Адамның өсуі оның физиологиялық жетілуінен ғана тұрмайды. Бірінші кезекте адам мен қоғам болмысына рухани тереңдік қажет. Бұның түп тамыры ана-тілі, ана тілінде берілетін тәрбие мен білімде. Осы үшеуін біріктіре алса кез келген жеке адамнан дұрыс мінез, дұрыс ойлау, дұрыс ұстаным шығады. Қазақ тарихында парасаттылық иесі атанған адамды қалыптастыруда отбасы, ұлт руханиятының ерекше құбылысқа ие болу себебін осыдан ақ көруге болады. Ұрпақты кісілікке тәрбиелеу ісінде қазіргі уақытта қоғам нені ескеруі тиіс? Отбасы, мектеп, университет, қоғам болып бірігіп жұмыс жасауда негізгі көңіл бөлетіні тәрбие болуы тиіс. Сапа тәрбиеден шығып адамның рухани іс-әрекетімен көрініп отыруы тиіс. Сонда қана қоғамда мемлекетке, болашаққа, бір-біріне деген сенім болады.

Адамды тәрбиелеу мен білім берудегі сапа мәселесі анатика заманында ойшылдар тарапынан зерттеле бастаған. Бұл қоғамдық жүйе өзгергенімен адамның мәніне қатысты ұғым, міндеттер сол күйінде қалып отыратындығын көрсетеді. Себебі білім беруде жаңа тәсілдер енгізілуі мүмкін. Бірақ адам үшін құндылықтар сол күйінде қалады. Қандай білім түрлер болмасын берілу жолы әр түрлі болғанымен негізгі идея өркениетті қоғам құру міндетінекеліп тіреліп отырған. Ал бұған ерте кезден басталып кеткен дайықтың үлкен бір түрін, жемісін даналық, рухани кемелділік дейміз. Бірінші ғылымнан, басқа да жаңа нәселерді қалыптастырудан бұрын даналық иелері қалыптасады. Кейінгі уақытта барлық қоғамдық жүйе солардың тәрибесіне бағынып, даналық негізінде таразыланып отырады. «Парасаттылыққа, батылдыққа , мейірімділікке бірдей қолданылатын ізгілік сөзі белгісіз, түсініксіз мағынаға ие. Алайда, бұл әрқашан қоғамға пайдалы қандай да бір сапа туралы түсініксіз идеяны тудырады. Бұл тектегі қасиеттер көптеген азаматтарға ортақ болған кезде, адамдар өздерінің ішкі өмірінде бақытты болады» - деп айтып кеткен франецуз ағартушылық философиясының көрнекті өкілі Клод Адриан Гельвеций [9.206 б.].

Ұлт, ел, мемлекет болашағы үшін негізгі тұғыр жер, мәдениет, дін мен өнер. Басқа да мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, ұлттың игілігіне айналып отырған дүниелерді айтумызға болады. Негізгі құндылық тәуелсіздік болғандықтан, тәуелсіздік идеясы осы ұлттық мүдде игіліктері арқылы құндылыққа айналып отырады. Ұлттық мүдде ұрпақтың игілігіне айналуы үшін оның қызметі дұрыс жүзеге асып отыруы қажет. Бұны қашанда жүзеге асыратын ұрпақ. Ұлт ісіне тиесілі дұрыс нәрселер адалдықпен өлшенеді. Сондықтанда ұлт зиялылары деп ең тамаша қасиеттерге ие адамдарды айтамыз. Тәуелсіздікті сақтауға қатысты алаш зиялылары ұрпаққа мынадай терең ойларды қалдырып кеткен.Біріншіден, қоғам барлық кезде бәскеге қабілетті болуы керек, жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру ісі қашанда маңызды. Бірақ бұны жүзеге асыратын мемлекет, билік қана емес, бұған қатысты міндет халықтың (әрбір адамның) өзіне де жүктеледі. Қоғамның мәдениетіне қатысты мәселені зерделеуде өзіндік сана мәселесінің алдыға шығатын себебі осында. Екіншіден, қазақ зиялыларының көзқарасынша елді дұрыс жолға бағыттаушы адамның өзі қоғамға үлгі болуы керек. Халық мемлекетіне, басшы мен зиялыларға сенгенде ғана соңына ереді. Уақыт зиялылардан әуелі қоғамның ортақ ойы мен пікірін тәрбиелеуді талап етіп отырса, мемлекетте бұған дайын болуы керек.

Адамды зерттеудің күрделілігі сондай, адам баласының өзін-өзі танудағы тәжірибе бір қарқынмен алға қарай жүре бермейді, не болмаса жеткен шегінде тоқтап қалмайды. Өткенге қайтып оралып мәселені терең қарау үшін ұрпақ барлық жолды тегістей шолып шығуға мәжібүр. Себебі адам мәселесінің басқа мәселелерден өзгешелігі оның шешімін айқындап отыратын білім түрлері, тәжірибе даналықта жатыр. Бұны қазақ халқы ерте білген. Бүгін жаңа деген нәрсеміз ертең ескіріп қалуы мүмкін. Жаңа бір заттың орнына жаңасы келеді. Ал тарихта қалатын сөз ескірмейді. Себебі пікірдің сөзге айналуы, сөздің шындыққа, шындықтың тәжірибеге, тәжірибенің  білімге, ал білімнің идеяға айналып отыруы оның бойындағы білімде, сол білімді қалыптастырушы ұрпақтың пайымында жатыр. Білім игілікке айналмаса пікірдің өзі өтімді сөзге айналмайды. Осы себептен ата-бабаларымыз ұрпақты тәрбиелеу ісіне адамның ақылды, парасат иесі атануының кепілі санаған. Ақылдың да сатылары көп. Бірінші сатыдағы ақыл адамның өзіне пайдалы, сол арқылы қоғамына пайда әкелетін істерді атақара алуы. Осы себептен адамды тәрбиелеу ісінде оның неге бейім, қандай нәрсеге қабілетті екендігін де түсіну қажет. Көне замандағы грек философы Платоннан бастап айтылып келе жатқан қағида бойынша, мемлекетіне қызмет ететін адамның дүниетанымдық білімі, адам мен қоғам жөніндегі көзқарасы терең болуы керек. Адам бақыттың кілтін дәл табуы үшін тәрбиенің құлы бола білуі керек деген сөз осыдан шықса керек. Бөлтірік би сомдаған:

Сөз мәнісін білмеген –
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген –
Жер мәнісін білмейді.
Жер мәнісін білмеген –
Ер мәнісін білмейді.
Ер мәнісін білмеген –
Бар мәнісін білмейді [10. 55 б.].

Алаш зиялыларының тағылымын кеңес билігі күштеп өшіргісі келгенімен, санадан өшіре алған жоқ. Халық олардың мұраларын жасырып, сақтап келді. 1989-1990 жылдарда осы алаш зиялылары туралы ата-анамыздан, мектептегі ұстаздардан көп естейтінбіз. Елге тәуелсіздікпен бірге қайта оралып жатқан есімдер оларға үлкен сенім, күш беретіндей көрінетін. Кейін алаш зиялыларының еңбектері де жарыққа шыға бастады. Бұның өзі де қазақ қоғамына үлкен серпіліс әкелді. Халықтың, сол кездегі үлкен кісілердің ұлт зиялыларының мұраларын оқуға деген қызығушылығын еске алсақ бүгінгі қоғам, болашақ туралы үлкен ой тастайды. Кезінде (1930-38 жылдары) өздеріне сабақ берген ұстаздары осы алаш зиялыларымен байланыста болған жастардың көбі ұлы отан соғысынан қайтып оралған жоқ. Соғыстан аман есен елге оралған үлкен кісілер мектептегі ұстаздарының осы алаш зиялыларын қолдағаны үшін сталиндік репрессияның құрбаны болғандығын айтатын. Сол кездегі ұлт зиялыларының көзін көрген, халық арасындағы сөздерін тыңдап өскен адамдардың жаңашылдыққа құштар, тәуелсіздікті қадірлейтін табанды келетіндігін көргенде шыныменде таңқалдырады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық феноменін, ұлттық мүдде тұрғысындағы әлеуметтік философиялық идеяларын бір мақала көлемінде толығымен ашып шығу қиын. Бұл бүгінгі таңда өзекті, әрі ұзақ ізденісті, зерттеулерді қажет етеді. Алаш зиялыларының аз уақыт ішінде ұлтына, жұртшылыққа пайдалы істерді атқарып кетуінің өзі олардың үлкен дарын иесі болғандығын көрсетіп тұр. Осыған орай философиядағы тұлға мәселесін зерттеуде қазіргі әлемдік ғылым бұл мәселеге, соның ішінде алаш зиялыларының қалыптасу ерекшеліктеріне оралады деген ойдамыз. Тарихта қалатын тұлғалардың ерекше құбылысқа ие болу себебі, олардың мәдениеттегі тұлғасын зерттеуге тікелей мұрындық болып отыратын идеялары екендігі даусыз. Идея тұлғаның рухани тереңдігін негіздеп тұрады. Олар ұсынған әлеуметтік философиялық идеялардың жаңа уақыт табалдырығын аттағалы отырған уақытта қоғам шындығымен тұспа тұс келетін білімі, тұлғаның да ерекше құбылысқа ие субъекті екендігін растайды. Алаш зиялыларының қалыптасу ерекшеліктерінен көретінімз, бұндай тума талант иелерін халықтың, қоғамның өзі шығарып отырған. Жаңа буын ішінен ұлттық мүддеге қызмет ететін дарын иелерін тәрбиелеп шығарудағы әлеуметтік таным, әлеуметтік ортаның үйретер тағылымы бір бөлек, тұлғаның ел болашағына қызмет етудегі ізденістері бір бөлек феномен ақиқатын иеленіп отырады. Біз бұған дейін алаш зиялыларының қалыптасу ерекшеліктері дегенде текқана олардың әлеуметтік ортасымен, қоғамдық-саяси қызметерімен қана шектеліп қалдық. Көп жағдайда бұлардың тарихтан келе жатқан «Қазақ» идеясының, ел мәдениетіндегі тұлғалар дәстүрінің жаңа буыны екендігі ескеріле бермейді. Байыппен қарасақ, отаршылдық замандағы қазақтың байлары мен діни тұлғаларының ел болашағы үшін жүргізген іштей күресінің өзі, осындай дарын иелерін қоғам алдына іріктеп, шығарып отырғандығын көрсетеді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, тұлға феномені, алаш зиялыларының феномені, соның ішінде қазақ мәдениетіндегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов феномені дегенде ұлт пен тұлға болмысына тән ортақ қасиеттердің рухын, еркі-жігерді, ұлттық рухтың тұлғалық көріністерін, соның ішінде ұлт ісіне келгенде кемел білімге ие кісілікті, даналықты айта аламыз. Бұның барлығы алаш зиялыларының дербес тұлғасын негіздейді. Бұның қайталанбас, өзінің деңгейін өзі ұстап тұратын білімін феномен деп айтамыз. Алаш зиялылары қайталанбас, өздеріне дейінгі және өзінен кейінгі уақыттардағы тұлғаларды қолдап, тарихи уақыт арасын жалғап отыратын феномендер.

Әдебиет:

  1. Шеллинг Ф.В.Й. Сочинения в 2 т.: Т.1. – Москва.: Мысль, 1987. – 637 с.
  2. А. Ақ жол. Алматы: Жалын, 1991. – 464 бет.
  3. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 384 бет.
  4. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Ғылым, 1993. 280 б.
  5. Аймауытов Ж. Бес томдық шығ. Жинағы. 5- т., А.: Ғылым, 1999. – 304 б.
  6. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.
  7. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Қазақ әдебиеті. – 1989, №1. – 10 б.
  8. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003-208 б.
  9. Гельвеций. Сочинения в 2-х томах. Т.2. сост. И общ. Ред. Х.Н. Момджяна. М., «Мысль», 1974. 687 с.
  10. Әлменұлы Б. Шешендік сөздер. Алматы: Ғылым, 1993. – 114 б.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

философия ғылымдарының кандидаты.

Жарасбаев Ерболат Есетұлы,

гуманитарлық ғылым магистрі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969