Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Алашорда 588 4 пікір 18 Қыркүйек, 2024 сағат 17:40

Уәлиханов атындағы бұлақ

Коллаж: Abai.kz

ШОҚАН - 190

Дүниеде әділдік пен адалдықты
 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ!»
Шоқан Уәлиханов.

2025 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Ұлы ғалым жерленген Жетісу өңірінде бүгінгі күнге дейін бірқатар іс-шаралар атқарылу үстінде.  Атап айтсақ, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылында орналасқан Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» атты мемориалдық музейі күрделі жөндеуден өткізілді, жанындағы ескерткіш кешені мен жерленген жері абаттандырылды. Жол да жаңартылды. Жөндеу, жаңғырту жұмыстары облыс әкімі Б. Исабаев мырзаның тікелей бақылауында болды.

Өзіміз де сол ауылдың тумасы әрі Шоқантану мәселесімен мектеп қабырғасынан бері айналысып келе жатқан адамдар ретінде «Шоқан - 190» межесіне лайықты үлес қосуға ұмтылудамыз. Осы уақытқа дейін «Шоқан кімге керек?», «Шоқан және Тезек төре», «Шоқан музейіндегі балбал тастар құпиясы», «Шоқан салған суреттер», «Шоқан ілімінің көкжиегі», «Шоқан қазақтың тұңғыш прозаигі» сынды ғылыми-зерттеу мақалалар жарияладық. Сонымен қатар, Шоқан музейінің экспозициясын жасақтауға әдістемелік көмек көрсетіп, қолдағы бар экспонаттармызды музейге сыйлық ретінде табыстадық.

Аталған датаға байланысты келер жылы Шоқан музейіне келушілердің саны арта түседі деп күтілуде. Бірқатар ғалым,  жазушы, зиялы қауым өкілдері тарапынан ғылыми-танымдық конференция өткізу мен Шоқан жүрген жерлерге экспедиция ұйымдастыру  туралы ұсыныстар да айтылып жатыр. Бұл орайда ең алдымен Шоқан жақсы көрген, көп аралаған, Тезек төре мекендеген Алтынемел өңірі ойға оралады. Оның ішінде қазіргі «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық саябағы аумағындағы атақты «Айғайқұмның» жанында орналасқан, ел аузында «Ш.Уәлиханов атындағы бұлақ» атты туристік нысан аталуымен құлақты елең еткізеді. Бұл бұлақ туралы бала күнімізде атамыз Алтай Ақылбеков айтып отыратын. Есейе бастаған шағымыздан бастап атпен де, көлікпен де талай мәрте барған болатынмыз. Алайда, кейінгі жылдары ол жаққа жол түспеп еді.

Соның орайы келген сапарымыз алдында, егер келесі жылы Шоқан жүрген жерлерге ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, «Алтынемел» ұлттық паркін аралап, аталған бұлаққа баратын болса, оның қазіргі жағдайы қалай екен деген ой маза бермеді. Ақыры биылғы тамыз айының соңында «жүз рет естігенше, бір рет көр» деген қағиданы басшылыққа алып, Талдықорғаннан Айғайқұм мен Шоқан бұлағына тартып кеттік.

Көпшілікке мәлім, бұл жерлерге бару үшін алдымен Жетісу облысы, Кербұлақ ауданында орналасқан Басши ауылына жету қажет. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзектен Басшиге дейін 80 шақырым. Одан кейін  «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық саябағының әкімшілік ғимаратына барып, арнайы рұқсат алу қажет. Саябақ аумағына кіру үшін бір кісіге 800 теңге, машинаға 200 теңге төлеу қажет. Басшиден Айғайқұмға дейін 50 шақырым. Жергілікті тұрғындар өз көліктерімен 35-40 мың теңгеге апарып келеді. Айғайқұмға барар жол бойында «Мыңбұлақ» және «Ш.Уәлиханов атындағы бұлақ» атты екі туристік нысан орналасқан.

Мына қызықты қараңыз, бұл сапар бізге екіұдай сезім, яғни бір қуаныш, бір өкініш сыйлады. Қуаныштысы, бірге барған бала-шаға Алтынемелдің ерекше табиғатына тамсанып, Айғайқұмға өрмелеп, таң-тамаша болды. Бірақ жол бойы, бұрынғы уақытта үйір-үйірімен өріп жүретін қарақұйрық немесе құлан көрмедік. Ал өкінішті жағын бір-екі ауыз сөзбен айтып тауыса алмайсың. Себебі, адам да, мінген көлік те шыдамайтын, жылдар бойы жөнделмеген, қырылмаған жолдың сиқы, күтім көрмей оқат-шоқатқа айналған. «Ш. Уәлиханов атындағы бұлақ» атты орын, кірмек түгіл жақындауға қорқынышты әжетхана, ауыз судың жоқтығы сияқты кемшіліктер ең оптимист, қайратты деген туристің жүйкесін тоздырып, екінші қайта бұл өңірге аяқ баспайтындай халге ұшырататындай.

Бұлақтың қазіргі жағдайы аса аянышты, суы тартылып, құрғап қалған. Қураған ағаш, тораңғы бұтақтары, айналасын арам шөп, қурай басқан. Бұлаққа түсетін баспалдақ үгітіліп морып кеткен, ал ағаш көпір қисайып, құлауға жақын тұр. Бұлақтың көзі көп уақыттан бері аршылмаған, басы тазартылмаған. Сөзіміздің дәлелі ретінде төмендегі суреттерді келтіреміз.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Бұл аз десеңіз, ол жерге мағынысы мен мәні миға қонымсыз жазулары бар, қазақша мәтіні мен орысша мәтіні мүлдем сәйкес келмейтін ақпараттық тақта орнатылған. Ең сорақысы, онда үш тілде жазылған мәлімет Шоқанның «Очерки Джунгарии» атты ең атақты еңбегінде суреттелген жайттармен мүлдем жанаспайды.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Мысалы, тақтада қазақша мәтіні мынадай жазулар бар: «Ғалым 1858 жылғы 28 маусымда Қапалдан отыз шақырым жердегі Қарамола қонысында Семейден шыққан керуенге қосылды. Оның жолы қазіргі ұлттық парктің аумағынан өтетін. Шөл аймақтан асқан жолаушылар бастаудың тұсында аялдап, Уәлихановтың өзі осы бұлақтан су ішкен. Оның естеліктерінде түнемелікке қонған осы жайт туралы былай жазылған: «Керуен жалаң, тастақ алқапқа шықты. Алыстан Іле көрініп тұрды. Біз қырғыздар қарайтын, осы өзеннің үстінен салынған өткелмен жүріп, Қалқан тауларының арасындағы, құм ішіндегі бұлақтың тұсына түнедік».

Міне, осыдан бастап бұлақ халық арасында көп дертке шипа болатын, киелі бұлақ аталып кетті».

Орысша мәтіні:

«Ученый присоединился к торговому каравану из Семипалатинска 28 июня 1858 года в урочище Карамула, в тридцати верстах от Капала. Путь его пролегал через территорию нынешнего национального парка. Преодолевая пустынную местность, путники остановились на отдых у источника, и Валиханов сам пил воду из этого родника. Он упоминал об этой ночевке: «Караван вышел на голую креминистую долину. Вдали виднелась Или, мы пошли на перевоз, содержимый киргизами, через эту реку и ночевали у ключа в песках, между гор Калкан». С тех пор родник прославился в народе как святой и излечивающий от многих болезней».

Мұндағы орысша жазылған ақпарат дұрыс, себебі Шоқанның өз еңбегінен алынған. Ал оның алдында келтірілген осы мәтіннің қазақша аудармасы ешқандай сын көтермейді. Ең сорақысы, қазақша мәтінді оқыған адам, Алтынемелден асып Қашғарға кетіп бара жатқан керуеннің Іле өзенінің арғы жағасынан бері қарай, яғни кері бағытта өткенін түсіне алмай дал болатыны анық. Себебі, қазақша мәтінде «Біз қырғыздар қарайтын, осы өзеннің үстінен салынған өткелмен жүріп, Қалқан тауларының арасындағы, құм ішіндегі бұлақтың тұсына түнедік» деп жазылған.

Ал шындығында, керуен Алтынемел тауын асып келіп, Іле өзенінің оң жақ жағалауында, өткелге жақын жерде, Қалқан тауының етігіндегі бұлақ басында түнемелікке тоқтап, ертесінде таңнан бастап сол жақ жағалауға өте бастаған. Бұның өзі екі күн уақыт алған. Бұл туралы Шоқанның «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде анық жазылған.

Тағы бір үлкен қателік, ол керуеннің жолға шығу уақытының дұрыс көрсетілмеуі. Тақтада үш тілде 28 маусым деп жазылған, ал шындығында, Шоқанның өзі бұл күнді  28 мамыр деп нақты жазған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ақпараттық тақтаны осыдан  екі - үш жыл бұрын әлдекімдер Ұлттық парктің тапсырысы бойынша Алматыдан әкеліп орнатқан көрінеді.

Міне, құрметті оқырман, өз істеріне атүсті, салғырт, қалай болса солай қарайтын жауапты қызметкерлер мен аудармашы мамандардың арқасында дүниежүзінен туристер келіп көретін «Ш.Уәлиханов атындағы бұлақ» басында орнатылған шағын ғана ақпараттық тақтада соншама қателікке жол берілген. «Елге күлкі, есекке таң» деген осындай болар. Сосын, «қырғыз» деп қайта-қайта атаудың жөні бар ма, дер едік!

Бұл жағдай аты әлемге әйгілі «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық саябағы басшысы Қуат Нұрақымұлы Байтурбаевтың өзінен бастап, жауапты қызметкерлеріне дейін Шоқан Уәлихановтың кім екенін жете білмейтін, ешбір еңбегін оқымаған, ұлттық намыстары да төмен адамдар емес пе екен деген ойға жетелейді. Адам санасын ақша жаулаған қазіргі заманда еш нәрсеге таң қалуға болмайды.

Сондықтан, естеріне алып жүрсін, миларында қалсын, болашақта мақтанышпен айтып жүрсін деген ізгі ниетпен Шоқан туралы көпшілік біле бермейтін мәліметті қысқаша айта кетеміз.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) - қазақ халқынан шыққан тұңғыш ғалым, суретші, әдебиетші, аудармашы, ағартушы, шығыстанушы, құқықтанушы, саяхатшы, прозаик, публицист, этнограф, эколог, картограф, географ, минерелог, геолог, биолог, нумизматик. Шоқаннан басқа отыз жасқа жетер-жетпес ғұмрында оннан астам тілдерді игеріп, ғылым әлемінде осыншама сала бойынша еңбек жазып, жаңалық ашып, жоғары дәрежеге жеткен ешбір адамзат баласы жоқ. Олай болса, Шоқанның атын кез келген шетелдік туристер алдында асқақтата атап, мақтануға толықтай болады!

Бір ғана ерлігін атайық.

Қалқан тауының етегіндегі бастауға түнеп, Қашғарияға аттанған сапары нәтижесінде сол уақытқа дейін дүниежүзілік ғылымға беймәлім болып келген Орта Азияның ең негізгі бөлігін ашқан адам. Ресми ғылыми ортада Шоқанның бұл ерлігі Колумбтың Американы ашқан жаңалығымен бірдей деп есептеледі.

Реті келгенде айта кетсек, біз «Шоқан бұлағына» тоқтап, аралап жүргенде артымыздан ПАЗ маркалы автобус та келіп жетті. Ішінен 20-дан астам жастары егде тартқан, дені зейнеткер туристер түсті. Олардың экскурсия бойынша жетекшісі бұл жерде бұлақ бар деп алдын ала айтқан болуы керек, олар бірден бастауды іздей бастады. Ішетін су таппаған бір тобы әжетхана жаққа қарай барып, ішіне кіре алмай дереу кері серпілді. Сөздері, киімдері, заттары мен жалаушалары бұл туристердің Америка құрама штаттарының азаматтары екенін білдіріп тұрды. Олардың жетекшісі әйел адам екен, қатты ыңғайсызданып, ағылшынша барын сала кешірім сұрап, ақталып бақты. Ол кісі бір сәтте маған жақындап жөн сұрады. Мен облыс орталығы Талдықорған қаласынан келгенімізді, ұлтым қазақ, мемлекеттік қызметші, отбасымызбен демалыста қыдырып жүргенімізді айттым. Сол ақ екен, американдықтар бір-біріне мені нұсқап, қызу талқылауға көшті. Олардың «Валиханов», «гофермэнд» деген сөздерді жиі қайталап, бастарын шайқап, бұлақтың жағдайына көңілдері толмай, наразылық білдіріп тұрғанын түсіндім. Бұл күдігімді менімен тілдескен әйел адам растап берді. Мына туристер деді, ол кісі, дүниежүзіне әйгілі ғалым Ш.Уәлихановтың аты берілген мына туристік нысан неге қараусыз, күтімсіз қалған, неге жауапты мемлекеттік органдар назар аудармайды, неге бұлақ деп аталса да басында ішетін су жоқ деген сияқты наразылықтарын айтып жатыр деді.

Көңілдері толмаған туристер, қолдарын бір-бір сілтеп автобусқа мініп, Айғайқұмға қарай жүріп кетті. Ал біз ұялғанымыздан кірерге тесік таппай, мең-зең күй кештік. Амалсыздан біз де кеткен туристердің артынан Айғайқұмға қарай аттандық. Ондағы жағдай «Шоқан бұлағынан» сәл жақсы болып көрінді. Арнайы алаңға туристер отырып, демалатын бірнеше орындықтар қойылған, әжетхананың да түрі жаман емес. Бірақ жуынатын, су ішетін немесе тамақтанатын асхана сияқты орын атымен  жоқ.

Қорыта айтқанда, Алтынемел ұлттық паркі басшылығы жолды грейдермен қырып отыру жұмысы мен туристік нысандардың жағдайын назардан тыс қалдырған деп айтуға толық негіз бар. Жергілікті халықтың пікірінше, олар  «интер охота» деген желеумен архар, тау теке сияқты аңдарды шетелдік қалталы туристерге арнайы рұқсат бойынша атқызып, мыңдаған доллар пайдаға кенелуде. Ал ұлттық парктің дамуына ешқандай көңіл бөлінбейтін көрінеді. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде Басши ауылының тұрғындары мен Ұлттық парк басшылығы арасындағы ушығып кеткен дау-дамайды келтіруге болады. Биылдың өзінде бұл ауылға бірнеше телеарналар мен БАҚ өкілдері барып, тұрақсыз ахуал туралы ақпарат таратқан. Тіпті ауыл тұрғындарының бір тобы Ұлттық парктің әкімшілік ғимаратына баса көктеп кіріп, наразылық білдіріп, айқай-шу шығарған күндер де жиілеген.

Міне, құрметті оқырман, 1996 жылы 10 сәуірде құрылған «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағының қазіргі жағдайы мәз емес. Бұл саябақтың аумағы  520,2 мың га жерді алып жатыр, еліміздегі ең үлкен саябақ болып саналады. Онда  өсімдіктің 1800-ге жуық түрлері бар. Олардың 21 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енген болса, 60 түрі Жоңғар Алатауы мен Іле-Балқаш бассейнінде сирек кездесетін өсімдіктердің қатарына кіреді.

Жануарлар әлемі бойынша, саябақтың аумағындағы 56 түрлі жануар Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Соның ішіндегі 25 түрі жәндіктер, 3 түрі балықтар, 2 түрі қосмекенділер, 1 түрі бауырмен жорғалаушылар, 12 түрі құстар, 10 түрі сүтқоректілер.

Өкінішке орай, біз жол бойы бірде-бір жануар көре алмадық. Жергілікті халық аң-құс түрлерінің саны күрт азайып кетті деп дабыл қағуда. Бұл мәселемен құзырлы органдар айналысып, анық қанығына жетуі тиіс деп ойлаймыз.

Саябақты ұйымдастырудың басты мақсаты - бірегей табиғат кешенін сақтау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, азайып бара жатқан әрі сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап қалу және экологиялық туризмді дамыту емес пе?

Олай болса, «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағының жағдайына тиісті министрліктер ерекше назар аударып, жұмысын заман талабына сай жолға қоюлары қажет.

Ал біз негізгі тақырыбымызға оралар болсақ, «Ш.Уәлиханов атындағы бұлақ» атты туристік нысанды жөндеу мен абаттандыру жұмысы жақын арада қолға алынуы тиісті деген ойдамыз.

Өз тарапымыздан ғылыми-әдістемелік көмек көрсетуге әзір екенімізді білдіреміз. Осыған байланысты «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы басшылығына келесі ұсыныстарды енгіземіз:

- аталған тақта мен басқа да жазуларды ауыстыру;

- тақтадағы бұлақ сөзін бастау деп өзгерту. Себебі, бұлақ деп шағын, жіңішке жылғада ағып жатқан суды атайды. Ал бастау - судың жер бетіне шығып жатқан жерін, яғни қайнар көзін білдіреді. Жергілікті тұрғындардың бәрі бұл жерді жай ғана «Шоқан бастауы» деп айтады;

-  жөндеу, абаттандыру жұмысын қолға алу;

- туристерге арналған заманауи әжетхана мен демалыс орнын жабдықтау.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы, Туризм және спорт министрліктері мен мүдделі мемлекеттік органдар басшыларынан осы мақалада көтерілген мәселенің оңды шешілуіне ықпал етулерін сұраймыз.

Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Алматы, Жетісу облыстарынан сайланған Сенат пен Мәжіліс депутаттарына да осы мақаланы сауал ретінде қабылдауды және өз бақылауларына алуларын өтінеміз.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков,

Талдықорған қаласы.

Жетісу облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, мемлекеттік қызметші, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Тезек төре және Шоқантанушы, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады.

Abai.kz

4 пікір