Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Ақмылтық 1230 9 пікір 5 Қыркүйек, 2024 сағат 14:17

Қадірі кеткен кадрлардың кесапаты

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

«Кадрлар бәрін шешеді!», - деген сөз қандықол диктатор Сталиннің аузынан шыққан дейді. Ол сұмырайды қаншама жек көрсек те, осы ойдың рас екенін ескі Қазақстан тұсында түсінгендей болдық. Өкінішке орай, бұл қанатты сөз Жаңа Қазақстан тұсында да өзекті боп отыр.

Кеше ғана өз Жолдауында президент Тоқаев титімдей ұяты мен намысы бар кез келген үкімет өз еркімен отставкаға кететіндей ауыр сын айтып еді.

Президенттің сол сөздерін келтірейік.

«Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ».

Банктер бір күндік пайданың жетегінде кетіп, тек қана тұтынушылық несие берумен айналысып кеткенін бәріміз білеміз. Билік жиі мысал етіп келтіретін мемлекеттік бюджеттен экономикалық жобаларға арналған қыруар қаржы сонда қайда кетіп жатыр? Осының бәріне жауап беретін Ұлттық банк пен тиісті министрліктің жауапкершілігі туралы неге айтылмайды, тиісті шенділер неге жауапқа тартылмайды?

«Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет».

Бюджетке тікелей жауапты Қаржы министрлігі Ай қарап отыр ма? Шайнап бергенді жұта алмайтын ол не кадрлар?

«Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады».

Ол әкімдер кім? Олар тәртіпке шақырылды ма? Қаржы қат қазіргі қысылтаяң кезеңде олардың осылайша, өз қалауынша оңды-солды ақша шашуы барып тұрған бассыздық, керек десеңіз, қылмыс емес пе?!

«Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын».

Экономикалық, әлеуметтік, саяси маңызы аса зор Салық кодексінің жаңа жобасын министрліктер мен ведомстволар арасында талқылап, осы күнге дейін өзара ортақ келісімге келе алмай жатқан ол қай шенділер? Неліктен ол заңды қабылдау келесі жылға шегеріліп отыр? Ол жайбасарлыққа кім кінәлі?

«Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр».

Көлеңкелі экономиканы жою ісіне қай министр жауапты? Ол құбылыстың артында олигархтар мен кландар тұрғаны айтпаса да түсінікті. Әлде олар сол министрлердің аузына құм (немесе басқа нәрсе ме?) құйып отыр?

«Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн».

Мемкәсіпорындарды басқарып отырған қай министрлік? Әлде «Самұрық-Қазына» ма? Олардың жұмысы неге соншалықты тиімсіз болып отыр?

«Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық».

Жалған ақпар берудің нақты фактілеріне жол берген қай министрліктер мен ведомстволар? Мынау дегеніңіз сұмдық цифрлар ғой! Кімдер жауапқа тартылды?

Президент айтқан осы және халық айтып жүрген мемлекеттік басқарудағы басқа да көпе-көрінеу, көзге ұрып тұрған кемшіліктер мен олқылықтар жеткілікті!

Жаңа Қазақстан идеясы жарияланғанына біраз уақыт болды. Яғни, 2019 жылдан бері тағайындалған министрлер мен әкімдердің бәрі – Жаңа Қазақстанның кадрлары.

Өкінішке орай, осы кадрлар қатарында береке жоқ. Кеше ғана тағайындалған министрлер мен олардың орынбасарлары көп ұзамай орнынан кетіп жатады. «Киләсің, китәсің, расстраивать итәсің!» деген әзіл-шаны аралас бір сөз еске түседі осындайда.

Сол кадр тұрақсыздығы Жаңа Қазақстанның бір сипатына айналған сықылды. Ол өзі онша жақсы үрдіс емес!

Әрине, мемлекеттік қызметке жастар тартылуы тиіс. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ та, өз саласына қатысты аудан, қала, облыс деңгейінде тиісті өмірлік һәм өндірістік тәжірибеден өтпеген жастарды бірден республикалық орган не мекеменің басшысы етіп тағайындау дұрыс па?

Мемлекеттің ішкі шаруаларына сыртқы істермен ғана айналысқан дилпоматтардың көптеп келуі де біржақты кадрлық шешім деп санаймын. Мемлекеттік қызметте құдды бір солардың кастасы пайда бола бастаған сықылды. Ол да президент өз Жолдауында айтқан әділеттік және меритократия қағидаттарына томпақ келетін үрдіс.

Естіген құлақта жазық жоқ, баяғы жартас – бір жартас сол қалпында екен: белгілі бір лауазымға тағайындалуда жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық, парақорлық орын алып жатқаны туралы естіп, біліп жатамыз.

Бір сөзбен айтқанда, ескі Қазақстан тұсындағы кадрлық олқылықтар Жаңа Қазақстан тұсында жойыла қойған жоқ, керісінше, жаңаша сипат алып, мемлекеттің тұрақты дамуына кесірін тигізетіндей деңгейге көтеріліп барады. Мұның бәрі, яғни қадірі кеткен кадрлардың кесапаты жұртшылықтың Жаңа, Әділетті Қазақстан идеясына деген сеніміне өз көлеңкесін түсіріп жатыр деп санаймын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

9 пікір