Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3067 0 пікір 11 Наурыз, 2014 сағат 09:31

Расул ЖҰМАЛЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН РЕСЕЙДІҢ БАҚЫЛАУЫНДА ҚАЛЫП ОТЫР

- Украина төңкерісі деген не? Орыс-украин қақтығысынан қазақ елінің билігі қандай сабақ алуы тиіс?

- Украина төңкерісі деген не? Орыс-украин қақтығысынан қазақ елінің билігі қандай сабақ алуы тиіс?

– Украинада соңғы үш жарым айда болған оқиғалардың ең басты сабағы – билік басына халық келді. Бұған дейін халықты тонаған, қыспаққа алған, оның мүддесін Ресей мемлекетінің қызметіне жүргізген биліктің озбырлығына шыдамаған халық алаңға шығып, ақыры өз дегеніне жетті. Украинадағы жеңіс оппозицияның да, Путиннің қарсыластарының да жеңісі емес, бұл өз тағдырымды өзім шешем деген, өз тәуелсіздігімді өзім баянды етемін деген намысты украин азаматтарының жеңісі. Әрине, қан төгілді, бейбіт адамдар оққа ұшты. Бұл бәрін де қынжылтады. Оның құныкері де, жауапкері де Янукович бастаған жемқор басшылық. Бұл мәселені бейбіт, өркениетті жолмен шешуге болар еді. Алайда, Янукович пен оның қолтығына су бүріккен Ресейдің зымиян саясаты оған бара алған жоқ. Халық жеңіске жеткенімен, сырт күштердің ықпалының нәтижесінде бұл елдегі жағдай әлі де ауыр қалпында қалып отыр. Бұл дағдарыстан жақын арада шығу-шықпауы неғайбыл. Меніңше, түбінде Украина халқы толығымен жеңіп жеңіске жетеді. Өз аймағынан Ресейдің әскерін қуып шығады. Өзінің ұлттық, мемлекеттік, аумақтық тұтастығын сақтап қалады. Өркениетті елдердің қатарына қосылады. Ал ең бастысы, Украина 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағанда формалды түрде егемендігін жарияласа да, нағыз тәуелсіздікке 2014 жылдың ақпанында ғана қол жеткізе алды деп санаймын. Украинаның отаршылдық қамытын сыпырып, дербес өз бағытын ұстанғандығы Ресейді «жындандырып» отыр. Путиннің озбыр әрекеті, әскерін тәуелсіз елдің аумағына енгізуі, қысым жасауы империялық, метрополиялық ұстанымының нәтижесі деп білемін. 
– Кейбір азаматтарымыз Украинадағы жағдайдың Қазақстанға еш қатысы жоқ дейді. Бізге бұдан қандай қауіп бар?
– Украинадағы жағдайдан бізге алар сабақ жетерлік. Оның кейбіріне ғана тоқталсам, біріншісі: Мінсіз мемлекет болмайды. Өзінің ішкі-сыртқы түйткілдері, қателіктері, проблемалары болады. Осының бәрін сол елдің Үкіметі, Парламенті дер кезінде анықтап отыратын болса, кішігірім дүниелерді ушықтырмай шешіп отырса, дәл осылай іс насырға шаппас еді. Украинаның ішкі толқулары өткен жылдың қараша айында басталған. Ереуілшілердің қойған талабы біреу ғана болды – Еуропалық одақпен келісімге қол қою мәселесін алға тартты. Бірақ олар «Янукович отставкаға кетсін», «парламент қайта жасақталсын», «кезектен тыс Президент  сайлауы өтсін», «Кедендік одақтан бас тартайық» деген талаптарды ол кезде қойған жоқ болатын. Алайда ереуілшілердің айтқанына құлақ қоюдың орнына, Януковичтің не істегені белгілі. Қарсы күш қолданды, түрмеге жапты, қудалады, репрессиялық әрекеттерге барды. Осындай әрекеттері арқылы Янукович украин халқының басшысы емес, басшылыққа кездейсоқ келген Ресейдің жансызы екенін көрсетті. Алатын сабақтың алғашқысы – осы. Яғни, қарапайым жағдайдан туындаған проблеманы дер кезінде шешіп, қаншама құдіретті болса да шетелдік күштердің жетегінде емес, ең алдымен өз халқының мүддесін ойлауда. Екіншіден, Қазақстанның Ресеймен қандай да бір интеграциялық ұйымдарға, жобаларға қатысу мәселесі. Ресей шын мәнінде империялық держава екенін көрсетіп, бетпердесін ашып тынды. Біз онымен жамбас көршіміз. Екі ел арасында достық, көршілік, ынтымақтастық байланыстар болсын. Бірақ Ресейдің әлі күнге дейін посткеңестік елдердің барлығымен тең дәрежеде, тиімді ынтымақтастыққа дайын еместігі қауіп туғызады. ТМД елдері 23 жыл бұрын іргесін аулақ салса да, Ресей оларға кіші іні ретінде, жетегіндегі бодандары ретінде қарайтын озбыр ниетінен арыла алмағанын анық көрсетті. 
– Жириновский, Лимонов, Дугин, Проханов секілді импершілердің Қазақстанға қарата қоқан-лоққы көрсетуі сіз айтқан қауіпті тереңдете түседі. Ресми Кремльдің мұны әдейі айтқызып отырғанын барша жұрт аңдады. Не істеуіміз керек?
– Қазақстанның территориялық тұтастығына қауіп төндіретін Жириновскийдің, Лимоновтың мәлімдемелеріне Путиннің, Ресейдің басқа да ресми орындары мен басшыларының көз жұма қарауы үлкен секем тудырады. Біз Ресейді көрші, жақын мүдделес ел деп отырғанда, олардың жасаған әрекеті мынау. Мұндай өрескел мәлімдемелерді тыйып, Жириновскийді жауапқа тартудың орнына, олар үнсіз қалды. Мұндай жағдайда Ресеймен  ортақ интеграциялық ұйым орнатуымыз, ондай ұйымға өзіміздің егемендік  құзіретімізді тапсырып қою біздің ұлттық мүдделерімізбен қаншалықты сиысады? Меніңше, бұл үлкен мәселе. Ойланарлық жайт. Әсіресе алдағы мамыр айында Қазақстанның Еуроазиялық одаққа енуі мәселесі күн тәртібінде тұрғанда. Меніңше, Қазақстан қандай да бір ұйымдардың, әсіресе ірі державалық ұйымдардың қатысы бар интеграциялық ұйымдардың жұмысынан бас тартуы біздің ұлттық қауіпсіздігіміздің, ұлттық тұрақтылығымыздың бірден бір кепілі болып табылады. Содан кейінгі бір мәселе, тәуелсіздікке қол жеткіздік деп жүрген 23 жылда Қазақстанның ақпарат кеңістігі әлі күнге дейін Ресейдің бақылауында қалып отыр. Яғни Қазақстан азаматтары әлемде болып жатқан оқиғаларға, тіпті еліміздің өз ішінде болып жатқан оқиғаларға Ресей саясатының призмасы арқылы қарайды. Тіпті Украинада болып жатқан оқиғаларды біздің азаматтарымыз өктем, шындықты жасыратын, көз бояйтын ақпараттар арқылы қабылдап отыр. Бұл біздің ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздігімізге үлкен қатер төндіретін нәрсе. Кеш те болса халықаралық тәжірибелерді нысан ете отырып, реттейтін күн келді. Өзінің ұлттық, саяси, ақпараттық қауіпсіздігін ойлайтын ел идеологиялық қаруын дәл біздегідей басқа мемлекетке тапсырып қоймайды. Ресейдің ықпалын осылайша мейлінше төмендетіп, жоққа шығару керек. Егер Қазақстан мен Ресейдің арасы салқындай түсетін болса, Путин мен Медведев ақпараттық қаруды  Қазақстанның билігінің өзіне қарсы қолданбасына бүгінде ешкім де кепілдік бере алмайды. Яғни, Украина оқиғасының Қазақстанға да қатысы бар деген сөз. 
– Қырым шиеленісі  бітімгершілікпен шешімін таба ала ма?
– Меніңше, Қырым мәселесі – Украинаның өз ішкі ісі. Бұл Украинаның аумағы. Халықаралық заңдарға сәйкес, БҰҰ Жарғысына сәйкес мұндай мәселе мемлекеттің өз ішкі ісі болып табылады. Мемлекеттің ішкі ісіне араласуға қандай да бір державаның еш хақы жоқ. Бұл түйткілдерді сол жерді мекен еткен өзге ұлттармен келісе отырып шеше алатын мүмкіндігі бар. Мәселе бітімгершілікте емес, халықаралық заңдылықты бұзып, қызыл шекарадан аттап, елдің ішкі мәселесіне араласып, егемен елге әскер кіргізіп отырған Ресейдің күш құрылымын ел аумағынан шығарып әкетуі бүкіл әлем талап етіп отырған нәрсе. Бұған көз жұмып отыра берсе, Ресей агрессиясы ертең басқа мемлекетті де бас салады. Бұл ХХІ ғасырдағы халықаралық қатынасқа мүлде жат дүние. 
– Рас па, өтірік пе, білмедік, соңғы ақпараттарға сенсек, украиндық экспаттар Қазақстанды таңдап, жұмыс іздеп жаппай ағылып келіп жатқан көрінеді. Еңбек миграциясы шешімін таба алмай отырған Қазақстанға бұл жағдай қалай әсер етпек?
– Өз басым мұндай ақпараттарды негізсіз әрі қисынсыз деп білемін. Ия, соңғы толқулардың екпіні қатты болды, Украинаның әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт нашарлады. Тіпті оқиға болмай тұрып та біраз жыл бұрын Украина азаматтары шетел асып, жұмыс іздеуге мәжбүр болды. Олар, негізінен, Ресей мен Шығыс Еуропаны жағалады. Қазақстанда тұратын украин азаматтары болмаса, Украинаның төл азаматтары кең ауқымда жұмыс іздеп келіпті дегенді осы күнге дейін естімеппін. Ал бүгінгі оқиғалардың нәтижесінде Қазақстанға украиналықтардың ағылып келуі ықтимал дегенге өз басым онша сеніңкіремеймін. Себебі Қазақстан түгілі Украина азаматтарының іргелес жатқан Польшаға, Белорусияға, Румынияға бас сауғалап барып жатқаны, лек-легімен жұмыс іздеп кеткені туралы деректі әзірге еш жерден көзім шалмады. Ал шалғайда, қиыс жатқан Қазақстанға олардың ағыла қоймасы анық. Дәл осы еңбек миграциясы, шетелден келетін гастарбайтерлер және оларға қатысты проблемаларды сөз ететін болсақ, тиісті тәуекелдердің арасында Украина алғашқы ондыққа да енбейді. 
– Майданның бір көрінісінде Қазақстанның көк туының желбіреп, барша қазақстандықтардың атынан сөйлеп тұрғандай рай таныдық. Бұлар кімдер?
– Олар ұлт патриоттары, кейбір қоғамдық белсенділер. Олардың ресейлік жансыздардан ерекшелігі, беттерін бүркемелеген жоқ. Қазақ азаматтары екендігін, бостандық аңсаған украиндықтарды қолдайтындығын жеткізді. Мұхтар Тайжан, Талғат Қалиев сияқты қоғам белсенділері барды. Тікелей істеріне араласпаса да, жемқорлық жайлаған тоталитарлық жүйеге қарсы наразылық митингілерінде украиналықтармен бір екендіктерін білдірді. Жеке өзім оған оң көзбен қараймын. 
– Федеративтік Ресейдің құрамында 21 республика бар екен. Саяси сарапшылар Украинаның екіге бөліну қаупінің арғы жағында Ресейдің өзінің де бірнеше бөлікке бөлініп кету қаупі қоса туғанын айтуда. Тіпті АҚШ алдағы жиырма жыл ішінде Ресейдің сегізге бөлінетіні туралы болжамын жасап та қойыпты. Мүмкін бе осы?
– 1990 жылдардың соңы мен  2000 жылдың басында мұндай әңгімелер көтерілді. «Саясат деген – мүмкіндіктердің шеберлігі» деген сөз бар. Кезінде Кеңес Одағы деген қуатты империя құлайды деп кім ойлады? Бірақ құлады. Сондықтан бұл мәселе жекелеген мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына байланысты. Саясат сол аумақта тұрып жатқан халықтардың, ұлттардың татулығын, өзара діни, ұлттық қарым-қатынасын, әлеуметтік жағдайын, мейлінше әділ, мейлінше ашық шешіп отыратын болса, әлгіндей тәуекелдер болмайтын да шығар. Бірақ Путиннің бүгінгі әрекеттеріне қарағанда, америкалық, еуропалық, кейбір ТМД-лық сарапшылардың болжамдары іске асуы әбден ықтимал. Себебі орысшыл, шовинистік саясат ұстанып отырғанда, басқалай болжамның болуы да мүмкін емес. Бүгінгі таңда орыс ұлтын ғана қолдайтын шовинист скинхендтердің басқа ұлт өкілдеріне қол жұмсауы, оларды тонап, өлтіруі, кемсітуі өте кең етек алған. Ресейдің ірі қалаларында азиялық азаматтардың, басқа нәсілдердің өмір сүруі, көшеде жүруі қауіпке айналды. Бәлкім, жоғарыдан тапсырыс та бар шығар, осының бәріне Ресейдің құқық қорғау орындары көз жұмып қарайды. Ресейдің бүгінгі билігі кезінде Кеңес Одағы неліктен ыдырағанынан әлі сабақ алмаған сияқты. Ыдыраудың көптеген алғышарттары болды, ал ең бастысы, орталықтың өз құрамындағы ұлттық республикалармен еш санаспауы, оларды орыстандыру, ассимиляциялау саясаты себеп болған еді. Ресей Федерациясында сол қателік әлі де жалғасуда. Сондықтан қазіргі Мәскеу, бүгінгі Путин үшін империялық саясат соңы аянышты аяқталуы әбден мүмкін. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен–Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.
"Халық сөзі" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373