Құдайтекті Мұқағалиді ұғу оңай ма?
Әлгі бір блогер Мұқағали өлеңін ғана емес, Мұқағали жанын да ұқпайтын, өзін керемет санаған нарцист екен.
Ол Мұқағали өлеңін туған күнінде ерінбеген пенде пісіретін жарты қазан қуырдаққа теңеп жіберіпті... Мұқағали өз өлеңдерін халық оқитынын, оны ақын ретінде халқының мойындағанын білмейді емес, біледі...
Со кезде, шатып-пұтып ақын-жазушымын деп жүрген біреулер өз пысықайлығымен атақтар алып, олардың туған күндері сарайларда тойланып жатқанын да Мұқағали біледі... Сол себепті, Мұқағали «Халқым жатыр неге тойламай» деп, өз жан күйзелісін айтады...
Биліктің қырғи-қабағын көріп, кітаптары бұғауланып, гонорардан қағылып жүрген күйін «Құдайдың бір жарытпай қойғаны-ай» деген сөзбен аяқтайды...
Әрине, ол «Мына биліктің бір жарытпай қойғаны-ай» деуіне де болар еді, әрі, оған толық қақысы бар да! Алайда, ақиық ақын өзі күнделікті көріп жүрген, билік маңындағы күндестердің деңгейіне түсуді өзіне ар санайды.
Ондай пенделіктен өзін жоғары ұстайды...
Сондықтан, қазақтың «шұнақсың», «соқырсың» деген қарғысына әбден еті үйреніп, ол үшін оған тиіспейтін, жағасы жайлау «қазақы Құдайын – Тәңірін» алға салып қояды... Сонысымен-ақ ол өзін тікелей «Құдаймен тілдесер» деңгейге көтереді...
Әдейі емес, шынайы... Өйткені, ол өзі «құдайтектес» адам ғой, мүмкін, оны өзі елемеген болса да! Міне, блогер балақай осыны ұқпаған...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz