Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Саңлақ 1522 0 пікір 1 Тамыз, 2024 сағат 16:34

Париж-2024: Сенаның суын жұтып, тұншыққан...

Сурет: Дарья Исаева

Кеше қазақстандық триатлоншы Екатерина Шабалина үшсайыстың екінші кезеңінде-ақ жарыстан шығып қалды. Себеп – денсаулығының күрт сыр беруі.

Спортшының айтуынша, суда жүзіп келе жатқанда жанындағы қарсыластарының бірі оны басынан бірнеше рет ұрып жіберген. Соққы алған Е.Шабалина абайсызда су жұтып, тұншығып қала жаздаған.

– Өкінішке қарай, жүзу барысындағы мұндай қараулықтарды, су бетіндегі, су астындағы «төбелестерді» төрешілер байқай қоймайды. Су жұтып қойған соң, көп ұзамай жүрегім айни бастады. Бәлкім, Сена өзенінің ластығы туралы талай ақпарат оқығанымның да әсері болған шығар, әйтеуір қалған қашықтықты қалыпты жүзіп өткеніммен, жиі-жиі лоқсып, мазам кетті. Үшсайыстың жүзу кезеңінен кейінгі веложарыс барысында әрі қарай шыдау мүмкін болмады – жол жиегіне тоқтап, әбден құсуыма тура келді. Әлсіреп те кеттім. Амал жоқ, жарыстан шығуа мәжбүр болдым, – дейді Екатерина.

Дәрігерлер спортшыға қажетті дәрі-дәрмек берген. Шабалинаның ахуалы қазір жақсы.

Сурет: Abai.kz скрині

Сена өзеніндегі су сапасының сын көтермес жағдайы туралы біз 30 шілде күні жазған болатынбыз (қараңыз: «Сенген Сенам сен болсаң...»).

Швед триатлоншысы Тильда Монссон да өзен суынан біртүрлі иіс шығатынын, судың тіпті де мөлдір емес, қоңырқай түсі бар екенін айтады. «Ауырып қалмасам болар еді қорқып отырмын» депті ол өз елінің Expressen басылымына берген сұхбатында.

* * *

Бразилияның даңқты футболшысы әрі бапкері Зиконы Парижде тонап кетіпті. Шығын көлемі – жарты миллион доллар!

«Футболдан Бразилия командасы Олимпиадаға қатысып жатқан жоқ қой, Зико Парижде неғып жүр?» деген сұрақ тууы мүмкін. Рас, бұл елдің футбол құрамасы іріктеу сынынан өте алмай, Олимпиялық ойындарға келген жоқ. Ал Зикоға «Бразилия спортының осы Олимпиададағы елшісі болыңыз» деп өз елінің олимпиялық комитеті қолқа салып, арнайы шақыртумен ертіп келген екен.

Былтыр 70 жасқа толған даңқты футболшы мейманханада отырып, такси шақырған. Ол келген соң, қолындағы шабаданын таксист екеуі жүксалғышқа салып, көлікке отыра бергенде, әлдебіреу келіп, жүргізушіге әлдене деп айғайлап, ұрыса бастаған. Сөйтсе, бұл әдейі назар аудартып, бұлардың арт жаққа мүлде қарамауы үшін жасалған айла-шарғы екен. Таксист әлгімен әуре боп, оның не үшін айғайлап жатқанын түсінбей, аузы ашылып тұрғанда, ал Зико олардың дауы немен бітерін күтіп, артқы орындықта аң-таң болып отырғанда, ұрының серігі жүксалғышты байқатпай аша қойып, шабаданды алып кетіпті.

Шабадан ішінде аса қымбат «Ролекс» сағаты, алтын алқа, өте жоғары бағаланатын бриллиант бұйымдар, сосын едәуір көлемдегі қолма-қол ақша болған. Шығынның жалпы құны 540 мың доллар деседі.

Зиконың күллі әлемнен мың-миллион адам жиналатын Олимпиада орталығында мұнша байлықты неге өзімен бірге алып жүргені түсініксіз...

Бұл – Олимпиада қонақтарының бірінші рет тоналуы емес. Спорт мерекесінің алғашқы күндері ұрылар Аргентина футбол құрамасының ойыншысы Тиаго Альмаданың да көңіл күйін бұзған болатын. Футболшы командаластарымен бірге жаттығып жатқанда, оның сөмкесіндегі жалпы құны 50 мың доллардан асатын алтын сағаты мен жүзігі, ақшасы қолды болған.

* * *

Олимпиададағы футбол турнирінің топтық кезеңі аяқталды. Ертең, яғни 2 тамызда ширек финалда Марокко – АҚШ, Жапония – Испания, Египет – Парагвай, Франция – Аргентина командалары кездеседі.

* * *

Онсыз да әлемдік шоу-бизнес орталығы саналатын Франция астанасы Олимпиада жарыстарын тамашалауға, өз отандастарын немесе достарын қолдап-қуаттауға көптеген жұлдыздар да келген.

Мәселен, фотографтар әйгілі Голливуд актері Том Круздың спорт гимнастикасы жарыстарында жанкүйерлік етіп отырғанын түсіріп алған. Дүниежүзіндегі ең жүлдесі көп олимпияшы, жүзу спортынан Австралияға жалғыз өзі 23 медаль алып берген Майкл Фелпс енді сайыстарды көрермен ретінде өзі тамашалап қана қоймай, кішкентай баласына да көрсетіп жүр. Киноактриса Николь Кидманның да қызымен бірге спорт гимнастикасы жарыстарын тамашалап отырғанын теледидардан көрдік.

Сурет: Дарья Исаева

Атақты итальян әншісі Аль Бано дзюдо бәсекелеріне жанкүйер екен. Өзі де төрт дүркін Олимпиада чемпионы болған америкалық теннисші Серена Уильямс Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында алау ұстауымен шектелмей, көрермен ретінде де жарыс залдарынан көрініп жүр. Тағы бір теннис фанаты – әлемдегі ең дәулетті адамның бірі Билл Гейтс те қазір Париж төрінде...

Спорт мерекесі нағыз қызық кезеңіне енді аяқ басты.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір