Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 1933 1 пікір 26 Шілде, 2024 сағат 15:34

Париж-2024: Ая туралы айтыс

Singer Aya Nakamura poses before the Flammes awards Thursday, April 25, 2024 in Paris. Aya Nakamura is expected to perform during the opening ceremony of the Paris 2024 Olympic Games. (AP Photo/Aurelien Morissard) / lemonde.fr

Бүгін Астана уақыты бойынша 22.25-те басталатын ХХХІІІ Жазғы Олимпиаданың ашылу салтанатына 3 мыңға жуық, биші, әнші, артист қатысады. Солардың ішіндегі ең басты жұлдыз – R&B стилінде ән айтатын Ая Накамура.

Ая Накамура – дәл қазір Францияның ең танымал әншілерінің бірі. Кейінгі жылдары оның әндері түрлі музыкалық чарттардың, хит-шерулердің көш басынан түспей келеді. Оның стилі өзіндік сонылығымен бөлек: әнші туындыларының өн бойынан француз музыкалық дәстүріне тән ерекшеліктермен қатар афробит (үрмелі аспаптар мен гитараның сүйемелдеуіне сүйенетін ойнақы африкалық ырғақтары басым жанр) элементтері де кездеседі. Бұл түсінікті де, өйткені Аяның шыққан тегі – африкалық. Ол Қара құрлықтың батыс бөлігінде орналасқан Мали елінің астанасы – Бамако қаласында 1995 жылы дүниеге келген. Өз фамилиясы – Даниоко, ал «Накамура» деген – «Қаһармандар» телесериалы арқылы танылған кейіпкердің тегі, Ая оны өз есіміне лақап ат ретінде тіркеп алған. Болашақ әнші ес білер-білместе-ақ оның ата-анасы Францияға қоныс аударып, Париж маңындағы Оне-су-Буа елді мекеніне орныққан.

Ая Накамураның Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында басты жұлдыз болып, ән салуына қарсылар да аз болған жоқ. Негізгі себеп – оның қара түсті екендігі, шыққан тегінің африкалық болуы. Францияны дүние жүзі халқына таныта түсетін ең маңызды сәтте таңдаудың ақ нәсілді аруға емес, қара түсті бикешке түскені талайларға ұнамапты. Оның үстіне, кейінгі жылдары Еуропада оңшыл күштердің, оңшыл көзқарастардың күшейе түскені де жасырын емес. «Олимпиаданың ашылу рәсімінде басты әнді шыққан тегі африкалық өнерпаз орындайды екен» деген әңгіме туындаған сәттен бастап француз қоғамындағы пікірлер легі қақ жарылды. Қолдаушылар да баршылық болғанымен, сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі «Францияда заты француз әнші қалмап па еді?» деп, наразылықтарын ашық білдірген. Әлеуметтік желілерде тіпті Аяны балағаттаушылар да аз болған жоқ. Олар тіпті шектен шығып бара жатқан соң Париж қаласының прокуроры әншіні нәсішілдік негізде тілдегендерге қарсы тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізу керек деп бастама да көтерді.

Кейін белгілі болғанындай. Ая Накамураға «Олимпиаданы ашуға қатыс» деген ұсынысты Франция президенті Эммануэль Макронның өзі айтқан екен. Мемлекет басшысы бұл өтінішін «француз ән өнерінің 1950-жылдардағы жарық жұлдызы Эдит Пиафтың әйгілі әндерін жастардың бүгінгі пірі – Ая Накамура шырқаса, спорт мерекесінің ашылу салтанатын тіптен ажарландыра, әрлей түсер еді» деген пікірімен негіздеген. Содан бастап-ақ француз қоғамы «күллі әлемнің көзінше Пиафтың хиттарын шырқайтындай бұл Ая дегеніңнің өзі қаншалықты француз еді?» деген тақырыпты талқыға салды.

Әншіге қатты шүйліккендердің бірі – Франция парламенті сенатының төрағасы Жерар Ларше болды. Ол Аяның французшасын «нашар» деп сынады, «оның заманауи сленгтер мен жаргондарға толы сөздері жастарға кері ықпал етеді» деп алаңдаушылық білдірді, «әндерінің тақырыбы мен мазмұны француздың шынайы рухына сәйкес емес» деп те сөкті. Оған қарсы шыққан эстрада жұлдызы Эрика (бұл да Африкадан – нақтырақ айтқанда, Камеруннан келген): «Аяның французшасы – қазіргі Франция қалаларының көшелерінде жастар сөйлейтін тіл. Ларше мырза мен біз бір елде тұрып жатырмыз ба өзі?» – деп салды.

– Біз олимпиялық қозғалыстың бірлік, теңдік, бауырластық сынды рухына сызат түсірмеуіміз керек. Нәсілшілдік ұстаным ешкімді де ұшпаққа шығарған емес. Мбаппе бастаған қара нәсілді футболшылар гол соқса, жеңіске жетсе, сөйтіп, елдің даңқын шығарса – бәрі де оларды нағыз француз деп, ұлт мақтанышына балап жатады. Ал солар қателесіп, ұтылып қап, сәтсіздікке ұшырай қалса бітті – «бұлар тіпті де француз емес, келген жағына қайта кетсін, құрысын!» деп бөлектеп шыға келеді. Мұндай жағдайда біз бір елміз, біртұтас ұлтпыз деп қалай айта аламыз? – деді Әлем және Еуропа чемпионы, футболшы Лилиан Тюрам (ол Кариб теңізіндегі француз территориясы – Гваделупеде туған).

Францияда нәсілге бөліну мәселесі кейінгі жылдары ушыға түсті. Әлеуметтанушылардың мәліметінше, бұрын Франция отары болған өлкелерден көшіп келгендердің үлес салмағы қазір Париж тұрғындарының үштен бірін құрайды (басқа қалаларды айтпағанда). Мұның өзі Мария Ле Пен басқаратын «Ұлттық бірігу» секілді ультраоңшыл партиялар мен қозғалыстардың наразылығын тудырып жүр.

Міне, осындай күрделі саяси-әлеуметтік ахуал кезінде Ая Накамура секілді қара нәсілді әншінің Олимпиаданың ашылу салтанатында басты жұлдыз болып таңдалуы француз қоғамындағы толеранттылықтың уақытша болса да бір жеңісі деп бағаланып отыр. Бірақ мәселенің жай-жапсары мен түйін-шешімі әлі де тым тереңде жатқаны анық.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269