Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қоғам 2793 4 пікір 19 Қыркүйек, 2024 сағат 12:44

Тамараның «тұжырымдамасы» да тақырға отырғызды...

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жасалған «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» Үкіметтің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №961 қаулысымен бекітілгені белгілі.

Жұрт, әсіресе Ұлы көшке мүдделі қауым өте жақсы біледі, осы «Тұжырымдаманың» жобасы талқыға түскен күннен бастап шу шыққан болатын.

Себебі, «Тұжырымдаманың» төртінші бағытындағы «...Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін кемінде 5 жыл тұру мерзімін ескере отырып, «қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет.» деген тұсы біздің қатты наразылығымызды тудырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауындағы «Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - деген нұсқауына пысқырып та қарамастан, Тамара Дүйсенованың аталған «Тұжырымдамасы» мен №234 Бұйрығы арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақыры өздерінің арам ойларын, қара ниеттерін жүзеге асырып тынды.

Атап айтар болсақ:

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы аты шулы 20-баптың 5) тармағы арқылы Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмейтін етіп тастады, сөйтіп оларды қоныстанатын өңірін таңдау құқығынан айырды, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын шектеді;

- бұрын бес жұмыс күні ішінде беріліп келген «Қандас» мәртебесін отыз бес күнде берілетін етіп, жаңа тәртіп енгізді;

- «Ата-Жолы» картасы жобасын айналымға енгізгенімен, аталған картаны алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмеген болып шықты;

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 21-1-бабының 2 тармағында «Қазақстан Республикасының аумағында тұратын қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балалары өздерінің отбасы мүшелерін қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады және олардың осы Заңның 19-1-бабында айқындалған тәртіппен оған енгізілуге құқығы бар.»- деп ашық жазылғанына қарамастан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрығы арқылы қандастардың жесірлерін тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен асырмай берілетін экономикалық мобильділік сертификатынан айырып тастады...

Бұл – Тамара Дүйсенованың «Тұжырымдамасы» мен Бұйрығының құқықтық жағындағы ақаулар.

Өткен 22 қыргүйегінде «Тамараның талтайып тұрып қабылдатқан заңының сиқы…» атты мақала жазып, міне бір жыл болды, бұл туралы тынбай жазып та, айтып та келеміз.

Тыңдаған, қаперіне алған бір пенде болған жоқ!

Сөйтсек, оның экономикалық жағы да оңып тұрмапты.

Міне, бұл екі құжаттың Ұлы көшті тоқтатуды ғана мақсат етпестен, мемлекеттің қазынасын тонауға бағытталып, арнайы қабылданғаны белгілі болды.

Осы өткен 12 қыркүйек күні Бас прокуратура қоныс аудару бағдарламасына бөлінген бір миллиардтан астам теңгенің ұрланғаны туралы ақпарат таратты.

Бас прокуратура жариялаған ақпартқа қарағанда, қоныс аударушылар болып жалған адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған көрінеу тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген.

Кейбір жағдайларда азаматтар өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген де.

«Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды. Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатуды ұсынып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған...», - деп жазылған аталған ақпаратта.

Бұл жемқорлыққа даңғыл жол ашқан – Тамара Дүйсенова қол қойған «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» №234 бұйрықағы «Экономикалық мобильділік сертификаты отбасына, сондай-ақ осы Қағидалардың 66-тармағының екінші бөлігінде көзделген адамдарға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен асырмай беріледі...» деген норма!

12 қыркүйктен бері бұл келеңсіздікті Ел іші-сыртындағы ақпарат құралдары жарыса жазуда.

Ресейлік БАҚ-тар: «Қазақстанның орысы көп өңірлерді қазақыландырамыз деген бағдарламасының қаражатын шенуніктері жеп қойыпты...»,-деп, біздің Үкіметті келемеждеп жатқан көрінеді.

Сөйтіп, «жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды»-деп тапсырма берген Тоқаевты екі жылға жеткізбей Тамара Дүйсенованың «Тұжырымдамасы» мен Бұйрығы да тақырға отырғызды.

«Да» деген шылауды текке қосып отырған жоқпыз.

Бұдан бұрынғы «Бағдарламалар» арқылы Қандастарға арнап салған үйлердің де сапасы жетісіп тұрмағаны белгілі. Олардың да ақшасы тоналғанын жұртты қойып, Президенттің Өзі өте жақсы біледі.

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Казахстанская правда» газетінің 2021 жылғы 24 мамыр күнгі шығарылымында жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада айтылған мәселеге назар аударып, Президент Әкімшілігіне «Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қоныс аударған азаматтарға арналып салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеру туралы» тапсырма бергенін, «Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша тиісті шара қолдануды» тапсырғанын Президенттің сол кездегі Баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасы арқылы хабарлаған болатын.

Көп өтпей, Президент тапсырмасы бойынша жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша, мақалада келтірілген деректер расталып, Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен алынды. Облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы, сондай-ақ, бес ауданның әкімдері тәртіптік жауапқа тартылғаны хабарланып, бұл іс сонымен тынған.

Оның арғы жылдарды «Бағдарламаларды» еске алсақ, сайда саны, құмда ізі ғана қалған марқұм Бердібек Сапарбаевтың атақты «Нұрлы көш» аферасы жатыр;

Одан арыға көз салсаң, заңсыз берілген жерге салынған деп танылып, 20 жылдан кейін үйлері сүріле бастаған Зауытбек Тұрысбектің әйгілі «Асар» бағдарламасы арқылы салынған «Асар» шағын ауданы мұнартады...

Айтыңызшы, бүгінге дейін көші-қонға қатысты жасалған «Бағдарлама» мен шығарылған Бұйрық атаулының оңған біреуі бар ма өзі?!!

Ұлы көштің маңдайына бұйырған «Бағдарлама» мен Бұйрық біткеннің бәрі жомқорлыққа, мемлекеттің ақшасын ұрлауға, тонауға бағытталып, арнайы жасалып, шығарылып келеді. Және оны жасаған министрлер мен бекіткен  премьерлердің жауапқа тартылған біреуі жоқ!

Кілең «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылумен» Ұлы көштің өмірі зымырап өтіп барады...

Егер, бірер «Тұжырымдамадан» немесе бірер Бұйрықтан осындай ши шығып жатса, оны «Байқаусызда кеткен қателік» деп қарауға болатын шығар, бірақ ешқашан кешіруге болмайды!

Ал, біткен «Бағдарлама» мен Бұйрық атаулы мемлекеттің қаржасын осылай тонау мен талауға ұшыратып жатса, оны қалай түсінуге немесе түсіндіруге болады?!!

Бәленбай қолдан өтіп барып бекітілген «Тұжырымдамадағы» немесе Бұйрықтағы жемқорлыққа даңғыл жол ашып тұрған осынау шикілікті солардың біреуі белмеді, көрмей қалыпты дегенге үлкен адамды қойып, бастауыш сыныптың баласын сендіре аласың ба?!

Артық айтсам кешіріп қойыңыздар, бүгінгі атқарушы биліктің басшылары да Қасым-Жомарт Тоқаевтың мағаны «Жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды!» деген тапсырмасын «бір жерлеріне» қыстырып отырған жоқ!

Керісінше, сол Қасекеңнің өз сөзімен айтсақ, қазір де «заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр...» (Қ. Тоқаевтың Сенат Төрағасы болып тұрған кезінде өткен Үкімет сағатында сөйлеген сөзі, 24.09.2018 жыл).

Демек, бұлар – бірімен бірі жең ұшынан жалғақан кілең сыбайластар!

Реформа жасалмады емес, жасалды. Бірақ, әлі ештеңе өзгергере қойған жоқ. Бәрі баяғы күйінде тұр!

Көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған осы «Тұжырымдамасының» жобасы жарияланғаннан сәттен бастап, мен Тамара Дүйсеноваға хат жазып, «Құрметті Тамара Босымбекқызы, Өзіңіз басқарып отырған министрліктің қасынан құрылған Жұмыс тобына Рақым Айыпұлы, Қайрат Бодаухан үшеуімізді қосыңызшы!»,-деп, жалынумен болдым.

Тамараға сөзім өтпеген соң, «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын жасауға, сондай-ақ Мәжілістегі Жұмыс тобында болып, Заңнамаларды реттеуге көмектесуім үшін мүмкіндік жасап беруіңізді сұраймын. Құзырлы органдармен сәйкесе отырып, мемлекет пен халыққа тиімді кемелді бағдарлама жасауға дайынмын!»,-деп, Президенттің атына да хат жазыппын.

Қалай десек те, Рақым, Қайрат үшеуіміз екі мемлекетте өмір сүріп көрген, осы көші-қон саясатының айналасында ұзақ жылдардан бері келе жатқан  тәжірибелі мамандармыз ғой. Мемлекетімізге пайдамыз тимесе, кесіріміздің тимесі анық. Жемқорлыққа жол бермейтін жоба жасап беруге біз дайындығы бар жігіттерміз...

Оны қойып, Тамара ханым менің 2013 жылдан бері Қазақ көшін Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың темір тегеуірінен аман алып қалуға, Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қалай ықпал еткенімді өте жақсы біледі.

Неге екенін білмеймін, бірақ ол бұл жолы бізді маңына жолатқан жоқ!

Президентке жазған хатымызды да бір опсыз қолдар Иесіне жетпеген күйі, Тамара басқаратын министрлікке қарай сырғыта салды...

Сондағы, Тамара Дүйсенованың жасаған «Тұжырымдамасы» мен шығарған Бұйрығының түрі – мынау!

Міне, «Тұжырымдамасы» діттеген бес жыл тұрмақ, екі жылға жетпейтін уақыттың ішінде халықтың қан-терімен келген бір миллиардтан астам теңгені желге ұшырды.

Бекер обалы кәне, Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болғалы Көші-қон, шеттегі қандастар мәселесіне он бір мәрте қайырылып, Үкіметке тамаша тапсырмалар мен керемет нұқаулар беруін – берді-ақ.

Асқар Мәмин мен Әлихан Смайылов басқарған Үкімет соның біреуін атқарған жоқ. Керісінше, Ұлы көшті тоқтатуға барын салды және ол процесс әлі жалғасуда!

Қайрат Бодаухан дегеннен еске түседі, кезінде Моңғолиядан келген қандасымыз, белгілі қоғам қайраткері Қайрат Бодаухан анау жылы Үкіметтен бір тиын қаражат алмай, Алматының шетінен 230 отбасына арналған «Байбесік» деген жаңа ауыл құрып шықты.

Қазір сол «Байбесік» Алматыдағы ең ауқатты ауылдардың біріне айналып, тұрғындары бай-бақытты өмір сұріп жатыр.

Сосын, Қайрат Бодаухан мырза Астананың шетінен кілең екі қабаттық котеджден тұратын «Нұрбесік» атты 220 отбасылық тағы бір шағын аудан құрды. Оған да Үкіметтің соқыр жармағын шығындаған жоқ, өз бетімен жүзеге асырды.

Құрлысы, 2007 басталып, алғашқы үйлері 2015 жылдары қолданысқа беріле бастаған сол «Нұрбесіктің» құжаттарын Астана қаласының әкімдігі рәсімдеп бермей, он жылдан астам сарсаңға салғанын бүкіл дүниежүзі біледі.

Қайрат Бодаухан мен «Нұрбесік» тұрғындарының он екі жыл бойы Астанада қақпаған есігі, бармаған басшысы қалған жоқ.

Тіпті, екі Президенттің атана қаншама хаттар жазғанымен, ондағылар ол хаттарын діттеген жеріне жеткізбей қасарысты...

Құдай тілеуіңді бергір Жеңіс Қасымбек Астана қаласына қалай әкім болып келді,  «Нұрбесіктің» бағы солай жанып сала берді.

Мың болғыр Жеңіс Махмұдұлы 2023 жылдап бастап, аталған ықшам аудан тұрғындарына баспаналарының құжаттарын заңдастыруды бастады.

Сөйтіп, біздің атқарушы билік Қайрат Бодауханның сол бай тәжірибесін, шығынсыз дайын жобасын мемлекеттің мүддесіне пайдаланудың орнына, қаралау компаниясын ұйымдастырып, бәлеқор-жалақорларды айдап салып, оның соңынан ит қосып қуумен болды ғой.

Қайркең жігіт екен, былқ еткен жоқ. Атқарушы биліктің сол иттіктерінің бәріне шыдады. Астанаға әкім болып иманды, әділетті тұлға келіп еді, міне, жеңіп шықты...

***

Мемлекет басшысы: «Адал азамат» концепциясын жолға қойып, оған  «Жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам!» деген анықтама берді.

Сөйтіп, «Адал азаматтарға» сүйеніп, «Жаңа, Әділетті, Таза Қазақстан» құруды қолға алды.

Президенттің бұл концепциясын Еліміздің Бас идеологі: «Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз»,-деп түсіндірді бізге.

Ендеше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптейтін сол «Адал азаматтар», ең алдымен, Президенттің айналасына топталған деп біледі жұрт!

Соның бірі әрі бірегейі – Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайтын жігіт, тағы бірі – Тамара Дүйсенова, және біреуі – сол кездегі Президент Әкімшілігі төрағасының көші-қон саласын курировать еткен орынбасары, қазір бір министрлікті басқарып отырған әнеу сұлу келіншек болса керек!

Оған апарып, осы «Тұжырымдаманы» бекіткен кездегі Премьер-министр, қазіргі Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасын да қосып қойыңыз.

Осынау бір миллиарттан астам теңгені қолды қылуға даңғыл жол ашып берген «Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мен №234 Бұйрық жалғыз министрдің – Тамара Дүйсенованың ғана қолынан шықты десек, бұл – барып тұрған әділетсіздік болады.

Ол «Тұжырымдама» мен №234 Бұйрық жоғарыда біз лауазымдары мен атын атаған тұлғалардың бәрінің алдынан өтті.

Біз күндіз-түні дуылдатып сынап келеміз.

Олардың біреуі мыңқ еткен емес!

Қазір де беттері бүлк етпестен билікте омалып-омалып отыр.

Бірақ, біздің сол жанайқайымызды ең кемінде, ол кісілердің құлақтары шалды ғой...

Сол үшін, олардың да жауапкершілігі бар!

Егер, олардың бойында «Ұят», «Ар», «Намыс» деген қасиеттер болса, қоныс аудару бағдарламасына бөлінген бір миллиардтан астам теңгенің ұрланғаны туралы ақпарат тараған күннің ертесі, Тамара Дүйсенова бастап, бірден арыздарын жазып, Президент пен Ұлы көшке мүдделі қауымнан кешірім сұрап, өз еріктерімен қызыметтерінен түгел кетулері керек қой!

Бұлар әйтеу билікке бір ілініп алса болды, сүйретіліпң ілініп-салынып  жүре береді екен ғой. Бүгін мына қызметтен кетсе, ертең сығырайып ана креслоға барып қонжия кетеді екен. «Құрметті Президент, мына қызметті атқару менің қолымнан келмейді! Кешіріңіз, істей алмаймын!..» деген сөз олардың аузынан шыққан емес, шығатын да түрі көрінбейді...

Оларда ондай мәдениет пен этика деген атымен жоқ екен. Қызметтен кететін түрлері байқалмайды. Президент Көші-қонға арнап тағы бір «Тұжырымдама» жасаңдар десе, бәтшағарлар оны да жасап, одан да ақша жықыруға жол ашатын тетік қарастыруға дайын отырған секілді...

«Ұлт», «Мемлекет», «Президенттің бүгінгі беделі мен ертеңгі тарихи орны» дегенді ойламайтын өңкей қарғыс атқырларға қор болған есіл сөздерім мен алтын уақытым-ай деші!

Бар сүйенеріміз – бірінші Құдай, сосын Қасым-Жомарт Тоқаев қана!

Басқасынан қайыр жоқ!!!

Сөз соңында Қасекеңнен,

Бірінші, «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» күшін жоюуды;

Екінші, Премьер министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен оның аталған «Тұжырымдаманы» жасауға қатысқан бұрынғы командасын және оған қол қойған бұрынғы Премьер-министрді, сондай-ақ Президент Әкімшілігі басшысының Көші-қон саласын курировать еткен орынбасарын түгел қызметтен алып, жауапқа тартуды;

Үшінші, Көші-қон үрдісін басынан өткерген және сол саланың саясатымен айналысып келе жатқан тәжірибелі мамандардан құралған Жұмыс тобын министрліктің деңгейінде бектіп, солардың қатысымен көші-қон саясатының жаңдан бес жылдық «Тұжырымдамасын» дайындатуды, сол «Тұжырымдаманың» негізінде Көші-қон үрдісін реттеуге арналған барлық заңдар мен нормативтік құжаттарды түгел қайта қаруды  сұраймын!

Ауыт Мұқибек, 

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970