Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 1872 1 пікір 30 Шілде, 2024 сағат 13:29

Жетесіз

Сурет Википедиядан алынды

повесът

Айдос Амантайұлы Қытай астанасы Бейжіңде туған. Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-нің филология факультетін тамамдаған. «Сынықтан құралған сымбат» атты өлеңдер жинағы мен «Айдос – Шолпан» романы Қытайда жарық көрген. Әңгімелері мен повесьтері Қытайдағы мерзімді басылымдарда жарық көріп келеді. Оның «Айдос – Шолпан» романы Қытайдың ұлттар әдебиетінің «Ақсай» мемлекеттік сыйлығын алған. Өлеңдері мен әңгіме повесътері ағылшын, тибет, ұйғыр және моңғол тілдерінде тәржымаланған. «Жетесіз» повесъті Қытайдың Гаңжу қаласында шығатын «Chutzpan» («Tiannan») журналында ағылшын тілінде жарияланған. Бұл повесъті ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған Бибол Әліпбайұлы.

Айтпақшы, бұл поэсъть республикалық әдеби-көркем және әлеуметтік «Жалын» жураналында (№12, 2014 жылы) жарияланып, журналдың сол жылғы Ғабит Мүсірепов сыйлығын қанжығасына байлайды.

***

Мен Бейжіңде туып-өскен қазақпын, сондықтан өз ұлтымнан көп алыспын. Былтыр сәуір айында ғана сәті түсіп Шыңжаңның белгілі бір қалашығына барып қазақ оқушыларына сабақ бердім. Сонда ғана өз қандастарыммен  қауышатын орай болды.

Орталық қала Үрімжіге ұшақпен лезде жеттік. Бірақ, алда әлі бірнеше сағат автобуспен жүретін жол бар еді. Жап-жасыл сахараны ендей өтіп зымырап бара жатқан автобустың терезесінен анда-санда ақ боз киіз үйлер жалт ете қалып ғайып болады.

Ол үйлерде қазақтар тұратынын білемін, дегенмен олардың өмірі қалай екені маған әлі беймәлім. Мен өзі кіммін? Мен – Бейжіңде туып, Бейжіңде өскен қазақпын. Сахара тынысын сезінбедім. Сол бір ұлы даланың топырағын құшырлана искемедім. Тіпті бұл далаға келген болсам да, келуінен кетуі тез жолаушы болдым. Басқа да саяхатшылар секілді мән-мағанасыз бірнеше рет суретке түсіп, естелік қалдырып осы араға өзімнің келгенімнің бірден-бір дәлелі қыламын.

Жүрегімнің терең түкпірінде өзімді-өзім көзге ілмеушілік, жетесіздік сезімі мені мазалай береді.

Алайда қолымнан келер не амал бар?

Бейжіңді тастап, сахараға келіп қой бағайын, сонда бұл өзімнің қазақшылығымды тапқаным ба? Өз өзімді тапқаным ба?

Тіпті, келген күннің өзінде мен сол баяғы Бейжің акцентімен ханзуша сөйлеп, Кафканың шығармаларынан шабыт алып, демалыс күндері қыздосыммен бірге Нәнлогу көшесіне барып кофе ішуді жақсы көретін қала баласымын ғой. Сахаралық болмаған соң, адамда далалық мінез де болмайды емес пе.

Автобуста жолаушы көп емес, тіпті, жарты орыны бос келе жатты. Алайда кеңсірігімді бір жағымсыз иіс жарып келеді. Бұл мүмкін саз балшықтың иісі болса керек. Бірақ, мұндай иіс маған қазір тым бейтаныс.

Мұны ойлап мен терең бір күрсініп алдым да, терезеден алысқа көз жібердім.

Сахараның қиыр шетінде күн қызарып батып бара жатыр екен. Сөз жетпес бір сұлулық, шіркін...

Қалашыққа да жеттік.

Маған бұл қалашық дүниенің мешеу қалған бір бұрышы болып көрінді. Алайда, сахараның жастары үшін бұл қалашық шыныменен «сыртқы дүние» болып есептелінеді.

Қаланы әбден аралап таныспас бұрын, бірден мектепке аттандық. Мектеп қақпасының алдына келгенде мен ұзақ тұрып қалдым. Сонан соң ғана қақпадан бүрсеңдей өтіп, жалтақтай мектеп ауласына кірдім.

Мені қарсы алдымнан балалар емес, олардың жымиған жүздері қарсы алды.

Осылайша, келе салысымен бір тозығы жеткен сыныпқа қаумалай кіріп келдік.

Бейжіңде жүргенімде оқушылар ұйымының төрағасы болғам, бүкіл мектеп оқушылары алдында сөз сөйлегенде еш тартынбаушы едім. Ал бұл жолы мына оқушылар алдында қатты сасып қалдым. Себебі, менің бетпе-бет келіп тұрғаным тек балалар емес, менің қарсы алдымда жәудіреген жанарлар жылмың қағып, менен бірдеме тілегендей сезіледі. Маған бұрын ешкім бұлай қадала қарамаған-ды. Балалардың жанарларында қандай сыр жатқанын біле амадым. Сонда да, өзімді қатты бақытты сезіндім.

Мен бейжіңдік акцентті араластыра қазақша быдыға сөйлей бастадым: «М, әл-гі... Мен... сен-дер-дің жаң-а мұ-ға-лім...». Айтып болмай жатып сынып іші ду күлкіге толды. Мен ақырын басымды қасып қойдым да, ұялғанымнан тілімді шығардым.

Оқушылардың онан арман ішексілесі қатты.

Сәлден соң мектеп жетекшілерінің бірі алдыға шығып мені салмақты түрде таныстырды. Мені қазақтың мақтанышы, астанамыз Бейжіңнен келген, Бейжіңде туып-өссе де, осы қиырдағы аудандағы оқушыларға білім бергелі келді, бұдан барлықтарың үйренулерің керек деп  мақтап-мақтап алды. Менің қазақтың шынайы мақтанышы екенімді тағы айтты.

Оқушылардың назары мектеп жетекшісіне ауатын емес. Барлығы қап- қара мөлдір көздерін маған қадап, мені бастан-аяқ барлайды кеп. Кейбір сотқар балалар маған қарап бетін тыржитып қояды.

Мен бір жағынан балалардың отты жанарының нұрына балқығандай боп, тағы бір жағынан мектеп жетекшісінің асыра мадақтауына қысылып та тұрмын. Басында мұндай мақтауға тойтарыс берейін деп ойладым, кейіннен өзі білсін деп ескермей тұра бердім.

Себебі, біріншіден мен оған мардымсыз қазақшаммен бірдеме жарытып айта алмаймын. Екіншіден, ана балалардың мөлдіреген көздеріне көзімді түйістіргенде бұның еш қажеті жоқ екенін сездім.

Мен олардан бес жас қана үлкен болсам да оларды бала деп атағанды жақсы көрем.

Сыныптағы балалар басқа сыныпқа барып мақтанатынды тауыпты: «бізді бейжіңдік мұғалім оқытады. Ол Бейжіңнен келген!» – деп мақтанады екен.

Олар Бейжің десе қатты таңданады, алайда сұрайтын сұрақтарының бәрі өте қарапайым:

– Бейжіңнің ғимараттары биік пе?

– Иә, өте биік!

– Бейжіңде машина көп пе?

– Иә, өте көп!

Менің жауабымды алысымен олар үнемі «А» деп таңырқай қалады.

Мен бұл таңырқаудың астарында не жатқанын білмедім. Дегенмен балалардың өздері де білмейтін шығар деген ойдамын.

Шындығында Бейжіңдегі өмірдің еш қызығы жоқ. Апта соңында қыздосыммен бірге Нәнлогу көшесіне барам, болмаса 798-ші өнер қалашығында қыдырамыз. Өмірдің мәнсіздігі соншалық бір мәнсіздікпен тағы бір мәнсіздіктің орнын толықтыруға тырысасың да жүресің.

Әрине, мұны балалар біле бермейді, мен де оны оларға айтпақ емеспін.

Менің бір түсінбейтінім сол, мына балалар шеті мен шегі көрінбейтін осыншама кең байтақ сахарада өмір сүре тұрып неге керісінше қаланы үлкен деп ойлайды екен?

Мүмкін олардың үлкен дегені шынайы мағынадағы «үлкен» емес болса керек. Оны және өздері ғана түсінеді.

Біздің сынып өте жұпыны болды.

Қара тақтаны оқушылар өздері бояған. Тіпті, сынып қабырғасын да олар өздері ақтапты. Менің келгенім бір жатақты мектеп болып, оқушылардың барлығы мектеп ауласында тұрады екен. Түнде кезекші мұғалім кезекшілік бөлмесінде отырып балалардың қауыпсіздігіне жауапты болады және олардың демалысын қадағалайды.

Мектеп басшылығы маған қалашық ішінен бір жеке үй қарастырмақ болыпты, бірақ мен қажеті жоқтығын айтып кезекшілік бөлмеде тұрғым келетінін білдірдім. Осылай істегенде басқа мұғалімдер де кезекші болып қиналмайтын болды. Бәрі риза.

Балалар да бұған қуанып қалыпты. Мына бала мұғаліммен тіл табысу оңай екен деп ойласа керек. Дегенмен, мен кезекшілік еткенде олар өздерін бұрынғыдан да тәртіпті ұстады.

Бұл қазақ тілді мектеп, ал мен балаларға ханзу тілі пәні бойынша сабақ беретін болдым. Олар үшін ханзу тілі шет тілі секілді.

Олардың ханзушалары тым нашар болғанына қарамастан барлығы сөйлеуге тырысады.

Ханзушалапалап былдырлап маған: «Мұғалім біз жақсы көреді, біз мұғалім жақсы көреміз», – деп қояды.

Мұны естіп жүрегім жылып сала берді. Менің қазақшам олардың ханзушасынан кем болмаса, артық емес. Бәріміз тілі жаңадан шыққан бала тәріздіміз. Алайда, біздің арамыз тілмен түсінісуді қажет епестей жақын тартып кетті.

Олардың кейбір айтқан сөздері мені қатты тебірентеді, әрі естен мәңгі шықпастай.

Бір күні Әйгерім  атты бір кішкентай қыз қасыма жетіп келді. Жымия күліп маған қарап тұрып: «Мұғалім бейжіңдік, ал біз қазақпыз. Біз мұғалімді сүйеміз», – деп қатты айтты.

Оның киіп алған гүлді көйлегі сәнсіз көрінді. Үстіндегі күртешесі де не қоңыр емес, не қызғылт емес белгісіз бір түсті. Екі беті қызарып жарылардай болып тұр. Сәби жүзді жас қыз.

Айтып болысымен қайтадан желдей ұшып, секіріп-ойнап кете барды. Ол маған қатты ұнайтын бір сөз айттым деп масайрап барады білем.

Олар Бейжіңге сонша құштар.

Мүмкін олар Бейжіңнің қандай екенін мәңгі білмес-ау. Дегемен олардың әр қайсысының жүрегінде бір Бейжіңі бар.

Олар менің Бейжің жайлы айтқанымды ұйып тыңдайды.

Мен жамау-жамау қазақшаммен оларға шамам келгенше, «Бейжің өте-өте үлкен. Уаңфужиң өте-өте әдемі. Ғимараттар өте биік, әдемі қыз-жігіттер бар», –  деп айтып беремін. Олар мұны естіп қатты риза болады.

Мен қазақшам жеткенінше оларға Бейжіңді осылайша суреттеп берем.

Бір күні сабақта олар өте белсенді отырды, сөйтсем олар тағы да Бейжің туралы естігісі келген екен. Мен олардан не туралы естігілерің келеді? деп сурағанымда, сынып іші жым-жырт күйде қалды.

Кенет бір бала айқайлап жіберіп тағы да сол өткендегіні қайта айтып беруімді сұрады.

Сонымен мен тағы сол зәулім ғимараттар, әдемі қыз-жігіттер туралы айттым.

Мұны естіп олар жымия күліп қуанып кетті, бейне бұл әңгімені алғаш рет тыңдап отырғадай.

Сыныпта жасы менен де үлкен бір қыз оқушы болды, аты Айдана.

Ол Үрімжіде көп жыл бойы даяшы боп қызмет етіп ақша тауып сол қалада тұрақтап та қалған екен. Қонақ үй басқарушысы оны бас даяшылыққа өсірем деп отырғанда ол шала-шарпы ханзушасымен «меңгеруші, мен қайтатын болдым», – деп бас тартыпты.

Елу жас шамасындағы әйел басқарушысы одан, «сенің жағдайыңды жасай алмадық па? Жоқ әледе жаңа жұмыс таптың ба?» – деп қазбалай сұрапты.

Айдана сәл дірілдеген үнмен: «менің оқығым келеді», – деп жауап беріпті. Басқарушы:

– Сен әдетте көп сөйлемейсің, жұмысты да беріліп істейсің. Өзің білесің, бұл қонақ үйде қазақ ұлтынан бір өзің ғана. Мен сені бас даяшы етіп қояйын деген себебім тіпті ұлттар достығы деген сылтау да емес, мен сенің тиянақтылығыңа сенемін,  әрі өзің сонша бір қиындыққа беріле қоймайтын жансың. Мен саған өз қызымдай қарайтын болдым. Сен тағы ойлана ғой. Айдана:

– Меңгеруші, сіз менің осы жылдары неге көп сөйлемей жүргенімді білесіз бе? Басқарушы:

– Жоқ, балам. Айдана:

– Себебі, мен ханзшаны мандымды білмеймін.

Осылайша қонақ үй басқарушысы Айданаға біраз ақша беріп жолға салыпты. Аттанарда оған оқып болған соң қайта оның қонақ үйіне келіп қызмет ететін болса, оны тағы да бас даяшылыққа қоятынын айтып шығарып салыпты.

Айдана маған бұл әңгімесін айтып болды да, үнсіз маған қарап қалды. Бейне аяқталмай қалған тағы бірдеме бардай.

Бұл қалашықта еш бір ерекшелік жоқ та шығар, алайда балалардың көңілінде бұл жер бір ғажайыпқа толы әлем.

Өзгешелігін айтар болсақ, ең алдымен ауызға ілінері – асханалары.

Мектеп алдында бір «Лағман және манты» атты асхана бар еді. Есіктен кірер-кірместен қожайыны қонағына қарап: «Лағман ба? Манты ма?» деп айқай салады. Мұндай асханаларда сол екі ақ таңдау болады. Мен сияқты қалың менюді сапырыллыстырып отырып не таңдайтынын білмейтін қала баласы үшін бұл бір өте жүрекке жылы тиетін нәрсе екен.

Бұдан да қызығы бар. Және бір асхананың атауы «Палау» екен. Есіктен кірер кірместен еңгезердей ұйғыр аспаз «үлкен тәрелке мен кішісі ме?» деп айқайлайды. Босағадан тапсырысыңды аласың да ішке кіріп орын тауып отырасың. Мынадай жылдамдық тіпті KFC-ді шаңына да жуытпайды ғой.

Жаңа келген адамға мынадай жер тым жұпыны көрінетін шығар. Дейтұрғанмен, тағамын татып дәмін алған соң оның бейжіңдік қалыптасқан үлгіден әлде қайда жеңіл және көңілге қонымды екенін байқайсың.

«Хай мырзаның асханасы» маған ең терең әсер қалдырды.

Онда еш даяшы жоқ, Хай фамилиялы бір қарт кісі ғана жұмыс істейді. Ол өзі үнемі іште отырып газет оқып ел ісін талдайды екен.

Әдетте келетін қонақтары да көп емес секілді.

Бір күні мен оқушыларымды осы араға ертіп келдім. Бұнда ғой меню бар екен, бар болған да толтырып жазып қойыпты. Мен тапсырыс беріп болысымен, Хай мырза менюді жапты да сыртқа қарай желе жортып шығып кетті. Шыға бере, «мұнда қарайлай отырыңдар» -деп бізге қарай айқай салды.

Мен оқушыларға қарап, олар маған қарап не дерімізді білмей отырып қалдық.

Шамамен бес минуттан соң қарт мырза ентіге асханасына қайта кірді. Қолында ұстаған бір қалта көкөнісі бар. Асылы бұл асхананың көкөністі тапсырыс берген мезетте сатып алатын салты бар екен. Бұндағы тағамдар арзандығы соншалық 20 юаньға төрт-бес адам отырып тойып алады екенсің. Оның үстіне тамағының дәмін айтсаңшы, сондай керемет.

Біз тамақтанып отырғанда қарт қожайын бір шетте отырып газет оқыды. Әредікте бізден «сиыр етінің қуырылуы қалай болыпты? Ауыздарыңа татыды ма? Тұзы тым ащы боп кетпеген жоқ па?» – деп жіті сұрап отырды.

Бейжіңде мұндай «Хай мырзаның асханасы» секілді асхана жоқ.

Балалар мені қанша жақсы көрсе де мені әлі де «бейжіңдік» деп қарайды. Олардың жанына бара қалсам барлығы қысылып қалғандай болады.

Тек Әйгерім  ғана менен тартынуды білмейді.

Ол әр күні түсте менің кабинетіме келіп менен ханзу тілі сабағынан сұрақтар сұрайды.

Менің оқушыларымның ішінде маған ең ыстық көрінетіні де осы Әйгерім. Оның ханзушасы өте нашар. Алайда, қос жанары әр қашан менен қалмай мені барлайды да жүреді. Мені көрген бетте жымия күліп жадырай кетеді.

Мен оның маған айтқан «сіз бейжіңдіксіз, ал біз қазақпыз» деген сөзіне бола да жақсы көргендеймін. Ал қазір ол мені өзі қатарлы жандардан деп қабылдайды. Мұнысы менде бірдеңені дәлелдегендей немесе жеңгендей бір сезім тудырады. Бұлардың қайсысы болмасын бәрі менің жүрегіме қуаныш сыйлайды.

Мұндай қуанышты жасыруға немесе бүркемелеуге келмейді екен. Ол менен осы бір қуанышты байқайды, бірақ ол қуаныштың себебін сезбейді.

Мен кейде кешкі пысықтау уақытынан бұрынғы бос уақытты пайдаланып оны қалашықтағы жалғыз «Шинхуа» кітапханасына апарып кітап оқытатынмын. Ол онда қазақша кітаптарды оқитын.

Қайтар жолда мен оған мардымсыз қазақшаммен көп нәрселер айтатынмын.

– Кафка..., Кафка, ана..., ол бір жазушы, өте мықты жазушы. Оның жазғандары қазақшада жоқ. Егер мүмкін болса қытайша жақсы үйрен. Қытайша үйренсең соларды оқисың.

Ол Кафка жайлы білмейді, сондықтан тек басын изеп күліп қояды.

Айтып-айтпай, мен Бейжіңнен келдім, аз тола кітап оқыдым десем де Әйгерімге айта алар көп ештеңем жоқ. Тек бар қазақшамды жиып-теріп оған өз білген ақылымды айтып келем.

Енді осы күні оған не айтып, не қойғаным есімде жоқ. Шамасы адам мен адамның тең құқықтылығы, демократия, еркіндік жайлы болса керек.

Мен мұны айтып жеткізе алмаған да шығармын, әйтеуір ол да жарытып ештеме түсінбеді.

Сол бір күні, мен аядай ғана кезекшілік бөлмесіне қайтып келдім де, өзіме-өзім неге сол кіп-кішкентай қызға соншама бытқыған ақылсымақты айттым екен деп күйзелдім. Бұл сахара қызына Кафканың қанша құны бар дейсіз?

Терезе алдына келіп сыртқа үңілдім, алдымда Бейжің түнінен әлде қайда қараңқы түн шымылдығын қымтап тартыпты. Темекі тартқым келді, сынап көріп едім, қолымнан мүлдем келмейтіндігін байқадым.

Кенеттен Бейжің бұл қалашыққа тіпті жетпейтіндей сезілді.

Білімім бұл жердегі адамдардан көп болса да, сол біліктілігім мені осы адамдардан көрі таяз, мардымсыз еткендей.

Көңілім астаң-кестең болып ұйықтай алмай, ақыры кезекшілік бөлмесінен сыртқа шықтым. Спорт алаңның шаңы шығып жатса да мен ештеңеге қарамастан шалқамнан түсіп жатып қалдым. Жата бере терең бір тыныс алдым. Құм, топырақ үстінде жатып денемді ұлы табиғат құшып, сипап жатқандай болады. Ал көз алдымда тұп-тұнық жұлдызды аспан.

Бұл есіме алғашқы махаббатымды түсіріп жіберді. Ол жұлдызды қатты жақсы көруші еді. Оның қазіргі ең басты арманы сол жұлдыздар жамыраған түнгі аспанды тағы да бір көру.

Енді міне, мен дәл сол жұлдызды аспанды бажырая бақылап жатырмын, ал ол  болса мыңдаған шақырым шалғайда жүр.

Ол сегіз жасында басқа қаладан Бейжіңге көшіп келген еді.

Біз алғаш кездесе бастағанда ол ылғи бір әңгіме айтушы еді: олардың есік алдында бір тау болыпты, кейін ол тауды кеншілер жарып жоқ қылыпты.

Олардың есік алдында бір аспанмен тірескен алып ағаш болыпты, өзі үнемі ағаштың саясында ойнайды екен. Кейін, бір күні ол осы алып ағаштың тоқ арамен кесіліп тастағанын өз көзімен көріпті.

Ол кезде ол әлі бала екен, солайша өз мекенінен айырылдым деп ойлапты. Ал шындығында адамдар ол қалашықты қайта құрып жатқан еді.

Бейжіңге көшіп келген соң көп жылдардан кейін ол баяғы қалашыққа барып туысын іздейді. Ондағы жағдайдың әлде қайда оңалғанын байқайды, адамдардың тіршілігі де жақсарып қалған көрінеді.

Осы сәтте оның көңілі қобалжып үрейді сезініпті. Тіпті алып ағаш құлаған кездегіден де қатты көңілі құлазыпты.

Екеуміз кездесе бастағанда 16 жас шамасында едік. Оны түсіне қоймағам. Тек бар болғаны келешекте мықты арқа сүйер азамат болам, оған бір ну орман, орман ішіндегі кішкене үй сыйлаймын деп қайталай беруші едім. Ол үнемі жымиып күліп қоятын. Сол кезде мен оны қуанттып тастадым деп ойлаушы едім. Енді байқасам ол маған жай күлген екен.

Шынымды айтсам, онымен бірге отырып терең сырласпаппын. Мүмкін, ол кезде мен оның тек жігіті болдым, досы емес. Бар білгенім оны қуанту еді. Ал қуаныш пен күлкіден адам бақытты бола қоймайтынын білмеппін. Олар тіпті онша маңызды емес екен-ау.

Мен оның өзіне таныс мекенінің қалай күйретілгенін айтқанда неге еш мінез танытпай, ашуланбай қайталай айта беретінін түсінбеуші едім.

Ол тыныш қана жеңіл үнмен маған «бұның бәрін қабылдау өте қиын» дейтін.

Ал оның сөз ауанына қарасаң ол өзі бұның бәрін қабылдағандай сезіледі.

Кейін келе біз қалай екені белгісіз айырылысып кеттік. Сол жас шамасындағы жастар үнемі солай етушіді ғой.

Айырылысқаннан кейін барып, мен оның неге өз ауылының істері жөнінде айта беретінін білдім.  Оның себебі – мен оның жігіті екендігімде емес. Қайта мен Бейжіңде туып-өссем де Шыңжаңдағы қалың қазақтың бір баласы ретінде жат жерде сергелдең өмірмен жүрген адамдарша көрінем. Мүмкін, біздің махаббатымыздың жалынын тұтандырған да осы сезім болса керек.

Біз қазір жақсы достарданбыз. Үнемі бір-бірімізге дем беріп қолдап тұрамыз.

Ол қазір бір жақсы жоғары оқу орнында механика жасау мамандығы бойынша білім алуда.

Қызық! Кішкене күнінен техниканы көрсе төбешашы тік тұратын, сол техника өзінің балалық шақтағы естелігін құрдымға жіберген мына жас қыз он тоғыз жасқа қараған шағында механика мамандығын оқу үшін университетке түсіп кетті.

Қарап тұрсаң ақылға қонбайтын іс. Дегенмен, мен бұның бәрін жете түсінгендеймін.

Тек, оны қалайша сонша түсінетінімді өзім де білмеймін.

Бұл мүмкін оның неге барлығын қабылдай білетіні секілді болар.

Әйгерім мен жақсы дос болып кеткендіктен мен басқа да қыздармен  жақындап қалдым.

Кештерде олар мені өз бөлмелеріне шайғе шақырады.

Басқа бөлмелердегі қыздар менің шай ішуге келгенімлі естіп барлығы келіп, кішкентай бөлмеге тығылатын. Мұндайда мені бір тәтті сезім билейді.

Кішкентай үстел үстіне түрлі-түсті стакандар қойылған. Кейбіреулерінің ернеуі сынған, тағы біреулері ғасырдан астам уақыт сынынан өткендей, өңі солғындаған. Қызылды-жасылды болып үстел үстіне толып қалады, адамға керемет әсер қалдырарлықтай. Ыстық шай құйылып қойылған соң ешкім алып ұрттайын демейді. Барлығы тып тыныш қарап отыр.

Шайды бұлай ішіп, бақытты сезінуді тек қазақ болсаң ғана жақсы түсінерсің.

Мен өз ата-бабам жайлы көп қиялға батам.

Қар жамылған дала, қақаған аяз. Бір үйлі жан аядай киіз үй ішіне жиылып отырып бір шаугім сүтті шайге жамырайды.

Кең байтақ сахарада өткен-кеткен адам «құдай қонақ» болып кез келген киіз  үйдің есігін ашса, үй иесі мейірін төгіп қарсы алады. Ұсынатыны тағы сол бір шаугім сүтті шай.

Маған көп адамдар қазақтан «бәленше, түгенше» деген батыр шыққан деп мақтанады. Бірақ, маған бұның түк қызығы, таңданарлығы жоқ.

Мені шынайы тебірентетіні қаншама тағдыр тауқыметін көрсе де қазақтың осы бір шаугім шайды ғасырлар қойнауынан бәз-баяғысындай қонағысылық мейірімен бүгінгі күнге дейін жеткізген мықтылығы. Бұл халық бір шыны шайда тұнған бақытты жанымен түсіне біледі. Бір топ қара көз, қызғылт жүзді ағайын ентіге дем алып, дастарқан басына қаумалай отырып бір шаугім шайды бөлісе ішеді. Бұл қандай бір бақыт десеңізші!

Осындай сәтте, баршамыз стакандарымызды қолымызға алып бір- бірімізге қарап қойып жымия күліп шайды баптап сіміре бастайтынбыз.

Айдана бір екі нан шығарып оны еппен бөліп алдымызға жаяды, бәріміз өз алдымызға тиген бір жапыраққа қол созамыз. Осындайда мен қазақ қыздарының қолына алғаш көз салдым. Бұл қолдар менің қолымнан да қайратты көрінеді. Қолдарының сырты бұжырланып жарылып та қалған. Тіпті, Әйгерімнің қолы да сондай екен.

Мен қолымды нанға қарай соза бергенде Айгерім  дауыстап, «Қараңдар, мұғалімнің қолы қандай нәзік! Баланың қолы секілді екен!» – деп қалды. Мен қолымды ток ұрғандай тартып қалдым. Қыздар бұл қылығыма жатып кеп күлді. Бейжіңнің қыздары күлгенде ұяла күліп, тіпті кейде аузын қолымен жауып алатын. Ал мына қыздардың күлісі бейне шарапқа тойған Ляңшән батырларының сақ-сақ күлкісі ғой.

Олар нанға сары майды қалыңдата жағып шайге бір малып жіберіп жейді. Бұл қазақша нанға май жағып жеу әдісі екен.

Бұны ести салып, мен де үлкен бір кесек нанға майды жағып жеберіп аузыма тыға салдым.

Қыздар мені көре салып, шапалақтап: «О, мұғалім жарайсыз», – десіп жатты.

Әйгерім  менің нан жегенімді жымия бақылап отыр екен. Маған ол үнсіз ыммен «мұғалім, сіз қазір нағыз қазақ болдыңыз» дегендей болды.

Өзінің қолындағы наннан тағы бір үзім жұлып беріп, «Мінеки, тағы бір үзім жеңіз» - деп қояды.

Мен тағы да жүз пайыз қазақы әдіспен нанға май жағып жеп көрсеттім. Барша қыздар бұл ісіме тағы да ду қол шапалақ соқты, күлісіп жатты.

Мен оларға маған бұлайша нанға май жағып жеу ұнамайды деп айта алмадым.

Алайда, олардың мені қазақ баласы деп қарауын қатты қаладым. Әсіресе Әйгерім  солай қараса екен деп тіледім. Неге екенін білмеймін.

Соңында баршамыз төсекті жағалай отырып бірге қазақша ән салдық.

Шынжаңның кеші суық болса да, аядай бөлмеге тығылып отырып бірге шай ішіп, ән салып отырғанда ол суықтың еш ызғары бізге сезілген жоқ. Мейлі терезеден ұрған сырттың суығы болмасын, әлде жүрек түбіндегі ызғар болмасын, бәрі де мұндай сәтте адам бойынан ада болады екен.

Әнді олар келістіріп айтады екен:
«Айналайын қарағым хал жақсы ма,
Сала берме көзіңді әр жақсыға.
Сала берсең көзіңді әр жақсыға,
Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе,
Осы отырған отырыс,
Бір ғанибет емес пе, ай.

Мінген атым астымда құла қасқа,
Шеңбер салдым құдыққа құламасқа.
Әдейі іздеп ауылыңа барғанымда,
Танымаған адамдай тұра қашпа.

Жүгіріп шықтым белеске,
Белес жақын емес пе.
Осы отырған отырыс
Бір ғанибет емес пе.

Қандай керемет ән. Осы әнді естіген бетте мен қазақты еш қайғысы жоқ ел болар деп ойлаймын.

Алайда, барлық нәрсе ән секілді әсем болмайды ғой.

Өмір деген өмір.

Сыныпта екі қиын бала бар еді. олардың үлгерімі тым нашар. Біреуінің аты Қайсар, екіншісі Қайрат.

Олар әр күні кеште барып сыра ішіп келеді.

Әйгерім мен бір бөлмедегі қыздарды үнемі асханаға апарып тамақтандыратынмын. Осы сәттерде ол екеуінің үнемі сыра ішіп отырғанын көремін.

Әйгерім менің құлағыма сыбырлап: «Олар жақсы оқушы емес. Мен оларды ұнатпаймын!» – дейді.

Мұны естіп мен жай ғана жымиып қоямын. Олардың жақсы оқушы болу-болмауы маңызды емес.

Бірақ, олардың сыра ішкен түрлері мені қатты ойлантады.

Екеуі бір ауыз сөз айтпайды. Сыраны ашып құмыраның ауызнан ақырын сіміріп қойып отырады. іше отырып бірде-бір тіл қатпайтыны қызық.

Меніңше бұдан асқан еріккендік жоқ. Дегенмен, олар да бұл қылығын еш доғарған емес.

Бір ауыз сөз айтпай сыраны сіміріп отыраны отырған .

Қалашықтағы асханалар айқай-шуға толы. Мұсылман асханалары болса да, онла үнемі ханзулар көп жүреді. Шұрылдаған дауыстардың көбісі сол ханзу тілі.

Ал менің көз алдымда ана екуі үнсіз ғана құмырадағы сырасын құшақтап анда-санда бір сіміріп отыр.

Егер қазақ болсаңыз тез байқайсыз. Қазір біздің ұлттан шыққан маскүнемдер өте көп. Мен олардың арақ ішкен-ішпегенін айтайын деп отырған жоқпын, менің санамды солқылдатқан олардың қалай мас болғандығы. Той-томалақ үстінде көп ішіп мас болды ма, жоқ әлде мына екі бала секілді қаланың шуға толы немесе тыныш қалған бір сергелдең бұрышында отырып жападан жалғыз мас болды ма?

Әйгеріммен көптеген ұмтылмас сәттерді бірге өткіздім.

Бір күні кеште онымен бірге кітап дүкенінен қайтып келе жатқанда ол біраз толғанып тұрып маған қытайшалап:

– Сіз білесіз бе? – деді.

–  Нені?

Айтып болмай жатып өзі «мырс» етіп күліп жіберді.

– Сіз қонжыққа ұқсайсыз! Менімен сөйлескенде бейне бір қонжық секілді боп кетесіз.

Мен басымды шайқап күліп қойдым.

Мейлі Бейжіңдік болсын немесе сахаралық болсын, осы қыздар адамға таңғажайып бірдеңелерді айтады.

Дегенмен, бұл таңғажайып қыздың күші де мығым екен.

Бір күні спорт алаңында жүргенбіз. Ол кенеттен маған, – Мұғалім, біз күш сынасып көрейік, – дейді. Мен: – А! Бұлай болмайтын шығар, – деп тартынып қалдым.

Айтып болғанша ол жерге отыра кетіп, ыңғайласып та болды.

Мен амалсыздан отырдым да жымия күліп, алдымдағы мына 14 жасар қызбен білек күрестіруге дайындалдым.

Күшім аз деп айта алмаймын. Дегенмен, оның қолын алып енді күшей бергенде өкініп қалдым. Басып жығарлық қайрат менде жоқ. Ал ол болса түкте асығар емес. Жымиған екі көзі маған қадалып қалыпты. Мен қатты ашуланып қалдым. Қолымды сылқ босата салдым да, бұл шайқасты аяқтадым.

Ол көңілдене күлді.

Сол сәтте мен жан дүниеммен оны жек көріп кеттім. Ол маған қарап:

– Әлсіз күштіге бағынуы шарт, – деді. Мен:

– Жарайды, – дедім. Ол орнынан тұрып:

– Сіз маған бойсынуыңыз керек, – деп тағы айтты. Мен бір күрсініп алдым да тағы:

– Жарайды, – дедім.

Сәлден соң, ол мені шекеме қатты бір шертіп жазалаймын деді.

Мен көзімді жұмып тұрып бұл жазаны қабылдамақшы болдым.

Алайда жаза орнына мұрыныма келіп бірдеме ақырын тиді, иісі мұрынды жарады. Көзімді ашып қарасам Әйгерім  қолына бір уыс шөп алып менің бет алдымда бұлғап тұр екен.

Мен мүмкін қателескен шығармын, сол сәтте ол маған ұялып тұрғандай бейне танытты.

– Жусан!

Мен түсінбей біраз тұрып қалдым.

Ол қолындағы шөпті көрсетіп тағы да:

– Жусан, – деді.

Шөпті маған ұсынды. Шындығында, аңқыған иіс тым тамаша да емес, шөптің қою иісі ғана. Кейін келе мен осы иіс мұрныма келе қалса болды қазақ қыздарын есіме алатын болдым. Ханзуша сөздіктен қарап «жусан» сөзінің мағынасын білдім, яғни ханзулар оны «ай хао» деп атайды екен. Бұл өзі қарапайым шөптердің бірі емес пе?

Мен бұл шөптің қазақ мәдениетінде қандай мәнге ие екендігін біле алмадым. Тіпті, еш мәнге ие емес болса екен деп тілеймін. Оның иісі қарапайым шөптің иісіне ұқсайтыны болғаны секілді, ол өзі де тек қарапайым шөп болса екен деп тілеймін.

Мен Әйгерімге «түсініксіз бойжеткен» деген ат қойдым. Түсініксіз бойжеткен кейде мені түсініксіз нәрселермен мазалайды. Бұнысы мені қаладан келген деп мазақ қылғаны ма деп қаламын. Дейтұрғанмен, кейде мені еріксіз тебірентеді. Мен Бейжіңде жүргенде де бүйтіп тебіренбегенмін.

Қарапайым өмірде адамның бақыты ұзағынан болады екен. Күндер осылай алмасып жатты. Алайда, бәрі бір-бірін қайталамайды.

Осындай қарапайым күндердің соңы ақыры Түсініксіз бойжеткен маған ғашық болып қалғандығын білдіруімен аяқталды.

Бір күні таң атарда мен кезекшілік бөлмесінің төсегінде жатып ұйқыға кеттім.

Бір кезде кенеттен есік қағылды.

Орынымнан тұрып токты жақтым. Бейжің уақыты сағат 2-ден енді өтіпті.

Бұл кім болды екен?

Киімімді де дұрыстап кимей жүгіріп барып есік аштым. Қарасам алдымда Әйгерім  тұр.

Әдемі күлгін көйлек киіп алыпты. Ең қызығы бетін бояп жасанып алған екен. Токтың күңгірттеу жарығында қызарта бояған еріндері көзіме ерекше көрінді. Менің көңілім толқып сала берді, бірақ не күтерімді білмедім.

– Әйгерім, жайша келдің бе, тым кеш қой?

Ол үндемеді. Ештеме айтқысы да келіп тұрған жоқ секілді.

Әйгерімнің күлкісіз жүзін бірінші рет көріп тұрмын.

Ұйқыдан жаңа ғана тұрғандықтан ойымды шоғырландыра алмай тұрмын. Оның осыншама тазарып, әдеміленіп боянғанын алғаш көрдім. Жүрегім кенет «дір» ете қалды. Ол шынымен әдемі екен-ау деген ой сап ете қалды. Бұлайша қалаймақан ойлауға болмайды деп өзімді-өзім тежеп қалдым. Көңілімді орнықтырып алып одан, – Әйгерім, менен көмек қажет болды ма? – деп тағы сұрадым.

Оның жанары кенеттен жасқа толды. Аппақ жүзі өзгеріп сала берді. Қазақшалап тоқтамай көп сөз айтты. Тым тез айтқандықтан мен тіпті түсінбей де қалдым. Сәлден соң қалтасынан бір жапырақ қағаз алып шығып қазақша маған арнап өлең оқи бастады.

Мен абыржыған күйде оған қарап тұрып қалыппын. Ол тағы бірдемелерді айтты. Ал мен ұйқымды аша алмай оған мелшие қарап тұрмын, бейне түс көріп жатқандай. Тек соңында ғана: «Ризалық білдіріңіз?» деген сөзін ғана ұққандай болдым.

Басымды шайқап:

– Түсінбедім, – деп жауап қаттым.

Басын иіп тұрған Әйгерім жасқа толы жанарын ақырын жоғары көтеріп маған қарады.

Мен үнсіз тұрып қалдым. Құлағымда тек оның тыныс алған сыбдыры ғана.

Сосын ол шала-шарпы ханзушасымен маған: – Мұғалім, мен... мен сізге ғашық боп қалдым, – деді.

Мен болсам мұның шындық емес, керісінше түсімде болып жатан хикметтер деп білдім. Есікті қатты жаптым да, аузыма келген сөзді жібере салдым:

– Ештеңені де білмеймін. Ұйқым келіп тұр, ұйқтаймын.

Әрине, бұлай істегенім жарамайды. Дегенмен, менде басқа шара жоқ.

Төсекке келіп қайта жатқанымда қатты сергіп кеттім. Ескірген үйдің төбесіне қарап жатырмын. Шындығында, мен бұл қызға қалай жауап қайтаруды жақсылап ойлануым керек еді. Алайда, ойым еріксізден Бейжіңге ауып кетті.

Бейжің  – менің туып-өскен қалам.

Бейжің: Тиан-ан мин (хан сарайы алаңы), Гугоң (хан сарайы музейі), Қытай қорғаны, Бейхай (хан саяжайы).

Қыздосымымның қолынан жетектеп Шішахайда қалың адам арасында жүргенде өзімді тапқандай болам, бірақ қайта жоғалтып алам. Онымен бірге галерияға барғанда суреттерді тамашалау орнына оның жүзіне қадалып қала берем. Жазды кештерде Нәнлогу көшесіндегі бір кафенің ең үстіңгі балконына жайғасып отырып оның сыраны тамсана сіміріп отырғанын тамашалаймын. Қысты күні Дитән паркіне тартамыз. Білеу-білеу тамырлары айқасқан алып ағаштар, батқан күннің шексіз әсем  шұғыласы, қасыңда жанай ұшып асыр салған сауысқандар, бәрі-бәрі тамашаға толы.

Осындай жерде де кейде жайсыздық болады, менде. Мұндай жайсыздық өзімнің өзгешелігімнен туындап қалып отырады. Бейжіңнің тар көшелерінде кетіп бара жатсам алдымнан апамдай кісі мейірлене күліп тұрып, «Welcome to china!» – дейді.

Осы «Welcome to china!» жайлы болған істерді қызыдосыма айтсам ол сықылықтап күліп жіберді. Мен де бірге күлістім. Дегенмен, бұл іс күлетін іс емес еді.

Кішкене кезімнен басқаларға ұқсамайтынымды ешкім байқамаса екен дейтінмін. Кейде осындай ұқсамаушылық адамға зор қысым тудырады екен.

Ойым он бөлек, санам сан бөлек боп жатырмын.

Мен тек қонақпын ғой. Жарты айдан кейін-ақ бұл қалашықтан кетемін. Қайтып баспасыма бекініп отырмын.

Қалай дегенмен өзгешемін. Ең бастысы Бейжің дамудың, заманауилықтың, мүмкіншіліктердің символы... ал бұл қалашықтан оның бірде-бірін таппайсың.  Дегенмен, Бейжіңде жүріп те мен өзімді сергелдең сезінемін. Бұл жерге еш тәуелді еместеймін. Ал сонда менің мекенім қайда?!

Қызыммен ешқашан бірге ұйқтамағам. Ал осы түні Әйгерімнің маған сыр айтқанын естіп қыздосымның менімен бірге болғанын қатты қалап кеттім.  Өзімнің осал тұсымды танығандай болдым. Сол осалдық жанымның сонау ішкі қатпарында тамыр жайып көктеп өсіп келе жатқандай болды.

Төсекте ұзынымнан түсіп қимылсыз жатырмын. Ұйқыны мүлдем ұмытқанмын. Өзімді-өзім жегідей жеп күйзеліп барамын.

Келесі күні мен Әйгерімнің күлімдеген жүзіне қарап тұрып «Әйгерім, Екеумізде көптеген ұқсамастық бар, сондықтан біз бірге бола алмаймыз» деп айта алуым шарт.

Себебі, біз ұқсамаймыз.

Осы сөзді аузымнан шығарсам өмірдегі қаншама қастерлі үміт пен сезімді жоғалтқалы тұрмын десеңізші.

Мен ондай батылдыққа бара алмай қиналдым. Тіпті, ондай батылдықтың қажеті де бар ма, сірә?

Терезеден күннің нұры төгілді. Бұл таңның осыншама тез атарын кім ойлаған?!

Келесі күні сабақ алдында мен Әйгерімге жылы жүзбен түсіндіре бастадым: – Мен мұнда екі ай ғана тұруға келдім. Біздің бірге болуымыз мүмкін емес. Сен жақсы қызсың!

Айтып болысымен бәрі де аяқталды деп ойладым.

Алайда, қоңырау соғылысымен сыныпқа кіргенімде Әйгерім  жылап жіберді. Оқушылардың барлығы Айгерімнің не істеп жүргенін білетін секілді. Сынып іші тым-тырыс, ешкім де артық ауыз ештеңе айтпайды. Басым айналып толқып сала бердім. Ішімнен қатты ұятты болғандай сезініп түсімде жүргендей еш шешім таба алмай қиналып бұлқынып жатырмын. Еріксіз Бейжіңді, Бейжіңдегі қыздосымды еске алдым. Оның келіп мені құтқаруын тілегендей болдым. Әйтсе де, мені неден қорғап, неден сақтайтынын өзім де білмеймін.

Тақта алдында жалғыз өзім қақиып тұрмын. Дәм татуы жоқ сабағымды бастап жіберіппін.

Тақтаға «Уаң фу жиң көшесіне қалай баруға болады?» деген бір сөйлем үлгісін жаздым да оны: – Уаң фу жиң көшесіне қалай баруға болады? – деп дауыстап оқыдым.

Оқушыларым байсалды отыр. Бәрі мені қайталап барынша дұрыс дыбыстауға тырысады.

Ал мен өкініп тұрмын. Мүмкін бұдан басқа үлгіні ұсынуым керек еді.

Оқушылардың жалаң қатқыл дауысының фоны болып Әйгерімнің сыңсыған жылауы естіліп қалып отырды, сынып іші сол жылауға толғандай. Мен өзімді тежей алмай қатты айқайлап жібердім: – Әйгерім ! Тұр, бар да бұрышқа тұр.

Ол орнынан тұрғанда ғана  мен оның кеше түндегі көйлегін әлі ауыстырмағанын байқадым.

Қолымен жасын сүрте жүріп, бұрышқа қарай кетіп бара жатты.

Бұл сабақта Әйгерім  бастан аяқ жылағанын бір доғарған жоқ.

Сабақ аяқталғанда мен оған мұғалім ретінде ақыл айттым, – Сабағыңды жақсы оқы, босқа жылай берме! Ұқтың ба?

Ол әлі жасын сүртіп тұр.

Өксіп қойып, «Бәр-і бір сіз ке-те-ді е-кен-сіз...» – деп сөзін аяқтай алмай қалды.

Кейінгі күндері ол тағы да мені сүйетіндігін айтып артымнан қалмай жүрді.

Мен қатты ашуланып кетіп, – Саған тегі не керек өзі? –  деп айқайлап жіберетін болым.

Менің ашуланғанымды көріп ол да шошиды.

Менің бұлайша сұрақ қойғанымды ол күтпеген болар, тіпті бұл сөзімді сұрақ деп те ойламады білем.

Маған қарап тұрып ақырын ғана, «Мен тек сізді сүйемін» – деп қояды.

Мүмкін, бір пәк жүректі әбден жаралаған шығармын.

– Мұғалім, Әйгерімнің көзі ауырып жатыр! Әйгерімнің көзі ауырады екен! – деп Айдана ентіге жүгіріп келді.

Мен орынымнан атып тұрып сыныпқа жүгіріп бардым, қарасам Әйгерім  екі қолымен көзін басып отыр екен. Қолын ашып қарасам екі көзі қыпқызыл боп ісіп кетіпті.

Оны арқама сала салдым да қалашықтағы емханаға қарай жүгіре жөнелдім. Ойымда ештеме де жоқ.

Емхана ішінен дезинфектанттың иісі бұрқырап тұр. Әйгерімді дәрігердің қарсы алдына апарып отырғызып едім, дәрігер асықпай отырып заттарын ақтарып құралдарын тауып, оның көзін қарағандай болды да жай ғана. – Ештеңе етпейді, аздап қабыныпты, – деді.

– Қалай ештеңе етпейді? Көзі қызарып ауырып қатты сыздап жатса ол қалай айтқаныңыз? – деп дауыстап қалдым.

– Емі табылады. Бірақ, алдымен көзге тамызатын дәрімен ғана емдей тұрыңдар, – деді дәрігер.

– Неге? – деп сұраған сұрағыма, дәрігер:

– Мен де оның жағдайын ойлап отырмын. Басқа дәрі оған жарамайді, – деді.

– Жарамайды дегеніңіз не?

Дәрігер маған ашуланып қалды білем, басын көтеріп маған қарап:

– Бір шөлмегі тоқсан юань тұрады! Мен де оның жағдайын ойлап отырмын. Көзге тамызатын дәрі де жаман емес, тек жазылуы баяу болады демесең, – деді.

Әйгерімге қарап едім, қызарған көзін тайдырып төмен қарап кетті.

Дәрігерге бір қарадым да, қалтамнан жүз юаньдық банкнотты шығарып оның үстелінің үстіне қойдым.

Тістеніп тұрып әр сөзімді анықтап оған:

– Асқанын қайтармай-ақ қойыңыз – дедім.

Қайтар жолда Әйгерімді тағы көтеріп келдім.

Арқамда келе жатып жай ғана үнмен, «Мен не болсам да енді маған қарамайды екен десем...» деп қояды.

Тіпті бүгін мына әңгімені жазып отырған осы сәтке дейін ол маған өзінің қаншалықты маңызды екенін әлі білмеген болар.

Ол маған бірінші болып күлімдеген қазақ жаны.

Маған көптеген қазақ бауырларым мақтау айтып мені жақсы азамат дегені есімде.

Дегенмен, маған әлі еш қазақ баласы Әйгерімнің жымиған күлкісіндей қуаныш сыйлаған емес.

Әйгерім  жатақханада демалып біраз жатты.

Оқушылардың бәрі дене шынықтыру сабағында еді. Жатақханада ешкім жоқ екен. Жалғыз өзім барып Әйгерімге амандастым, әрі жол жөнекей дәрі-дәрмек те ала бардым.

Оның көзіне дәрі тамызып жатқанымда ол маған кенеттен:

– Сіз неге мені ұнатпайсыз? – деп сұрақ қойды.

– Бейжіңде менің қыздосым бар, – дедім.

– Ханзу ма? – деді.

Мен езуімді жай тарттым да, басымды изедім.

Біздің қазақ ханзулармен құда-жегжат боп жатпайды ғой, сондықтан басында оған айтпаған едім.

Алайла, құпиямды айтып болған соң қыздосыммен бірге бола алмайтын себебім екеуміздің екі ұлт өкілі екендігіміз емес секілді сезілді. Мүмкін басқа?!

Ол біраз ойланып тұрып:

– Ол әдемі ме? – деді.

– Иә, әдемі, – дедім.

– Қалайда, менен әдемі болар? – деді ол.

Мен жауап қайтармадым.

Ол ұзақ бір күрсінді де, «Е... бақытты болыңыздар!» – деді.

Кенеттен менің қолымдағы дәріні өзі алды да, өз көзіне өзі тамыза бастады.

– Сені жаман дегенім емес. Мен енді он күннен кейін қайтамын. Сол кеткеннен енді қайтып бұл араға оралмаймын, – дедім. Ол кенет маған тақап келіп:

– Неге қайтып келмеймін дейсіз. Бұл жерде барлығы қазақтар. Бәрі сіздің бауырларыңыз. Біз сізді жақсы көреміз. Ал Бейжіңде сіздің қазақ бауырларыңыз жоқ та шығар, – деді.

Ол жақын келгенде мен әдейі иіс сезімталдығыммен терең бір тыныс алдым.

Оның өн бойынан бір әдемі хош иіс аңқып тұр. Ханзу қыздарының бойынан мен ешқашан байқамаған бір хош иіс.

Сүттің қою жұпар иісі болар. Ол жастайынан ауылда сиыр сауып өскен. Содан болар. Маған бұл жұпар иіс қатты ұнайды.

Мен қатқыл батыл үнмен, «Жоқ, мен сахараға қайтып келмеймін. Біз бірге бола алмаймыз» деп өз шешімімді білдіргендей болдым.

Бейжіңдегі қыздосымның хал-жағдайы қалай екенін де білмедім.

2008 жылы университетке де түскенмін. Дегенмен, ондағы оқу әдіс-тәсілдеріне мүлдем үйлесе алмай ақыры оқудан қол үздім.

Ханзу тілі мамандығы бойынша оқи бастаған едім. Енді қапастан шыққан бұлбұлдай боп еркін шығармашылықпен шұғылданып жүрмін.

Бір қарағанда мұндай өмір шынымен әсем әрі көңілді секілді. Дегенмен, осы себепті жанұяммен бірге біраз қиыншылықтарды да бастан кештім.

Мен қыздосымды сүйемін, тіпті үйленіп онымен енді қалған өмірімді бірге өткізуге де дайынмын. Бірақ осының бәрін қалай жүзеге асыруды білмеймін.

Ұлты басқа болғандықтан достан, туыстан көп тілеулестік те ала алмаспын.

Ал өзім болсам университет те бітірген жоқпын, күні бойы ешкім сұрап қажет етпейтін нәрселерге мас болып шалқып жүрмін. Келешекте онымен бірге болғанның өзінде оны қалай асыраймын.

Ол өзі бір салмақты бойжеткен, мінезі де ұяңдау. Менің оған деген асау толқынды сезіміме кейде шыдас бермей қалады. Оған ұнайтыны тыныш әрі жай ғана өмір. Онымен бірге болсам кейде рухым қысылып, бойымды кеңге сала алмағандай күй кешем.

Ойға шомып отырып, ол мені Әйгерім  секілді сүйсе қандай керемет болар еді деген бір  арман келіп жүрегімді шарпыды. Солай бола қалған күннің өзінде ол болмай қалар еді ғой деп тағы қымсынам.

Ал мен асау сезімімді ноқталап, тыныш қана бір ұяң сезіммен оны сүйсем мен де мен болмай қалмаймын ба.

Бір күні мектепте бір сұхбат болды. Жұмыс берушілер 11-сынып оқушылары арасынан гид болуға жарамды бітірушілерді таңдауды жөн көріпті.

Әйгерім  мен Айдананы ертіп алып тыңдауға бардым.

Костьюм киіп отырғанымен алдағы үстел басында отырған ханзу қабылдаушы маған бір дөрекі, білермен адам боп көрінді.

– Қандай өнерің бар?

– Ән айтам, би билей алам, домбыра тарта алам.

– Қандай өнерің бар?

– Ән айтам, би билей алам, домбыра тарта алам.

– Қандай өнерің бар?

– Ән айтам, би билей алам, домбыра тарта алам.

Қабылдаушы қабағын түйіп, басын шайқап тұрып:

– Немене, сендер ән айтып, би билеп домбыра тартудан басқа ештеңе білмейсіңдер ме? – деді.

Ешкім үндемей қалды.

Тек қабылдаушының өзі ғана жағдайды жеңілдетуге тырысып өтірік күліп қойып:

– Хе-хе, бұлай жарамайды ғой. Қазақ ұлтының өкілдері тек ән айтып, би билеп домбыра тартудан басқаны білмесе бұл жақсы болмайды, – деді.

Оның жанында отырған мектеп басшылары да оған болысып күле жөнелісті.

Алдыда отырған қалың жұрт ендігі де ақырын сыбырласып даурығып кетті.

Қасымда отырған Әйгерім  менің иығымнан ақырын қағып, – Оның бұлай айтқаны көңіліме жаман тиді. Өзімді бейне бір топас жандай сезініп отырмын, қолынан ештеңе де келмейтін.

Айдана да маған шағынып, – Мұғалім, арамызда сіз ханзушаны жақсы білесіз. Оған бұлай айтқызбаңшы, –  деді.

Ақиқатында жаңа сұхбаттан өткен жас қыз-жігіттердің барлығы да сондай саналы, ақылды, терең ойлы жастар еді. Тек тілі жетпей ана ханзу қабылдаушыға өз өнерін паш ете алмай отыр ғой. Сырт көзге бұлар шынымен күні бойы ән айтып, би билеп, домбыра тартатын ойынпоз секілді көрінеді. Ал алдарында отырған мына адамға өздерінің ондай еместігін қалай ғана дәлелдейді, сонда?

Мен орнымнан атып тұрдым. Тұрысыммен не дерімді білмей сасып қалдым...

Қабылдаушы жанында отырған басшылар мен басқа да мұғалімдер барлығы маған көз тікті. Залда отырған оқушылардың барлығы күтіп отырып қалыпты. Олардың барлығы менің ханзуша таза сөйлейтін қазақ екендігімді біледі. Сондықтан бір үмітпен мына қабылдаушыға ақиқатты айтып, өздерін ақтап алуды күткендей.

Көз алдымда оқушылармен бірге отырып нан үзіп жеп шай ішкен сәттерім елестеп қоймады. Олармен бірге ән салып, би билеп өткізген шаттық кездер ойыма орала берді.

Бұрылып қарасам Әйгерім  мен Айдана маған жалынышты жүзбен тесіле қарап отыр екен.

Біздің ұлт тек ән салып, би билеуді ғана білетін ұлт емес. Біз адамдар арасындағы ең пәк сүйіспеншілікті нәзік сезіммен ұғына білетін жандармыз. Шындығында басқа халықпен иық теңестіру үшін осының өзі-ақ жеткілікті. Осы сәтте алдымызда отырған «басшы» маған жымия қарап:

– Ал, оқушы жігіт, сенің не айтарың бар? – деді. Мен ақырын тағы да Әйгерімге қарадым.

Өзімнің қалай өршеленіп кеткенімді білмей қалдым. Сұқ саусағымды манағы бастық сымаққа қадап айқайлап жібердім:

– Енеңді ұрайын! Сен бірдеме білем деп тұрмысың?!

Залда отырған балалар бұл ханзуша айтылған сөздің мағынасын түсінген секілді.

Барлығы күнәсіз жүздерімен маған аңырып қарап қалыпты.

Әйгерім маған қарап тұр, жүзінде тебіреніс пен алғыс толы көрінді.

Мен басымды жай ғана изедім де жұтынып алып, тағы айтып қалдым:

– Сен тіпті ән айтып би де билей алмайсың ғой!

Айтып болысыммен залда сәл ғана тыныштық орнады да, кенет ду қол шапалақ үні бұрқ ете қалды. Жұрттың бәрі алда отырған бастық сымаққа қарап қойып күбір-сыбыр дау айтып жатыр.

Әйгерім көптен бері күлмеп еді, енді қарасам қатты қуанып күліп отыр екен.

Өмірімде батылым барып мұндай іс істеп көрмеген едім. Есімді жиып алдым да Әйгерім  мен Айдананы жетектей сыртқа сытылдым.

Шынымды айтсам, менің ондай сөздерді айтуым дұрыс болды дей алмаймын. Ол қабылдаушы шындығында біздің ұлтты танып білмеген адам ғой. Ойында еш жамандық жоқ та шығар. Оны түсінуге тырыстым. Ал өз айтқаныма келер болсақ, менікі тек ашу шығару ғана. Менің көңілімде тек белгісіз бір күйзеліс қана бар. Қазақтың жас қыз-жігіттерімен бірге осыншама қуанышты сәттерді бірге өткізіп, олардың оқуға деген талпынысы мен ынтасын көріп білдім. Оларды бұлайша бағалауға болмайды. Әсіресе, бір ұлттың бір топ уәкілі ретінде оларға мұндай баға үлкен қиянат болмақ.

Алайда, сол сәтте, біздің ұлтты әлі танып біліп үлгірмеген сырт адамға мұның бәрін түсіндіріп жату тым қиын еді.

Мектептен кетуіме бес күн қалған. Сондықтан, мектеп басшылары да менің айыбымды қузамады. Келген басшыларға 11-ші сыныптың тентек оқушысы, енді аз уақытта мектептен де кетеді деп қана құтылыпты. Ертесі күні сыныпқа кіргенімде оқушылардың бәрі бұл істен хабардар болған екен. Есіктен кірер кірмесімнен ду қол шапалақ үні естілді. Мені қазақтың батыры қылып алыпты.

Шынымды айтсам, іштей қатты мазасыздандым. Мазасызданған себебім, олардың мені батырға балағаны емес. Қайта олардың алдында шынымен-ақ батырлық жасадым. Қазақ ұлы халық қой. Алайда басқалар біздің рухымыз бен руханиятымызды танып біле алмайды. Мұндайда олар бізді қайдан ұқсын? Қазақты білмегендіктен де бізді тек ән айтып, би билей алатын ғана халық деп қарайды. Әрине, мұнда біздің де зор айыбымыз бар.

Ең бастысы біз өзіміздің ең құнды қасиеттерімізді тани білуіміз керек, әрі соны қарекет етерлік қабілеттерге ұштастыра білуіміз қажет деп білем. Өзімізді басқаларға танытып қоймай, сол барыста өзімізге тән құндылықтарды да жарата білуіміз қажет. Егер бұны теріс деп білсек онда мына заманнан, мына қоғамнан оқшау қаламыз. Соңында жұрт біздің қасиеттерімізден көз жазады. Тіпті, өз-өзімізге айтардық уәж де таппай қалуымыз мүмкін.

Мен салмақты ой тастап оқушыларыма айтамын: «Бұнда тұрған дәнеңе де жоқ. Біз өзіміз талпынуымыз керек. Әне, олар біздің ұлтты танып отырған жоқ. Себеп неде? Себебі біз өзімізді оларға таныта білмедік».

Біраз кідіріп тұрдым да, тағы да: «Егер басқа жұрттар бізді ән айтып, би билей алатын халық деп мақтай берсе онда біздің біткеніміз сол. Сендердің әр қайсысың соншама саналы, ақылды жансыңдар. Болашақта бір бір тұлға боласындар. Олар енді бізді бұлай қарамайтын болсын».

Осы сөзді айтып болғанда ғана байқадым. Балалар тынышталып қалыпты. Бағанадан бергі тынышқа енді жанарларының тұңғиық нұрлары мен көңілдерінің тыныған теңіздей боп басылғаны қосылған екен.

Сынып іші тымтырыс.

Мен сөзімді әрмен қарай жалғастырдым: «Менің айтайын дегенім, ол да ханзу ұлтына бір өзі уәкілдік ете алмайды. Мысалы, Айдана, сенің бұрынғы директорың өте жақсы адам болды емес пе?! Мен де бала кезімнен Бейжіңде өстім. Достарым түгелдей ханзу ұлтынан болды. Біз өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Мен көптеген білімді солардан үйрендім. Сендер де өмірлеріңде жақсы ханзуларды кездестірген боларсыңдар?»

Сынып ішін бір шолып өттім. Балалардың көбі ақырын ғана басын изеді. Тек бірнешеуі ғана жүздері мүсіндей боп тапжылмай маған қарап отыр.

Қайсар мен Қайрат солардың қатарында.

Соңғы нәтиже әрине, тым шіркін-ай болған жоқ.

Көпшілік оқушылар менің әлгі «Енеңді ұрайын! Сен бірдеме білем деп тұрмысың?!» деген сөзімді жаттап алыпты.

Осы сөзді айтқаныма қатты өкіндім.

Оқушылар айтқанда менің сол кезде қаншама батыл мінез көрсеткенімді бірге суреттейді. Ал әлгі «жаман неменің» қалай сасып қалғаны тіпті қызық. кейбіреуінің айтқаны тіпті таңғажайып. Әлгі «жаман неменің» аяғы дірілдеп самайынан тер сорғалап кетіпті мыс.

Тағы біреулері аңыз да жасап алыпты: Әлгі «жаман неме» «енді қазақтарға басы артық сөз айтпаймын» депді әуелі.

Бұның бәрі қып қызыл өтірік емес пе.

Мейлі қанша өтірік болса да «енді қазақтарға басы артық сөз айтпаймын» деген аңыз бірден-бірге тарап жайылып кетті.

Кейде үйіліп отырып алып, соны көп айтысады.

Біреу бір айтады, екіншісі тағы айтады.

Бір күні Әйгерімнің айтқанына жайлап құлақ түріп көрдім. Ол әлгі жаман бастық жайлы ештеме айтқан жоқ. Айтқанының бәрі менің қаншалықты батылдық танытқаным, азаматтық көрсеткенім.

Ол мені бұл сөздерді айтқанда ашуынан сақалына шейін дірілдеп кетті дейді.

Бұны естіп көпке дейін күліп жүрдім.

Әйгерімнің бұл айтқандары маған бірдемені ұқтырғандай болды: Біздің ұлттың кейбір жақтары шынымен әлсіздеу болғанымен өзіне тән сондай бір сүйкімділігі де бар.

(жалғасы бар)

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Айдос Амантайұлы,

Ағылшын тілінен аударған Бибол Әліпбайұлы,

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5246