Азат Перуашев: “Жириновскийді Қазақстанға келтірмеу үшін мәлімдеме жасадық”
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, Либералдық-демократиялық партияның жетекшісі Владимир Жириновскийдің Орталық Азия елдері, оның ішінде, Қазақстанға байланысты айтқан сөздеріне байланысты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мырзамен сұхбаттасқан едік.
– Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский 23-ақпан күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне күмән келтірген болатын. Ол «Ресей Украина ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді» дей келе, «Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту» жайын да айтқан. Қазақстан бұндай мәлімдемелердің қайталанбауы үшін не істеуі керек?
- Әрине, Жириновскийдің сөзі біздің намысымызға тиіп отыр. Тіпті еліміздің мазмұнына да тіл тигізу. Оны назарсыз қалдыруға болмайды. Сол себепті үш фракция ортақ мәлімдеме жасады.
– Азат Тұрлыбекұлы, сіздің ойыңызша, Жириновскийдің Қазақстанға келуіне тыйым салу керек пе?
– Біз үш партия атынан мәлімдеме жасадық. Мәлімдемеде Жириновский Қазақстанға келмесін дедік. Жириновский су ішкен құдығына түкіріп отыр. Өйткені ол Алматыда туған ғой. Әрине, ондай адам біздің жерімізге аяғын баспасын деп өз ойымызды жасырмай айттық.
– Ресейлік оппозиционер Эдуард Лимоновтың «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек» деген мәлімдемесі жария етілді. Екі мәлімдеме бір мезгілде таралып отыр. Осындайда қазақ қоғамы алаңдаушылық білдіріп, Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ секілді интеграциялық шаралардан бас тарту жайында ашық айтуда. Осы тұрғысында не ойлайсыз?
– Бұл «Еуразиялық одақ» және «Кедендік одақ» туралы мәселе. Мен интеграциялық үрдістерді қолдаймын. Себебі нарықтық экономика өз қазанында піспейді. Оны дамытамыз десек, тәуелсіздігімізді сақтай отырып, ашық кеңістікке шығаруымыз керек. Бірақ «Еуразиялық одақ», «Кеден одағы» Ресейдің ресми органдарының жауабымен байланысты. Әрине, Жириновскийдің айтқанын бұлар қолдаса, бұлармен ешқандай серіктестікке баруға болмайды. Бұлар Жириновскийдің айтқаны қате десе, біз ортақ серіктестікке баруымыз керек. Бұл жерде Елбасымыздың сөзін еске алайын: «Тәуелсіздігіміз – еліміздің ең басты байлығы. Егер кез келген жағдайда біреу біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндірсе, біз әр уақытта одақтан шығып кетеміз» дегені бар. «Ақ жол» партиясы Елбасымыздың бұл сөзін қолдап, арнайы өз мәлімдемемізді қабылдадық.
- Ал, Украинадағы жағдай туралы не айтасыз?
Әрине, Украинадағы жағдай күрделі. Еліміздің Сыртқы Істер Министрлігі жасаған мәлімдемесін қолдаймыз. Украинаға қатысушыларды сабырлыққа шақырамыз. Өзімнің жеке пікірім, ең алдымен, не болса да, қару қолдануға немесе қарумен қорқытуға болмайды. Әрине, Украинадағы жаңа билікке, құдай берген көршілермен бейбітшілікте өмір сүргені дұрыс болар еді. Екінші жағынан, зорлық арқылы билікке келгендер, сол зорлықты тоқтата алмай қалуы әбден мүмкін. Қалай болса да жағдайды пікір алысу арқылы шешу керек. Өз тарапынан Ресей басшылары Украинаның жаңа билігімен санасу керек. Себебі, Тәуелсіз мемлекет өз таңдауын өзі жасауы тиіс. Ең бастысы, екі елдің арасында қарым-қатынасты түзету жолында Украина елінің жері бөлінбей шешілуі керек. КСРО құлағаннан кейінгі келісімдер бойынша, жаңадан Тәуелсіз Елдің шекарасы тұрақты мызғымас болу керек. Бүгін Қырым автономиясының Парламенті Ресейге кіру туралы шешім қабылдады. Ал, біздің білуімізше, ол жердің жергілікті халқы Қырым-Татарлары мұндай шешімді қолдамайды. Бұл Қырымда тұратын орыс тұрғындарының шешімі. Әрине, мен үшін бұл өте қауіпті және құқыққа жатпайтын жағдай. Мен қалай болса да Тәуелсіз елге, тәуелсіз жерге басқа империялық амбициясы бар мемлекеттің тигені өте қауіпті деп білемін. Қорыта келгенде, «Еуразия экономикалық одағын» құрып, одақтасуға ниетті тәуелсіз мемлекеттердің арасын Жириновский сияқтылардың араңдатушылығына жол жоқ деп сенейік!
Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ,
өз тілшіміз,
Астана қаласы
Abai.kz