Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 1870 0 пікір 25 Шілде, 2024 сағат 16:05

Париж-2024: алғашқы жанжал

Сурет автордың мұрағатынан алынды

Олимпиаданың ашылу салтанаты өтпей жатып, шу шықты.

Жазғы Олимпиялық ойындар ресми түрде ертең, 26 шілде күні ашылады. Алайда, кейінгі жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша, спорттың көп ойынды қажет ететін кейбір түрлері ашылу салтанатын күтпей-ақ жарысты бастай беретіні белгілі. Кеше, 24 шілдеде ерлер арасындағы футбол турнирінде бірінші турдың ойындары өтті.

Алдымен ойын нәтижелеріне көз жүгіртіп алайық:

«А» тобы. Франция – АҚШ – 3:0, Гвинея – Жаңа Зеландия – 1:2.

«В» тобы. Аргентина – Марокко – 1:2, Ирак – Украина – 2:1.

«С» тобы. Өзбекстан – Испания – 1:2, Египет – Доминикан Республикасы – 0:0.

«D» тобы. Жапония – Парагвай – 5:0, Мали – Израиль – 1:1.

Жалпы алғанда жаймашуақ өткен ойындардың шырқын бұзған жанжал Аргентина – Марокко матчының соңында болды. Марокко футболшылары 2:1 есебімен ұтып жатты, швед төрешісі Гленн Нюберг негізгі 90 минут аяқталған соң тағы да 15 (!) минут қосты. Ақыры бұл қосымша уақыт та өте шықты, ал сағат тілі 16-минутты көрсетіп тұрған кезде Аргентина құрамасының ойыншысы Кристиан Медина гол соғып, есепті теңестіріп кетті!

Қолда тұрған жеңістің сусып кеткеніне наразы болғандықтан ба, әлде 15 минуттан соң матчты тоқтатпай, аргентиналықтардың есепті теңестіруіне мүмкіндік беріп қойған төрешіге деген ызадан ба, бәлкім, тіпті оның осы шешуші голды офсайдтан соғылса да (сондай күдік болды) есептеуге ыңғай білдірген әрекетіне ашуланғаннан ба – әйтеуір қызуқанды марокколық жанкүйерлер сол сәтте жасыл алаңға лап қойды. Стадиондағы тәртіп жағын қадағалауға тиіс стюардтар мен сақшылар оларға ие бола алмай қалды. Голға қуанысып, бірін-бірі құттықтап жатқан Аргентина футболшыларына трибунадан сусыннан босаған бөтелкелер, темекі тұтандырғыштар, тіпті петардалар лақтырылды. Төреші ойынды шұғыл тоқтатып, қауіпсіздік жағын ойлап, футболшыларды жасыл алаңнан трибуна астындағы баспана-жайға алып кетуге мәжбүр болды.

Ойын бітті ме? Жоқ. Төреші Нюберг матчтың біткенін білдіріп, ысқырық шалған жоқ. Әйтсе де, тәртіп сақшылары жанкүйерлерді ойынды аяқталғанына сендіріп, сабырға шақырып, ақыры олардың стадионнан шығуын талап етті. Арада екі сағатқа жуық уақыт өткен соң, төреші екі команданың футболшыларын жасыл алаңға қайта шақырып (бұл кезде стадионда ешқандай көрермен қалмаған еді), ойынды жалғастырды. Алдымен ол ауада қолымен монитор үлгісін сызып, ВАР (рефреридің видер ассистенті) жүйесіне жүгінетінін көрсетті де, алаң жиегіндегі телеэкранға үңілді. Шамасы, ойын тоқтап тұрған екі сағаттың ішінде әлгі соңғы гол соғылған даулы көріністі бірнеше рет қайталап көріп, нақты шешімге келіп алған болуы керек, төреші көп ұзамай-ақ К.Мединаның голы офсайдтан соғылғанын, сондықтан да ереже бойынша есепке алынбайтынын хабарлады. Сосын ойынға тағы екі минут қосқанын көрсетіп (қайдан алынған 2 минут – мүлде түсініксіз!), командалар аз-кем ойнаған болды. Екі минут ішінде, әрине, нәтиже өзгерген жоқ – 2:1 есебімен Марокко командасы Аргентинаны жеңіп кетті.

«Футболда жүргеніме қанша жыл болды, мен мұндай циркті ешқашан көрген емеспін» деді уысына іліккен ұпайдан айрылып қалған Аргентина олимпиялық құрамасының бас бапкері Хавьер Маскерано. «Бұл – тарихта болмаған масқара! Біз 1 сағат 40 минут бойы енді не болатынын білмеген күйі дал болып отырдық. Бізге ешкім де ештеңе айтып, түсіндірген жоқ. Ұйымдастыру деңгейі осындай болса, жетіскен екен» деді команда капитаны Николас Отаменди.

Олимпиададағы футбол турнирінде 2-тур ойындары 27 шілдеде өтеді.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269