Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 1527 0 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 16:59

Жаңа интеграция - жаңа мүмкіндік: Жапон-Қазақ әріптесті һәм ОА

Қазіргі заманғы әлемнің ең жас өңірі болып табылатын – Орталық Азияның бес жаңа республикасына, соның ішінде Қазақстанға соңғы жылдары әлем назары ауа бастады.

ОА-дағы бесеудің егеменді дамуы соңғы он жылдықта Қытай мен Ресей ықпалы және Талибан қауіпінен арылу үшін Батыс елдері мен Азия жолбарыстарын өзіндеріне ынтық етіп, өмірлік мүдделі аймақтарының біріне айналдырды.

Жаңа дәстүрлі емес қауіп-қатерге - халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес үшін АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстанмен көршілес Орталық Азия жас республикаларына назар бұруда. Әлемдік алпауыттар ОА-ны жерүсті инфрақұрылымы мен логистикалық орталықтары арқылы да өздеріне Қытай мен Ресейге қарсы шығатын әріптес болуы үшін жаңа саяси ойын алаңы ретінде көруде.

Орталық Азиядағы жаһандық ойыншылардың жаңа геосаяси конфигурациясы ОА-дағы орын алып отырған барша сыртқы саяси бағдарлар мен парадигмаларды қайта қарауға («Ресейге сүйенуден» «көп векторлы және ашық есіктерге») ғана емес, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықты осы жас өңірге қатысты жаңа саяси-экономикалық амал-тәсілдерді әзірлеуге мәжбүр етті.

Осы орайда әлемнің осы жас өңіріне қатысты жаңа тәсілді («ОА5 + 1» форматын) әзірлеудің біріншілігі Жапонияға тиесілі екенін атап өту қажет.

ЖАПОНИЯ ҺӘМ «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ДИПЛОМАТИЯСЫ»

Әлемнiң үшiншi экономикасы саналатын Жапония «G7» және «АСЕАН» дамыған елдерiмен дәстүрлi түрде ынтымақтастыққа бағдар ұстанғанымен, басты әрiптесi АҚШ болып табылатыны баршаға белгiлi. Алайда, ХХ ғасырдың соңындағы басты оқиға – Кеңес Одағының ыдырауы және жаңа өңір – Орталық Азияның пайда болуы Жапонияның дәстүрлі сыртқы саяси бағдарына кейбір өз түзетулерін енгізді.

Сыртқы саяси басымдықтарды қайта ойластырудың алғашқы әрекеті 1997 жылы, сол кездегі Жапония премьер-министрі Хасимото Рютаро Жоғары деңгейдегі корпоративтік басшылар қауымдастығы алдында сөйлеген сөзінде «Еуразиялық дипломатияның» жаңа саясатын жариялаған кезде жасалды. Осы дипломатия шеңберінде Жапонияның Орталық Азия және Кавказ елдерімен (Ұлы Жібек жолы жүріп өткен) қарым-қатынастарын нығайтуды мақсұт тұтты. Кейінірек «Ұлы Жібек жолының дипломатиясы» деп өзгертілген осы бағдар үш қағидаттан тұрды:

- өзара сенімді нығайту үшін саяси диалог тетіктерін дамыту;

- өңірлердің өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында экономикалық ынтымақтастық;

- ядролық қаруды таратпауды қолдау, демократияны дамыту және саяси тұрақтылықты қолдау мақсатында ынтымақтастық.

Ал жаңа жағдайда, «ISAF» коалициясында болған алғашқы жылдары Жапония әлемнің ең ірі державалары арасында алғашқылардың бірі болып «Орталық Азия + Жапония» (немесе «ОА5 + 1») өңірімен диалог үшін жаңа перспективалы форматқа бастама жасады.

2004 жылғы 28 тамызда Жапонияның сыртқы істер министрі Ёрико Кавагути Қазақстанның елордасы Астанада Орталық Азияның барлық бес республикасындағы әріптестерімен кездесті (тек Түрікменстан ғана осы республикадағы министр емес, елші ретінде таныстырылды). «Орталық Азия + Жапония» форматындағы диалог Жапония мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілетінін білдіреді. Осы кездесу-диалогтың нәтижелері өзара байланысты үш аспектіні қамтыды:

Бірінші: Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың Еуразия тұрақтылығы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды мәні бар екенін сезінетін Жапон-Орталық Азия байланыстарын тереңдету;

Екінші: Өңірішілік кооперацияның маңыздылығы, Жапонияның жетекші жаһандық ойыншылар арасындағы көшбасшылығы;

Үшінші: Жапония мен Орталық Азия арасындағы халықаралық аренадағы кооперация БҰҰ құрылымдарын реформалау, климаттың өзгеруі, ДСҰ-ға мүше болу және гуманитарлық қауіпсіздік сияқты салаларда пікір алмасуды көздеді.

ОҢТҮСТІК КОРЕЙДІҢ «СОЛТҮСТІК САЯСАТЫ»

Жапониядан кейін Оңтүстік Корей «ОА5 + 1» форматына көшіп, жеке алаң - «Орталық Азия + Корей Республикасы» ынтымақтастық форумын құрды. Қазір бұл ел Орталық Азия өңірімен 20 жылдан астам өзара іс-қимыл тәжірибесіне ие болып отыр.

Бұл процесс жапон тәжірибесінен үлгі алған Оңтүстік Корейдің ОА-ға өз көзқырын салуға ұласты. Бір айта кетерлігі, Оңтүстік Корей президенті Ро Дэ У әкімшілігі 1980-шы жылдардың соңында «Солтүстік саясат» тұжырымдамасын әзірлегені белгілі, соның арқасында Оңтүстік Корей Қытаймен және КСРО-мен қарқынды байланыс орнатуға бастамашы болды.

Корей Республикасының кейінгі әкімшіліктері де осы саясатқа ерекше көңіл бөлді. Осы тұжырымдамада Орталық Азияға назар аудару Өзбекстан мен Қазақстанда ірі корей диаспорасының болуына байланысты болуы мүмкін дейді.

Сөзсіз бір нәрсе – Оңтүстік Корей тәсіліндегі басты ұстаным – өңірдегі корей диаспораларымен сауда-экономикалық байланыстар мен жан-жақты байланыстарды тығыз жолға қою.

АҚШ-ТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

Барак Обама әкімшілігінің соңында АҚШ-та «ОА5 + 1» форматына көшудің нақты қадамдары байқала бастады. Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джон Керри және Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрлері 2016 жылғы 3 тамызда Вашингтонда өткен «ОА5 + 1» форматында бас қосты. Бұл кездесу министрлік деңгейінде өткен  екінші кездесу. Оның қорытындысы бойынша серіктестік пен ынтымақтастық туралы екінші бірлескен мәлімдемені қабылдады.

Президент Дональд Трамптың әкімшілігі кезінде Орталық Азия аймағы АҚШ-тың сыртқы саяси басымдықтарының орталығынан алыстатылғанымен, мемлекеттік хатшы Майк Помпео аймақтағы елдермен диалог орнатуда және қолдауда алдыңғы әкімшіліктің форматын пайдаланды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға және Өзбекстанға сапары (2020 жылғы ақпан) АҚШ-тың Орталық Азиядағы 2019-2025 жылдарға арналған жаңа Стратегиясының қабылдануымен тұспа-тұс келді. Бұл стратегияда АҚШ Орталық Азияны «өзіндік құнды өңір» ретінде қарастыратынын атап өту қажет.

1992 жылы АҚШ Конгресі коммунизмнен демократияға және нарықтық экономикаға қатысты ауыртпалықсыз өтпелі кезең үшін Орталық Азияны қоса алғанда, ТМД-ның 12 жаңа мемлекетіне американдық көмек беруге рұқсат берген «Бостандықты қолдау туралы» заңды қабылдады.

Америка Құрама Штаттары да КСРО ыдырағаннан кейін Орталық Азияның халықаралық жүйедегі маңыздылығын бағалаушы бағдарламалар мен тұжырымдамалар жасаған алғашқы елдердің бірі болды. Америкалық стратегия Орталық Азиядағы аймақтық принципке негізделуден бастау алды.

Америкалықтар өздерінің осы стратегиясын әзірлеу процесі кезінде өңірдегі Қытай, Иран, Түркия және Ресей сынды геосаяси қарсыластарына қарсы іс-қимылдарын жете ойластырып, сондай-ақ Орталық Азия елдері дамуының қарама-қайшылығын жете ескерді.

Саясаттанушы Бжезинскийдің: «АҚШ - Ресей геосаяси дуализмінде бұл жерлерден тым алыста жатсақ та, қайтсекте жеңіп шығуымыз керек», - деп айтатыны дәл осы кез. 1999 жылы АҚШ Конгресі Еуропа мен Азия арасында Кавказ және Орталық Азия өңірлері арқылы (Ресей аумағынан тыс) коммуникациялық желілер құру жөніндегі жобаларды қолдауға бағытталған стратегия шеңберінде Орталық Азия мен Кавказ елдерін қамтитын «Жібек Жолы Стратегиясы» туралы заңды қабылдады.

2005 жылы Дж.Хопкинс университеті Орталық Азия және Кавказ институтының басшысы Фредерик Старр «Үлкен Орталық Азия» тұжырымдамасын ұсындыКөп ұзамай ол Орталық Азия өңіріндегі АҚШ саясатына енгізілді. Тұжырымдаманың мәні Вашингтон құрған «Үлкен Орталық Азияның ынтымақтастық және даму жөніндегі серіктестігі» шеңберінде Орталық Азия, Ауғанстан республикаларын және Оңтүстік Азия елдерін біріктіруге негізделген. Серіктестіктің мақсаты - оған енгізілген елдердің Құрама Штаттармен және НАТО-мен ынтымақтастығын дамыту. «Үлкен Орталық Азия» тұжырымдамасын кейбір сарапшылар Орталық Азия өңірінің Ресей, Қытай және Ираннан саяси, экономикалық және инфрақұрылымдық алшақтауына бағытталған жоба ретінде бағалады.

АҚШ-тың «Жаңа Жібек жолы» (The New Silk Road) жобасын 2009 жылы әзірлей бастады. «Жаңа Жібек жолының» басты мақсаты – «Үлкен Орталық Азия» жобасындағы сияқты Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы сауда байланыстарын арттыру үшін жағдай жасау болып табылады.

ЕО-НЫҢ «ТЕХНИКАЛЫҚ КӨМЕК» ЖОБАСЫ ҺӘМ ОА

Жаңа өңірлік білім беруді нығайтумен айналысатын еуропалық мемлекеттер – Еуропалық Одақ (ЕО) бастапқы кезеңде Орталық Азия республикаларына жеке өңір ретінде ерекше назар аудармады. Кейін ТМД-ның посткеңестік кеңістігінің жаңа өңірлік құрылымына өз назарын аударды. Сөйтті де Еуропалық одақтың «ТАСИС» бағдарламасын іске асыру болып табылады. TAСИС - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына техникалық көмек. Бұл бүкіл ТМД-ның жаңа мемлекеттерінде экономикалық реформалар мен демократияландыру процесін жеделдетуге жәрдемдесу бойынша жоба еді.

Еуропалық Одақ алғаш рет осы шалғай өңірмен көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру призмасы арқылы әлемнің жаңа өңірі – Орталық Азияға назар аударды. 1993 жылғы мамырда ЕО Оңтүстік Кавказ пен Орталық Азияның 8 елінің сауда және көлік министрлерінің қатысуымен ТРАСЕКА бағдарламасы (Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі) қабылданды.

2019 жылғы 15 мамырда Еурокомиссия Орталық Азияға қатысты Жаңа стратегияны әзірлеу және қабылдау аяқталғанын жариялады. COVID-19 коронавирусының пандемиясы жаңа Стратегияның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермесді. Десе де, ЕО-ның Орталық Азияға «ОА5 + 1» форматы бойынша интеграция ұсынуы жалғасын тапты.

Осылайша Жапониядан бастау алған жоба 2022 жылы өз өміршеңдігін танытып, Орталық Азия кеңістігін Қытай мен Ресейден аластату бағытында соны серпінге ие болды.

ҚАЗАҚ-ЖАПОН ӘРІПТЕСТІГІ: ҚАНДАЙ КЕЛІСІМДЕР ЖАСАЛДЫ?

Қазақстанға Жапония премьер-министрі Фумио Кишида келер алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты көлемді мақала жариялап, Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның жаһандық геосаясат алаңындағы рөліне ерекше тоқталды. Қазақстанның экономикалық һәм саяси және географиялық мүмкіндіктері туралы айтты.

Орталық Азия елдері көшбасшыларының консультативтік кездесулері (ОАМБКК) 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және жалпы сын-қатерлерді шешу үшін бірлескен іс-қимылдарды қабылдай отырып, өңірлік ынтымақтастық пен дамудың сындарлы алаңына айналған.

Айта кетерлігі, алғашқы кездесу Қазақстанда, Астанада өтті. Осы уақыт ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі осымен 6-шы рет өткізді. Бұл кездесуге Жапония премьер-министрі Фумио Кишида қатысады деп жоспаланған болатын, бірақ Фумио Кишида елдің оңтүстік-батысында болған күшті жер сілкінісіне байланысты Астанаға жоспарланған сапарын тоқтатады деп хабарлады «The Japan Times» басылымы.

Газеттің хабарлауынша, Кишида жұма күні Жапонияның оңтүстік-батысында, Кюсю аралының маңында болған жер сілкінісіне байланысты Орталық Азия елдеріне сапарын тоқтататынын мәлімдеді.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі - бұл өңірдің дамуы үшін маңызды іс-шара болады деп күтілуде, ол көпжоспарлы ынтымақтастықтың одан арғы серпінді қанат жаюын айқындайды.

Саммитте «Орталық Азия-2040» өңірлік кооперациясын дамыту стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Бұл тұжырымдамалық құжат Орталық Азияның бес жақты өзара іс-қимылын кеңейту және халықаралық субъектілігін нығайту үшін әзірленіп отыр.

Сондай-ақ, өңірдегі кооперацияны, тұрақтылық пен қауіпсіздікті дамыту, соның ішінде сауда-экономикалық әріптестік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де ОАМБКК-нің басты назарында болады. Оның үстіне жыл сайынғы жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы, саясаттанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303