Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
1274 0 пікір 30 Тамыз, 2024 сағат 12:39

Алматылық сарапшылар: Масылдық психолиядан қалай арыламыз?

Бүгінгі заман жалқаулықты кешірмейді. Өйткені масылдық психология бұл қоғамның дерті. Бірақ «алма піс, аузыма түс» дейтіндер әлі де бар. Кейбір еңбек еткісі келмейтін жандар, күшпен емес оңай жолмен тез байығысы келеді. Біз масылдық психологияны қалай жеңе аламыз?  Қоғамның дертіне айналған патерналистік көңіл күйден қалай арыламыз? Бұл сұрақты әр сала мамандарына қойып көрдік.

Еңбек етсең ғана, нәтижесін көресің!

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Жеңісгүл Ұзақова, кәсіпкер:

- Менің ойымша, әр адам өмірге келгеннен кейін, бұл өмірден өз орныңды табуың керек. Ол дегеніміз әр адамда өзін алға қарай жетелейтін кәсібі, табыс әкелетін мамандығы, тіпті өзіне рахат сыйлайтын жұмысы болғаны жөн. Өйткені сен жұмыс істей жүріп ең алдымен өзіңді отбасыңды асырай алуың керек. Қазіргі заманда жұмыс жоқ деп бос жүруді мен түсінбеймін.  Өйткені әр адамда  өз өміріне деген жауапкершілік болуы керек. Мен кәсіп ашпас бұрын, әр салада жұмыс істедім. Өзіме қажеттіні іздедім десем де болады. Тіпті белгілі бір уақытпен жұмыс істеп, мемлекеттік салада да қызмет етіп көрдім. Бірақ өзіме ұнайтын кәсіпті тапқанша іздене бердім. Сондықтан адам қателесуден қорықпау керек. Ең  бастысы адам өзін жоғалтып алмағаны жөн. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, еңбек еткен адамның жолы ашық. Дәл қазіргі заманда жұмыс жоқ деп қол қусырып отыратындарды түсінбеймін. Бүгінде мемлекет тарапынан да жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар өте көп. Өкінішке қарай, ондай орталықтарға жүгінетіндер аз. Қазіргі таңда мансап орталықтары тіпті кәсіп үйретеді, арнайы курс оқып стипендия алып, соңынан жұмысқа орналасуға да мүмкіндік бар. Азаматтарымыз мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларды білсе екен деймін. Қазір технологияның дамыған заманы. Өзіңе ұнаған кәсіпті онлайн да меңгеруге болады. Тек ниеттенсең  болғаны. Патерналистік көңіл күйден арылудың ең басты жолы, ол еңбек ету дегім келеді.Қазір жұмыс істегісі келетін адамға мүмкіндік те мол, шекара да шексізү Өздеріңіз білесіздер қаракөз қазақтарымыз әлемнің түкпір түкпірінде де жұмыс істеп, кәсіпте табысқа жетіп жатыр. Сондықтан өз ойымызды шектемеуіміз керек. Жалқаулық бұл заманның  ағыны емес дегім келеді. Өйткені мына заманда жұмысың болмаса, өзіңе қажеттіні өтей алмасаң, өмірді бос әурешілікпен өткізу керек емес. Менің ойымша әр адам өзінің қолынан не келеді? Не істей алады? Қандай мамандыққа бейім сол жағын ертерек анықтап алуы керек. Еңбек етсең ғана жемісің көресің. Сондықтан масылдық психологиядан арылудың бірден бір жолы, ол өзіңді қамшылау. Еңбек ету. Алға қарай ұмтылу дер едім.

Мамандыққа дұрыс бағдар беру маңызды!

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Ақбота Ыдырысова, мұғалім:

- Масылдық психология біздің замандастарымызда бар. Қазірдің өзінде мемлекет бөлетін әлеуметтік көмекке ғана өмір сүретін отбасылар бар. Олар жұмыс істеп, еңбек етіп отбасын асырағысы келмейді. Бір кездері атаулы әлеуметтік көмек беріледі деген кезде, әдейі жұмыс істемей сол көмекті лағысы келген отбасылар көбейді.  Тіпті жалған құжаттар да жасалды. Міне осының барлығы масылдық психологияның көріністері. Осындай адамдар масылдықты көбейтеді. Олар қоғамға да, өздеріне де зиян келтірмесе, пайда әкелмейді. Өкінішке қарай, ондай адамдар қазір де бар. Айналамыздан кездестіріп те жүрміз. Педагог ретінде айтарым, біз баланы жастайынан еңбекке баулып үйретуіміз керек. Мен қазіргі ата аналарға таң қаламын. Баласына  барлық жағдайды жасап қойған, кейде қоғамдық сенбіліктерде күрек ұстап көрмеген балалар кездесіп жатады. Әрине қазір біз балаларымызды смартфонға телміртіп қойдық. Сондықтан масылдық психологиядан арылу үшін, ең алдымен ұрпағымызға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек. Біз балаларымызды жастайынан еңбекке баулып, мамандығын дұрыс таңдауына үн қосуымыз керек.  Өйткені кейбір балалар мамандығын дұрыс таңдамай, тек грант үшін түсіп алып, кейін ол мамандықпен жұмыс істемейді. Ал алған дипломы құры жатады. Сондықтан мұндай келеңсіздіктер болмауы ұшін мамандыққа бағдарды ерте кезінен бағыттау керек. Масылдық психология қайдан шығады. Әрине бұл әр адамда әрқалай. Кейде тепсе темір үзетін жасқа келсе де ата-анасының мойнында отыратын ұл-қыздар кездесіп жатады. Әрине бұл баланы жастайынан еңбекке баулымағанның белгісі. Сондықтан біз тәрбиені ең алдымен балаларымыздан бастауымыз керек. Әр істің алдын алу деген сияқты, масылдықтың да алдын ертерек алуымыз керек. Біз болашақта патриот, өзінің еліне, жеріне адал азаматты тәрбиелеуіміз керек. «Баланы жастан» деп бекер айтылмаған. Масылдық психологиядан қалай арыламыз деген сауалыңызға, біз оның алдын ертерек алуымыз керек. Жас ұрпақты еңбекқор етіп тәрбилеуді қазірден қолға алғанымыз дұрыс. Әрине бұл менің педагог ретіндегі ойым. Біздің міндет жас ұрпақты тәрбиелеп, сол сілтеу.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963