Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 2706 25 пікір 26 Шілде, 2024 сағат 14:57

Рыбакина бізді «лақтырып кетті»: Ресей спортшысына керегі - қазақтың ақшасы!

Сурет ҚР Теннис федерациясының сайтынан алынды

Күні кеше ғана ҚР Спорт және турзим министрлігі күллі жұрттан сүйінші сұрап, Қазақстан Париж Олимпиадасының тағы бір лицензиясын жеңіп алғанын хабарлаған.

«Қазақстан Париж Олимпиадасында теннистен тағы бір лицензия алды. Аралас жұптық сында Елена Рыбакина мен Александр Бублик өнер көрсетеді. Олимпиаданың бірінші айналымында олар америкалық Коко Гауфф және Тейлор Фрицпен кездеседі. Барлығы миксте медаль үшін 16 жұп таласады. Ал жарыс 29 шілдеде басталады. Қазір Қазақстанның теннистен 6 лицензиясы бар. Жекелей сында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко ел намысын қорғайды. Жұптық сында Александр Бублик пен Александр Недовесов, Рыбакина мен Бублик. Қазақстан құрамасында спорттың 25 түрінен барлығы 93 лицензия (80 спортшы) болды», - деп жазған еді.

Үлкен теннистен әлемдік рейтинтің алдынғы қатарында көрініп жүрген Рыбакинадан Қазақстан халқы алтын, алтын болмаса да, жүлде күтті. Бірақ, көп мақтаған Рыбакина жеме-жемге келгенде Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартты.

Әуелі Халықаралық теннис федерациясы (ITF) бір хабарлап, Елена Рыбакинаның Париж Олимпиадасына қатыспайтынын айтты.

Онан соң Қазақстан теннис федерациясы мәлімдеме жасап, бұл ақпаратты растады.

«Елена Рыбакина қазір «бронхитпен» сырқаттанып жүр. Дәрігерлер оған жарысқа қатыспақ түгілі, ұшақпен ұшуға тыйым салды. Рыбакина ойындарға қызу дайындалып, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетуді ойлаған. Денсаулығына байланысты бұл мүмкін болмай тұр», - деді федерация.

Рыбакина не дейді?

Бұлардың ізін ала Рыбакинаның өзі де сөз арнады. Рыбакинаның сөзін Қазақстан теннис федерациясы жариялады. «Қымбатты қазақстандықтар! Париж Олимпиадасына қатыса алмайтынымды өкінішпен хабарлаймын. Уимблдон турнирінен кейін жіті бронхитпен ауырдым. Жаттығуға оралуға әрекеттенсем де, менің ағзам толықтай қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма қатаң тыйым салды.  Париж Олимпиадасында біздің құрама үшін өнер көрсетіп, ел үмітін ақтай алмайтыным өте өкінішті.  

Токиода медальға қол созым жерде болдым. Парижде Қазақстан үшін алтын алуға мұқият дайындалдым. Өкінішке қарай, ауру бұл жоспардың орындалуына мүмкіндік бермеді.  Барлық қазақстандық спортшыларға Парижде сәттілік пен табыс тілеймін. Мен біздің барлық атлеттерімізге жанкүйер боламын, олардың Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғайтынына сенемін. Алға, Қазақстан!», - деп сөйледі Рыбакина.

Аяғында ҚР Спорт және туризм министрлігі қорытынды мәлімдеме жасап: «Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина XXXIII жазғы Олимпиадаға денсаулығының нашарлауына байланысты қатыса алмайды. Оның Уимблдон турнирінен кейін тыныс алу жолдары қабынып, ісініп, ауырған. Соған қарамастан Елена дайындалып, олимпия ойындарында жоғары нәтиже көрсеткісі келді. Алайда дәрігерлер оған кортқа шығуға, ұшуға тыйым салған. ҚР Туризм және спорт министрлігі спортшының тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіреді. Біз оның алдағы жарыстарға бұдан мықты болып оралуын тілейміз», - деп жазды.

Десе де, Қазақстан жұрты, Олимпиададан жүлде күткен Қаазақстандық жанкүйерлер теннисші Елена Рыбакинаның Олимпиададан бас тартқанын сынап жатыр. Оған себеп те жоқ емес, Париж олимпиадасына бір апта қалғанда теннисші Түркияның Бодрум қаласында демалып жүрген фотосын жариялаған еді.

Рыбакинаның бағын жаққан - Қазақ ақшасы!

Нұргелді Әбдіғаниұлы, журналист:

- Спорттың қыр-сырын білген маман болмасақ та, Қазақстанның көк паспорты нәсілі де, ниеті де бөлек келімсектерге оңды-солды шашыла бермеуі керек деп айттық, сан рет.

Шетелден келген спортшылардың көздегені көк паспорт емес, көк пәшкі ақша. Қазақтың ақшасы.

Министрлік бір, Федерация екі, Рыбакинаның өзі үш шығып, үш қайтара ақталса да, жеке өз басым Еленаның уәжіне дым сенбедім! Ол Қазақты, Қазақстанды «қадап» кетті деп есептеймін!

Рыбакина Ресейде жүргенде негізгілердің сапынан болмады. Рас, жақсы жаттықты, жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ, ол басты назарға шыға алмады. Оны Ресей керек еткен жоқ. Көптің ішінде жүрді. Оны Рыбакинаның әкесі де сан рет ашынып айтқан. Рыбакинаның бағын жаққан Өтемұратовтың ақшасы, анығы Қазақ ақшасы! Қазақстанның көк паспорты. Бірақ, жеме-жемге келгенде, Рыбакина көк паспорттың намысын қорғаудан бас тартты. «Келімсекте жігер жоқ!» деген осы міне! Келімсекке бәрібір...

Рыбакинаның мәлімдемесі бұл шуды басуға көмектеспейді!

Руслан Меделбек, спорт журналисі:

- Рыбакина Париж олимпиадасына қатысудан бас тартты. Бүгін (кеше-ред.) Париж уақытымен 16:00-де алғашқы жаттығуын өткізуі керек еді. Шықпады. Жеребе де өзгерді. Жанкүйерлер шулап, сын көбейген тұста Қазақстан теннис федерациясы: «Рыбакина бронхитпен ауырып қалды, жарысқа қатысу былай тұрсын ұшуына болмайды», - деді. Артынша Рыбакинаның жазбаша мәлімдемесі шығып, кешірім сұрапты. «Уимблдоннан соң ауырып қалдым», - дейді.

Бұл мәлімдеменің бәрі бұл шуды басуға көмектеспейді. Себебі спортшы бір апта бұрын Бодрумда демалып жүрген фото/видеоларын жариялаған. Ауырып жатса, жеребе тартылып қойған соң не үшін олимпиададан бас тартты? Жауап жоқ...

Федерация, комитет қайда қараған? Намыс қайда?

Әсел Әбілбек, журналист:

- Рыбакина Қазақ еліне, жанкүйерлеріне бейжай қарады. Денсаулығы бүгін емес, баяғыдан сыр берген болса бірден айтуы керек еді. Неге 1 күн қалғанда мұндай мәлімдеме жасайды? Бұған дейін федерация, комитет қайда қараған? Намыс қайда?

Жанкүйерлердің үмітін ақтамады. Өкінішті! «Өзіңдікін өзекке тепсең де кетпейді» дейтін еді. Өзіміздікі болмаған соң осы.

Елена лақтырып кетті...

Анық Көкенайұлы, спорт журналисі:

- Иә, Елена Рыбакина Париж олимпиадасына қатыспайды. Қысқасы, сын сағатта лақтыра салды. Өзім солай қабылдадым. Токио Олимпиадасында ойыннан бас тартты. Ешкім ештеңе демеді. Қытайда өткен Азия ойындарына қатыспай, сол елде өтіп жатқан турнирге қатысты. Ел намысы сыналып жатқан сәтте қатыспадың деп ешкім үн қатпады. Парижден үміт күтіп жүрсек, қатыспайды депті. Бірдеңе дейтін біреу табыла ма енді?

Рыбакина - «жалдамалы жендет». Ол өз пайдасмы үшін ғана жүр!

Самат Нұртаза, Мәжіліс депутаты:

- «Батыл Жүрек» деген фильм естеріңізде ме? Мелл Гибсон ойнайтын. Сонда шотландықтардың жағында ерікті түрде соғысуға баратын «Ирландық» деген бір персонаж бар.  Сонда Англияның «ұзынсирақ» королі жалдап алған жалдамалы Уэльс жендеттерімен шотландықтар майданда жолығатын эпизод бар. Сол жерде «Ирландықты» көрген Уэльс жендеттері шотландықтармен соғысудың орнына құшақтаса кетеді.

Міне, Рыбакинаны сол жалдамалы жендетке теңеуге болады. Оның рөлі – соғысатын (ойнайтын) жалдамалы жендет секілді. Ол өзіне тиімді сәтке дейін ойнап береді. Олимпиада Рыбакина үшін тиімді емес. өйткені ол өзін Ресейлік сезінеді. Санкциялық шектеулер кезінде өзге елдің туының астында уақытша жүрген Ресей азаматшасы. Оған Қазақстан туы бөтен. Оған бола Рыбакинаны кінәлаудың да керегі жоқ. Бұл желдамалы жендеттің логикасына сай дүние. Ақша үшін күресуге (ойнауға) болады. Ал өзге елдің қоржынына медаль әкелу – жалдамалы жендет үшін мүмкін емес нәрсе. Бұл біздің спорт саласындағы шенеуніктер үшін жақсы сабақ болады деп үміттенемін!

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958