Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2191 0 пікір 25 Қыркүйек, 2024 сағат 20:30

Әлеуметтік желідегі сүзгі тетіктерін әлі де жетілдіруіміз қажет!

Сурет Әлішер Сатыбалдиевтің Facebook-тағы парақшасынан алынды.

Бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігі, кибербуллинг, онлайн платформалардың, әсіресе, TikTok әлеуметтік желісінің жастарға теріс әсері жөнінде Сенат мінберінен депутаттық сауал жолдағанымызға жеті айдан асыпты. Артынша Парламент Мәжілісіндегі Аманат партиясының депутаттық фракциясы да TikTok-тың жастардың руханияты мен психикалық денсаулығына кері әсері барын алға тартып, Үкімет басшысынан платформаны шектеуді сұраған болатын.

Депутаттардың талабы бойынша тиісті министрліктер ел аумағында жұмыс істейтін әлеуметтік желілердің заңнамаға сай жұмыс жасауына талдау жүргізіп, қолданушылардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қатаңдататынын мәлімдеген болатын. Алайда, бүгінгі таңда TikTok парақшаларындағы контенттерді қарай отырып, платформадағы сүзгі тетіктерін әлі де жетілдіруіміз қажеттігін пайымдайсың.

TikTok-тың 80 пайызға дейінгі қолданушыларының 13-24 жас арасындағы жастар екенін ескеріп, еліміздің болашағына кепіл ұрпақты жат құндылықтар жетегінде кетуіне жол қойып отырғанымызды ертерек түсініп жетсек жөн болар еді.

Осы орында TikTok алгоритмдері «ақпараттық көпіршіктерді» жасай алатынын ұмытпағанымыз жөн. Өйткені, бұл алгоритм пайдаланушыларға ақпараттың әртүрлілігін шектейтін, олардың көзқарастары мен қалауларын күшейтетін мазмұн ғана көрсететін құдыретке ие. Бұл пікірлердің манипуляциясы мен жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін дейді мамандар.

Олай болса соңғы уақытта елімізде оқушылар арасында өз-өзіне қол салуларға қатысты өкінішті жағдайлардың көбеюі мен TikTok алгоритмі арасында бір байланыстың болуын жоққа шығара алмаймыз.

Еуропаның көп мемлекеттерінде TikTok желісінің тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кепілдіктерінің деңгейін анықтау бойынша тексерістер жүргізілгені бекер емес. Тексеру нәтижесінде балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіні анықталып, Еуроодақ тарапынан, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды елдері тарапынан TikTok-қа қатысты миллиондаған долларлық соммадағы айыппұлдар салынды.

Түркістандағы Құрылтай барысындағы сөзінде Мемлекет басшысы: «...қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. ...Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз!» деп атап өткен болатын. Осыны ескеріп, өскелең ұрпақтың тағдырына, мемлекет мүддесіне теріс әсерін тигізетіндігін ескере отырып, тез арада бұл олқылықтарды жою жолдарын шұғыл қарастыруымыз қажет деп есептеймін.

Әлішер Сатыбалдиев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3215
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5233