Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2024
Дабыл 1122 1 пікір 21 Тамыз, 2024 сағат 14:24

«Маймыл шешегі» әлемді әлекке салуда: Тағы да пандемия жариялана ма?

Сурет Pixabay.com сайтынан алынды

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы Африкадағы маймыл шешегінің көбеюіне байланысты дабыл қағып, әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төнгенін айтты.

«Дерттің тарауын тоқтатып, адамдардың өмірін құтқару үшін сөзсіз бізге халықаралық деңгейде бірлесе жұмыс істеу қажет», - дейді ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус.

Ал ДДҰ аймақтық бас сарапшысы Ханс Клюге: «Маймыл шешегі - Covid-19 сияқты маштабы кең пандемияға айналмайды», - деп мәлімдеді. Қызба мен бөртпе тудыратын вирус теріден теріге тию арқылы таралады. Ханс Клюге жалпы халық үшін қауіп төмен екенін айтты.

«Біз Еуропа аймағына карантин енгізбекшіміз. Бірақ бұл вирустың Covid-19 емес екені анық», - деді Ханс Клюге брифингте.

Ол 2022-2023 жылдардағы соңғы mpox індеті кезінде оның бақылауға алынғанын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Еуропалық аймақта ай сайын маймыл шешегінің 100-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Африкаға саяхаттағысы келетіндерге екпе алуды қарастырылып жатыр. Бірақ масканы қолдану ұсынылмайды.
Гебрейесус ДДСҰ қазіргі таңда mpox (маймыл шешектің бірі түрі) дертінің тарауын тоқтату үшін 1,5 млн доллар бөлгенін айтты. Алдағы күндері тағы да қосымша қаражаттар бөлінетін болады. Жалпы індетті жылдам тоқтату үшін кемі 15 млн доллар қажет. ДДСҰ тиісті қаржыны жинау үшін донорларға жүгінбек.

«Мpox штаммының Конго Демократиялық Республикасында жылдам тарауы және көршілес ел аумағында анықталуы алаңдатарлық жайт. Қазіргі сәтте дерт жылдам тарауда және жұқтырушылар саны еселеп арту үстінде. Індеттің тұтас Африка құрлығына, артынша әлемге тарау қаупі бар», - дейді ДДСҰ өзінің ресми мәлімдемесінде.

Конгода маймыл шешектің жаңа типі жақында анықталды. Артынша жаңа штамм Бурунди, Кения, Руанда мен Угандадан табылды. Африкадағы індеттерді бақылау және анықтау орталығы (Africa CDC) аймақта төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болуда.

Маймыл шешегі алғаш рет 1958 жылы анықталды. Содан бері бірнеше қауіпті штаммы пайда болды. Індеттің белгілері ретінде жоғары температура, бұлшық еттің ауыруы, денеге бөртпенің шығуы байқалады. Көбінесе балалар мен жүкті әйелдер үшін және иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті. Індет жыныстық қарым-қатынас арқылы, ауруды жұқтырған адаммен тым жақын қашықтықта сөйлесу сәтінде ауа арқылы жұғуы мүмкін.

Мpox дерті Африка үшін жаңа індет емес. Алайда 2022 жылы әлемнің 110 елінде маймыл шешекті 87 мың адам жұқтырды. Олардың ішінде 112 адам көз жұмды.

Қазіргі таңда Африкада маймыл шешектің жаңа штаммы тарауда. Ғалымдардың пікірінше жаңа штаммды жұқтырушылар арасында 10 адамның біреуі көз жұмады. Бүгінде Конго Демократиялық Республикасында жаңа штамм 13700 адамнан анықталған, олардың 450-ден астамы көз жұмған.

Abai.kz

1 пікір