Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Саңлақ 2343 1 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 10:18

Қазақстанда неше жүлде бар? (Толықтырып отырамыз)

Сурет: olympic.kz

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Бірінші жарыс күнінің нәтижелері:

Париж төрінде өтіп жатқан жазғы Олимпиада-2024 ойындарда еліміздің спортшылары жақсы нәтиже көрсетуде.

Алғашқы күні Дзюдодан ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов (60 кг) Олимпиада чемпионы атанды. Қазақ палуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Қазақстан-1 командасы Париж Олимпиадасының қола жүлдесін ел қоржынына салды.

Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы іріктеу сайысында отандасымыз Владислав Яковлев мәреге 5-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 7:21.56 секунд.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеуде Никита Чирюкин 15-сатыға тұрақтап, финалға шыға алмады.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден әйелдер арасындағы іріктеуде Ирина Юнусметова 574 ұпаймен 11-сатыға табан тіреді.

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасының қола жүлдесі үшін белдесуде Тара Бабулфаттан (Швеция) жеңіліп қалды.

Велоспорттан жекелей сындағы уақытқа жарыста ұлттық құрама спортшысы Евгений Федоров 21-сатыдан көрінді. Оның уақыт көрсеткіші – 38:33.98 секунд.

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Париж Олимпиадасында Тейлор Фрицке (АҚШ) есе жіберіп, жекелей сынды аяқтады.

Спорттық гимнастика сайысы бойынша Милад Карими мен Нариман Құрбанов іріктеу кезеңінде өнер көрсетті. Ат жаттығуында Нариман Құрбанов – 15.000 ұпай (5-орын), Милад Карими – 13,266 ұпай (30-орын) жинады.

Милад Карими еркін жаттығуды 7-орынмен (14.433 ұпай), көпсайысты 15-орынмен (14.433 ұпай) аяқтаса, қос шығыршықта 21-орынға (14.366 ұпай) табан тіреді. Ал шығыршықта 36-орыннан (13.000 ұпай), керме жаттығуында 12.700 ұпаймен 40-орыннан көрінді.

63,5 кг салмақтағы боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алғашқы айналымда Ойер Ибареччеден (Испания) басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасындағы бірінші ойында қарсыласын басым түсті. Отандасымыз чилилік атлет Николас Бургосқа еш мүмкіндік бермеді. Есеп 4-0.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Екінші жарыс күнінің нәтижелері:

Сайыстың екінші күні Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) Париж Олимпиадасында серб Страхиня Бунчичті жығып, қола медаль жеңіп алды. Бұл қазақ дзюдосы тарихындағы триумф! Олимпия ойындарының алғашқы екі күнінде біздің команда 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді.

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуде Ұлттық құрама спортшысы Александра Ле Париж Олимпиадасының финалына шықты. Ол іріктеуде 631.4 ұпай жинап, 6-сатыға тұрақтады. Ал Арина Алтухова бұл сында 17-сатыға жайғасты (627.7 ұпай).

Бокстан әйелдер арасында жарыс жолын бастаған 2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай алғашқы айналымда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Джиордана Соррентиноны (Италия) 4:1 есебімен жеңді.

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден ерлер арасындағы жекелей сынның іріктеуде Ислам Сатпаев 628 ұпай жинап, 21-сатыға табан тіреді. Ал Константин Малиновский 626.6 ұпаймен 32-орыннан көрінді.

Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Руслан Құрбанов ширек финалында жапон Коки Канодан ұтылып қалды. Эльмир Әлімжанов Федерико Висмарадан (Италия) айласын асыра алмады. Вадим Шарлаимов екінші кезеңде сүрінді.

Бокстан Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) алғашқы айқасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейяд Ишаишқа есе жіберді. Жекпе-жек 2-3 есебімен аяқталды.

Бадминтоншы Дмитрий Панарин Париж Олимпиадасының іріктеуінде Кента Нисимотодан (Жапония) ұтылып қалды.

Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев жұбаныш кезеңіндегі 3-ші алтылықта жарысып, мәреге төртінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші - 7:21.12.

Теннис: Қазақстандық спортшы А.Шевченко 18 жасар чех теннисшісі Я.Меншиктен 0:2 есебімен жеңілді.

Олимпиаданың екінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

1722328753777654.jpeg
Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Үшінші жарыс күнінің нәтижелері:

Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеудің финалында Александра Ле 6-орынға тұрақтады. Отандасымыз шиеленіске толы 165.4 ұпай жинады.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде Қазақстан құрамасы 11-сатыдан көрінді. Олар іріктеуде 575 ұпай жинап, 11-нәтиже көрсетті.

Семсерлесуші Әйгерім Сарыбай Олимпиаданың 1/16 кезеңде жарыс қожайыны франциялық Манон Брюнеден (Токио Олимпиадасының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы) жеңіліп қалды. Есеп – 12-15.

Садақ атудан командалық сында Қазақстан құрамасы 1/8 айналымда Италияға 4-5 есебімен жол берді. Кездесуде біздің мергендер 0-2 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестірді (2-2). Алайда шешуші сәтте қарсыластар дәлдік танытты.

Академиялық ескек есуде Владислав Яковлев Париж Олимпиадасында E/F1 тобының жартылай финалында мәреге бірінші жетті. Ол жарыс жолын 7 минут, 26.20 секундта бағындырды.

Дзюдошы Данияр Шамшаев (73 кг) алғашқы белдесуінде Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2023) Муроджон Юлдошевқа (Өзбекстан) есе жіберді.

Әйелдер арасында 100 метрге шалқалай жүзуде Ксения Игнатова өз тобында мәреге екінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:02.51 секунд. Алайда жалпы есепте 26-орыннан көрініп, жартылай финалға шыға алмады.

Теннистен ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Александр Бублик пен Александр Недовесов алғашқы айналымда бразилиялық Тьяго Монтейро мен Тьяго Сейбот Уайлдтен екі сетте 4-6, 4-6 есебімен жеңіліп қалды.

Бадминтоншы Дмитрий Панарин екінші матчта Брайан Янгтен жеңіліп, топтық кезеңнен шыға алмады. Канадалық спортшы 0-2 (18-21, 10-21) есебімен жеңіске жетті.

Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасының 1/16 айналымында Дан Цюдан жеңісті жұлып алды. Отандасымыз бен германиялық ойыншы арасындағы матч 4-3 есебімен аяқталды.

Ұлттық құраманың ең жас спортшысы Мұхамедсабыр Базарбайұлы 1/8 финалда Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Чу Ен Лайдан 3:2 есебімен басым түсті.

Қамшыбек Қоңқабаев испан боксшысы Айюб Гадфа Дриссиден жеңіліп, Париж Олимпиадасының ширек финалына шыға алмады. Аса ауыр салмақтағы боксшымыз төрешілердің 2-3 есебімен жол берді.

Олимпиаданың үшінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

1722418384424784.jpeg
Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Төртінші жарыс күнінің нәтижелері:

Стенд атудан әйелдер арасындағы іріктеу кезеңінде Мария Дмитриенко 73 ұпаймен 4-орын алды.

Боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) 1/8 айналымда Каллум Питерсті (Аустралия) жеңді. Өте тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер 3-2 есебімен жеңісті қазақ былғары қолғап шеберіне берді.

Боксшымыз Сәкен Бибосынов (51 кг) түрік қарсыласы Самет Гюмюшті айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға шықты. Есеп: 5-0.

Әділбек Мусин 100 метрге еркін әдіспен жүзуде мәреге 8-ші болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 49.92 секунд.

Дзюдодан 81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназар мен әйелдер арасында 63 кг салмақта белдескен Эсмигүл Куюлова бірінші айналымда жеңіліп қалды.

Садақ атудан команда көшбасшысы Илфат Абдуллин Париж Олимпиадасының жекелей сынынан шығып қалды.

Олимпиаданың төртінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

1722502489940141.jpeg
Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Бесінші жарыс күнінің нәтижелері:

Үстел теннисі: Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко 1/8 финалда Мысыр спортшысы Омар Мұхаммади Ассардан жеңіліп қалды. Есеп: 2-4 (11-8, 11-6, 10-12, 10-12, 9-11, 3-11).

Стенд ату: Стенд атудың трап бағдарламасының іріктеу кезеңінде бақ сынаған Мария Дмитриенко 120 ұпаймен 10-орыннан көрініп, финалға шыға алмады.

Бокс: Махмұд Сабырхан (57 кг) алғашқы жекпе-жегінде Испания өкілі Хосе Кильес Бростонсқа жол берді. Үш раундтан кейінгі төрешілер есебі: 1-4.

Валентина Хальзова Париждегі алғашқы жекпе-жегінде Атейна Билонға (Панама) жол берді. Төрешілер есебі: 1-4. Енді ширек финалда Атейна Польша/Ирландия өкілімен күш сынасады.

Нысана көздеу: Винтовкамен 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеуде ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салған Ислам Сәтпаев 588 ұпай жинап, 18-сатыға тұрақтады. Ал Константин Малиновский 586 ұпаймен 25-орыннан көрінді.

Триатлон: Екатерина Шабалина триатлоннан сынға түсіп, мәреге дейін жете алмады. Ол Сена өзенін жүзіп өткенімен, велосипедпен 3 шақырымдай жүрген соң сайыстан шығып қалды.

Спорттық гимнастика: Спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы көпсайыстың финалында бақ сынаған Милад Карими жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Ол алты жаттығуда 76.065 ұпай жинап, 24-орыннан көрінді.

Олимпиаданың бесінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

1722588950664902.jpeg
Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Алтыншы жарыс күнінің нәтижелері:

Бокс: Тәжірибелі боксшы Назым Қызайбай (50 кг) 1/8 финалда Каролайн Барбоза де Алмейданы (Бразилия) айқын басымдықпен тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алды. Төрешілер есебі – 5:0.

Айбек Оралбай (92 кг) ширек финалда Әзербайжан өкілі Лорен Альфонсо Домингестен ұтылып қалды – 2:3.

Боксшымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) аса тартысты айқаста грузин қарсыласы Лаша Гурулиден жеңіліп, Париж Олимпиадасында жүлдеге бір табан жетпей тоқтады. Есеп: 2-3.

Нысана көздеу: Әйелдер арасында винтовкамен 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуде Александра Ле 587 ұпай жинап, 10-орынға жайғасты. Арина Алтухова 586 ұпаймен 13-сатыдан көрінді.

Дзюдо: Нұрлыхан Шархан (100 кг) екінші белдесуінде өзбекстандық Музаффарбек Туробовтан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Ол бірінші айналымда Бельгия өкілі Тома Никифоровтан басым түскен еді.

Садақ ату: Дәулеткелді Жаңбырбай садақ атудан жекелей сынның іріктеуінде Хорхе Энрикестен (Колумбия) жеңіліп қалды. Есеп – 7:3.
Сонымен қатар Александр Еременко да Олимпиаданы аяқтады. Ол 1/32 финалда франциялық Баптист Аддистен ұтылды – 6:2.

Олимпиаданың алтыншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Жетінші жарыс күнінің нәтижелері:

Бокс: Нұрбек Оралбай (80 кг) Париж Олимпиадасының ширек финалында Мурад Аллахвердиевті (Әзірбайжан) тізе бүктіріп, келесі кезеңге шықты. Төрешілер есебі – 5:0.

Карина Ибрагимова (57 кг) 1/8 финалда Пуэрто-Рико өкілі Лозада Мотта Ашлейаннан жеңіліп қалды.

51 кг салмақтағы Сәкен Бибосынов та ширек финалда өзбекстандық азулы қарсыласы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп, жартылай финалға өте алмады.

Стенд ату: Ұлттық құрама спортшысы Эдуард Ещенко іріктеудің алғашқы күнінде бақ сынады. Скит бағдарламасында ол 66 ұпай жинап, 27-сатыға жайғасты.

Батуттағы гимнастика: Ерлер арасындағы іріктеуде отандасымыз Данил Мұсабаев 58.070 ұпай жинап, 9-сатыға табан тіреді.

Семсерлесу: Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасын 6-сатыда аяқтады. Ширек финалда Қазақстан командасы Мажарстаннан жеңілген соң 5-8 орындарды сарапқа салу үшін Мысырмен сынға түсіп, 36-21 есебімен басым түсті.

Биіктікке секіру: Надежда Дубовицкая мен Елизавета Матвеева іріктеу сайыстарына қатысты. Надежда – 1.83, Елизавета 1.88 метрмен шектелді.

Жүзу: Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде өз тобында мәреге бесінші болып келді. Оның уақыт көрсеткіші – 52.74 секунд. Алайда жартылай финалға шыға алмады.

Дзюдо: Кәмила Берліқаш алғашқы белдесуінде моңғолиялық Адиясурэн Амарсайханнан қосымша уақытта (golden score) жеңіліп қалды. Отандасымыз төрешіден 3 ескерту алды.

Академиялық ескек есу: Ұлттық құрама спортшысы Владислав Яковлев Париж Олимпиадасында соңғы жарысына қатысып, Е тобының финалында мәреге бірінші жетті. Уақыт көрсеткіші – 6:59.43 секунд.

Олимпиаданың жетінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Сегізінші жарыс күнінің нәтижелері:

Спорттық гимнастика: Нариман Құрбанов спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге қол жеткізді. Отандасымыз финалда 15.443 ұпай алды. Осылайша, Нариман елімізге спорттық гимнастикадан Олимпиаданың алғашқы медалін сыйлады.

Милад Карими спорттық гимнастиканың еркін жаттығу финалында 14.500 ұпай жинап, 5-орынға ие болды.

Бокс: Назым Қызайбай (50 кг) ширек финалда Ингрит Лорена Валенсия Викторияны (Колумбия) жеңді. Енді Назым финал жолдамасын Қытай боксшысымен сарапқа салады.

Стенд ату: Стенд атудың скит бағдарламасында әйелдер арасындағы іріктеудің алғашқы жарыс күнінде отандасымыз Әсем Орынбай 67 ұпай жинап, 23-сатыға жайғасты.

Скит бағдарламасының ерлер арасындағы іріктеуде ұлттық құрама спортшысы Эдуард Ещенко 115 ұпай жинап, финалға шыға алмады.

Дзюдо: Дзюдодан аралас командалық сайыста еліміздің командасы Бразилияға жол берді. Есеп: 2-4.

Велоспорт: Ерлер арасындағы топтық жарыста ұлттық құрама спортшысы Алексей Луценко мәреге 52-ші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 6 сағат, 26 минут 57 секунд. Жеңімпаздан 7 минут 23 секунд қалып кетті. Өкінішке қарай, Евгений Фёдоров жарысты орта жолда аяқтап, мәреге жете алған жоқ.

Олимпиаданың сегізінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар.

1722844786463245.jpeg
Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Тоғызыншы жарыс күнінің нәтижелері:

Бокс: Нұрбек Оралбай (80 кг) Париж Олимпиадасының жартылай финалында Кристиан Хавьер Пиналесті (Доминикан) жеңіп, финалға жолдама алды. Төрешілер есебі: 3-2.

Жеңіл атлетика: Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Олимпиаданың финалына жолдама алды. Ол іріктеуде 4-орын алды. Уақыт көрсеткіші – 9:16.46 секунд. Финал 6 тамыздан 7-сіне қараған түні өтеді.

Ольга Сафронова 200 метрге жүгіруде өз тобында мәреге 7-ші болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 23.57 секунд.

Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгірудің жартылай финалына шыға алмады. Оның уақыт көрсеткіші – 13.88 секунд.

Дэйзи Джепкемей 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде мәреге 9-шы болып жетті.

Стенд ату: Әсем Орынбай скит бағдарламасының іріктеу қорытындысы бойынша 116 ұпай жинап, 18-орынға тұрақтады.

Нысана көздеу: Никита Чирюкин іріктеуде 583 ұпай жинап, 10-орынға жайғасты. Өкінішке қарай финалдық сайысқа шыға алмады.

Олимпиаданың тоғызыншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Оныншы жарыс күнінің нәтижелері:

Жеңіл атлетика: Ольга Сафронова 200 метрге жүгіруде жартылай финалға шыға алмады. Отандасымыз жұбаныш кезеңінде өз тобында мәреге алтыншы болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 23.70 секунд.

Стенд ату: Скит бағдарламасында аралас жұптық сында бақ сынаған Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко іріктеуде 140 ұпай жинап, 12-сатыдан көрінді.

Грек-рим күресі: Аса ауыр салмақтағы палуан Әлімхан Сыздықов ширек финалда Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Сабах Шариатиға (Әзірбайжан) жол берді. Есеп: 0-4. Айдос Сұлтанғали (60 кг) алғашқы белдесуінде 2 дүркін әлем чемпионы Жоламан Шаршенбековтен (Қырғызстан) жеңіліп қалды. Тартысты өткен айқастың есебі: 3-6.

Олимпиаданың оныншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Он бірінші жарыс күнінің нәтижелері:

Бокс: Назым Қызайбай (50 кг) жартылай финалда қытайлық Ву Юдан жеңіліп, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Грек-рим күресі: Ұлттық құрама палуаны (77 кг) Демеу Жадыраев жартылай финалда Әзірбайжан өкілі Санан Сулеймановтан басым түсіп, финалға шықты.

Құзға өрмелеу: Әмір Маймұратов іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалға жолдама алды. Отандасымыз 4,89 секунд көрсеткішпен Олимпиада рекордын жаңартты.

Байдарка мен каноэде есу: Байдаркада 500 метрге жарыста Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий жұбы өз тобында мәреге бесінші жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:38.62 секунд.

Каноэде 500 метрге ескек есуде Мария Бровкова мен Руфина Искакова жұбы өз тобында 5-орын алды. Олардың уақыт көрсеткіші – 2:00.05 секунд.

Каноэде 500 метрге ескек есуде Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы іріктеуде өз тобында мәреге 5-ші жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:45.94 секунд.

Жеңіл атлетика: Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгірудің жұбаныш кезеңінде сөреден дұрыс шықпағаны үшін (фальстарт) жарыстан шеттетілді. Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалында мәреге 9-шы болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 9:08.97 секунд.

Олимпиаданың онбірінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде бар.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Он екінші жарыс күнінің нәтижелері:

Грек-рим күресі: Демеу Жадыраев (77 кг) Париж Олимпиадасының финалында жапониялық палуан Нао Кусакаға есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) ширек финалда Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының чемпионы Жан Беленюктен (Украина) жеңіліп қалды.

Бокс: Нұрбек Оралбай (80 кг) Париж Олимпиадасының финалында Александр Хижнякқа (Украина) есе жіберіп, күміс жүлде иеленді. Шиеленісті өткен жекпе-жектің есебі – 2:3.

Велотрек: Спринт бағдарламасының іріктеуінде сынға түскен Андрей Чугай 30-орынға табан тіреп, келесі кезеңге шыға алмады. Уақыт көрсеткіші – 10.047 секунд.

Таэквондо: Самирхон Абабакиров (58 кг) алғашқы айналымда Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Вито Делль'аквилаға (Италия) аса шиеленісті өткен айқаста жол берді. Есеп – 1:2.

Байдарка мен каноэде есу: Сергей Емельянов каноэде 1000 метрге жарыстың іріктеуінде өз тобында 4-орын алды. Байдаркада 1000 метрге ескек есуде жекелей сынның іріктеуінде отандасымыз Бекарыс Раматулла мәреге соңғы болып жетіп, жартылай финалға тікелей жолдама ала алмады. Енді ол ширек финалда тағы жүлде үшін бақ сынайды.

Олимпиаданың онекінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.

Сурет ҚР Спорт және туризм министрлігінің телеграм арнасынан алынды

Париж – 2024: Он үшінші жарыс күнінің нәтижелері:

Қазіргі бессайыс: Қазіргі бессайыстан әйелдер арасындағы семсерлесуден іріктеуде Елена Потапенко семсерлесуден кейін 200 ұпай жинап, 27-сатыға тұрақтады.

Георгий Борода-Дудочкин алғашқы кезең семсерлесуде 170 ұпай жинады. Қазір ол 35-орында тұр.

Байдарка мен каноэде есу: Каноэде 200 метрге ескек есуде Мария Бровкова жарысты аяқтады. Ол ширек финалда өз тобында 4-орын алды.

Каноэде 500 метрге ескек есуден ерлер арасында А және В тобының финалында Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы В тобында мәреге үшінші жетті. Олар жұптық сынды жалпы есепте 11-сатыда аяқтады.

Каноэде 200 метрге ескек есуде Мария Бровкова іріктеуде өз тобында мәреге бесінші жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 48.43 секунд.

Еркін күрес: Азамат Дәулетбеков (86 кг) алғашқы белдесуінде америкалық Аарон Маркел Бруксқа жол берді.

Мейрамбек Картбай (57 кг) 1/8 айналымында қырғыз палуаны Бекзат Алмаз уулудан жеңіліп қалды.

Құзға өрмелеу: Әмір Маймұратов жартылай финалға жолдама ала алмады. Отандасымыз ширек финалда әлем чемпионы, жазғы Азия ойындарының 2 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Реза Әлипурға жол берді. Әмірдің уақыт көрсеткіші – 6.14 секунд

Көркем гимнастика: Елжана Таниева көркем гимнастикадан іріктеуде өнер көрсетіп, финалдық кезеңге шыға алмады. Ол төрт жаттығуда 126.600 ұпай жинап, 13-орынға тұрақтады.

Олимпиаданың он үшінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1526
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3306
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5933