Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)
3.
Сәбит Мұқановтың сөзінің аңғарына қарағанда, өзінің 50 жасқа толуы қарсаңында пәленшелер мен түгеншелер оның құлағының түбіне ызыңдап: Кеңес өкіметін қолымен құрған, сол үшін ұлтшылдармен жағаласып келе жатқан С.Мұқанов туралы монография әлі орыс түгілі, қазақ тілінде жарияланған жоқ. Ал ұлтшыл-алашордашыл М.Әуезов туралы Мәскеуден (!) монография шығып жатқан көрінеді. Бұл қалай, неткен әділетсіздік! Сіз де қалыспаңыз, Сәбе! Елу жасыңыз ескерусіз қалмасын. Ана қудалаудан келген, орысша сауатты Темірғали Нұртазин қызметсіз, қаражаттан қысылып, Мұхтардың романын орысшаға жолма жол аударып жүр. Оның қолынан келеді. Масқарадан сөйтіп құтылайық, Сәбе!,– десе керек. Сөйтіп, С.Мұқановтың 50 жасқа толуы құрметіне арналған ол кітап та тез жазылып, жарыса басылды. Қазақ сыны «масқарадан» сөйтіп құтылыпты. Бұл туралы С.Мұқанов:
«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: «Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?,– деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін»,– деп түсініктеме берді.
Алайда «Правда» мен П.Кузнецовтың пиғылы тым әріде жатыр еді. Өздері шығарған Кенесары қозғалысы туралы шудың басылып бара жатқаны «аға газеттің» көңіліне келсе керек, мақалада соны қайта жаңғыртады:
3.
Сәбит Мұқановтың сөзінің аңғарына қарағанда, өзінің 50 жасқа толуы қарсаңында пәленшелер мен түгеншелер оның құлағының түбіне ызыңдап: Кеңес өкіметін қолымен құрған, сол үшін ұлтшылдармен жағаласып келе жатқан С.Мұқанов туралы монография әлі орыс түгілі, қазақ тілінде жарияланған жоқ. Ал ұлтшыл-алашордашыл М.Әуезов туралы Мәскеуден (!) монография шығып жатқан көрінеді. Бұл қалай, неткен әділетсіздік! Сіз де қалыспаңыз, Сәбе! Елу жасыңыз ескерусіз қалмасын. Ана қудалаудан келген, орысша сауатты Темірғали Нұртазин қызметсіз, қаражаттан қысылып, Мұхтардың романын орысшаға жолма жол аударып жүр. Оның қолынан келеді. Масқарадан сөйтіп құтылайық, Сәбе!,– десе керек. Сөйтіп, С.Мұқановтың 50 жасқа толуы құрметіне арналған ол кітап та тез жазылып, жарыса басылды. Қазақ сыны «масқарадан» сөйтіп құтылыпты. Бұл туралы С.Мұқанов:
«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: «Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?,– деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін»,– деп түсініктеме берді.
Алайда «Правда» мен П.Кузнецовтың пиғылы тым әріде жатыр еді. Өздері шығарған Кенесары қозғалысы туралы шудың басылып бара жатқаны «аға газеттің» көңіліне келсе керек, мақалада соны қайта жаңғыртады:
П.Кузнецов: «З.Кедринаның кітабында партия баспасөзінің сын мақалаларында жазушының кемшіліктері, ол кемшіліктерді жазушының жоюға тиіс екендігі қалай атап көрсетілгендігі айтылмаған. Таңданарлық іс: кітаптың соңында бірсыпыра газеттер мен журналдардың жазушы туралы мақалаларын тізіп көрсете келіп, З.Кедрина ол жайында Қазақстан баспасөзінен бірде-бір мақала келтірмеген. М.Әуезовтің жұртшылыққа кеңінен мәлім болып, совет оқушылары мақұлдап қарсы алған және Сталиндік сыйлық берілген «Абай» романының бірінші және екінші кітаптары жазушының творчестволық өмірінде өзінің бұрынғы идеологиялық позицияларын қайта қарауға, буржуазиялық-ұлтшылдық адасулардан арылуға елеулі әрекет жасағандық болды.
Осы романның үшінші кітабы – 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Абай жолы» әлі де жете талдап шығуды керек етеді (очеркте ол туралы жанамалап қана айтылған). Қазір жазушы біртұтас циклдің төртінші кітабын жазуда. М.Әуезовтің ірі шығармасы әлі аяқталмаса да, сыншы ол шығармадағы кемшіліктерді, автордың жете айтпағанын немесе оның теріс айтқанын көрсетуге міндетті еді. Мұндай көмекті, объективті бағаны М.Әуезов сыншыдан алған жоқ. Мұның орнына З.Кедрина шығарманы «көшпелі қазақ даласының тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы жөніндегі күрделі ғылми еңбек» деп жариялауға асыққан. Мұндай сөздердің тек таңдандыруы ғана мүмкін, ал роман авторының өзін қолайсыз жағдайда қалдыруы ықтимал. Мысалы, қазақ және орыс халықтарының қас жауы Кенесары ханның он жыл бойы қан төгіп ойран салғаны сияқты Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең М.Әуезовтің романында бейнеленбегендігі жұртқа мәлім. Ал шынында мұның өзі романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Абайдың әкесі – Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын».
Сыншы П.Кузнецов «Абай жолы» романдарында Кенесарының бейнеленбегеніне шын өкініп отыр ма, жоқ, жорта арандатқысы келген бе? Өйткені осының алдында ғана шығармада Кенесарының аты аталғаны ғана үшін ұлтшыл саналып, ол тұстарды қысқартқан болатын. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов 1951 жылы қазан айында өткен пленумда:
«М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтің 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды. С.Мұқанов 1923 жылы «Жайлауда» деген поэмасында Кенесары мен Наурызбайды «өткен заманның батырлары», «қазақ халқының сүйікті және зор құрметті батырлары» деп атады. С.Мұқанов Кенесары қозғалысын 1942 жылы шыққан «Балуан Шолақ» деген повестінде де дәріптейді»,– деп ескертіп те өткен.
Егерде М.Әуезов Кенесарыны романда Құнанбаймен қатар суреттесе, онда бұл шығарманың жолы кесілетін еді. Сондықтан да М.Әуезов (жалғасы):
«Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын. Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабында Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялық-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабымда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынан білдірдім және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғаларының қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.
Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабында ескеретін боламын. «Правданың» мақаласында көрсетілген романдағы тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті».
П.Кузнецов: (жалғасы): «З.Кедрина М.Әуезовтің творчествосындағы феодалдық-рулық ескілікті дәріптеу және революциядан бұрынғы қазақ ауылында болған таптық қайшылықтарды жуып-шаю сияқты кемшіліктерді бүркемелейді. Материалдарды атүсті зерттеу және олардың мағынасын нашар түсіну сыншыны қате немесе күмәнді қорытынды жасауға әкеліп соқтырады. Мысалы, З.Кедрина феодалдық дәуірдегі қазақ ауылындағы ру таластарының бір белгісі болып табылатын «барымта» мен орыс шаруаларының помещиктерге қарсы көтерілістері арасында ұқсастық бар деген қисынсыз теңеу жасауға тырысады; Абайдың «Ғақлиялар» жинағы қазақ халқының орыс мәдениетін үйрену қажеттігі туралы идеяны тұңғыш рет ашты деудің ешқандай жөні жоқ сияқты.
З.Кедрина М.Әуезовтің Абай шығармаларының орыс тілінде басылғандарына жазған кіріспе мақалаларын оның зор еңбегі деп көрсетеді. Алайда, сыншы бұл мақалалардағы өте өрескел қателіктер жайында бір ауыз сөз айтпайды, ал бұл мақалаларда, атап айтқанда, Мағауия мен Көкбайдың халықты тұншықтырған жауыздар – Шәміл мен Кенесары туралы нағыз ұлтшылдық поэмалары дәріптеліп, уағыздалған».
Саяси-идеологиялық тұрғыдан сауатты тағаланған Мұхтар Әуезов өзінің сөзінде бар зар-мұңын арыла төкті. Біздің ойымызша, бұл оның мінбедегі шешен, аңғарлы, шынайы, «Абай» романын тәргіден аман сақтап қалуы үшін өзінің өмірлік көзқарасы мен ғылыми қайраткерлігінен бас тарта сөйлеген жан айқайы еді. Әрі үш жыл бойғы кешкен азап жолынан арылу үшін ұмтылған соңғы бір мүмкіндігі еді.
М.Әуезов: «Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім. «Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.
Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық тұрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім»,– деп «Абай» романын қорғауға мәжбүр болды.
«Абай» романы оның өмірдегі де, өнердегі де өзекті мақсаты болатын. Сондықтан да М.Әуезов (жалғасы):
«Әр тілде жарияланып, жылы қабылданып, соншалықты жоғары бағаға ие болған «Абай» туралы романымнан біздің әділ, сыншыл, принципшіл жанашыр оқырмандарымыз бұдан да басқа менің қателіктерімді табуы мүмкін екенін мен өте жақсы білемін. Міне, «Абай» романының бірінші кітабінің жарық көргеніне де он жыл өтті. Біздің өміріміздің кейбір құбылыстарына қаншама жаңалық енді, біздің көркем шығармашылық өнімдерімізге байланысты халықтың идеологиялық саяси, мәдени-тарихи талаптарына орай қаншама маңызды, құндылықтарды өмірлік тарихи тұрғыдан қайта бағалайтын өзгерістер жасалды десеңші? Сондықтан да біздің жұртшылығымыз өзінің сыни ескертпелерін, пікірлері мен тілектерін әлі де айта бермек. Осы принципті әділ сындардың ішінен менің романдарыма байланысты құнды да, сенімді де шынайы ойларды іріктеп ала отырып мен өзімнің кітаптарымның келесі басылымын өңдеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар бұл тілектер мен талапты орындауды өзіме міндет ретінде ала отырып, оны социалистік реализм өнерінің міндеттерін лениндік, сталиндік ұстанымға сай қоғамдық көріністерді ең сенімді даму қозғалысын суреттейтін жаңа кітаптарыма жаңа ой ретінде енгіземін»,– деп уәде берді.
Кеңестік идеология өзінің дегенінің дұрыстығын мойындатпай, уәде бергізбей тынбайтынын және өзінің қандай кеңестік «әділ соттың алдында тұрғанын жақсы білетін М.Әуезов:
«Мен сонымен қатар қатал да әділ, принципті, жолдастық сотқа тек қана сөзбен және уәдемен емес, іспен жауап беретінімді ашық мәлімдеймін, мен мұны осы уақытқа дейін шама-шарқымша теориялық тұрғыдан жүзеге асырып та келдім»,– деп сот алдында есеп бергендей мәлімдеме жасады.
Ал кез-келген кешірімнің өтемі болуы тиіс. Сондықтан да ол бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп М.Әуезов (жалғасы):
«Мен өз шығармаларымның көзі тірі авторы ретінде өмірдің, заманның, тарихтың тірі дауысына құлақ аспауым мүмкін емес, ол дауыс маған көмек ретінде үн қататынын білемін және сенемін. Маған қаратылған сыни ескертпелерде жақсыны жақсы деп танитынын, ал кемшілігімді көрсеткенде менің бойымдағы сол жақсылықты мейірімге айналдырып, бұрынғыдан да құнды кеңес беретін кеңес халқы бұған өзінің адамгершілік жетістігі ретінде қарайтынын білемін және соған сенемін. Егер де мен өмірдің дауысын, барлық жазушыларға ұлы шабыт беруші Сталин жолдас басқарған партияның дауысын тыңдамасам, онда мен ең сорлы өзімшіл топас, дарынсыз көбік, қыңыр, қазақ кеңес әдебиетінің күншіл күйігі, ең соңында тынысы біткен бақытсыз жазушының өзі болған болар едім».
«Правда» мен П.Кузнецов осы арада әбден кәнігіленген империялық тақыстыққа басып, «бөліп ал да билей берге» салып, қазақы күрестің ең оңтайлы тәсілін пайдалынып, бірін мақтаған, бірін даттаған, бірін ақтаған болып отырып, жазушыларды өзара арандатуды ар санамаған, сыншыларды сынағансып, өшпенділіктің отын өршіте түскен.
П.Кузнецов: «Кітап сыншының: жазушыларды бір-бірімен қағыстырғысы келген, М.Әуезовті барлық қазақ жазушыларынан жоғары көрсететін әлдеқандай бір тұғырға отырғызғысы келген зиянды пыйғылын байқатады. Мысалы, М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесасын барынша мақтап З.Кедрина бұдан кейін осы пьесамен бір кезде С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» дейтін зиянды повесті жарыққа шыққанын атап көрсетеді. Ал осыдан кейін біз мынадай қорытынды жасалғанын көреміз: «С.Мұқановтың, методологиялық қателіктері басқа жазушылардың да прозасына азды-көпті мөлшерде тән нәрсе». Осыдан кейін іле-шала Ғ.Мұстафинның, Ғ.Слановтың, тағы да сол С.Мұқановтың шығармалары сыналады, ал М.Әуезов тек мадақталады.
Мәселен, Ғ.Мүсіреповтың «Қыз жібек» пьесасына баға бергенде, З.Кедрина пьесадағы кейіпкер қыздың өлімін жаза отырып, әмеңгерлік масқара заңға, феодализмнің ауыртпалық сарқыншағына қыздың берілгендігін дәріптеген авторды айыптайтын қатал сөздер тапқан. Әмеңгерлік заңы бойынша, қалың малға сатып алынған әйел күйеуінің семьясының меншігі деп есептеледі, ал егер ері өлсе, мирас бойынша бұл әйел өлген кісінің ең жақын туысқанына мүлкімен бірге ауысады. Ал З.Кедринаның енді М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасына берген бағасына келейік. Бұл пьесада жазушы Ғ.Мүсіреповтің қателіктеріне ұқсас қателіктер жіберген, бірақ сыншы бұл қателіктер туралы басқаша, мақпалдай майда, жұмсақ үнмен айтады. Әуезовтің пьесасындағы «сүйген жары өлгеннен кейін, Қыз жібек сияқты және халық эпосындағы басқа да көптеген кейіпкер қыздар сияқты, жартастан құлап өлетін» кейіпкердің өлімін дәріптегендікті З.Кедрина «ескірген дәстүрді тұтқандық» деп түсіндіреді. Баяндалып отырған жайлар іс жүзінде бір-біріне ұқсас, ал шығарылған қорытындылар мен берілген баға, көріп отырсыздар, – әр түрлі. Жазушыларға осындай бөле-жарып қараушылық мысалдары кітапта аз емес».
Бұл – ерегескен екі тұлғаны да тығырыққа әкеп тығу еді. Бұдан шығатын жалғыз-ақ жол бар. Ал ол жол екеуін де түрменің есігіне бастап баратын. Мұны С.Мұқановтан бұрын М.Әуезов тез аңғарды. Аңғарды да ең соңғы қорғанысқа шықты.
М.Әуезов: «Иә, мен тек қана өткенді суреттейтін романдарымда ғана емес, сонымен қатар бүгінгі тақырыпқа қатысты маған қойылып отырған талаптарға да творчестволық тұрғыдан жауап беруге ұмтыламын. Бұл орайдан алғанда партияның ХІХ съезінің шешімдерінен туындайтын және Қазақстан КП Орталық комитетінің театр репертуары туралы желтоқсандағы шешіміне жауап ретінде мен қазір «Алуа» атты – кеңестік қазақ әйелі, райкомның хатшысы, Социалистік Еңбек Ері, ғылым кандидаты, тарих ғылымындағы буржуазиялық-ұлтшылдықты әшкерелеген кеңестік қазақ әйелі туралы пьесамды жазып бітірдім. Мен бұл тақырыппен бір жарым жыл бойы жұмыс істедім, бұл пьесаны бітіргеннен кейін де өзімнің алдыма қойған басты мақсатым – партия жетекшісінің образын сомдау. Өткен жылдардағы менің жіберген қателіктерімді көрсеткен сынға жауап ретіндегі менің бұл мақсатымның жүзеге асуына көпшіліктің достық қолын созуын тілеймін. Менің аса үлкен идеялық ойымның абыроймен жүзеге асуына көмектесулеріңізді өтінемін. Біздің қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күнгі тақырыпты игерудегі жетістікке жету жолындағы күрделі мәселені жүзеге асыруды қолдауларыңызды сұраймын»,– деп «ағынан жарылды».
Ал С.Мұқанов өзінің әдеттегі еркіндігінен айырылып қалды. Ол бұл мәселеге ақталып емес:
«Неге екенін білмеймін, соңғы жылдары Мұстафин екеуміздің арамыз ашылып кетті. Оған дейін ол менің ең жақын досым болды. Мен оған өте көп көмектестім. Оның романында көптеген кемшіліктер бар. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» – деген. Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым Жазушылар Одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ. Мысалы ол: «Өнеркәсіп ауыл шаруашылығын жұтып қояды» – дейді. Мұстафинді партиялас жолдасым және қаламдас досым деп есептеймін. Ұзақ жылдар дос болдым, жазушы ретінде өсуіне көмектестім. Сондықтан да оның романында бұғып жатқан қателікті арылттым»,– деп мақтанып сөйледі.
Исі қазақ ұлтының ұлттық мақтаныштарын мінбеде «зарлатып қойған» мақаласын П.Кузнецов:
«Совет Одағының туысқан республикалары жазушыларының творчествосы туралы кітаптар өте қажет. Бірақ мұндай кітаптар тым аз, ал ұлт әдебиеттері тақырыбында жұмыс істейтін адамдар сирек. Осы маңызды істе артта қалған участоктер әлі де бар. Мұндай участоктерде көп реттерде барлығын білем дейтін монополистер, шатыстырушылар, күмәнді «білгіштер» мен «консультанттар» және жауапсыз редакторлар орналасып жүр. Совет жазушылары одағының аса маңызды міндеті Совет Одағының туысқан халықтарының әдебиеттерін терең зерттеуге, осы әдебиеттер және олардың аса көрнекті өкілдері туралы құнды, жоғары идеялы кітаптар жазуға көрнекті совет жазушыларын, сыншыларды, әдебиет зерттеушілерді кеңінен және батыл қатыстыру болып табылады»,– деп ділмәрси қорытады.
Ал көзі көргендердің айтуына қарағанда, империяға сүйенген маскүнем ақын осы сәтте «Правданың» көтеріңкі қаламақысымен басын түзеп, елітіп отырыпты.
Мұндайдағы ең оңтайлы тәсіл «өзіңнің өткендегі қателеріңді» мойындап құтылу. Әйтпесе қу жаныңа тыныштық болмайтын. Сондықтан да М.Әуезов бар «кінәсінан арыла» сөйледі:
М.Әуезов (жалғасы): «Менің қазақ және орыс тілінде жарияланған мақалаларым мен зерттеулерімдегі буржуазиялық ұлтшылдықты дәріптеген қателерім «Правданың» мақаласында орынды аталып өткен. Олардың саны мақалада көрсетілгеннен де көп. Олардың біразына 1951 жылғы Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты «Правданың» мақаласын талқылау тұсында тоқталып, өзімнің өткендегі және кейінгі жылдардағы қателіктерімді мойындаған болатынмын. Қазақ ССР ғылым академиясы коллективінің мәжілісінде, Жазушылар Одағы мен Тіл және әдебиет институтының жиналысында, сонымен қатар, Алматы қаласы интеллигенттерінің жалпы қалалық жиналысында сөйлеген сөздерімде өзімнің әдебиеттану саласындағы өрескел қателерімді мойындаған болатынмын. Осы жиналыстардағы және біздің республикалық баспасөздердегі әділ сындарды ести отырып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ пленумындағы Шаяхметов жолдастың баяндамасында және республика партия ұйымының V және VІ съезінде менің өрескел идеялық саяси қателерімнің көрсетілгені есімде және оны білемін.
Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым».
Сол тұста «маркстік-лениндік түсініктің негізінде» өзгертуге түскен бұл басылымдар қазір де сол күйінше жарияланып келеді. Оларды алғашқы түпнұсқасымен салыстырып жариялаудың реті келе ме, жоқ па, кім білсін. Иә, бірі кем дүние.
М.Әуезов (жалғасы): «Қазақ эпостары, лиро-эпостары, тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерімді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да, сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастысына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен емес, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім».
Иә, «маркстік-лениндік ілімді» игеруге гимназияның, университеттің, аспирантураның білімі, ғылым докторы атағы, профессор мен академик лауазымы жеткіліксіздік жасапты. Қандай кішіпейіл қорлық!
М.Әуезов (жалғасы): «Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де, бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелерінің бағдарламаларының идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымның жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың, «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктерін кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын».
Тағы да: Иә! Иә! Иә! Ол өзінің профессорлық, академиктік атағынан бас тартуға дайын, бірақ Қ.Жұмалиевті ешқашанда кешіре алмайтын! Бұл оның шындық сөзі және пенделік пиғылы еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Мен өзін өзі ақтауға ұмтылған осындай жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айтылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екіншісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазір де әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қателік бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдастың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет. Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған – «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет».
Бұған С.Мұқанов сөз арасындағы:
«Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым Жазушылар Одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ... Ал қазір онымен Әуезов жолдас жәмпейлесіп жүр»,– деген астарлы емеуірінмен жауап берді.
Шым-шымдап болса да: «Әуезов жолдаспен жәмпейлесіп жүр»,– деп тағы да шымшып кетті. Шіркін, тістескен есіл өмір-ай десеңші! Енді М.Әуезовтің ақтарылмаған несі қалды? Қаламы қалды, қаламынан бас тарту ғана қалып еді. Ол тілекке де жеткізді.
М.Әуезов (жалғасы): «Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.
Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.
Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып), тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін. Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі, көркем шығармаларымнан кейінгі екінші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарихи тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.
Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.
Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кітаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.
Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін».
Бұл дегеніңіз – өмір сүруге рұқсат сұрау, жеке басының бостандығына, өміріне қауіп төніп тұрғандығын осы ашық хат арқылы республика жұртшылығына хабарлау, жан қысылғандағы жан дәрмен сөз еді. Қандай жан талас!
(жалғасы бар)
Abai.kz