Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді (жалғасы)
Басы: Абайдың «Тасдиғы» тәпсірленді
Екінші бөлім
Абайдың барлық қарасөздері жеңіл тілмен жазылса да, тәуиліне жетіп түсіну оңай емес. Осы жағдайды терең түсінген ұлы ойшыл, қарасөздерін күліп отырып жеңіл тілмен бастайды да, жеңілден күрделіге қарай ақырындап, бірте-бірте тереңге тартады.
Естеріңізде ме, хәкім Абай өзінің «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын: «Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның адам аты болады», - деген қарапайым сөздермен бастайтын. Данышпан ойшыл бұл сөздермен не айтқысы келген? Бала қандай ғылым-білімді көксеуі керек. Бұл сұраққа Абайдың «Тасдиқын» тәпсірлеп отырған Асан Омаров: «Оны ойшыл былайша нақтылаған: «Алла Тағаланы танымақ, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай пайдалы мен залалды айырмақтық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады». Міне, Абай бала үйренсе, білсе деп атап отырған төрт нәрсе – үш танымақ және бір айырмақылық! Адамның көкірек көзінің ашылуы осы төртеуге тәуелді. Мұны білмеген пенде тірі өлік боп, қалың тұманда ескексіз қайықпен теңізге шыққан бейбақтай – адасудан көз ашпайтын болады», – деп жауап береді. (А.Омаров. 14-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Абайдың «Ғақлиат Тасдиқатынан» үзінділер келтіріп, ой-өзегімізге қанша жерден талғажу етсек те, біз күні бүгінге дейін «Тасдиқатты» тұтас бірлікте қарастыра алғанымыз жоқ. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеген Асан Омаровтың бізден өзгешелігі – біз қазір 38-қарасөз деп атап жүрген Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын: «Алланы танымақ», «Өзін танымақ», «Дүниені танымақ» һәм «Пайдалы мен залалды айырмақ» деп төрт бөлімге бөле отырып, ғылыми негізде, тұтас бірлікте қарастырыпты да, Абайдың «Ғақлиат Тасдиқатын» барынша қарапайым, түсінікті һәм жеңіл тілмен тәпсірлепті. Біз мұны Асан Омаровтың «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» еңбегінің ең негізгі жетістігі деп бағаладық.
Тұтас Ғаламды Алла, Адам, Дүние (сыртқы орта, жаратылыс) деп бір бірлікте қарастырған Абай философиясы жүйесінің түпнегізі – Көк Тәңірі мен Жер-Суға (Иер-Суб) сиынған ерте түркілік наным-сенімде жатыр. Себебі, ерте Түркілер Ғалам иесі жалғыз жаратушы Көк Тәңірі деп, ал, көзге көрінген «жаратылыс Дүниені» «Жер және Су» деп түсініп, олар Көк Тәңір мен Жер-Суға табынған.
Адамзат тарихында ең бірінші болып, «Тәңірі» деген атпен бір Құдайға табынған ерте Түркілер, VIII ғасырда қазақ даласына дендеп ене бастаған Ислам діні түсінігіндегі жаратушы жалғыз «Алла тағаланы» – « Тәңірі» ретінде жылдам қабылдады. Сондықтан да, Ұлы жаратушы ретінде «Тәңірі» мен «Алланы» Көк Түркілердің көне шаңырағының заңды мұрагері қазақ халқы күні бүгінге дейін қатар қолданып келеді.
Абай философиясындағы «Дүние» (сыртқы жаратылыс) түсінігі – Көк Түркілердің айналасындағы барлық жаратылыстың бастауы деп түсіндірілетін «Жер-Су» наным-сенімінен алынса, жаратушы «бір Алла» сеніміне көне түркілік «Тәңірі» түсінігі негіз болған деп ойлаймыз. Ал, «Пайдалы мен Залалды айырмақтыққа» – адамның ішкі рухани әлемінің қыр-сырына бойлап, қоғам өмірі мен адамдар қарым-қатынасын реттеу дәстүріне негізделген Шығыс философиясы арқау етілген.
Бір сөзбен айтқанда, Абай философиясының түпнегізі – ерте Түркілік наным-сенім мен адамның ішкі рухани әлемін басты орынға шығарған Шығыс философиясынан бастау алады.
Десек те, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол», – деген кәміл мұсылман Абай философиясының жүйесінде «бір Тәңірі» және әруақтар рухына сенетін көне Түркілік наным-сенім қайдан жүр? – деген заңды сұрақтың кейбір оқырман тарапынан туындауы бек мүмкін.
Осы орайда айтпағымыз: өзі медресе шәкірті, бала ақын Абай:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Хожа, Хафиз – бу Һәммаси,
– деп, өзі еліктеген Шығыс шайырларының есімін түгел атап:
Медет бер шағри уа фәрияд,
– деп, Ислам діні түсінігіндегі жалғыз жаратушы «Алла тағалаға» емес, аты аталған Шығыс шайырларының ақындық құдіретіне сиынып, олардың әруағын шақырғандай болмайтын ба еді? Шығыс ақындарына еліктеп, олардың атын атап, әруағына сиынған әсершіл, жас Абайдың осы бір шумақ өлеңінде, ақынның түпсанасындағы ерте Түркілік наным-сенім анық көрініс берген.
Тек бұл емес, дүниетанымдық көзқарасы мен ақындық дарыны кемеліне келіп, жасы ұлғайған шағында, 1894 жылдары, сүйікті ұлы Әбдірахман науқастанып жатқанда жазған:
А, Құдай бере гөр
Тілеген тілекті.
Қорқытпай орнықтыр
Шошынған жүректі,
– дейтін жыр жолдарында да, Абай, Ислам түсінігіндегі ұлы жаратушы бір Құдай-Алла тағалаға Шығыс шайырларынша жан-тәнімен егіліп, мінәжәт етпей, жаратушы рухына сиынған әке болып, «бере гөр» деп Құдайдан сұрайды. Ол жалғыз жаратушыға жан-жүрегімен егіліп мінәжәт етпейді, одан сұрайды.
Біз бұл жерде көне Түркілік наным-сенімдегі жаратушы Тәңірі мен әруақтар рухына сеніп, солардан сұрайтын Абай бойында сақталып қалған көне Түркілік наным-сенімнің тағы да бір сілемін анық аңғарамыз.
Айтпағымыз: Алла, Адам, Дүние (жаратылыс, қоршаған орта) деп тұтас Ғаламды бір бірлікте қарастырған Абай философиясы жүйесінде – Көк Түркілер ұрпағы, бүгінгі біздің әрқайсысымыздың түпсанамызда сақталып қалған ерте Түркілік наным-сенім һәм адамның ішкі рухани әлемін басты орынға шығарған Шығыс философиясы өрнегі анық сақталған демекпіз.
Сонымен, Абайдың «Ғақлиат Тасдиқаты» – үш танымақ, бір айырмақтан тұрады дедік. Абай өзінің бұл ғылыми трактатын адамдарға «Үш танымақ» және «Бір айырмақты» жете түсіндіріп, ұғындыру үшін жазған деген ойды тәпсірлеген Асан Омаров: «Ғалам бірлігі», «Алла мен адам болмысы», «Хақ жолы», «Пенделіктің кәмләті» сынды хақиқатты Абайдай ұқтырған данышпаның қайсы?», – дей отырып: «Үш танымақ», бұл – Абай ілімі», – деген ойды өз еңбегінде басты орынға шығарыпты. Автор ойымен келіспеске негіз жоқ. «Ғақлиат Тасдиқат» трактатында Абай сөз еткен «Үш танымақтықтың» біріншісі – Алланы тану!
Сонда біз Алланы қалай танимыз? Ол үшін Алланың бір екеніне, бар екеніне иман келтіру шарт. "Иман» сөзінің мағынасы – «Сенім», «Сену» деген ұғымды білдіреді.
Біз Алланың бір екеніне, бар екеніне сендік яғни, иман келтірдік. Алайда, біз етер амал бұнымен бітпейді. Сонда бұдан ары қарай қандай амал жасамақ керек? Ол туралы ойшылдың: «Иман дегеніміз бір ғана инамақтық емес. Сен Алла Тағаланың бірлігіне, уа Құранының Оның сөзі екендігіне, пайғамбарымыз Мұхамед Мұстафа С.Ғ уәссәләм Оның тарапынан елші екендігіне инандық. Жә, не бітті? Сен иман келтірмесең де Алла Тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді... Сен өзің инамақтығыңнан пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады.», – деп, Абайдың «Тасдиғынан» мысал келтірген автор: «Иман өлшемі – салих яғни, іс әрекет», – деген тұжырым жасайды. (А.Омаров. 23-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Біз Алла Тағалаға шын сеніп, иман келтіруіміз керек. Басқаша болса ол иман емес. Сондықтан да, Абайдың «Ғақлиат Тасдиқатын» тәпсірлеуші Асан Омаров: «Әмәнту биллаһи кәмә һуә би имайһи уа сифатиһи» (Құдайға, оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін) – дедіңіз. Егер де, ол сипаттар бірлән тағриғламасақ бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады», – деген «Ғақлиат Тасдиқаттағы» Абай келтірген Құран аятын мысал етеді де, Абай еңбегінде айтылатын Алла тағаланың өзіне тән: 1. Хаят – тіршілік тірі болу, 2. Ғылым 3. Құдірет – күш, 4. Басар, 5. Самиғ – есту, естуші, 6. Иррада – тілеу, 7. Кәләм – сөз, 8. Тәкин – болдыру секілді сегіз сипатын айта отырып, Абайдың: «Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх», – деген сөздерін мысалға алып, Алла Тағаланы өзіне тән сегіз сипатын сипаттай келе: «Сонымен, аса күрделі ізденістер арқасында Абай ғылым, құдірет – Алланың қарекет беруші ұлық сипаты. Қалған алтауы бұларға шарх (көмек беруші) дегенді анықтап беріп отыр. Біле білсек, бұл әлемдік теология ғылымында бұрын соңды айтылмаған соны жаңалық», – дейді. (А.Омаров. 27-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Бұдан ары қарай Асан Омаров: «...Ғылым, құдірет – біздің ұғымымызда ғана екі хисап, болмаса, бірақ ғылымдық құдірет болуға тиіс. Олай болмаса, сипаттар өз орталарында бірі – Тәбих (араб. еруші) бірі – Матбұғ (араб. ертуші) болады ғой. Бұл болса, Тағриф Раббыға (араб. Алланы тану, білу) жараспайды», – деген Абай сөзін өз ойына дәлел ретінде ұстаған автор: «Қайталап айтайық: Һәммәға қозғау салып, Харекет беретін ұлық сипаты – Ғылым екендігі анықталды-дүр», – дей келіп: «Көріп отырмыз, қай елде ғылым күшті дамыса, сол ел озық. Керісінше, қай ел ғылымға көңіл бөлмесе, болды, бітті, көш соңында қалмақ. Демек, Абайдың: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақихат», – деген ғылыми тұжырымы, өмір шындығымен расталып отыр», – дейді.
Бұдан ары қарай автор: «Ұлығ сипаттың әуелгісі – ғылымды Абай Алла Тағаланың өзіне тән сегіз сипаты арқылы түгелдесе Алланың «Рахман», (жарылқаушы, мейірімді) «Рахим», (мейірімді, жанашыр) «Ғафур», (кешіруші) «Латиф», (жақсылық жасаушы) секілді өзіне ғана тән 99 есімдері арқылы таныта отырып: «Құдай Тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан деген Ғақлиясы арқылы түсіндіреді. Ал, үшінші ұлығ сипат – «Мархамат», (махаббат) Әділетке (ғаділет) келер болсақ – бұл жолғы тәсіл өзгерек. Абай Ғаділетті батини (адамның ішкі тылсым ілімі) арқылы емес, адамның сыртқы болмысы, дүние көрінісі арқылы тәпсірлеп, танытқан-дүр», – дейді де: «Халлақы (Құдай жаратушы) менімен, сондай-мұндай халықтармен мұғамәлә (қарым-қатынас, араласу) қылса екен деп ойлап тұрып, өзім сол халықтармен мұғамәлә қылмағандығым жараспайды ғой. Сол өзі әділет те һәм нысап та емес пе? Осыны ойлау һәммә жақсылықтың басы емес пе?», – деген Абай: «Ынсап, ұят – бұл әрекеттен шығады. Әділет барша ізгіліктің анасы-дүр», – дейді. (А.Омаров. 35-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Әділет – амал заңы. Алла Тағала адамды махаббатпен жаратты және қарым-қатынас жасады. Сол үшін жаратушы бір Алланың соңында болмақ – әділет. Ал, махаббатқа махаббатпен жауап беру – қарыз іс. Махаббат пен әділет – Алланың ғаламды (макрокосомды) басқаратын егіз заңы, деп түсінгеніміз абзал.
Осы тұрғыдағы ой-тұжырымды Абайдың «Ғақлиат Тасдиқатын» тәпсірлеуші Асан Омаров: «Ғаділетті болу мәнісі – иман, яғни, халақы соңында болу. Бірақ, «құр инаныш» жеткіліксіз. Иман – ізгі істер. (ғамалус-салих) жасағанда ғана шын иман болмақ. Сонда ғана жүрек тазармақ. Жарық – қарңғыны, әділет – қиянатты жоятын құдірет. Демек, Құдай ісінің, Оның салған жолының мәйегі бір. Ол – ғаділет. Міне, Абайдың: «Ғаділет – барша ізгіліктің анасы. Ынсап, ұят – бұл әділеттен шығады», – деп түсіндіруі және: «Енді зинһар (қалайда, әйтеуір) ғаділет-шапағаттан босанбаңдар!», – деп үндеу тастауының астарында осындай мағына бар», – дей келіп: «Жаратқан иеміз үш ұлық сипат (Ғылым, Рахым және Әділет) егесі. Міне, Абай – осыны тұңғыш анықтаған ғұлама. Бұл – уникум ілім, Әлемдік теологияға қосылған айрықша үлес», – деп қорытындылапты. (А.Омаров. 36-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын тәпсірлеген Асан Омаров – аталмыш еңбектің «Алланы танымақ» бөлімінде Алланың үш ұлық сипаты: Ғылым, Рахым, Әділет ұғымдарын ғылыми негізде талдаса, «Өзін танымақ» бөлімінде Абайдың «Пенделіктің кәмләті», «Толық адам» секілді ілімдерін Алла Тағаланың үш ұлық сипатына қоса талдаған.
«Алланың Ғылым, Рахым, Әділет сынды үш ұлық сипаты бар. Демек, дәл осы сипаттар –адамның да негізгі сипаты болуы шарт. Пенденің Аллаға ұқсастығы, оның (адамның Н.М) Алланың соңында болу керектігі – ежелгі танымдық тәсіл.», – деген А.Омаров: «Сиддық, (шындық) Кәрәм, (ізгілік) Ғақыл, (ақыл) – адам бойында бар үш қасиет. Бұл – жаңалық емес. Абай бұрыннан белгілі осы үшкіл мен өзі анықтаған жаңа үшкілді (Ғылым, Әділет, Рахым) салыстыра келе, екеуі бір деп мәлімдеген. өйткені, бір Алла оларды әр адамның бойында бар қылып жаратқан. Оған рауаж беріп, гүлдендірмек, өз қалінше кәмләтқа жеткізбек әр адамға парыз іс. Біле білсек, асыл идея, міне, осы», – дейді. (А.Омаров. 40-41-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Автордың бұл ойы; өзіне тән сегіз сипат арқылы Алланы тағрифлауды (танытуды) өсиет еткен Абайдың: «Бұл сегізінен Алла Тағаладағыдай кәмәләт-ғазамат (жетілу, үлкею) бірлән болмаса да, пендесіне де, әрбірінен өз қалінше бар қылып жаратыпты. Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе. Ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ», – деген сөзінен өріс алып отыр. (Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. 188-бет, 2 том. Алматы «Ғылым» 1977)
Біз Алланы Абайдың нақлия, (теориялық) ғақлия (практикалық) дәлелдерге сүйеніп айтқан Ғылым, Рахым, Әділет секілді сипаттары арқылы таныдық. «Бұл аталмыш үш хасляттың (қасиеттің) иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хәкімдер, ең ақыры – мұсылмандар», – деген Абай, осы аталған төрт топтың ішінен әулиелер мен хәкімдерді бөліп алып, оларға ерекше тоқталған. Неге?
Бұл туралы Асан Омаров: «Әулие де, хәкім де – Ғылым, Ғаділет, Рахым секілді қасиет иелері. Екеуі де «нәпсісін фидай етушілер» бірақ әулиелер «дүниені, дүниеге» дерлік пайдасын ұмытты. Демек, үш хасләтті бірдей ұстамады», – дейді. (А.Омаров. 44-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Абай өзінің «Ғақлиат Тасдиқатында»: «Бұл фиғылдарға (Ғылым, Рахым, Әділет. Н.М) ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи (ахиреттік) пайдасын ғана күзетті, ...Дүниеге (адамдарға, қоршаған ортаға. Н.М) пайдасын ұмытты дейді.
Абайдың бұл жерде әулиелер деп отырғаны – дүниенің қызығынан баз кешіп, адамдардың пайдасы үшін дүниені Алланың ғылымы арқылы түсіндірмей, өзін о дүние ахиретке дайындап қойған адамдар. Біздің халықтың түсінігінде оларды кейде «сопылар» деп те атайды. Бұлардың бойындағы ғылымнан адамға келер пайда жоқ. Сондықтан да, «Тасдиқты» тәпсірлеген Асан Омаров: «Дүниеге дерлік пайдасын ұмытты. Демек, үш хәсләтті бірдей ұстамады», – деп отыр.
Ал, «Хәкімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді», – дейді Абай.
Сонда, хәкім дегеніміз кім?
Абай хәкімдер туралы: «Хикмет құдаға, пенде өз ақылы арқылы жетерлік кадәрін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хаким деп ат қойдылар. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарды һәммәсі адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртәбәда қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақ бірлән лаззаттанады», – дейді. (Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. 201-бет, 2-том. Алматы «Ғылым» 1977)
Сонда, хәкім – Хақ Тағала жаратқан дүниедегі әрбір істің себебебін іздеп, ақиқат пен жалғанды айыру жолында, дүние ләззатын ысырып тастап, адам баласының пайдасы үшін дүниенің сырын, әр нәрсенің себебін іздейтін және өзі содан ләззат алатын данышпан ғұлама адамдар. Өзінің «Ғақлиат Тасдиқатында» хәкімдер мен әулиелерді салыстыратын Абай, дүние сырларының себебін біліп, ахирет үшін емес, адам баласының пайдасы мен игілігі үшін қызмет ететін хәкімдерді әулиелерден анағұрлым биік қояды. «Әрбір хәкім – ғалым, әрбір ғалым – хәкім емес», – деген ойын данышпан Абай: «Хәкім, ғалым – асылда бір сөз, бірақ, ғарафта (таным) басқа-дүр», – деумен ұқтырады.
Абайдың ғалымдар хақында айтқан бұл ойын Асан Омаров: «Әулие бұл дүниені тәркі еткені секілді, ғалым – тылсымды тәркі етеді. Сөйтіп, сыртқы ғылым шеңберінен аса алмай, Хақты таппақ, түпкі себепті білмектен шет қалады. Жан-сыры мен жаратылыс сыры бірі-бірінен ажырап қалғаны, әрине зор олқылық», – деп тәпсірлей отырып: «Құдай салған жол талабы – ғылым, рахым, ғаділетті бірдей ұстау. Қоғам ізгілікке, адам кәмілатқа осы үшеуінің бірлігі арқылы қол жеткізбек», – дейді. (А.Омаров. 45-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Абайдың «Тасдиқын» тәпсірлеген Асан Омаров өз еңбегінің үшінші тарауын «Дүниені танымақ» бөлімі деп атапты да, тараудың «Әлқисасын»: «Тасдиқ» – шын мәнінде жан сыры, жаратылыс құпиясы туралы трактат. Рухани әлем жүйрігі һәм тамыршысы болғандықтан хәкімдер бұл дүние сырын білдіруге міндеткер емес. Әйтсе де, «дүние танымақ» іліміне Абай белгілі дәрежеде көңіл бөлген. Неге? Себебі, дүниені тану – Алла Тағаланы танудың құрамдас бөлшегі. «Дүние» сөзі Құранда 114 рет қайталанған. Суфизмнің көрнекті өкілі Ибн Рушд: «Жаратылған дүниені танымаған, жаратушыны да тани алмас», – деген. Демек, дүниелік ғылым-білім, хәкім көзімен қарасақ, ғалам тұтастығын танудың маңызды қайнары. Мұсылман әлемінің прогрессивтен шет қалуы да – Абайды толғантқан мәселенің бірі болғандығы анық. Жәдидтік ағымды дәйім қолдауы һәм сенім артуы – соның айқын дәлелі», (А.Омаров. 47-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026) – деген сөздермен бастаған автор, Түркиядағы «танзиматшылар» ағымынан бастау алып, Орта Азияда енді ғана басталған білім берудің «жәдидтік» ағымын Абайдың барынша кең түрде қолдағанын атап өтіпті.
Абайдың білім беру жүйесі туралы көзқарасына тоқталған автор ойына алып қосарымыз жоқ, толық қосылып, қолдаймыз. Әйтсе де, «Әлқиссадағы»: «Рухани әлем жүйрігі һәм тамыршысы болғандықтан хәкімдер бұл дүние сырын білдіруге міндеткер емес», – деген автор пікіріне аз-кем «дау» айтқымыз келіп отыр. Біріншіден, Абай айтқандай: «Әрбір хәкім ғалым». Демек, олар «Алла ғылымы» деп аталатын «Дүние ғылымына» да «Адам ғылымына» да жетік тұлғалар. Олай болса, хәкім бойындағы «Толық адамға» (гормоничная личность) тән Ғылым, Рахым,Әділет секілді ұлық сипаттар, адамдарға дүние сырларын білдіретін міндеткерлік жүктесе керек. Сондықтан да, «Хәкімдер бұл дүние сырын білдіруге міндеткер емес», – деген автор ойына дау айтып отырмыз.
Ислам әлемі ғылымды «заһири» немесе сыртқы («Алланың ғылымы») және «батини» ішкі немесе («Адамның ғылымы») деп екіге бөлгенін алдыңғы тарауларда айтып өткен болатынбыз.
«Алланың ғылымы» – қоршаған сыртқы дүниені танытатын, біз қазір «жаратылыстану ғылымдары» деп атап жүрген физика, химия, география, зоология, минерология тағы басқа сол секілді ғылымдарды айтса, «Адамның ғылымы» – жаратушы бір Алла, Хақ Тағала мен Алла жаратқан дүние сырларын тани отырып, пенденің мейірім, сүйіспеншілік, әділет ұғымдарынан тұратын адамның ішкі рухани әлемі. Бұл туралы еңбек авторы Асан Омаров: «Мұсылман қауымы заһири (жаратылсытану ғылымдары арқылы сыртқы дүниені тану. Н.М) ғылымнан құр қалса, батыс әлемі батини (жан-жақты дамыған адамның ішкі рухани әлемі. Н.М) ілімінсіз қалып, көрсоқырлыққа ұрынды. Ең жаманы, Құдайдың Хақ заңы – махаббат пен ғаділет тәркі етілді. Қаруға сүйенген «мәдениетті» Еуропа, Америка үндістерін қырып салды. Әлемдік отарлау – адам аулау жүйесін алып келді», – дей отырып, (А.Омаров. 54-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026) Батыс пен Шығыстың дүниетанымдық көз қарастарының рухани һәм материалдық тұрғыдағы айырмашылықтарының ең негізгі басты себебін Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатына сүйене отырып тереңнен тәпсірлеген.
«Ғақлиат Тасдиқат» трактатында: «Бұл күндері Тахсил-ғұлм (ғылым үйрену) ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманда пайдасы жоқ болды», – деген Абай, ерте Шығыста ғылым оқытатын медреселер болды. Ғылым мен өркениет Шығыстан бастау алды деген ойды меңзей отырып, өз тұсындағы медреселердің дүниелік ғылымды оқытпайтынына терең өкініш білдіреді.
«Ғылымсыз оқыған намаз, берілген зекет, қылған қаж ешбір ғибадат орнында қабылданбайды», – деп ғылымды барлық жайдан биік қойып, басты орынға шығарған Абай, ғылым – өркениет кілті екенін терең түсінген. Сонда ғылымды не үшін кәсіп қылып, білмек керек?
Бұл сұраққа Абайдың «Ғақлиат Тасдиқатын» тәпсірлеуші ғалым Асан Омаров: «Дүниенің мәғмұрлығы (қызық, әдемі көрініс деген мағынада) бір түрлі ақылға нұр беріп тұратын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Бәлки, дүниенің ғылымын білмей қалмақтық – үлкен зарарлы надандық, ол Құранда сөгілген», - деп Абай сөзімен жауап бере келе: «Демек, дүние ғылымы – жоқшылықтан құтылу құралы. Ол – адамзатқа тәңірден түскен зор нығмет. Осы идеяны ортаға салған Абай мынандай қорытындыға келеді: «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ, ол өнер ғадәләттән шықпасын, шарғыға (діни заң) муафих (сәйкес, үйлесімді) болсын. Адамға өз қалінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ, өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес», – деген Абай сөзін бүгінгі қазақ қоғамымен байланыстырған автор: «Малдан, яғни, шикізаттан түскен қаржыға ғылымды дамытып, оны кәсіп қылып, өнер үйрену керек», – деген ойды басты орынға шығарады. (А.Омаров. 56-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
«Сонымен, дүниені танымақ, яки заһири ғылым – қоғамның қозғаушы күші. Бірақ, ол – соқыр ғылым. Оның батини ғылымға (адамның ішкі рухани болмысы) үйлесімді болуы шарт. Әділетті Хақ жолы және пенеделіктің кәмәләті сонда ғана табылмақ. Міне, дана Абай ғылымды кәсіп қылмақтың мәнін осылайша анықтап береді», – деген қорытынды оймен, Асан Омаров өзінің «Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу» еңбегінің «Өзін танымақ» атты үшінші бөлімін тәмәмдапты. (А.Омаров. 55-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Абайдың «Ғақлиат Тасдиқат» трактатын тәпсірлеп отырған философ-ғалым Асан Омаров: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай пайдалы мен залалды айырмақтық», – деген Абай күллі ғылым-білімді классификациялап төрт сатыға бөледі», – дейді. (А.Омаров. 56-бет. Абайдың «Тасдиқ» трактатын тәпсірлеу. Алматы, «ADAL кітап» 2026)
Міне, осы аталған төрт ғылым-білім саласын: «Бала үйренсе, білсе, ең болмаса шала білсе, сонда оның адам аты болады», – деп, Абай күллі ғылым-білім саласын төрт сатыға бөліп, оны өсіп келе жатқан жас ұрпақ шала болса да білсе екен деген ниетпен жасап отырғанын ойшыл анық айтқан», – деген Асан Омаров – бұрын соңды «Абайтану» ғылымында болмаған соныға бет бұрыпты.
Екінші бөлімнің соңы.
(жалғасы бар)
Нұрғали Махан
Abai.kz